Сұрқай заман, шынайы суреткер

Уақыты: 26.09.2016
Оқылды: 3389
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сөредегі сірескен кітаптардың ең көнесі  – со­нау ғасырдан қалған, мұқабасы сар­ғыш тарт­­­қан жыр-дастандар болса, одан кейін­гілері Міржақып Дулатұлы, Бейім­бет Май­лин сынды Алаш арыстарының, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мү­сі­репов сынды классиктердің том-том туын­дылары. Өткен ғасырдың алғашқы ширегін­дегі кө­­сем­сөз шеберлерін айт­па­ған­ның  өзін­де әдебиеттің алтын ғасыры  деп мойындатқан буынның кітап­тары қолдан-қолға өтіп, көп оқыл­ған­дықтан әбден тозығы же­тіп, үлбіреп тұратын. Сондық­тан да «ең бақытты жазушылар осы­лар» деп бағалаушы едік. Сол қатардан табылатын қа­лам­­гердің бірі де бірегейі Бексұлтан Нұржекеев.

Қазақтың Мопассаны, махаббаттың мүсіншісі һәм жыршысы сынды ғажайып атқа ие болған Бексұлтан Нұржекеев оқыр­маны көп жазушы. Менің балаң жүрегімнің төрінен де әлдеқашан орын алып, жастық жігерімді жа­лын­датып, кітапқа деген құмарлығымды ашқан да осы Бексұлтан аға бо­ла­тын. Зер­делі сөздің зергеріне ай­нал­ған жа­зу­шының барлық шы­ғар­масы дерлік менің де құшағымда жүріп, жырым-жырымы шыққаны да шын­дық. Дұ­рыс түсініңіз, көзі қарақ­ты оқырман  «жырым-жырымы шы­ғып» дегенде ойыншыққа айналдырды екен деп қал­маңыз. Керісінше, қайта-қайта оқып, біраз замандастарымды қызықтырып, нәти­же­сінде тең құрбыларымның біразын Бексұлтан ағаның әлемі­мен танысуға себепкер болғанымды мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі таңда ең көп оқылатын жазу­шы кім деген сауланама жүргізіліп, оған кітап­құ­марлардың: «Бексұлтан Нұржекеев» деп жауап қат­қанын ескерсек, қарымды қалам­гер­дің әр жазғаны көпшіліктің жүрегімен бірге со­ғып, Мәңгілік Елмен қатар жасаса беретін туын­дыға айналып кеткеніне көз жеткізесіз.

Көрнекті жазушы мәңгілік тақырыпты қаузау­дағы шеберлігі мен адам жүрегінің нәзік пернесін дөп баса білетіндігімен, қоғамдықтан асып, адам­зат­тық ойдың мөлдір тұнбасын туындысына са­лып, ғажайып оқиғаларды сабақтау арқылы сананы жадылап алатын сиқыр күштің иесі. Тіпті, шығар­масын қайталап оқыған сайын сырлы сезімнің сәуегейі секілді көрінеді де тұрады. Міне, қолымда жазушының жаңа туындысы. Ұлт-азаттық көтері­лістің 100 жылдығына арналып, «Қарқара-100» сериясымен жарыққа шыққан роман мұқабасының қызуы әлі кете қойған жоқ. Көз алмай оқып шығуға деген қызығушылығымның артып тұрғаны да содан шығар. Осылайша туындыға деген ынтық жүректің құлшынысымен тарихи романды бір деммен оқып тастадым. Еріксіз «Әй, дүние-ай», деген күрсініс өңешіме кептеліп қалды. Сөз зергерінің қарымды қаламынан әр жылдарда туындаған «Кінәлі махаббат», «Күй толғақ», «Бір өкініш, бір үміт», «Ерлі-зайыптылар», «Жау жаға­дан алғанда» сынды көптеген шығармалары шы­райы махаббат пен іңкәрлік, адамгершілік сынды асыл қасиеттермен қанықса, бұл еңбегінің мәні мен мазмұнын шыншылдығы арттырғандай. Жал­пы, бақытты жазушының 13 томдық жинағына қа­рап ерен еңбегін бағалауға болады. Алайда, саны емес, сапасына мән беріп, кіл жауһарын іздейтін кемеңгер елдің әдеби қорына қосқан туын­ды­ла­ры­ның барлығы да сахарада жалтылдаған сақи­на­дай сәуле таратып, өмірге деген құштарлыққа бас­тайтын, тарихқа нұсқа болатын ерекше қол­таңба.

Бексұлтан Нұржекеев осы уақытқа дейін тек қана жазушылық қырынан ғана танылған тұлға емес. Ол ұлт руханияты үшін күресіп жүрген шы­найы күрескер. Талай-талай келелі мәселе­лер­дің бастамашысы болумен қатар, қоғамдағы қай­шы­лықтар мен жұмбақ дүниелердің шешімін  айтып, рухани таластан тұратын «қызылалаңда» кесек-кесек сөздерімен, дәйек-дәлелімен ұлты үшін у ішуге баратынын көрсеткен жан. Жиындарда тіл­дей қағазға телміріп сөйлейтіндердей емес, баба­дан дарыған ділмарлығымен ағып сөйлеп, ақиқат­ты ашына айтқан шешендігімен талайды тәнті етті. Тауанды тарихқа келгенде толғақты тақырыптарға тереңдеп, Орбұлақ шайқасының да қаһарман қазақтың қайсарлығын танытқан қанды ғасырдың куәсі екенін айтып, Шыңғыс қаған жайлы ақиқатқа толы ойларын алдаспандай өткір мінезімен ортаға салып, тарихымызды түгендеп, келеңсіздікті жүгендеуде де мазмұнды мақалалар жазып, оқырманның сана-сезіміне қозғау салып жүрген тұлға. Сонымен қатар, «Жазушы» баспасынан әдебиет әлеміне енгісі келген талай жастардың кітабын шығарып, оларды қанаттандырған және басқа да көптеген келелі мәселелерде ақиқаттан танбай халық үшін қызмет етіп келе жатқан қоғам қайраткері.

Рас, қоғам қайреткері ретінде атқарған игі іс­терін түгендеудің өзі үлкен ізденісті талап етеді. Ал оның қаламынан туындаған әңгіме, повесть, роман мен мақалаларды айтар болсақ, Бексұлтан Нұр­же­кеевтің ең алдымен адалдықты жаны сүйе­тін жазу­шы екенін аңғарамыз. Яғни, Мұхтар Әуезов айт­қандай: «Әдебиет – ардың ісі» екенін аса жауап­кер­шілікпен сезініп, сол жолда мазасыз күндер мен ұйқысыз түндерін арнағанын ақ парақтың бетіне маржандай тізілген шығармаларынан аңғаруға болады. Сол үшін де қаламгер қауым үшін осын­дай ең басты қасиет саналатын көрегендік пен адалдықтың шыңына шыққан жазушы, сонымен қатар ақиқаттың ауылына ат шалдырған шыншыл тұлға деп мойындауымызға тура келеді.

Әлқисса, сөзімнің басында айтқан Бексұлтан ағаның  «Жалын» баспасынан шыққан «Әй, дүние-ай» атты романы ғасырды қамтыған, қазақ халқы­ның басынан кешкен зобалаң күндердің жиын­тығына айналған туынды. Тарихи шындықтан құ­рал­ған шығарма. Ұлт-азаттық көтерілісінің туын кө­терген Қарқара қазақтың қасиеті де, қасіреті де болды. Қауырсын қаламын жүрегінің қанына ма­тырып отырып, ғаламат туынды жазғанын романды оқысаңыз сіз де түсінесіз, ардақты оқырман! 

Қысталаң жылдарда қынадай қырылған қазақ­тың бір бөлшегі – албан руының 1916 жылғы кө­те­ріліс кезіндегі тағдыры жайлы кеңінен баяндалатын шығарманың өміршең болатынын осы бастан Кү­рең­бай сыншы секілді болжап, айтып қойғанның ар­тықтығы жоқ. Ақиқаттан құралған, көркем тілмен өрнектелген романның ерекшелігі – болған оқиғаны шалқымай нақ-нақ  беруінде. Тіпті, Қарқара, Мың­жылқы немесе Жаркент жеріндегі жайлаулардың әр пұшпағын жақсы білетін жазушы өзге қалам­гер­лердей емес, табиғатты қысқаша суреттеп, елінің мұң-зарын, қасіретті тағдырын кеңінен баяндауға ты­рысқан. Сондықтан да шағын бөлімдерден құ­ралған романда алты аталы албанның азып-тозғаны, саяқ құрлы сая таппай сансырап, үркіншілікке түс­кені аса шебер тілмен бейнеленген. Оқып отырып, бір ғана рулы елдің ғана емес, дәл сол тұстағы тұ­тастай қазақ ұлысы басынан кешкен нәубетті кезең көз алдыңызға келіп, көңіліңіз толқып, жанарыңызға жас үйіреді.

Роман желісі дауыл алдында бір сәт тынған теңіз­­дей жайма-шуақ тірліктен басталады. Мұрты жаңа­дан тебіндеген бозбаланың толысқан бойжет­кен­ге аңсары ауып, дәнекер-жеңге арқылы таныс­паққа ұмтылып, түпкі мақсаты қалыңдық қылуды ой­лаған Тазабектің серілігімен суреттелетін шы­ғар­маның әлқиссасының өзі оқырманды бірден әуе­летіп әкетеді. Жастыққа тән албырттық пен сұлуға деген құмарлықты көріп, «көрінгенге көз салған ар­сыз көңілдің» емес, жайлаудан аққан ерке де тұма бұлақтай мөлдір махаббатқа куә боласыз. Алайда, ақ патшаның 19 бен 43 жас аралығындағы азамат­тарды майдан даласына апарып, қара жұмысқа жегу туралы жарлығы мамыражай тірліктің мақамынан жаңылдырып, албан жұртының қару алуына апарып соғады. Одан ары сәт-сәтімен сабақтасқан ел өмірі шығарманы шамырқанып, шамданбай, ашынып, тасынбай оқуға мүмкіндік бермейді. «Мен, қазақ­пын!» деген кез келген жанның қаны қызып, жаны жаншыла отырып оқып шығарына кепілмін. Себебі, шынайы жазылған шығарма оқырманын өзімен бірге ғұмыр кешуге еріксіз жетелеп әкетеді.

Қазақ басына қаптап келе жатқан қара бұлтты іштей сезген Өмірәлінің Тазабекті үйлендіруге қам жасап, Тілеулінің мәпелеп отырған қызы Шәйіге құда түсіп, құйрық-бауыр жескен күнінен роман шарықтау шегіне жетіп, қазақ халқының аянышты тағдыры басталады. Келін алатынына көзі жетіп, көңілі сенген Өмірәлі көп ұзамай озбырлардың оғы­на таңылып, мерт болады да, шоқпар жонып сайланған Тілеулі аяғынан жарақат алып, дерті асқынған соң Тазабек пен Шәйіге батасын беріп, шаңырақ көтертеді. Алайда, оқып отырып жанардан жас ағызатын, іштей өшігетін тұсымыз да осы бір қуанышты да қаралы түннің оқиғасы. Бұл тұсты жазушы: «Таңға жуық тәтті ұйқының кезінде өртеген болу керек, шаңырақтың шоғы әлі сөн­беп­ті. Тілеулі мен Әжікенді, қырғыз отыншыны үлкен үйде, Ағынтай мен бір ұл, бір қызын отаулы үйде әуелі өлтіріп, артынан өртеп жіберіпті. Тігерге тұяқ қалдырмай малды айдап әкеткендеріне қа­ра­ғанда, көп адам келіп, қорықпай, аспай-саспай іс­теген», – деп қаралы түнді, Шәйіні мәпелеп өсірген ата-анасы, бауырларының отқа оранып, шаңыра­ғы­ның күл-талқаны шыққанын шебер тілмен өрнек­теп, ашына жазып, мәңгілік мөрлегендей. Өйткені бұл адам қиялымен туындап, иу-қию оқиғаларға құ­рылған қайбір кино сценарийі емес, бұл – тарихи шын­дық. Ал шындықты оқып отырғанда жаны­ңыз­ды шоқ үстіндегі көмбеге шыжғырғандай сезіне­тініңіз рас.

Дегенмен, роман оқиғасының шиеленісі әу баста, Шәйіні мал бағып жүрген жерінде екі орыс­тың қорлап, жазалаушылардың бейбіт жатқан ауыл­дарды жаныштап, қауқарсыз жан демей шал-кемпір мен жас балаға дейін қырып кеткенінен басталады. Оған:

– Ойбай, әне жатыр!

Бәрі Жомарт жаққа жалт қарады. Үйме-жүй­ме тоғыз өлік теңнен шашылған мүлікше теңкиіп-тең­киіп жатыр екен. Атпапты. Бірін қылышпен басынан екі-үш шапқылап, бірін мылтықтың істі­гімен әлденеше шаншып-түйреп өлтіріпті», – деген жан ауыртар көріністер дәлел болмақ. Дәл осы эпизодтың аяғында екіқабат әйелдің сұлап жатқа­нын, қолтықтан қиғаштай шапқан қылыш ішек-қар­нын ақтарып, қан-жыны араласып жатқан шарана шақаны көрген Тазабектің «Жауыздар-ай», – деп ыңыранып жібергенін оқығанда, оқыстан әлдекім біреу миға ине шаншып алғандай шіміркенетінің анық. Бұл азғантай албан елінің емес, алты Алаш­тың басына төнген қаралы жылдардың көрінісі. Міне, осындай оқиғаларды бір-бірімен байла­ныс­тырып, аса көркем тілмен нақ-нақ суреттеген Бек­сұл­тан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» романы бас­тан-аяқ ақиқатпен сабақтасқан, шындықпен өрілген, шеберлікпен суреттелген сом дүние.

Әр бөлімде өрбіген оқиғаларды жеке алып қа­растырсақ та жазушының дарынын даралап, шы­ғар­масы сұрапыл күштен туындағанын дәлелдеп бе­ре аламыз. Өйткені, бірнеше томдық шығармаға арқау болатын мол дәлелдер мен дейектерді, сан кейіп­кер­дің тағдырын бір романға сыйдырып, әр бөлімге оқырманды жетелеп отыратын оқиғаларды қию­лас­тыру – жазушының асқан шеберлігін, қаламы­ның қуатты екенін көрсетеді. Бұл жағынан келгенде грузин халқының басынан өткерген қысталаң жылдарын бейнелеген «Алтау мен жетінші» атты шағын әңгімесін «Жан пида» романы арқылы әлем­ге әйгілеген Шыңғыс Айтматовтың ерен еңбегі еске түседі. Бірақ, Айтматовтың туындысындағы осы бір әңгіме ғана батырлық пен бағландықты, тек­тілікті танытса, Б. Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» рома­нын­дағы әр бөлім, әр эпизод қазақ халқының күре­с­кер­лігін, тағдыр талайына түссе де жастығын ала жас­танатын қайсарлығын және қазаққа өз қан­дасынан асқан дос жоқ екендігін әйгілейді.

Бексұлтан Нұржекеев аталмыш шығармасында орыс халқының астамшылдығын, озбырлығын жан-жақты айта келе, айбынды Алаш жұртының қай за­манда болса да ақиқаттан танбайтын, жалған­дыққа қия баспайтынын, сол арқылы басқа халықтан үстем тұратындығын жеткізуге күш салған. Бұл Мәң­гілік­ке бет алған елдің айбынын алты құрлықтан асы­ра­тын, «жаһандану дәуірінде жаһаннамға бет ал­ған­дай рухани тоқырап бара жатырмыз» деп байбалам са­латындарға сабақ боларлық дүние. Әңгіме ар­насын роман желісіне қарай бұрып, Бексұлтан аға­ның ұлт тарихы жолында бел шеше кіріскен шы­ғар­масымен ойымды ширатайын. Жанама кейіпкердің бірі – орыс қызы Софья (Сопыйа) қазақ халқының әнін әуелетіп қана қоймай, ішкі дүниесімен де Алаш жұртына етене жақын болып кеткендігін, жазалау­шылардың озбырлығы мен қанішерлігіне көзі жетіп, «мені бұдан былай орыс деп атамаңдар, мен қа­зақ­пын», – деп Қожақтың жары болғандығы шы­ғар­маның шырайын кіргізе түскен. Алайда, жалынды жазушының «Орыстың қызын әйел еткенің үшін» деп Қожақты өлтіріп, аузына өзінің қасасын тығып кеткенін Тазабектің көзімен көрсете суреттеуінің өзі, отаршыл елдің жауыздығын дәлелдей түседі. Ал кішкене ғана бүлдіршіннің артын ойып, тоңқайтып кеткен жерін ұятта болса атаусыз қалдырмауының түпкі мақсаты түсінікті. Осындай жәбір көрген ел­дің ұрпағы қасіретті жылдарды жан-жүрегімен ұғын­­сын, ер болса екінші рет жатжұрттықтарға кеу­десін басқызбасын деген  елдік ұстынды тебіндету бұл. Сөз шындықтан бұзылмайды. Бұл көріністер жазушының ой-қиялының жемісі емес, осы роман­ды жазарда кірпік қақпай, көз ілмей ізденістен туындаған, бүкпесіз шындықтан құрал­ғанын тари­хын таныған кез келген оқырманның шынайы қабылдайтыны сөзсіз.

«Ақылдасамыз» деп алдап шақырып, түрмеге жауып, Жәмеңке, Ұзақ сынды батырлардың біріне у беріп, екіншісін оққа таңғанын тайға таңба бас­қан­дай тарихи деректермен байланыстырған Бек­сұл­тан Нұржекеев тұлғаларымызды сахна бетіне жаңаша қырынан алып шыққандай. Дегенмен, шың басына шыққан жандардың өлімі де шыңнан құ­ла­ған алып қарағайдай болады екен-ау. Сол кезеңде соқыр қоғам дүмбісінің күшімен дүниеден өткен Жәлменде би баласы Пышан ақын қазасының өзі осы бір ойымызға айқын дәлел. Ал «Халқым де­ген Қапезде, жау ғып ұстап бердің бе», – деп ит­жек­кенге айдалған Қапездің зары оқырманды, күллі халықты «әй, дүние-ай», деп  қаншама өкіндірді десейші!

 Үш тараудан тұратын (дейін, кейін, түйін) ро­манда қуаныш пен қайғыны сәтті сабақтастырған жазушы отарлаушыларға кереғар кейіпкерлерді де атап өткен. Алайда, самсаған сары орыстың ара­сы­нан саусақпен санарлық қана жақсылар бары көр­сетілген. Оның өзі тегі бір халқынан теперіш көрген – Кобзев.  Үлбіретіп өсірген қызын зорлап, өлтіріп кеткен екі орыстан ала алмаған өшін Таза­бек­тің қайтаруы, осы қарызын өмір бойы өтей ал­мас­пын деп білген Кобзевтің көшерде үйін сыйлап кетуі, Шәйіні қорлағаны үшін екі інімді өлтірдің деп Коб­зев сыйлаған баспанаға Сергейчуктің от қойып жібергені, бәрі-бәрі қаламгердің шатысқан дүниені па­расаттылықпен тарқатып беруі мен асқан шебер­лігінен туындаған айқын да анық көріністер.

Ал қынадай қырылып, түгесілуге шақ қалған жұрттың үдере көшкен кезінде «жау жағадан ал­ғанда, бөрі етектеннің» керін келтірген, атасы жеңіл­­ген қалмақтардың қоқаңдауы жанға батады. Онсыз да сансырап, Қытайға барып жан сауғалар­мыз деп көшкен елдің малын айдап, қыз-келіншек­терін өңгеріп кеткен қалмақтардың жайы романның идеялық желісіндегі жатжұрттықтардың мазағы мен қорлауына ұшыраған қазақ трагедиясын айқындай түседі. «Қазақ пен қырғызды кіріптар қылып, қалмақтың тілеуін құдай беріпті. Тау арасынан тұтқиыл шыға келіп шабуылдайды екен. Малын айдап, әдемі қыз-келіншектерін өңгеріп әкетеді екен. Сол әкеткеннен кейбірі қайтпай қалып жатқан көрінеді. Аштан өлгенше, қалмаққа қатын болайын деген шығар, бәлкім, өлтіріп тастаған шығар, анығын ешкім білмейді. Көбін бір түн асы­рып қайта әкеп тастайды екен. Селге аққан са­лын­дыдай не өң жоқ, не түс жоқ, сөлбірейіп қай­та­ды екен қыздар. Жаны олжа болған соң, қал­ғанына көз жұмады екен бәрі. Қорғансыз жан­дардың төзуден өзге шарасы жоқ». Романдағы осы бір сөйлемнің өзі 1916 жылғы албандар көте­рілісінің тек қана орыс пен қазақ арасындағы кескілесуден тұрмай­тынын, қазақтың хәлін қырғыз ағайындардың да кешіп, екі жұрттың анталаған жаудың арасында қалғаны баяндалады. Ал басты кейіпкер Шәйінің тағдырына келер болсақ, қыз күнінде орыстан қор­лық көргені аздай, үркіншілікте дәу қалмақтың қа­мағында қалып, зорлығына көндігуі – жазушының әйел өкініші арқылы қазақ трагедиясын биік дең­гейде беруге күш салғандығы. Рас, қазақтың жас­ты­ғын ала жығылатынын жоққа шығара алмаспыз. Бұл біздің тегімізде жатқан қасиет. Осы жағынан келгенде Тазабектің қос орыс пен дәу қалмақтан кек қайтарғанын, тозған жұрт пен алты шаңырақты ағайынына бас бола білгендігін жазушы назардан тыс қалдырмаған.

Жетер жерге жетіп, жанымыз аман қалды де­ген­де «жаңа өкімет орнады, кедейлердің күні туды», – деген желеумен азған жұртты шекарадан қай­та өт­кізіп, 1916 жылғы қырғыннан 16 жыл өт­кенде қол­дан жасаған аштықпен жусатып салуы­ның өзі та­рихта бедерленген оқиға. Шығарманың негізгі та­рауына албандар көтерілісі арқау болғанымен, жұт, ашаршылық кездердегі халықтың әлеуметтік-тұр­мысы, тіршілігі романның көркемдігін қандырып, маз­мұнын тереңдетіп,  тым биікке көтермесе, жана­ма оқиға ретінде төмендетіп тұрған жоқ. Өлместің қамымен ін бағып, тышқан аулап, оны көршіле­рінен, өзге ағайындарынан жасырып, түнделетіп қазанға салған Кобзев, Табай, Шәйілердің ашаршы­лық кезіндегі өмірін, қала берді күллі қазақтың тағ­дырын Бексұлтан Нұржекеев қаламгерлік қайсар­лығының арқасында ұмытылмастай, өшпестей етіп тарих сахнасына көтерді. Дәл бүгінгі тойғанына секір­ген қоғамның кейбір кейіпкерлері осы романды оқыса, өткен тарихын санасына тоқыса, ұлттық рухымыздың аспандап, қазақ атының асқақтауына әрекет жасар еді-ау деген ой да келеді жұмыр ба­сымызға. Жазушы: «Қытайға босып бара жат­қан аш-жалаңаш жиілей бастаған соң, біреу-міреу балалардың өзін жеп қойып жүрер деп қауіптеніп, Табай өзі балаларды бастап барып тау-тасты аралап кезетін болған. Өлгелі жатып та ұятын ойлайтын қазақ тышқан жегенін бір-бірінен жасырады. Түнде қайнатып, түнделетіп жей­тін... Анда-санда қоян ұстаса, күнде қоян жеп жүр­­ген­дей, оны жариялап айтатын», – деп нәу­бетті ке­зең­ді бір шаңырақтың тұралаған тұрмысы арқылы бе­руінің өзі, роман композициясындағы қа­зақ тра­гедиясын көз алдыңызға алып келіп, шы­ғар­­маның идеялық желісіне жан бітірген.

Ал бірінші дүниежүзілік соғысқа арнап  «Соғыс және бейбітшілік» атты төрт том­дық кітап жазған Лев Толстойдай емес, 1941–1945 жылғы қырғында Шәйі мен Тазабектің қос ұлының майдан дала­сы­нан қайтпай қалуы арқылы, ой­мақтай оймен ой­ранды жылдарды жеткізе салған жазушының хас та­лантқа тән тегеурініне таңғал­мас­қа шара жоқ. Әлем елдерін әбігерге түсіріп, жа­нына жара салған қасіретті кезеңдегі қазақ тірлігін шағын бөлімді оқиға арқылы бере білген Бексұлтан Нұржекеев «аз жазса да, саз жазар» жа­зушы екен­дігін қайталай дәлелдеді. Ит тағдыр­дың талқысына көп түскен Шәйі Тазабектен ерте айырылып, сұ­ра­пыл соғыс­тан қайтпай қалған қос ұлының қазасына шы­дады-ау. Алайда, перзент сүймеген кенже ұлы­ның жас келіншегі ойнастықпен бала тауып, оны Шәйіге тастап көлденең көк аттымен қашып кет­кені – қаралы жұрттың қабырғасына бататын қа­сі­реттің бір ғана бейнесі, көрінісі. Келінім неге бұлай істеді деп кінә тағуға Шәйінің құқығы жоқ. Өлген өлді. Тірі тіршілігін істеу керек дегенді меңзеген, қыс­­талаң уақыттың салмағын жан-жүйесімен се­зінген жазушы қазақ тағдырын осындай ая­нышты оқиға­лар арқылы еркін баяндаған. Бұл да шығар­маның шырайын келтіріп, айшықты етіп, мазмұ­ны­на мән беретін – Мәңгілік Елдің өткен ғасырдағы қасіретті кезеңінің жарқын көрінісі.

Сонымен қатар Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» романында қазақ халқының ділмар­лы­ғын, шешендігін, айтқыштығын көрсететін мақал-мәтел, нақыл сөздер суреткерлік шеберлікпен көр­кем түрде үйлесімді қолданылған. Дарынды жазу­шы Асқар Сүлейменов жайлы қалың оқырманның аузынан: «Қазақ даналығына көп үңілген жазушы­ның өзгеден озық тұратын жері – сөзді ойната білуін­де. Мысалы, «Кәрі қойдың жасындай жасым қалды» деген теңеуді «Саба түбі сарқынды жасым қал­ды» деген баламамен беруі», – деген бір ғана пікірін талай естіп, көкейге түйіп жүруші едік. Ал Бексұлтан Нұржекеев бұл жағынан келгенде әр сөзіне талғампаздықпен қарап, мақал-мәтелдердің мәндісімен ойын түйіндей білген. Диалог, монолог барысында әр кейіпкердің аузына «Жақсының бір аты бар залым деген, жаманның бір аты бар мо­мын деген», «Жапалақты таспен ұрсаң да жапа­лақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі», «Екіауыз біріксе, бірауыз жоқ болады» не­месе  «Қара жердің өлгені – қар астында қалғаны» сынды мәнісі терең, мағыналы сөздерді қолдану ар­қылы ғұмырлық шығарманы айшықты ете түс­кен. Сонымен қатар, Софья, Қапез, Пышан, ашар­шы­лықта көз жұмған Қапездің шәкірті Қаратай сын­ды, арғысы Көдектердің әнін қазақтың талайлы тағдырымен сабақтастыруының өзі, жан-жүйені босатар, «Елім-айлап» еңіретер шығарма екенін дәлелдей, нақтылай түседі. Тарихта әнші һәм ақындық атымен қалған Софьяның:

Жайлайды Іле бойын албан, суан,

Қуғаны қысы-жазы қызық-думан.

Қытайға бас сауғалап босып жатыр,

Орыстың озбырлығы – бәрін қуған.

 

Болғанмен затым орыс, жарым – қазақ,

Ол тартқан маған да ортақ мұң мен азап.

Орыстан қазақ қашса, мен де қашам,

Қазақтың келіні деп қылар мазақ, – деп әндете айтқан ақық туындысы жазушының шеберлігі әбден толысып, кемерінен асқанда терең зерттеп, әр нәрсені зерделеп барып жазған шығармасының шұғыла шашар, шырайын кіргізер эпизодтары екеніне дәлел.

Үш тараудан тұратын бұл романның «Түйі­нінде» Шәйінің өткенге ой жүгіртіп, бір әулеттің арқа сүйер тірегі, қазыналы қарты болуы баян­дал­ған. Жазушының тілімен айтқанда «темір өзек кем­пірдің» қасіреті көп те, қанағаты аз ғұмыры кино лентасындай көз алдынан тізбектеліп өтіп, жалған дүниеге жалқы рет ғана шүкіршілігін айтуымен тиянақталған.

Әдетте қаламгерлердің шығармасына дендеген кезде, ол жайлы пікір айтқанда, «бұл туындының негізгі тақырыбы мына оқиға», – деп ашып айтып, қалғанын жанама эпизодтар мен қосымша оқиға­лар қатарына жатқызатын едік. Ал сексен мен жет­пістің бел ортасында 1916 мен 1991 жылдар ара­лы­ғындағы тарихи оқиғаларды қамтығаны ға­жайып шығарманның асылы мен нәсілі мына бір ке­зең еді деп атай алмайсың. Ғасырға жуық ара­лықты бейнелеген туындының қабырғасын қалаған әр кезең де қазаққа қасірет әкелген зобалаңды жылдар. Бұл қасіретті оқиғалар романның негізі тақырыбы, өзегі бола білген. Олар: 1916 жылғы албан көтерілісі, сол ғасырдың 20-30-шы жыл­дар­дағы Азамат соғысының дүрбелеңі, қолдан жасал­ған ашаршылық кезең, Саяси қуғын-сүргін тұсы, Ұлы Отан соғысының қасіреті мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Желтоқсан демекші, «Қазақстанды қазақ бас­қар­сын», – деп алаңға шыққан жастардың ара­сында болған Кәусеннің өлімі, әже жүрегін қақы­ратып, Шәйіні аурухана төсегіне таңады. Темірөзек кемпірдің жығылғаны қыршын кеткен немересінің ая­нышты хәлінде жатыр. Кезінде орыс пен қал­маққа арын тонатқаны аз болғандай, енді келіп немересін де жазалаушылардың зорлап, ұрып-со­ғып өлтіргені бас кейпкердің өлімін жақын­дат­қан­дай. Талай азапты бастан кешіріп, халықтың сауа­тын ашу үшін ұстаздық қызметті де атқарған, үй­ленген күні ата-ана, ағайынынан ажырап, Тазабекті оққа таңғаны, соғыста қос перзентінен айырыл­ғаны аз болғандай, Кәусенін кебінге орап өзі жоқтау айтқан Шәйінің тағдыры шынымен аяныш­ты. Бұл шығармадағы кейіпкердің ғана басындағы мұң мен зар емес, мұқым елдің мұңы екені ақиқат. Кезінде қылықты қыз болған Шәйіден қаусаған кемпір болған Шәйі арқылы қазақ ұлысының бір ғасырда көрген зобалаңын байқауға болады. Ал ащы ақиқатты естуден жеткізудің жолы ауыр екені белгілі. Сондықтан да, осындай тәуекелге барып, өткен жайлы өшпестей із қалдырған Бексұлтан Нұржекеевтің қаламгерлік қайсарлығын мойын­даған абзал...

Тәуелсіздіктің таңы атып, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғанын
      естіген Шәйінің «Құдай бар екен ғой!» деп шүкіршілік айтып, жан тапысыруымен романның нүктесі қойылған. Бүгінде кейуананың шүкіршілігін кемеңгер елдің ұрпағы сәт сайын айтып келеді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына арналған «Әй, дүние-ай» романы жай ғана көркем шығарма емес. Бұл қайсар елдің жүрегіне өшпестей сызат салған, тарихта мәңгі қалған, азап пен мазақты бастан кешкен қазақтың азаттық алған күніне дейінгі аралықты қамтыған – тарихи-тәлімді туынды. Ғажайып оқиғалалармен көмкерілген, парасаттылықпен пайымдалған Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» романы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға  әбден лайықты шығарма екені даусыз. Ал шындығына келсек, танымы терең, талғамы зор, рухы биік жазушының аталмыш романы бірнеше мыңжылдықты артта қалдырып, бүгін еркін ел атанып, Ұлы Дала иесі екенін  ақ әлемге жасқана емес, жалындата айтып, Мәңгілік Елге көшін бағыттаған қайсар жұрттың ерен ерлігіне зерделі сөз, көркем оймен құйылған, бағасы саф алтыннан да қымбат ескерткіш деп бағалауымыз заңды.

Осындай әділ бағаны кез келген көркем дүниенің өресін бұлтақсыз безбендей білер қалың қара ормандай  оқушы қауымы алдымен айтып отыр.

Асыл Сұлтанғазы