ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 21.11.2018
Оқылды: 1324
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл ауылындағы № 2 орта мектебінде ұлттық аспапты насихаттау мақсатында «Dombyra party» шарасы өтті. Онда мектеп мұғалімдері күй шертіп, ән айтып жарысты.

 

   Шараға Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шынарай Сүйіндікқызы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Ұланқызы, аудандық Мәдениет үйінің директоры  Елнұр Қайратқызы, Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Дастан Рахметоллаұлы қонақ ретінде қатысты. Қаскелең мәдениет колледжінің халық аспаптар оркестрінің жетекшісі, халықтық «Үш қоңыр» ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері Талғат Рахимбаев, «Сазген сазы» ансамблінің солисі, дәстүрлі әнші Саят Нұрғазин, жыршы, талантты күйші Жамбыл Мейірбеков әділқазылық етті. Мектеп ұжымы қонақтарға «қымыз-брейк» ұсынып, қонақжайлылығын көрсетті. 
   Байқауға аудан мектептерінен арнайы музыкалық білімі жоқ 15 ұстаз қатысты. Қатысушылар 2 кезең бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезеңде күй орындалса, екінші кезеңде домбырамен қазақ әндері әуеледі. 
Келген қонақтар қатысушылардың ғана емес, мектеп оқушыларының да өнеріне куә болды. Әділқазы алқалары да өз өнерлерін ортаға салып, көпшіліктің ықыласына бөленді. 
   Көненің көзі болған ұлттық аспап, қасиетті домбырада барынша өнерін көрсеткен ұстаздар арасындағы қызу тартыстың нәтижесінде Жамбыл ауылындағы №2 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлнара Сейсенбаева бас жүлдені қанжығасына байласа, Береке орта мектебінің ұстазы Сәбит Жарқынбекке 1-орын бұйырды. Н. Әлімқұлов орта мектебінің мұғалімі Эльмира Аманбаева 2-орынды, Еңбекші орта мектебінің ұстазы Меруерт Әсетолланова 3-орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, барлық қатысушы аудандық білім бөлімінің атынан арнайы Алғыс хатпен марапатталды. 
Шараға қатысушылар Ж. Жабаевтың 172 жылдық мерейтойына орай ашылған «Жыр алыбы – Жамбыл» мұражайына да саяхат жасады. 

Шолпан ОСПАНОВА, 
№2 орта мектептің директоры 
Жамбыл ауылы,
Қарасай ауданы