Ғұмырдың кермегін таңдайға татып жүріп тағдыры мен Тәңіріне шүкіршілігін жолдаған Аққыз ананың қайсарлығы, қажыры мен қайраты мұқалмапты. Калининград шайқасына қатысқан, сұрқай соғыста жарақат алып, кейіннен ауыр жұмыс арқалап жүріп кенже ұлының туғанына небәрі 7 күн толғанда күйеуі арғы өмірге сапар шекті. Отағасы тірі кезінде үй ауласын айналдыра көк шынар қадап, тал көшетін егіп кетіп еді. Шатырының жартысы жабылмаған үйде тірлік кешіп, екі ұл, екі қызына дәм-тұз айыру үшін қара жұмысқа жегілген Аққыздың мехнатты ғұмырда мелдектей төгілген маңдай тері аз ба? Ұлына ұлылықты, қызына құндылықты үлгі етіп отыратын абзал әйел, ардақты ана тағы нендей күн кешті? Бұлыраңдаған сағымда құлдыраңдай көрінген құлындарын азамат ету жолында табанына шөңге қадалды. Маңдайын аптапқа тосты. Тәні тотығып, жаны жабырқаса да арын шырақ, еңбегін жалау етті. 1956 жылы шығарылған тарихи шешім салдарынан туған ауылы жат елдің құрамына еніп кетті. Сонда да қайсар ана дүрия дүниеге деген іңкәрлігімен алға
ұмсынды...
Иә, тарихтың үлкен қателігі есебінде Бостандық ауданы Өзбекстанның құрамында қалды. Талай тұлғаны түлеткен текті жер бір сәтте-ақ жат болып шықты. Домалақ ана ауылындағы қара шаңырағын қалқайтып, жолдасы егіп кеткен әлгі көшеттің жайқалған шағында шатырын жасап, екі ұл, екі қызын санатқа қосқан Аққыз ақ дидар әлемнің сәулесіне жамалын тосып, жанарына жас ұялай күрсінді. Бірақ, мұқалып, сынып түскен жоқ. Сөйте жүріп ақырында Отанға оралды, ақтық демін ел ішінде тамам қылып, Жетісудың мақпал топырағын жамылып мәңгілікке мызғып кетті...
Қабағы шарт түйіліп, шарасына сағыныш жасын ұялатқан Кендебай Темірбайұлы ауыр күрсініп алды. Өткір жанарының алды мөлтілдеп тұр. Бұйра, қалың шашын кері қайырып қойып толғанғанда 75 жасқа таяған өнер қайраткерінің бойындағы анаға деген ақық сезім, аяулы махаббатты сезінесің. Иә, ананың алдында бәрі де перзент, ел ардақтар тұлғаға айнал, ғасыр жаса, бәрібір. Ана үшін перзентсің.
– Анадай ғазиз жанды сағынар жүрек әр перзенттің кеудесінде дүрсілдей соғар. Бостандық ауданына қарасты Домалақ ана ауылында тірлік кешіп, төрт перзентін төрт құбыласындай еткен анамды үнемі сағынамын.
Балалық шағым туралы сөз қозғасам анамның бейнесі көз алдыма келе қалады. Шаңырақтың тірегінен айрылған әйел адамның жайы белгілі ғой. Шаңырақтың барлық ауыртпалығы сол кісінің үлесінде болды, – деп толғанады Кендебай Темірбайұлы.
Құмсағат ғұмырының 75 жылын сырғытып үлгерген елдің ерен перзенті жан теңізінде толқыған толқын сезімдерін жарға соқтырып толғанады. Өмірдің әр белесін, киелі кезеңін сағаттап термелеуге бар. Ғұмырбаяндық хамсасын да, бүгініне тегершік болған текті жандарын да жадынан түлетіп, тебіренісіне арқау етіп отырғаны.
Иә, жасынан өнер деп соққан жүрегін сақтап, бойындағы талантын ұштай жүріп бүгінде исі қазақтың, қала берді, Жетісу жұртшылығының мақтан тұтар тұлғасына айналған Қазақ кино және театр өнерінің майталманы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Кендебай Темірбайұлының өмірдегі көз тастар көкжиегі – бейнет арқалаған аяулы анасы Аққыз болыпты. Айғаным әженің тағылымынан саф болып түзілген Шоқан, Зере мен Ұлжанның ықпалы өмір мәнін толық ұғынған алып Абай секілді Кендебай да Аққыз ананың қажыры мен қайратына, асқақ арманына қарап биікке талпынған. Қырандай биікке ұмсынған.
– Маңдай тердің өтеуіндей көрінген марапаттарға іштей марқайғаныңмен оның артында үлкен сенім жүгі жатқанын сезіне білуің керек. Қандай да бір құрметке бөленген шақта: «Енді одан да биік дәрежеде өнер көрсетуге тиіспін» деп өзіңді қайрап, шыңдап отыруға тиіссің. Сонау бір жылы «Парасат» орденін тағынған сәтте де «Бұл менің емес, Бикен Римова атындағы қара шаңырағымның жетістігі» деп толқып, осы қуанышымды анам көргенде ғой деген арман құшағында болған едім, – дейді қашанда азаматтық үнін айшықтай білер сырбаз кейіпкеріміз.
«Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап,
«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, екі сөзінің бірін анаға деген ақық ой, асыл пайыммен үстемелеп отыратын бекзат болмысты Кендебай Темірбайұлы осылайша толғамының әлқиссасын анаға деген аңсар сезіммен бастады.
Иә, өмірде адам баласының тұлға болып сомдалуына үлкен ықпал ететін жан, тектілік даритын қасиетті мекен болады. Кендебай Темірбайұлы да туған жердің манат бел, мақпал топырағында сомдалып, өскен жерінің бәйтерегіндей бой түзеген сан тұлға шыққан Бостандық ауданында өмірге келді. Туған жері шегараның арғы шебінде қалса да жүрегін Жетісуына байлап, тағдырын жұмақ мекенге теліп тірлік кешіп келеді.
Кейіпкеріміздің ғұмырбаяндық дерегін алға тартсақ, ол, жоғарыда атап өткендей, қайратты ананың тәрбиесін алып, жеті жасқа дейін әкенің бойындағы таланттың ұшқынын да бойына қондырып үлгерді. Оған: «Кендебай Темірбайұлының әкесі әнші адам болған екен, сол кісіге еліктеп ол да ән салып, өнер атты мұхитқа түсіп кетті. Газалкент қаласындағы мектеп-интернатында оның дауыс тембрін байқаған үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі Рейтинбах Оскар Якович әншілікке баулиды. Кейін Жетісай қаласындағы педагогикалық училищенің ұстазы Бөрі Исаев тікелей өз қамқорлығына алып, ән әлемінің қыр-сырын жалықпастан үйретеді...», – деп келетін өмірі жайлы есті естелік дәлел. Әкеден дарыған әншілік қабілетті ұлы сахнаға дейін үдете, жетілдіре алып келген Кендебай Темірбайұлы шынымен де театр өнерінің өз перзентіне айналған жарқын ғұмыр иесі. Бұл орайда актердің өзі: «Кәсіби өнер қашанда жауапкершілікті қажет етеді. Мен бала кезімнен театр сахнасында еңбек жолымды бастаймын деп ойламаған да шығармын. 15-16 жасымнан Жетісай қаласындағы сол кездегі ұлттық әрі мемлекеттік музыкалық драма театрында өнер жолымды бастадым. Менің алғашқы ұстаздарым қазақтың біртуар тұлғасы Жұмат Шаниннің ұрпағы Қасымхан Шанин, Мұхтар Өтебаев, Жеңіс Қарғабаев, Майра Омарбаевалар. Ойлап қарасам, қарғадайдан ән салып, аталған театрда өнер көрсеткен күнімнен бүгінге дейінгі 57 жылда өнер деп өмірім өтіп келеді екен», – дейді тебіреніп.
«Өнер – ұлттың құндылығы», – дейміз ел танымындағы асыл ойды қуаттап. Рас, өнер ұлттың құндылығы болғанда, талант – адам бойындағы ерекше қасиет. Өнер мен талантты бір биікте тоғыстыра білу көптің қолынан келер шаруа емес. Талмай ізденіп, шалдықпай шалқар шабысқа түскен, желе-жортып жан аямай қарекет қылғанның ғана ұлт құндылығын танымына сіңіріп, тағдырына айналдырары анық. Бұл тұрғыдан алғанда Кендебай Темірбайұлын өмірдің өзі қақпақылдап өнер жолына салғандай көрінетіні бар.
– Тарихын терең сезінбеген, мәдениетін білмеген жас ұрпақтың бет алысынан қорқуымыз керек. Біз өркениет көшінен табылған дамыған ел болсақ та өзіміздің асыл арнамызды толықтырар ұрпақтың ертеңін ойлауға тиіспіз. Оларға өнердің, мәдениет пән әдебиеттің мазмұнды, мәйекті дүниесін ұсынып, рухани шөліркеуден сақтар шырынды құндылықтарымызды құнттауға үйретуге борыштымыз, – деген тебіренісін бүгінде ақсақалдық жасқа жеткенде ақ көңірегінен термелеп отыратын Кендебай Темірбайұлы шын мәнінде арнасы асау өнер жолының ұлы мұхитында жемісті желкен көтерді. Сонау 1975 жылы іргетасы жаңа қаланған жас театрдың сахнасы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымымен шымылдығын түрді. Дәл сол күні «Баян!» деп ақық жүрегіндегі асыл сезімін көмейінен бүлкілдете сахнаға жүгіріп шыққан Тілек Әбжәлиев болса, екінші күні қазақ махаббатының символына айналған Қозы Көрпеш рөлін бұйра шашы желкесіне төгілген аққұба Кендебай Темірбайұлы сомдаған еді. Сол күннен бастап кейіпкеріміз сан рөлді сахналап, талай тағдырды бастан кешті.
Иә, жарты ғасыр бойы сахнадан түспей, өзі ең алғаш шымылдығын түрген театрының 50 жылдық мерейтойын елімен бірге атап өткелі жүрген Кендебай Темірбайұлының Талдықорған драма театрында ойнаған рөлін суреттеп, санап тауыса алмаспыз. Мәселен, режиссер Мұхтар Қамбаров қойған Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түнінде» – солдат Бутенко, Есмұқан Обаев, Роллан Сейсенбаевтың «Өзіңді тапта» – Әділет, Құттыбек Баяндиннің «Жаңғырығында» – Кемпірбай, Аманжол Шәмкеновтың «Уәкілдерінде» – Айбол, Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселімде» – Жантай, «Ана-Жер-Анасында» – Жайнақ, Әділ Рахмановтың «Опасыздың ойранында» – Досбай, Сәкен Жүнісовтің «Өліарасында» – Игорь Абрамович, Томчук, Нұрислам, Бек Тоғысбаевтың «Ақын Сарасында» – Әріп ақын, режиссер Сәулебек Асылханов қойған Тахауи Ахтановтың «Әке мен баласында» – басқарма, Александр Вампиловтың «Сүйінші табылды, табылды!» комедиясында – Кудимов, Қалтай Мұхаметжановтың «Қайдасың Қайдарбегінде?» – Қайдарбек, Шыңғыс Айтматовтың «Армысың, ақ кемеде!» – шопыр, Тахауи Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Бекболат, Роллан Сейсенбаевтың «Қазақстан тұңғышы СТ-75» – Семенченко, режиссер Бәйтен Омаров қойған Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» драмасында – Данияр секілді рөлдерді сомдады.
Осыншама телегей терді маңдайынан төгіп ойнаған рөлдерінің бұл бастапқы бөлігі ғана.
– Өнер әлемінде кішкентай рөл деген аты, атауы ғана болғанымен оның заты басқа. «Кішкентай рөл болмайды» деген тіркес те содан шыққан. Үлкен, басты рөлдерден де кіші рөлдің күйігі қиын тиетін сәттер болатынын жасыра алмаймын. Өнер үшін жаныңды салып дертті болсаң, әр образды шынайы сомдау жолында күш салсаң оның қаншалықты мехнатпен бағынатынын түйсінер едің. Мен жастарға осы жолды нұсқап отырамын, осы сүрдек-сүрлеуді меңзеймін. Ұлы өнердің жолында ұйқылы-ояу халде жүрмеу керек. Халықтың құндылығы саналған дүниеге қас қақпай баруға тиіссің. Өйткені сен – актерсің, өнердің өз перзентісің», – деп толғанған Кендебай Темірбайұлының театр сахнасында сомдаған рөлдерін ары қарай тізбелесек, Дулат Исабековтың «Әпкесінде» – Ермек, Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» трагедиясында – Торсан, Мұхтар Әуезовтың 80 жылдығына орай режиссер Қалмахан Бейсенбиев қойған Мұхтар Әуезовтың «Қаракөз» трагедиясында – Асан сал мен Дулат, режиссер Рашида Шарафутдинова қойған Антон Павлович Чеховтың «Ваня ағайында» – отставкадағы профессор Алексей Валерьевич Серебряков, режиссер Әскер Құлданов қойған Мұхтар Әуезовтың «Абай» трагедиясында – Керім, режиссер Хұсейін Әмір-Темір қойған Алмахан Кенжебекованың «Абай туралы аңызында» – Ербол, Әлизаде, Тәкен Әліпбайдың «Қанды ғасырында» – Бошахан, «О Атилла, Атилласында!» – Хильдебранд, «Томирисінде» – Қабаған болып жалғасып кете береді.
Міне, осындай рөлдеріне қарап-ақ Кендебай Темірбайұлының жасынан өнер деп соққан жүрегінің үнін тыңдай білген тұлға екенін көресіз. Осыдан жарты ғасыр бұрын Талдықорғанда жаңадан ашылып жатқан Б. Римова атындағы драма театрына келіп, бүгінде қара шаңырақтың бір уығына айналғанын көресіз.
Тізбектелген өмір тарихындағы кейіпкерлердің тағы бір жалғасын оқырман назарына ұсынсақ, режиссер Назым Өтеулинова қойған Мұратбек Иманғазиновтың «Ілияс» деректі драмасында – Әсет Найманбаев, режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай қойған Мұхтар Әуезов, Қалтай Мұхаметжановтың «Айман Шолпан» комедиясында – Көтібар, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай режиссер Ұлан Ахметов қойған Иран-Ғайыптың «Жамбылдың қызыл жолбарысы» драмасында – айтыс ақыны Құлмамбет, режиссер Ерлан Кәрібаев қойған Серік Сарыбайдың «Орақты батыр» тарихи драмасында – батырдың әкесі Алшағыр, режиссер Қуандық Қасымов қойған Жолбарыс бидің 350 жылдығына орай Серік Сарыбайдың «Аманат» тарихи драмасында – Қазбек би, Әлібек Әмзеұлының «Қор болған Қодар-ай» фантасмагориясында – Қарабай, режиссер Ұлан Ахметов қойған Николай Васильевич Гогольдің «Үйленуінде» – Жевакин образын сомдады. Міне, бұл театр тарланының ойнаған рөлдерінің тек жарым-жартысы ғана. Бұл санатқа «Алаштың Әлиханы» драмасындағы Әлихан секілді актердің бүкіл талантын, танымын, қабілетін паш еткен ірі рөлдерді қоссақ театр тарланбозы екенін қуана жазуға сеп болар еді.
Иә, расында талай саңлақтың бағын ашқан рөлдер секілді Әлиханның образын сомдау біз үшін Кендебай Темірбайұлын жаңа белеске, заңғарға көтергендей көрінгені бар. Өзіміз өмірінің соңында сұхбат алып қалған Өмірсерік Қалиевтың Қабанбай болып қаһарға мінгені, Мұса Әжібековтың Қасым Қайсенов болып күркірегені секілді Кендебай да Әлихан болып Алашының қамы үшін ақық жүрегінен арманын қотарып, сахна сүйер елінің ыстық ықыласына бөленген-ді.
Әр басқан қадамынан ізгіліктің гүлін қылтитып, айналасын шуаққа көміп жүретін ақынжанды, айбары мен сесі бар, жөн білмейтін жан көрсе жасқап жіберетін, тентекті тезге салатын абыздыққа құлаш сермеген Кендебай Темірбайұлы шын мәнінде Жетісу жерінің жампозы. Ол театр сахнасынан бөлек жарты ғасыр бойы Жетісу жеріндегі мәдени шаралардың шырайын келтіріп, түрлі кейіпкердің образын сомдап келеді. Бірде өлкеден шыққан ақынның, батырдың кейпіне енсе, әз Наурыз секілді ұлық мейрамдарда Қыдыр ата болып ақық жүрегінен Алашына ақ батасын ұмсынады. Әдеби-мәдени шараларда қаламгерлерге, зиялы қауым өкілдеріне ізгі тілегін арнап, өнердің жүрек соғысын тыңдай білетін талант есебінде рухани шараның шырайын келтіріп, мазмұнын мәнді етуде.
«Әр аттаған қадамын қоғам мүддесіне арнап, шынайы қызмет жасау да сол жаны жайсаң Кендебай ағамның қолынан келмек. Кендебай Темірбайұлы аймақта ұлттық өнерді дамытуға әкімшілік қызмет жолымен де көп еңбек сіңіріп келе жатқан азамат. Ол 1980-1981 жылдары Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Мәскеу қаласындағы театр өнер институтының директорларын даярлайтын бір жылдық курсты бітіріп, Талдықорған облыстық драма театрының ұйымдастыру мәселесіне де араласып жанын салып, спектакльдердің дұрыс қойылуына, заттардың дер кезінде табылуына көмек көрсету ретінде бес жыл директор орынбасары қызметін атқара жүріп, актерлығын жалғастырды. Жасынан елгезек, жаны жайсаң азамат кіммен болса да жылдам тіл табысып, өз соңынан өзгелерді тез үйіріп әкететін тынымсыз еңбекқорлығын ескере келе сол кездегі облыс мәдениет басқармасының бастығы Егеубек Даданбекұлы Далбағаев Кендебайды 1987-1990 жылдары Талдықорған облыстық халық шығармашылық орталығына директорлық қызметіне шақырды. Оның осы қабілетін де дұрыс пайдалану мақсатымен, облыстық мәдениет басқармасы әртүрлі қызметтерге жіберіп бақты», – деген Зәмзәгүл Назарбекқызының толғамын еске түсірсек, Кендебай Темірбайұлының Жетісу жерінің мәдени өміріне елеулі үлес қосқан майталман маман екенін де аңғарамыз. Міне, осындай саналы ғұмыр иесі қазақ кино саласына да айтарлықтай үлес қосуда. Мәселен, соңғы айларда ел көлемінде көрсетілген Бейсен Құранбектің жазбасы бойынша түсірілген «Ұстаз» фильміне түсті. Кинорежиссер Ерлан Ұшақбаевтың «Ата» киносында да басты рөлге түсті. Сол секілді көркем фильмдер мен ашаршылық секілді тарихымыздың ауқымды бөлігін алар дүниелерге негізделген деректі фильмдерде де Кендебай Темірбайұлы шынайы талант-тақсыры екенін байқатып келеді.
– Жадымызда жаңғырған ізгі қасиеттерді өскелең ұрпақтың санасына құйып, бойымыздағы қарым-қабілет негізінен толысқан дүниелерді жастарға дарытуымыз керек. «Бақ ауысады, байлық жұғысады» демекші, талант та қоздауды қажет ететін, маздауға сұранып тұрған алапат өрт. Оны бабын тауып алаулату қажет. Алмахан екеуміз еліміздің ертеңі болар жастарды өнерге баулып, олардың бойына елжандылық, ұлтын сүйер азаматтық қасиетті бекзат жанрмен бірге дарыту үшін тынбай еңбектеніп келеміз, – дейді тебіреніп. Расында театр әлемінде өзінің дара есімін қалдырып, өнер биігіне шыққан жандар: «Осымен болдық, ел үшін бір тұлғадай еңбек еттік. Енді алаңсыз демалсақ та жарар» деп қарап жатпай, керісінше, қазақ өнері үшін әлі де береріміз мол деп сан шәкірттің шырағданын жағып, оларды театр әлеміне баулып келеді. Бүгінге дейін 200-ден астам жалынды жасқа тәлім берді. Олардың біршамасы өнер институттары мен академияларда білімін жалғастырып жатыр. Осының бәріне бағдаршам болып, жастардың көзтастар көкжиегіне айналған Мұқағали Мақатаев атындағы «Жас актер» театрының жетекшілері Алмахан Кенжебекова мен Кендебай Темірбайұлы екенін мақтанышпен атар едік. Өз басым кішкентай ғана актерлер сахналаған Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы негізіндегі қойылым мен Ғабдиман Игенсартовтың «Шынар мен Сырым» музыкалық дастан-драмасын көріп, қос тұлғаның маңдай терінің қаншалықты мол төгілгенін көріп сүйсінген едім.
Сол сүйінген, сүйсінген жүректің төрінен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, Би апа театрының діңгегі Кендебай Темірбайұлы мен Қазақстанның Халық әртісі Алмахан Кенжебекованың ғибратты ғұмыр жолы да жемісті жалғасын тауып келеді.
– Қазақта тай қазан, қара қазан секілді қазанның сан түрі бар. Біздің өмір жолымызға зер салған кейбір журналистер, рухани ортадағы таныстарымыз екі өнер адамы қалай бір қазанға сыйып, бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешіп жатырсыңдар деп сұрайды. Біз Алмаш екеумізді тәңір табыстырған. Өнер адамы болған соң жүрек үніміз бір, көңіл көкжиегіміз бір зәудегі парасат белдеуінде. Үнемі бір-бірімізді толықтырып, керек кеңесімізді айтып келеміз, – деген кейіпкеріміздің толғамынан кейін біз де өнердің қос шырағданына айналған Алмахан Кенжебекова мен Кендебай Темірбайұлына ғасыр ғұмыр заңғарына бірге жетіңіздер, биылғы 75 жылдық мерейтойларыңыз бен театрдың жарты ғасырлық торқалы тойы құтты болсын дегіміз келеді. Медеу, Айдын, Толқын деген ұл-қыздарын, Дана, Әйгерім, Ербол деген келіндері мен күйеу баласын, Ален, Тахмина, Адина, Абай, Алдияр, Адият, Алуа, Діннұрмұхаммет деген немерелерін тәрбиелеп өсірген асқар тау әке мен айдын көл ананың 50 жылдық шаңырақ тойы да иісі қазақтың жас отбасыларына жұғысты болғай!
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ