Жыл сайын колледжімізге өңіріміздің елге танымал тұлғаларын шақырып, кездесу ұйымдастыру дәстүрге айналған. Халқымыз «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді. Көпті көруге бірден-бір мүмкіндік беретін мамандық ол – журналистика. Тілші өз кәсіби майданында тілі жаңа шыққан сәбиден ел тізгінін ұстаған азаматтарға дейін сұхбат алып, сырлас болып жатады. Осы орайда білім шаңырағына тәжірибесі бай, көңіліне түйгені, жүрегінде ұялаған қандай да бір арманы, жастарға айтар ақыл-кеңесі бар кәсіби журналисті шақырдық.
Бұл жолғы кездесуге кіндік қаны Арқаға тамса да Алатаудың баурайында өскен Қазақстанның Құрметті журналисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мейрам Жанәділов келді. Ақпарат саласының үздігі Талдықорған политехникалық колледжінің студенттерімен жолығып, сыр-сұхбат құрды. «Өлке тынысы» ЖШС бас директорына шәкірттер сан түрлі сауал қойып, ақыл-кеңесін алды. Мейрам Базарұлының өмірбаянымен танысқан шәкірттерді журналистикаға қалай келгені қызықтырды.
Негізі шығармашылыққа жаны жақын болмағанда Қазақстанның Құрметті журналисі қазір спорт саласында жүруі мүмкін екен. Өйткені, алғашқы оқыған мамандығы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, самбодан спорт шебері атанса да жаны телевизияны қалаған жас маман спорт тақырыбында қалам тербеді. Спорт комментаторы атанды, жай комментатор емес, әлемдік жарыстардың жай-жапсарын қарапайым тілмен көрерменге жеткізген бірегей маман болды. Әңгіме тележурналистикаға қатысты болған соң студенттер қонақтан телебағдарламаларды өзге маман иелерінің жүргізуіне қалай қарайтынын сұрады. Ол кісі өз сөзінде: "Әнші сахнада әнін айту керек, ұстаз-мұғалім аудиторияда сабақ беру керек, яғни, қай салада болсын әркім өз мамандығымен айналысу керек. Әнші телеарнада емес,сахнада жүрсін", - деді.
Көрермен көңілінен шығу үшін Мейрам Базарұлы да тележурналистика қазанында қайнады. Ақпараттық-сараптамалық «Шарайна», «Ақшам» бағдарламаларын жүргізді, қатардағы тілші болып, алыс-жақын мемлекеттерден репортаж әзірледі. Талдықорған қаласында «Қазақстан» телеарнасының тілшілер қосынын ашуға үлес қосты. Алматы облысындағы соңғы жаңалықтарды басты арна арқылы елге хабарлап отырды. Бір кездері «Жетісу» арнасын басқарған журналист қазір аймақтың екі басылымына басшылық етеді.
Мейрам аға шәкірттермен емен-жарқын сұхбат құрды. Латын қарпіне көшудің мәні, Елбасы Жолдауының маңыздылығы, әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы айтып берді. Өмірлік ұстанымы мен жетістікке жетудің кейбір құпиясымен бөлісті. Жастарды білім алуға, кітап оқуға шақырды. Жетісуда отбасын құрып, осы жерде өзіне жақын жолдастар тапқан, еңбек жолының нағыз бір керемет жылдарын өткізіп жатқан Мейрам аға: «Жетісу – туған жерім болмағанымен, туған жерімдей ыстық өлке», – деді.
Тағылымы мол кездесу білімгерлерге үлкен әсер қалдырды. Колледж студенті Мадина Жасыбаева: «Бұл кісінің қарапайымдылығы бәрімізге ұнады, себебі, қойған сұрақтарымызға шынайы, ешқандай бүкпесіз жауап берді. Өмірлік ұстанымын, ағалық ақылын айтты. Бүгінгі кеш бізге қатты ұнады» – деді.
Кездесу соңында кеш қонағы көңіліне жаққан екі студентке Ришад Тұрғанбайдың «Намыс-жебе» кітабын тарту етті. «Сыр-сұхбат» жобасының қадірлі мейманы да құралақан қайтпады. Сұлу Көкше бейнеленген үлкен картинаны сыйлыққа алды, көпшілік ізгі тілек айтып, естелік суретке түсіп тарқасты.
Ержан БЕЙСЕҒҰЛОВ,
Талдықорған политехникалық колледжінің оқытушысы