«Jetіsý» газетінің биылғы №3 санына жарияланған «Батыр атағы берілмеген» атты мақалада 9 жетісулықтың ұрпақтарына іздеу салғанбыз. Ерлігі ескерусіз қалған сол батырлардың бірі Оразиман Бабиковтың ұрпақтары Ақсу ауданы, Қаракөз ауылында тұрады екен.
«Баһадүрлер» кітабында: «(Бабиков Аразиман) 1895 ж. Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Қызыл әскер қатарына 10.05.1943-те Алматы облысының, Ақсу аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.
1-Украин майданы 4-танк армиясының 6-гвардиялық механикаландырылған бригадасына қарасты 2-мотоатқыш батальон құрамында атқыш, қатардағы жауынгер. Екі рет жараланған. 30.08.1944 ж. және 21.01.1945 ж. Қатардағы 50 жасар жауынгер Бабиков 24.01.1945 жылы жаудың қарша бораған оғына қарамастан Одер өзенінен өтіп, 10 немісті жайратып, қол гранатамен 3 дұшпанды жер жастандырған. Сөйтіп бүкіл бригаданың өзеннен өтуіне мүмкіндік туғызған» – деп жазылған. Сондай-ақ, осындай ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылады. Алайда 1-Украин майданының қолбасшысы, маршал И. С. Коневтің кесірінен мұндай атақ берілмей жауынгерлік Қызыл ту орденімен марапатталғаны айтылады.
Қан майданда тізе қосып, бірге шайқасқан қарулас серіктері мен қолбасшылары Оразиман Бабиковтың ерлігін мойындап, жоғарғы атаққа ұсынғанымен, штабтағы шенеуніктер батырдың ерлігін елеусіз қалдырады. Демек, көрсеқызарлық, менсінбеушілік, шетке қағу сияқты пенделіктер алға шыққан деп топшылауға болады.
Сарқан ауданының Көк- өзек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Оразиманның Намазиман атты бауыры сұм соғыстан қайтпапты.
Екінші дүниежүзілік соғыстан оралған Оразиман кеңшарлар мен ұжымшарларда қатардағы жұмысшы ретінде ауыр еңбекті көрігімен қыздырады. 1956 жылы Ақсу ауданының Қаракөз ауылына қоныс аударады. Шағын ауылдың өркендеуі жолында еңбектеніп, зейнеткерлікке шыққанға дейін тынымсыз тіршіліктің қазанын қайнатады. Өмірлік жары Майлысары Мархабайқызымен бас қосып, ел қатарлы, тату-тәтті ғұмыр кешті. Ұлы Алтыбай мен келіні Гүлжанның қолында тұрып, немерелерінің қызығын көріп, дүниеден өтеді.
Қан майданнан тірі оралып, кейінгі өмірін бала-шаға немерелерінің ортасында өткізген Оразиман Бабиков тірлігінде өзінің «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылып, берілмегенін білмей өтті. Ұрпағы аталарының батыр болғанын кейінгі жылдары ғана естіпті.
– Әкем өмірде қарапайым адам болды. Тірі жанға жәбір-жапасы жоқ, атақ-даңқ деп аласұрмайтын. Алланың берген нәсібін адамгершілікпен қабылдап, қоңырқай тірлік кешті. Соғыста екі рет жараланған. Екінші жарақатының ауырлығына байланысты елге оралып, кеңшарда түрлі қызмет атқарды. Жасы 90-нан асып қайтыс болды, – дейді батырдың ұлы Алтыбай.
Алтыбай Оразиманұлы мен зайыбы Гүлжан Жөңкебаева Қаракөз ауылындағы қара шаңырақтың отын өшірмей, түтінін түзу шығарып отыр. Алтыбай әкесі секілді қара жұмыс атқарса, келіні Гүлжан ауыл балаларына ұзақ жыл ұстаздық етті. Адал еңбектің арқасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Немерелерінің ата-әжесі атанды. 2 қызы мен 1 ұлы облыс орталығында білім алып, медицина саласында жұмыс істейді. Кенжесі Алмас Алтыбайұлы ата-анасының жанында ауылдағы тірліктің тізгінін ұстап жүр.
– Украина, Белоруссия майдандарында жаяу әскер қатарында болған атам соғыс кезінде екі рет жараланыпты. Алғашқы жарақаты жазыла салысымен қайта соғысқа кіреді. Содан Германияға 100-130 шақырым қалғанда ауыр жараланып, әскери госпитальға түсіпті. Госпитальда жатқанда шайқаста көрсеткен ерлігі үшін медальдармен марапатталған. Кеңес әскерінің жеңіске жеткенін госпитальда біліпті. Атамның ерлікке толы өмір жолын өз аузынан естіп өстік. Бірақ сол ерліктің бодауына берілуге тиісті «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмағанын енді біліп жатырмыз, – дейді батырдың немересі.
Ауылда ата-анасынан бөлек тұратын Алмас Алтыбайұлы сәулетті, кең үй тұрғызып алған. Әке-шешесін өзімен бірге тұруға көндіре алмапты. Себебі, үлкендер қара шаңырақты тастап кеткісі келмеген.
Соғыстан соң ауылдың қарапайым тұрғыны ретінде ұжымдық жұмыстарға белсене араласып жүріп, өмірден өткен Оразиман Бабиков майданда батырлық көрсеттік деп мақтанған жоқ, ерлігін айтып есіктерді сығаламапты. Бірақ қан-қасаптан аман-сау оралған майдангер өмірінің соңына дейін Құран кітабын қолынан тастамапты.
– Атамыз қайтыс болған соң орден-медальдары мен құжаттарын жоғалтып алдық. Бірақ, өмірінің соңына дейін жанынан тастамай жүретін Құран кітабын әлі күнге құнды жәдігер ретінде сақтап жүрміз, – дейді батырдың келіні Гүлжан Жөңкебаева. Ұлы Алтыбай:
– Әкем қайтыс болатын күні сан рет аударылып, тігістері сөгілген Құран кітапты қолына алып: «Беттері ауысып кетіпті, дұрыстап қойсам болар еді» – деп отырып, мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Қасиетті кітапты сол күйінде сақтап келеміз, – деп тігіндісі сөгіліп, қағазы сарғайған Құранды көрсетті.
Арабша жазылған қасиетті кітаптың мұқабасы және алғашқы беттері сақталмапты.
80 жыл бойы ескерілмеген есімнің ендігі әрбір қадамы құт болары хақ. Қара шаңырақта батырдың көзі тірісінде ұстаған заттары, төсі, балғасы, шоты, шалғысы, атәбзелдері сақталыпты. Кілет үйдің бір бұрышында тұрған сол заттарды қағып- сілкіп, шаңнан арылтып, төргі үйге жинақтап қоюды ұлы мен келініне тапсырдық. Көп өтпей бұл заттар көненің көзі, батырдың ізі болып қызмет атқаруы мүмкін.
Адамзатты алапат қырғыннан сақтау жолында қазақтар Екінші дүниежүзілік соғысқа өлшеусіз үлес қосты. Бірақ, өктемшіл кеңес билігі соның бәрін жасырып, ерліктерді елеусіз қалдырып келді. Ондай батырлардың қаһармандығы өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыдан тәрбиелеуге баспалдақ болары анық. Ол үшін Оразиман Бабиковтың есімін туып-өскен жері Көкөзек, Қаракөз ауылдарындағы көшелерге беру, батыр тұрған үйге ескерткіш тақта қою, мектептен арнайы бұрыш ашу секілді міндеттерді орындау керек.
Қажет АНДАС