ҚР ҰҚК шегара қызметі облыстық департаменті инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімінің қызметшісі Ербол Әбділдаев әскери салада қалтқысыз қызмет істеп, үздік маман атанған жан.
Кейіпкеріміз Панфилов ауданы Үшарал ауылының тумасы. Әкесінің «Ер адам әскерде шыңдалады» деген ақылын тыңдап өскен Ербол бала күннен әскери қызметкер болуды армандайды. Сөйтіп, мектепті тамамдаған соң Кеңес Одағы кезінде Түркіменстанда әскери борышын өтейді. Бала кездегі арманы орындалып, «Т-62» танкісін жүргізді. Әскерде жүріп-ақ «кіші сержант» әскери атағын алып, аға механик-жүргізуші болады. Ербол Баянұлы әскерден қайтқан соң ауылшаруашылығы саласындағы кәсіптік-техникалық училищесіне оқуға түседі. Еңбек жолын әкесінің ізімен ауылшаруашылығынан бастайды. Алдымен Үшарал ұжымшарында тракторшы болып жұмысқа орналасады. Әкесі оған темір тұлпардың қыр-сырын үйретіп, мамандықтың қырларын меңгеруге көмектесті.
Адал қызметі мен біліктілігінің арқасында 2010 жылы ҚР ҰҚК шегара қызметінің №2091 әскери бөліміне қарасты «Смирновка» шегара заставасына жұмысқа орналасады. 2020 жылдан бастап инженерлік-техникалық қамтамасыз ету бөлімінде бульдозерші қызметін атқарып келеді. Кейіпкеріміздің көп жылдық еңбегі елеусіз қалмай, 2024 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік бульдозерші» номинациясын иеленді. Ербол Баянұлы өз ісін сүйетін, отбасы мен Отаны үшін еңбектенетін азамат ретінде көпке үлгі.
КР ҰҚК шегара қызметі Жетісу облыстық департаменті