Оқ пен оттың арасында шыңдалған жауынгер

Уақыты: 14.02.2025
Оқылды: 1589
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тарих соғысты ұмытпайды. Ауған соғысын да өтті-кетті дейтін дүние емес. Оның санадағы салмағы, жүректегі жазуы үнемі жаңғырып тұрады. Ендеше Жетісу облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған төмендегі материалдың да маңызы бір кем емес. Ендеше оқи отырыңыз.

Мыңдаған жас жігіт қаза тапты, мыңдаған ардагер бүгінде арамызда жүр. Жарылыстардың ортасында, өмір мен өлімнің арасында адамдар жолдастықтың шынайы құнын түсінеді. Сондықтан да «ауғандықтар» арасында бауырластық ерекше орын алады. Өйткені экстремалды жағдайда барлығы шынайы болады.

Бұл оқиғаның басты кейіпкері – 62 жастағы интернационал-жауынгер, полиция ардагері Есенгелді Жүнісов. 1981 жылы әскерге шақырту Есенгелді Жүнісов үшін таңсық нәрсе емес еді. Ол кезде әрбір 18 жастағы жігіт әскери борышын өтейтінін білетін. Бірақ барлығы бірдей нақты қайда баратынын білген жоқ.

– Карантиннен кейін бізге Ауғанстанға аттанатынымызды хабарлады, – деп еске алады ардагер. – Ұшақ Кабулға қонды. Біз енді шақырылушылар емес, сарбаз едік. Барлығы суық әрі жат көрінді. Жақын маңда мырыш табыттар тұрды, оларды елге жіберу керек еді. Біз сол жаққа қарамауға тырыстық.

Жүнісов 191-ші жеке мотоатқыштар полкінің құрамында Газни провинциясына жіберілді. Бұл Кабулдан 350 шақырым қашықтықта орналасқан аймақ болатын. Мұнда жағдай тұрақсыз еді: Пәкістан шекарасы жақын, моджахедтерге қару-жарақ сол жақтан жеткізілетін. Сарбаздар керуендерді тексеріп, жасырынған дұшмандарды іздеп, ауылдарға рейд жасап отырды.

Шайқастар жиі әрі ауыр өтетін. Бір қақтығыста рота командирі ауыр жараланды. Есенгелді Жүнісов оны оқтың астында жүріп, ұрыс даласынан алып шыққан. Бұл батыл әрекеті үшін ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Кейінірек, взвод командирі болып жүріп, сарбаздарын еш шығынсыз қауіпті операциядан алып шыққан. Взвод қару-жарақ қоймасын басып алып, жаудың бірнеше адамын тұтқынға түсірген. Осы әрекеті үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалін иеленді.

Сонымен қатар, Ауғанстандағы қызметі үшін оған «Алғыс білдірген ауған халқы» және «КСРО Қарулы Күштерінің 70 жылдығы» медальдары, сондай-ақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен қоса «Интернационал-жауынгер» белгісі табысталды.

Елге оралғаннан кейін Есенгелді Жүнісов құқық қорғау саласында қызметін жалғастыруды шешті. Алматы милиция мектебін бітіріп, Лепсі ауылында учаскелік инспектор лауазымында жұмысын бастаған. Кейін жедел қызметкерден, экономикалық қылмыстармен күрес басқармасы бастығының орынбасарына дейінгі жолды жүріп өткен.

Бүгінде ардагер туған өлкесінде тұрып, үш баласын тәрбиелеп, немерелерінің қызығына бөленіп отыр. Ол қызмет еткен жылдары Сарқан ауданының "Құрметті азаматы" атағына ие болды. 1998 жылы зейнетке шықты, бірақ сол жылдардың естелігі мәңгі есінде сақталды.