Қалың қазақ көрерменіне «Қыз Жібек» фильмі арқылы танылған актриса Меруерт Өтекешова бір сұхбатында жан жары Құман Тастанбековтың алғаш сыйлаған құшақ гүлін әлі сақтап жүргенін айтыпты. Бәлки бұл, махаббаттың белгісі болар?! Айдарымыздың кезекті қонағы Меруерт Қаратайқызымен дидарласу үшін Астанаға арнайы барып қайттық.
– Егер менен «Қай кезеңге қайта оралғың келеді?» деп сұраса «балалық шаққа» деп айтар едім. Анам мен әкем өте тамаша адамдар болды. Көпбалалы отбасында тәрбиеленсем де қиыншылықтың дәмін сезбей бойжеттім. Әкем түздің жұмысымен, анам үйдің, балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлді, – деп тебіренді жақсының жары.
Бала кезден Алматы кинотеатрларында көрсетілген барлық фильмге барып, әрқайсысын көруге асығатын Меруерт апайдың өнерге деген сүйіспеншілігі осы шақтан бастау алған.
– Мен көрмеген кино жоқ шығар сірә да. Алматының барлық киотеатрына бардым. Кино әлемі деген бөлек қой, шіркін! Бала кезден Оқушылар сарайындағы көркем гимнастикаға қатыстым. Сонымен бірге мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне бардым. Қыздардың дені актриса болуды армандады, солардың арасында мен де бармын.
1967 жылдың соңында Сұлтан Қожықов есімді режиссердің «Қыз Жібек» атты романтикалық драма түсіретінін дүйім жұрт болып естідік. Өзім бұл киноға ойда жоқта келдім. Мектепте оқығандықтан актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеуден өтуге барғанда толған қыздарды, бірінен-бірі өткен сұлуларды көріп: «Мәссаған, мынадай сұлулардың арасында маған не бар?» деп ойлап қоямын. Қызығы сол, олардың басым көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне ілікпеді. Бәлкім, режиссер айтқандай, олардың жүрегінде өнерге деген сүйіспеншілік аз болды ма, кім білсін?!
Құманмен осы кезде таныстым. Ол 3- курстың студенті еді. Маған қарағанда кино туралы тәжірибесі мол болды.
Көркемдік кеңестің: «Түссін, көрейік. Бәрі дұрыс болса, ары қарай жалғастырады» деген рұқсатын алған соң киноға түсу процесіне қызу дайындық басталды. Фильм түсіруде бірнеше кинотүсірілім жасалды. Қалада өскендіктен атқа отыруды білмейтінмін. Сол үшін 2-3 ай арнайы дайындыққа бардым. Ал Құман жылқышының баласы болғандықтан атқа мінуді жақсы білді. Оның актерлік шеберлігі тіпті керемет еді. Ауылдан шыққан өте талантты жігіт болды ғой. Кітапты көп оқыды. Гитара, гармонда еркін ойнады.
Ата-анасы Құманды қалаға оқуға әзер жіберіпті. 20 жасында Алматыға келген талантты, сымбаттылығымен көзге түскен, әнді де керемет орындайтын жігітті КСРО және Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның тобына бірден қабылдайды. Осылай төрт жыл оқып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін бітіреді.
Консерваторияда оқып жүріп киноға түсті. Төлегеннің рөлін сомдағаннан кейін Ғани Мұратбаевты ойнады. Режиссер Болат Шәмшиевтің «Махаббат жаңғырығы» киносына түсті. Одан кейін де бірталай қырғыз фильмі бар. Ал екеуміз бірге түскен фильм режисер Аманбек Әлпиевтің «Ою-өрнек құпиясы» атты драмасы. Осы фильмде басты рөлді ойнадық. Өте әсерлі кино. Құман кинода да, театрда да бірдей еңбек етті ғой.
ЕКЕУМІЗ үйленген соң ауылдағы ата-анасын қолымызға алдық. Ата-енем өте жақсы адамдар болды. Алайда қаладағы өмірдің үлкен кісілерге қиын екенін кейін түсіндім. Жас кезде ештеңе ойламайсың ғой. Ата-анамызға жақсылық жасап жатырмыз деп жүре беріппіз. Негізінде қартайған шақта жылы орнынан қозғамау керек екен. Ал біз оларды ауылдан қаланың тірлігіне әкеліп байлағандай болғанбыз ба деймін?! Дей тұрғанмен он жылдан астам уақыт бірге тұрдық.
Үлкендердің тамағын дайындап, барлық керек-жарақты алып келіп, қайта жұмысқа кетеміз. Жұмыстан қол үзіп қалмасын деп ұлымызды ата-енем, қызымызды өзімнің ата-анам қарап көмектесті. Балаларды сол кісілерге табыстап, еш алаңсыз гастрольдерге кете беретінбіз. Өнерден қол үзіп қалмағанымыз да сол ата-анамыздың арқасы ғой, – деп ағынан жарылған Меруерт Қаратайқызы әңгімесінде Құман аға тарту еткен гүл жайлы да айтты.
– Көктем мезгілі еді. «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімі арасында Құманның қалай уақыт тапқанын білмеймін, даланың сан түрлі бір құшақ гүлін жинап келіп, маған сыйлады. Дала гүлдерінің жұпар иісі мұрынды жарып барады, іштей қуанып, мәз болдым. Түсірілімнен соң гүлдерді үйге алып кеттім. Сол гүлдерді қалай сақтағанымды білмеймін. Бірақ, бұл әр адамның қолынан келе бермейді ғой. Мұны көріп Құман: «Сен бұны қалай сақтадың деп» таңғалатын. Ал мен оған: «Сені жақсы көрген соң осы уақытқа дейін сақтадым» дейтін едім, – дейді кейіпкеріміз.
Өнер жұлдызының әкесі – Қаратай соғыс ардагері, майданнан кейінгі жылдары қала коменданты болыпты.
– Анам – Камилә өте сұлу келіншек болды. Әкем екеуі де әнді жақсы айтатын. Менің өнер жолына келуім ата-анамнан берілген қасиет деп білемін. Балалық шағым ең бақытты да шуақты күндерге толы өтті. Үйімізден қонақ арылмаушы еді. Анам керемет аспазшы болғандықтан дастарқанға қойылатын тағамның бәрін қолдан пісіретін. Біз қасында көмектесіп жүреміз. Қазіргідей дүкеннен ала салу деген жоқ. Анамның қырыққабат қосып пісіретін бәліші мен енемнің табаға қуыратын картоптың дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді. Неге екені, менің жасағыным мүлдем олай шықпайды.
Біз 3 бөлмелі пәтерде тұрдық. Отбасындағы 7 баладан бөлек, ауылдан ағылып келетін туыстардың дені біздің үйге келетін. Үйіміз туыстардың тоқтап, қонатын жері болды. Сол кезде анамыз ұзын сонар төсек салып, бәріміз сыйып жата салатын едік. Күніге қанша адам келіп, қанша адам кетіп жатса да ата-анамыздың қабақ шытқанын көрген жоқпын. Сол кездегі адамдардың бір-бірімен етене жақын сөйлесуінен бөлек, арадағы қарым-қатынасты да жақсы ұстай білді. Қолдарында ақша болмаса да дастарқандары жайнап тұратын.
Ал қазіргілер үйіне бір кісі келсе қабақтары түйіліп сала береді. «Анау жоқ, мынау жоқ» деген түрлі сылтау көбейді. Әркім өз ұясынан шықпай қалды, адамдарда бір-бірімен байланыс үзіліп барады. Неге олай болғанын түсіне алмай-ақ қойдым.
Құман екеуміз де қонақжай болдық. Үйге адамдар келсе қуанатынбыз. Анамнан көргенім ғой, қонақтар үшін дастарқанға қоятын тағамды қолдан пісіретінмін. Ағаларың да тамақты өте дәмді жасайтын. Кейде менің уақытым болмай жатса тоңазытқыштағы етті алып керемет ас әзірлейтін, әсіресе, қуырдақты жақсы дайындаушы еді.
Өткенімді еске алсам кеудемді сағыныш оты кернейді. Құманның әкесі жылқышы, анасы ұжымшарда еңбек етті. Атамның әңгімесінен естігенім, ашаршылық кезінде Семейден Жетісу жеріне табан тірепті. Енем байдың қызы болған екен. Үйдегі 4 баланың ішінде Құман анасына қатты ұқсаған. Қазір олардың бәрі о дүниелік.
Біздің кезде үлкенді сыйлау әдебі жоғары еді. Жұмыс істесем де келіндік міндетімді адалынан атқардым. Ата-енеме ерекше сый-құрмет көрсетіп, барынша көңіл бөлдім.
Енем мен атамды өз қолымыздан шығарып салдық. Атам бес уақыт намазын қаза қылмаған адам еді. Енем жарықтық, атамнан бұрын кетті, атам 90-қа толып өмірден озды. Ал өз анам 92-ға келіп көз жұмды. Үлкендер кетіп, олардың орнын жастар басып келеді. Алайда бұрынғыдай бір-бірімен араласу жоқ. Өкінішті-ақ, – деп тебіренген Меруерт апай әңгімесінде әйел бақыты жайлы пікірімен де бөлісті.
– Ата-анам да, ұстазымның да үнемі айтатыны: «Қандай мамандық иесі болсаң да ең алдымен адам болуың керек». Меніңше, адам өмірбақи өзін тәрбиелеуі тиіс. Ал енді әйел үшін отбасы, ошақ қасы әрдайым алғашқы орында тұрғаны жөн. Бақыт деген қызмет те, шен де емес, ол – отбасы – деген кейіпкеріміз Төлегенді ойнаған Құман секілді қайраткер ұлын Жетісу жұртының елеп-ескермегенін айтып, кейіді.
– Биыл «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына 55 жыл. Көзі тірі болғанда Құман 80-ге келер еді. Алайда, ол шыққан ауылда немесе ауданда болсын мұражай яки бұрыш бар ма, жоқ па білмеймін. Бұл туралы айтып хат та жазғанмын. Бірақ? Бюст қойсақ деп еді, алайда оның өзі қаражатқа кеп тірелді ме, кім білсін?!
Жетісулықтар 80 жылдығын театрда атап өтер деп ойлап едім. Себебі Құман секілді Халық әртістері саусақпен санарлық қана. Қалай дегенмен елі ол туралы айтып, мақтан етсе лайықты іс болар еді. Амал нешік?! Ақын тілімен айтсам елінің ерін ескермегені ғой.
Әлі кітап шығара алмай жүрмін. Бәрі айналсоқтап сол қаражатқа тіреледі. Дей тұрғанмен, Құман екеуміздің арманымыз деректі фильм жасау болатын. Мұны ол көре алмады, бірақ бұған қаржы тауып, ойымызды жүзеге асырдым, – деп түйді сөзін жақсының жары.
Сарби ӘЙТЕНОВА,
Талдықорған–Астана–Талдықорған