Ақанаевтар асуы

Уақыты: 03.10.2016
Оқылды: 2069
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ қылқалам шеберлерінің ішінде Ақанаевтардың есімі ерекше аталары сөзсіз. Сырлы сурет салудың хас шебері атанған Ақанаевтар әулеті – суретшілер династиясы. Бұл күнде аты әлемге әйгіленген әулеттің басиесі, суретші, кескіндемеші Амандос Ақанаевтың қылқаламынан туындаған төрт мыңнан астам төл туындының жартысына жуығы жер шарын мекендеген мемлекеттердің, атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік мұражайынан бастап, Мәскеудің Третьяков галереясынан, АҚШ, Италия, Франция, Грекия, санамаласақ саусақ жете бермейтін көптеген елдердің Орталық музейлерінен ойып тұрып орын алған. Тума талант иесінің қайталанбас өнерін бағалап берілген атақ-даңқ та жетіп-артылады. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әлем шебері, Қазақстан Республикасының Көркем академия академигі, профессор, бас сарапшы Амандос Ақанаевтың көркем туындылары қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп, мәдениетін дамытуға қосқан өлшеусіз үлес. 
Суретшілер әулеті үшін биылғы жыл да жемісті болды. Елбасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылып келе жатқан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан Ақанаевтар отбасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткен шараның жүлдегерлері қатарынан табылды. Бұл – сырлы өнердің кәусарынан нәр алып, тамырына таратқан отбасына берілген жоғары баға, зор құрмет. 

Алып анадан
туады

Жер жаннаты Жетісу жерінде өмірге келіп, топырағына аунап өскен Амандос Ақанаевтың көкірегіне бала жастан өнердің сәулесі шашылып, бойын іңкәрлік сезімі билеген. Бүгінгідей баршылықтан емес, сол замандағы жоқшылықтың, тапшылықтың дәмін татып, қиындығын арқалаған қарасирақ балалардың қиялының ұшқыр, арманының асқақ болуы – қияларға қанат қақтырған. 
Ақ патшаның тұсында атағы алысты шарлаған атасы Ақанай би зобалаң жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, із-түзсіз жоғалып кеткен. Атадан тараған 14 баланың бәрін талқандап, атқанын атып, қалғанын «бай балалары» деп қудалайды. Қылышынан қан сорғалаған зобалаңнан жан сауғалаған Әтибек пен Шойынжан Талғар тауын асып Қырғызстанға, одан өтіп Бұқараға табан тірейді. Араға жылдар салып, 1935 жылы елге оралған ағайындар орталықтан жырақтау елді мекендерді паналап, тіршілік етсе керек.
– Қанқұйлы саясаттың тырнағына ілінген қазақ не көрмеді?.. Адам төзгісіз аштықтан, қызыл қырғыннан аман қалғаны қараң-құраң болып, қайта өсіп-өне бастады. Шеттеп жүріп, кейін келе ел ішіне енген әке-шешем Белбұлақ ауылына тұрақтапты. Мен сол ауылдың сегіз жылдық мектебіне бардым, – дейді әңгіме тиегін әріден ағытқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев. – Қазақта «ананың сүтімен, әкенің қанымен сіңген» деген сөз бекер айтылмаған. Менің әкем мен шешем сондай өнерлі жандар болды. Жоқтан бар жасаудың нағыз шеберлері еді. Анам Бибіхан үйдің де, түздің де тірлігіне бірдей араласып кететін. Әкем ара-тұра ән салатын. Ал анамның барлық жұмысқа қолы жүйрік болды. Тіпті, арба жасасып, дөңгелек жонысады, ер шабысады, жүген тоқысады. Сәнді киім тігу, көрпе жасау, киіз басу  әйелдірдің күнделікті жұмыстары саналатын. Көрші-қолаң шешеме көйлек, мәсі, камзол тігіп беруге тапсырыс беріп жататын. Апаларымыздың жабылып басқан киізін талай «тепкілеп» бердік қой, – деп езу тартқан атақты суретші бала шағында анасы жасап беретін ойыншықтарды есіне алды. – Ермек боп, алдансын деген оймен анам сары топыраққа жылқының қиын араластыра сулап отырып жануарлардың түрлі мүсіндерін жасап беретін. Оны күннің шуағына қойып, кептіреді. Бірақ ол көпке жарамайды, біраз ұстаған соң үгіліп кететін. Мен сол мүсіндерді қағазға түсіруге тырыстым, суретшілік өнер осылайша анамнан дарыды. Мен тек анамнан дарыған, сүтімен сіңген қасиетті өнерді ұрпағыма тараттым, елдің игілігіне жараттым. Бар болғаны сол ғана, – дейді қылқалам шебері. 

Ата жолын
қуса игі

Жарық дүние сыйлаған аналар хақында қалай айтсақ та артық етпесі анық қой. Сыршыл суретшінің де жүрегінің түкпірінде анаға деген сағынышының сарғайып жатқаны сезіледі. Бала шақтың әр кезеңіне «ат шалдырған» сайын сағыныштың шөлін басып, аналардың мейіріміне қаныққандай болады. Кезінде Ақанай атасының үш кемпірі болса, әкесі Әтибектің екі әйелі болған екен. Әкесінің бәйбішесі Нұрилә анадан туған ағалары Мұстафа Ұлы Отан соғысында Кенигсберг қаласында қаза тапса, Барыс Ақанаев пен Өмірбек Жұмағұлов (тегін өзгерткен) оқу-ағарту мен ғылымның дамуына еселі еңбек сіңірген ұлағатты ұстаздар санатында. Ал Амандос Ақанаев-тың інісі Бейсебек Әтибекұлы аға жолын қуған аса талантты суретшілер қатарында. Бір шаңырақ астында сүттей ұйып өскен бауырлардың бір-біріне жаттығы жоқ. Шығармашылық жолда, алыс-жақын сапарларда тілекші, демеуші боп келеді. Жапырағын жайған бәйтеректей әулеттің арғы-бергісін сөз етіп, ой бөлісу, өткен-кеткенді еске алысуға бір сәт уақыт табады. Өнерлі әулеттен өрбіген ұл-қыздар да осал емес. Шетінен қылқалам шеберлері. Бір ғана Амандос Ақанаевтың кіндігінен тараған үш баланың бірі Ескендір өмірден ерте өтіп кеткенімен үлкен ұлы Руслан мен қызы Ботагөздің  суретшілікке деген қызығушылығы өте жоғары. Сурет салуда майлы бояу мен графиканы кеңінен меңгерген олардың туындысынан қазақтың ата салты, әдет-ғұрпы аңқып тұрады. Әсіресе, Ботагөздің бұған қоса қолөнерді жетік меңгеруі әжесінің жолын қуғандығын аңғартса керек. Екі баладан тараған бес немеренің көркемсурет шеберлері атануы Ақанаевтардың атағын аспандатып, мерейлерін тасыта түсуде. Бұл күнде Канадада білім алып жүрген немеренің үлкені Аспарухтың мамандығы заңгер бола тұра бос уақытында суретшілікпен, оған қоса фотосуретшілік өнермен айналысып, тұңғыш көрмесін де ұйымдастырып үлгерген. Одан кейінгі Мұхит, Рада, Глеб, Александралардың қылқаламынан шыққан көркем туындылары еліміздің маңдайалды музейлерінен орын алып, көптің көзайымына айналуда. Ата жолын қуған Мұхит Мырзәлі-Ақанай 17 жасында халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері атанған. Осы уақытқа дейін суретші Ақанаевтардың отбасылық көрмелері Астана мен Алматы қаласында бірнеше мәрте ұйымдастырылған. Тұңғыш рет Астанадағы Конгресс- Холлда ұйымдастырылған отбасылық көрмесін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашып, суретші еңбегін жоғары бағалауы шабытын шалқытып, қанаттандыра түседі. Ұлтқа қызмет ету жолындағы ізденістерін еселейді.
Атадан балаға дарыған өшпес өнерді әспеттеп, жібін үзбей жалғастыру дәстүрі – ұлттық құндылықтарымыздың көрінісі емес пе?! Мың өліп, мың тірілген қазақтың өнері қандай қиыншылық заманда да тамырынан ажыраған жоқ. Ұлтымыздың қайраткерлігі, қажырлылығының нәтижесінде салт-дәстүрі, тілі мен діні сақталып қалды. Бес саусағынан өнер тамған шеберқол аналарымыз табиғаттың берген байлығын, қолында барын игілігіне жаратты. Ұқсата білді. Өмірі мен өнерінде үндестік болды. Соның арқасында тамырын тереңге жайған ұлттық өнеріміз ғасырлар бойы сақталып келсе, енді оны жаңарған заманға лайық жаңғыртып, жаңарту – бүгінгі ұрпақтың еншісінде.
– Балаларымның  анасы  Нелли Бубэ немістің қызы. Екеуміз Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде бірге оқыдық. Он сегіз жасында келін болып келгелі бері қазақтың салт-дәстүрін бойына сіңіріп, анамның тәрбиесін алып, үлкен шаңыраққа шуағын төкті. Талантты ұл-қызды өмірге әкелді. Отбасын өркендетумен қатар шығармашылығына да ден қойып, сурет өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдыруға айрықша күш салды. Нәтижесінде таланты талайларды мойындатып, қайталанбас туындылары Еуропа мен Шығыс елдерінің орталық музейлеріне қойылды, – дейді өмірде де, өнерде де серігіне айналған Нелли Виталиқызы туралы жылы лебізін білдірген Амандос аға.
Қазақстанның мәдениет қайраткері, академик, «Ұлы Жібек жолы» жобасының авторы Нелли Бубэнің алдағы жоспарларының ауқымы кең. Соның маңыздысы – ел Тәуелсіздігінің      25 жылдығына өзіндік орны бөлек, мазмұны терең туындыларын тарту етуге күш салуда. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаған ғой. Жүректері мейірімге тұнған ата мен әженің тәлімін алып, тәрбиесін сіңіріп өскен немерелердің суретші болмауына еш негіз жоқ.
– Бала кездерінде үйде қалдырып кетсек, біз оралғанша бастаған картинаның біраз бөлігін өз білгендерінше «аяқтап» қоятын. Қисыны келмей қалса да еш кейімейміз. Бала өз ойының иесі. Сондықтан не ойласа, соны жасауға бейімделе бергені дұрыс. Өнерлі жанға ой еркіндігі керек, – дейді отбасылық қана емес, әлемдік деңгейдегі бас сарапшы. «Ата жолын қуса игі» деген осы болар, бәлкім?!

Қорғандарды
қорғау қажет

Бүгінде өнер жолын таңдаған балаларын халқымыздың, ата-бабасының тарихын танып, шежіресін білу қажеттігімен құлағдар етіп отыратын Амандос Ақанаев он жылдан астам уақыттан бері еліміздің әр шалғайындағы мың жылдық тарихы бар қорғандарды зерттеу жұмысымен айналысып жүргендігін айтады. Әңгіме барысында бабаларымыздың сан ғасырлық тарихының «қоймасына» айналған қорғандарды сақтап, оны ішкі туризмнің көзіне айналдыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігіне ерекше назар аудартты. Тарихқа ден қойып жүрген суретші әрі өнертанушы кезінде Алматы қаласында 1200 қорған болса, содан саусақпен санарлық қана қалғанына кейістік білдірді. Ал Шелектегі биіктігі  22 метр,  диаметрі 179 метрді құрайтын қорғанның сыры бүгулі жатқанын тілге тиек еткен Амандос Ақанаев Ирландия мемлекетінде бар болғаны 10-15 шақты қорғанды сақтап, жыл сайын одан 65 млн. доллар табыс тауып отырғандығын мысалға келтірді. «Қойнауы сырға тұнып жатқан біздің елдегі мұндай мол мүмкіндікті дұрыс пайдаланар болса, ауыл адамдары қалаға ауып әуре болмас еді», – дегенді айтады.  Атақты суретші тағы былай деп ой түйеді: «Мен тарихпен көп айналысамын. Шежірені жақсы білемін. «Жеті атаны білмеген – жетесіз» дейді. Қазақтың әр баласы тегін танып өсуі керек. Балаларыма ата-бабаларының жүріп өткен жолын, жатқан жерлерін түсіндіріп отырамын. Ол – бір әулеттің ғана емес, қазақтың тарихы».  
Осылайша оқығаны мен көңілге тоқығаны мол суретші Амандос Ақанаевтың шежіреге толы әңгімелері көкірек көзін нұрландырып, келешекке жігерлендіре түседі.
Бұл күнде асқаралы Алатаудың етегіндегі Бесағаш ауылына қоныстанған Ақанаевтар шаңырағы мен үйінің ауласы аспанасты мұражайға айналғандығын айта кетуіміз керек. Мұражай ашылғалы бергі он жылға жуық уақыт аралығында жеті мыңнан астам адам тамашалаған. Олардың ішінде алыс-жақын шетелдерден келіп, көркемсуреттің құдіретіне үңіліп, шеберлік шыңдайтындар көп болған. Көркем академияның филиалы саналатын бұл мұражайға жыл сайын 250 бала келіп, суретшілік өнердің қыр-сырымен танысады. Мұнда Ақанаевтар шеберлік сабақтарын өткізеді.
 – Ауылдық жерде тұрғанымызға қуанамыз. Жергілікті басшылардың көмегін көп көрудеміз. Облыс әкімі Амандық Баталовтың өнер адамдарына деген құрметі мен сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Биылғы жылы Бесағаштағы мұражайға жеткізер жолға тас төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек Көркем академияның кітабын шығаруға қаржылай көмек беруі – біздің әулет мүшелерінің ғана емес, өнердің сан жүздеген өкілінің жүрегіне қуаныш ұялатты. Біздің үлкен жүректі азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сонымен бірге аудан әкімі, «Құрмет» орденінің иегері Райхан Нұрмырзақызы мен өнерді шынайы құрметтейтін, бағасын білетін азаматтарға алғысымыз шексіз, – деген  суретші билік пен өнер өкілдерінің ортақ тіл табысуы табыстарға жетелейтіндігін жасырмады.

Қазақтың суретшілік өнеріндегі шеберлікті әлемге паш етіп жүрген  Ақанаевтардың ендігі арманы – Талғар ауданының аумағынан көркемсурет музейін ашу. «Кең де сәулетті музей ашылса тар қапаста жатқан құнды дүниелер жарқырап жарыққа шығып, ел игілігіне жарап, қазақ мәдениетінің тағы бір шаңырағының көтерілуіне сеп болар еді», – деген тілегін жеткізді. Бұл игі бастамаға қолдау табылса оған жалғыз Ақанаевтардың ғана емес, шетелдік, отандық суретшілердің әйгілі туындылары қойылып, ұлттың рухани-мәдени ошағына айналдыруға бар күштерін жұмылдыра түсетіндіктеріне сенімді.
Тәуелсіз Қазақстанның атын көркем туындылары арқылы төрткүл дүниеге танытып, қазақтың бай өнерін өрістетіп, мәдени мұрасын молайтып жүрген өнерлі отбасы – Ақанаевтар асуының биіктей беруіне тілектеспіз! 

Ұлбосын Исабек
Талғар ауданы.