БАЛТА ТІЛДІ АҚЫН ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН

Уақыты: 30.03.2025
Оқылды: 1194
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың айтыс өнерін зерттеушілердің еңбегінде ХІХ ғасырдағы суырыпсалма ақындардың қатарынан Бақтыбай Жолбарысұлының есімі ерекше аталады. Өйткені Сүйінбай, Жамбыл, Әсет, Самалдық, Уәйіс, Жүсіпбек, Арыстан, Бәйімбет, Тезек төре, Мәйке қыз, Қыпшақбай, Түбекпен айтыс аламанында белдесіп, алты Алашқа танылған Бақтыбай ақын өзі өмір сүрген кезеңдегі қоғамдық қатынасты, құбылмалы саяси жағдайды, өктемдік пен билікшіл топты сөзбен түйреп, қазақтың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Қазақ халқының рухани болмысын қалыптастыруға еңбек еткен Бақтыбай Жолбарысұлын қаншалықты деңгейде қастерлеп жүрміз?! 

Ілияс Жансүгіров 1921 жылы танымал түркітанушы, фольклор жинаушы Әбубәкір Диваевпен бірге Жетісу, Сырдария экспедициясына қатысқан. Экспедиция аясында Лепсі, Қапал, Көксу елді мекендерін аралап, Бақтыбай Жолбарысұлы, Сүйінбай Аронұлы, Түбек ақын, Құл ақын, Орынбай ақын, Әсет Найманбайұлы сынды ақындардың сөзін жинап, ел қорғаған батырлар туралы деректерді жазып алады. Сол қатарда тірлігінде 40-қа жуық ақынмен сөз сайыстырған Бақтыбайдың Сүйінбаймен, Жамбылмен, Тезек төремен, Қыпшақбаймен, Түбекпен, Әсетпен, Мәйке қызбен айтыстарын қағазға түсіріп, болашақтың еншісіне қалдырады. Сондай-ақ, Жансүгіровтің «Қазақ» газетінен басталып, «Қазақ әдебиеті» газетімен түйінделетін журналистік жазбаларында Бақтыбай Жолбарысұлының есімі жиі аталып тұрады.

Ілияс Жансүгіровтен кейін Бақтыбай ақын мұрасына ерекше ден қойғандар журналист, жазушы Ораз Исмаилов пен жазушы Ұзақбай Доспанбетов. Расында, Ораз Исмаилов Бақтыбай ақынның өмірі мен ел арасында сақталған біраз айтыстарын қағазға түсіріп, «Қыз құлаған», «Едіге-Нұран» дастандарын, қазақ әдебиеті мен айтыс өнеріндегі орнын нақтылауда ерінбей еңбектенді. Ұзақбай Доспанбетов ақынның шығармаларын жинақтап, алғашқы кітабын шығаруға мұрындық болды. Ал Бақтыбай Жолбарысұлы мен оның жары Мәйке ақынның ескерткіші мен құлпытасының салынуына қолдау білдірген қоғам қайраткері Көпес Ақылбаевті, Бақтыбай ақынның қасиетті қара домбырасын сақтап келген Райса Әбенованы  да осы қатарға қосуға міндеттіміз.

Бүгінде Ілияс Жансүгіров атындағы университет, елді мекен, мектеп, көше атауы бар. Жыл сайын облыстық, республикалық «Ілияс оқулары» өтіп тұрады. Алайда, Ілияс пір тұтқан Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы бірде-бір байқаудың болмағаны жаныңды ауыртады. Айта берсек, Бақтыбай сөз сайыстырған Сүйінбай, Жамбыл, Ақын Сараларға қатысты айтыс жыл сайын, кейбірі екі жылда бір рет ақындардың басын қосады. Ал «Бақтыбай Жолбарысұлының айтысы өтіпті» дегенді естіп көрдіңіз бе?

Рас, 1990 жылы Бақтыбай Жолбарысұлының 155 жылдығында дүркіреп той өтіп, ақындардың аламан айтысы болғаны белгілі. Айтыстың ұйымдастырылуына сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Егеубек Далбағаев пен облыстық «Жер- ұйық» газетінің бас редакторы Тұрсын Әбдуалиев ерекше үлес қосқан. Айтысқа Айтақын Бұлғақов, Халел Тәжібаев, Бақытгүл Қасымбекова, Балқия Көшкінбаева, Дәурен Қуатов, Қаныша Райысова, Дәулет Қашқынов, Роза Амандықова,  Марат Қопабаев, Панархан Қамбарова, Болатбек Тұрақбаев, Жапар Ақылбеков, Шакура Әліпова, Есенқұл Жақыпбеков, Абаш Кәкенов сияқты сол тұстағы айтыс аламанының ақиықтары қатысып, Абаш Кәкенов І, Есенқұл Жақыпбеков пен Жапар Ақылбеков ІІ, Қаныша Райысова мен Айтақын Бұлғақов ІІІ орынды иеленген. Ал Бақтыбай Жолбарысұлының 165 жылдық мерейтойында жазба ақындардың мүшәйрасы ұйымдастырылып, оған 27 ақын қатысады. Мүшәйрада бас жүлдені жеңіп алған ақын Әбен Дәуренбеков және І, ІІ, ІІІ орынға иелік еткен ақындарға демеуші, сол тұстағы «Ескелді» кооперативінің төрағасы Серік Сариев пен ауыл азаматы Төлеген Шойынбеков ақшалай және заттай сыйлық табыстайды.

Бүгінгі жұртқа танымал марқасқалардың дені 35 жыл бұрын өткен байқауға қатысқан жас жүйріктер еді. Демек, Бақтыбай Жолбарысұлының рухы өз кезінде талай жастың талабын ұштады деуге болады. Сол үрдіс жалғасқанда қаншама талант танылар еді?! «Ештен кеш жақсы» дегендей, биыл ақынның туғанына 190 жыл толады. Осы мерейлі мерекеде Бақтыбай Жолбарысұлына арналған ақындар айтысын, жазба ақындар мүшәйрасын, мектеп оқушылары арасында Бақтыбай оқуларын ұйымдастырып, жақсы істі жаңғыртып, болашаққа бағдар салсақ нұр үстіне нұр болар еді.

1990 жылы ақынның 155 жылдық мерейтойына орай Бақтыбай ақын мен оның сүйікті жары Мәйке ақынның басына құлпытас қойылып, ескерткіш мемориал орнатылды. 2000 жылы ақынның 165 жылдық мерейтойында Крупская ауылына Бақтыбай Жолбарысұлының есімі берілді. Ақын атында көшелер, мектептер бар.

Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы ауылдық округ Ескелді ауданына қарайды. Облыс орталығының іргесіндегі ауыл 3 елді мекеннен құралған. Онда  10 мыңға жуық халық тұрады. Оның екі мыңға жуығы зейнеткер. Округте жалпы 46 көше бар. Олар тарихи тұлғалар, қоғам қайраткерлері, соғыс ардагерлері, ақын-жазушылар, ауылды өркендетуге еңбегі сіңген азаматтардың атымен аталады. 21 көшеге жарық шамдар орнатылып, біразына асфальт төселіп, тротуарлар темір жақтаулармен бөлінген. Арасында қиыршық тас төселген көшелер де кездеседі. Бір қызығы,  Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы көшенің толық асфальтталмағанын байқап қалдық.

Естеріңізде болса, ауылдастардың өздері тұрып жатқан ауылға аты берілген Бақтыбай Жолбарысұлының   кім  екенін  білмейтіні  өткен жылы әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Бақтыбай ауылының әр көшесімен жүріп,  аяғымыз жеткенше аралап шықтық. Өкініштісі, барған жерімізден ақын есімін ұлықтайтын бірде-бір көрнекілік көрмедік. Демек, Бақтыбай ауылында ақын есімін ұлықтауға, оны тұрғындарға насихаттауға қатысты жұмыс жүргізілмейді деген сөз.

Бүгінде Бақтыбай ауылдық округінде 2 білім беру мекемесі бар. Екі мектепте 1551 оқушы білім алуда. Жас ұрпаққа елжандылық пен туған жерінің қадірі мен қасиетін сіңіретін бірден-бір орта мектеп. «Демек, Бақтыбай Жолбарысұлының есімі ауылдық округке қарасты С. Сейфуллин атындағы және Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептерде түрлі шаралар арқылы өскелең ұрпаққа насихатталып жатқан шығар?!» деген оймен екі мектептің директорымен жолығып, пікірлестік.

– 2003 жылы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы орта мектептен ұстаздық жолымды бастап едім. Сол жылдары мектеп атамыздың атымен аталып, еліміздің жер-жерінен қоғам қайраткерлері жиналып, ас берілген. Қазір С. Сейфуллин атындағы орта мектепті басқарып отырмын. Жыл сайын, тоқсан сайын бір рет  Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы сынып сағатын өткіземіз. Сондай-ақ, мектеп кітапханасының жанынан атамыздың шығармашылығына арналған бұрыш ашып, қазірге дейін жарық көрген еңбектерін жинақтадық. Бұл әдебиетке құштар оқушыларға рухани азық болып жүр. Биыл ақынның 190 жылдығына орай күзге қарай 10 күндік ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді С. Сейфуллин атындағы орта мектептің директоры Дильбар Тамышева.

– Мектебімізге 2000 жылдары Бақтыбай Жолбарысұлының есімі берілді. Бүгінде 1000-нан астам бала білім алады. Ауылдың іргесінде Бақтыбай Жолбарысұлының ескерткіші бар. Оны абаттандыру, тазалау, қарау жұмысы біздің мектепке жүктелген. Мектеп кітапханасында Бақтыбай Жолбарысұлының бұрышы бар. Онда ақын мұрасы мен кітаптары жинақталған. Сондай-ақ, мектеп ішінде ақынның шағын мүсіні, қанатты сөздері жазылған стендтер, тағы да басқа көрнекіліктер қойылған. Мектеп мұғалімдері, оқушылар жыл сайын Бақтыбай Жолбарысұлының мұрасын зерттеп, түрлі конкурсқа қатысып, жүлдегер атанып жүр. Сондай-ақ, оқушылар бұл заттарды күнделікті көріп жүргендіктен Бақтыбай Жолбарысұлына құрметі арта түседі. Биыл ақынның 190 жылдығына орай ғылыми-әдістемелік конференция, көрме, мектеп оқушылары арасында айтыс ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар, – дейді орта мектеп директоры Жанат Тәңірбергенұлы.

Мектеп басшыларымен, мұғалімдермен кездесу барысында С. Сейфуллин атындағы орта мектепте жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан Айман Ізбасарованың Бақтыбай Жолбарысұлы туралы үлкен ізденіс жұмыстарын жүргізгенін және ол еңбектер бүгінде мектептегі сынып сағатында көмекші құрал ретінде пайдаланылып келе жатқанын естіп, іздеп бардық.

Бізді жылы шыраймен қарсы алған қарт педагог Бақтыбай Жолбарысұлы туралы зерттеу еңбектері мен қол жеткізген барлық рухани қазынасын жайып салды.

– Бақтыбай атамыздың мұрасын жинақтау және өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында 1990 жылдан бері ізденіс жасап келемін. Сол жылы мектептегі әдебиетке құштар оқушылардан «Мұрагер» тобын құрып, Бақтыбай ақынның өмірі, шығармашылығы, айтысы, қанатты сөздері туралы көптеген тың деректерді, бұрын кітап бетіне түспеген өлең, жырларды, күйлерді жазып алдық. Әр жылдары өзімнің зерттеу жұмысымды мектептердегі «Атамекен», «Атамұра – Ата дәстүр», «Азамат» ұйымының бағдарламалары бойынша іске асырдым. Сол дүниелер бүгін үлкен қорға айнал-ды, – дейді Айман Олжабайқызы.

Айман Олжабайқызының 30 жылдан бері Бақтыбай ақынға қатысты ақпараттары біршама жинақталыпты. Оны бір-бірден парақтап танысып шықтық. Оның ішінде Бақтыбай Жолбарысұлы шығармашылығы туралы тәрбие және сынып сағатының жобалары және атқарылған шаралардың есебі көрсетілген. Ақынның шығармашылығын зерттеу жоспары және жеткен жетістіктер, Бақтыбай Жолбарысұлының шығу тегі, бүгінгі ұрпақтары туралы шежіре дерегі рет-ретімен қатталған. Бақтыбай Жолбарысұлының айтыстары туралы сараптамалық материалдар мен Бақтыбайдың Сүйінбай, Жамбыл, Қыпшақбай, Әсет, Мәйке қызбен айтыстарының толық нұсқасын жазып қойыпты. Ақын жайлы замандастарының, кейінгі буынның, бүгінгі қаламгерлердің айтқан жылы лебіздері, ақынның 155, 165 жылдық мерейтойларының өту барысы туралы жалпы ақпарат пен фотосуреттер, ақын домбырасы туралы анықтамалар толық жинақталған.  «Мұрагер» тобының Бақтыбай мұрасын зерттеу аясында 1990-2005 жылға дейін атқарған жұмыстары, ақынға арнаған кейінгі қаламгерлердің арнау өлеңдері, мерейтойдағы сөздер, газетте жарияланған ақпараттардың түпнұсқасы, тағы да басқа тың дүниелер жинақталған. Сондай-ақ, Жетісудың танымал тұлғалары Ескелді би, Балпық әулие, Қабылиса жырау, Жолбарыс би, Айту би туралы зерттеу еңбектері мен олардың кесенелерінің орналасқан жері бойынша деректер де табылады.

Мақаламыздың көлемі шекті болғандықтан бұл дүниелерді тәптіштеп жазу мүмкін болмады. Бірақ осы ұлан-ғайыр дүние бақтыбайтануда үлкен еңбек болатыны анық. Сондықтан аудан, ауыл  әкімдігі, ауылдың атқамінер азаматтары тарапынан Айман апаның бақтыбайтанудағы еңбектерін жинақтап, кітап етіп басып шығаруға қолдау көрсетілсе, ақынның 190 жылдығына үлкен тарту болар еді. Сонымен бірге, Бақтыбай бабамызды насихаттау екі мектептің ғана еншісінде болмай, ел болып қолға алатын іс екенін ескерте кеткенді жөн көрдік. 
Айту бізден, атқару ел азаматтарының жауапкершілігінде...

Қажет АНДАС,
Бақтыбай ауылы, 
Ескелді ауданы