НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ: "ДИМАШ БАЛАМДЫ КІНӘЛАМАЙМЫН"

Уақыты: 20.01.2020
Оқылды: 3154
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әркімнің өз ұшқан ұясы бар. Елге еңбегі сіңіп, өнерімен халықтың ыстық ықыласына шомған, соңына өшпес із қалдырып жүрген жандардың балдәурен шағы, шаң қуып өскен ауылы тіптен қызық. Олардың жүріп өткен жолы, өскен, өнген өңірі бір-бір кітапқа арқау боларлық элегия. Олай болса, осы жолғы тақырыбымыздың өзегі әнші, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Нұрғали НҮСІПЖАНОВТЫҢ ұшқан ұясы туралы болмақ.

- Кел, төрлет, балам, - деді Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы профессор Нұрғали Нүсіпжанов кабинетін нұсқап. Терезе түбіндегі үстелге қатар жайғастық. Аз үнсіздіктен соң: «Ал, сұрақтарынды қой! Туған жер аман-есен бе?» – деп жайдарлы қалпымен көзіме тіке қарады. Телефон арқылы тілдескенде: «Талдықорғаннан Күреңбелдің сәлемін алып келемін, аға! Жүз жасаған «Жетісу» газетінің тілшісімін», – деп таныстырғанбыз өзімізді. Содан болу керек, «Қазір қызылды-жасылды жаңалыққа құмар бәрі. Уақытымның тығыздығына қарамай ата басылым болған соң келістім, «Жетісу» дәйексіз нәрсе жазбайды ғой», – деген пікірін білдірді. Әңгіменің арнасы туған жерге ойысқанда әнші терең ойға шомды.

Бала Нұрғали Күреңбел жеріндегі Доланалы деген кішкентай ауылдың шаңында ер жетті. Адам атты ардақты ұғымды санасына сіңіріп, ел қатарына қосқан мекені сол. Аядай ғана ауылдан жеті сыныбын аяқтап, қалған үш сыныпты аудан орталығы Қоғалыдан бітірді. Көп ауылдарда он жылдық мектеп атымен жоқ. Осылай әр ауылдан балалар жиналып, білімге бас қояды. Соғыстан кейінгі жылдарда дүние есігін ашқан ол балдырған шақтың дәмін дұрыс тата алмай, ерте жастан еңбекке араласты. Үш таудың ортасында орналасқан ыстық мекеннің атауы тегіннен-тегін Күреңбел деп қойылмады. Жері өте шүйгін. Саф ауасы тынысыңды ашып, тау бұлағының сылдыры көңіл қытықтайды.

Сол жердің түлегіміз. Әке-шешеміз қарапайым малшылар еді. Үлкен кісілер болатын. Онжылдықты бітіргеннен кейін Қазақстан комсомолының үндеуі шығып, сол үндеумен біз 1955 жылы аттестатымызды ала сала ауыл-ауылға жұмыс істеуге кеттік. Төрт-бес бала болып Доланалы ауылының мал шаруашылығына бардық. Зылиха Тамшыбаева деген апайыңмен біз бір сыныпта, бірге отырдық. Партамыз қатар болатын. Ол алты қызды алып, Шоқан ұжымшарына сауыншылыққа кетті. Бәріміз әр салаға сөйтіп бас қойған жағдайымыз бар, - деген Нұрғали ағамыз қызу еңбектің кермек дәмін қалай татқанын баяндай жөнелді. Білім, өнерге деген құштарлық сол кездері тасқындап, арман арқасына қанат байлады. Шопанның көмекшісі болып қызмет ете жүріп, Арқарлыда екі жыл қыстайды. Сол кездегі еңбегі еленіп, партиялық мүшелікке қабылданды. Шал-кемпірдің баласы болып, ауыл тәрбиесін бойына әбден сіңіргені құрақ ұшып, жүгіргенін-ақ көрініп тұр. Кімге болмасын танытқан кішіпейілділігі қарапайымдылықтың иісін аңқытады.

Ата-анасының адалдығы, жұмысқа деген белсенділігі көз алдында. Олардың: «Ешкімнің ала жібін аттамай еңбек ет. Сенімді ақтау керек» деген даналығы тура жолды айқындап берді. Үйде ұлы да, қызы да жалғыз өзі болған соң ізгілікке баулып, еңбектенуін жіті қадағалайтын. Олардың табиғатқа, жерге, суға, ауыл көркіне деген көзқарастары өте таза болушы еді. Тек өз баласы емес, ауыл жастарының барлығын адамгершілік, тәртіп, әдептілікке үндейтін. Әсіресе, үлкен кісілердің ұстазға, мектепке деген көзқарасы бөлек болды. Бір жас мұғалім анандай жерде кетіп бара жатса, үлкен кісілер жолдан өткізіп жіберіп, қарап тұрады. Осы көріністер әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді. Онысын адамгершіліктің, парасаттылықтың ең жоғары белгісі деп есептейді.

Олар оқымаған адам еді. Бірақ өмірді құрметтеген, шындықты, адамгершілікті жоғары қойған жандар. Біз қазір бәленше оқу бітіріп алып, дипломды қалтамызға салып алып, шіреніп жүреміз. Соны мансап көреміз. Сөйтсек, оның өзі надандық екен. Біз оны ойламаппыз. Диплом білім бермейді. Ол алған біліміңнің куәлігі. Ал білім адамның басында, өз адами қасиетінде болуы керек, - дейді әнші. Иә, шынымен де екі-үш оқуды бітіріп алып, талай диплом сандық түбінде шаң басып жатқан жоқ па? Сол жастарымыз базар кезіп, қара жұмысқа жегіліп жүргені ащы да болса ақиқат.

Екі жыл табаны тілініп, нәтижелі жұмыс істегеннен кейін әкесі: «Ойың қалай, балам?» деген сұрағына: «Оқығым келеді» деген бірауыз сөзі арманның есігін айқара ашып берді.

Қой бағып жүргенде радиоқабылдағыш іздесе де табылмайтын асыл зат. Әшілікке жаны құмар Нұрғали зорға дегенде сатып алып, жанына бөктеріп алып, жаңалықтарды, ән-күйді үзбей тыңдайтын. Радиодан шырқалған халық әндері қиялына қанат бітіріп, тек жаңалықтардан ғана еститін Алматы мен Мәскеу қол жетпес сағымдай қылаңдайтын. Әрине, мектеп ән айтуға баулыды. Ұстаздары: «Осындай консерватория деген өнердің үлкен университеті, институты бар. Өнердің түр-түріне үйретеді», – деген нұсқауын бетке алып, музыка өнерінің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсті. Жеті жылдай оқып, жолдамамен Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының есігін қақты. Екі жыл әншілік жұмыста болып, радиоға ауысады. Баяғыдан ылғи радиодан ән естіп жүргендіктен опера спектакльдерінен гөрі сол әншілік өмірді ұнатты. Әншілік ғұмырбаянының бастау көзі сол радио еді. Одан кейін Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетінде табаны күректей 10 жылдан аса қызмет етті. Онда үлкен музыка редакциясын басқарып, талантты, мықты, оқыған азаматтарды редакторлыққа шақырды. Өзі де үйрене жүріп, радио, телевидение, журналистиканың қыр-сырын игерді.

Үлкен кісілерді шақырып, өнерлерін зерттедік. Ол кезде Қазақстанның күндері, Композиторлар одағының съездері сынды іс-шаралар болып тұратын. Менің жұмысыма пайдасы көп тиді. Шетелдік сапарларға жиі шығатынбыз. Қазақтың өнерін көрсетуге, Кеңес одағының музыкасын таныстырып, Африка, Азия елдеріне концерт қойдық. Консерваторияда жеті жыл оқыдық қой. Оқудың барлығын меңгердік десек, онымыз қателік екен. Оқудың барлығы тәжірибемен келеді, - деп телеарнадағы ұшы-қиыры жоқ жұмысын жіліктегендей алдыма тосты. Қызметіне, халқына деген адалдығы сонша, еңбек демалысын алмай еңбектенді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрімен шығармашылық байланыста болған соң еңбек демалысы келетін кезде сол оркестрмен гастрольдік сапарға кетіп қалады. Жыл бойы жинаған әндері бар, барлығын оларды халыққа таратумен айналысты. Телеарнада творчестволық қауыммен араласуы жиілеп, композиторлар, ақын-жазушылармен тығыз қарым-қатынаста болды. Шығармашылық одақтармен жұмыс істеуі көп пайдасын тигізді.

Авторлармен тікелей қызмет еттім. Маған әнші ретінде Алланың берген сыйы Нұрғиса Тілендиев болды. Соғыстан аман-есен қайтып келіп, қазақ музыкасына өлмес мұра қалдырды. Ағаммен танысып, елу жылдай шығармашылық байланыста болдық. Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев сияқты кәсіби композиторлар шығып, талай әннің бағы ашылды. Солардың, бәрінің десем де болады, әндерін тұңғыш радио, телевидениеге жаздым, концерттік сахналарға шығардым. Сөйтіп, елге тараттық, - деген ол редакциядан қолы босаған кезде тек әнмен ғана айналысқанын мақтанышпен айтып берді. Соның арқасында жүздеген, мыңдаған ән жарыққа шықты. Телеарна әншілік бағыт-бағдарын айқындаған жұмыс болды. Таспаға жазылған, бейнекөрініске түскен дүниелер соның нәтижесі.

Осы қызметке алғаш радио мен телевидение комитетінің басшысы Кенжеболат Шалабаев шақырып: «Қазақша тәрбие алыпсың, тілің жақсы екен, сен редакцияда істей бер, әншілік орындар босап жатса, оны да көрерсің, әншілігіңе зияны жоқ», – дейді. Кейіннен Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов сияқты аты ізгі жандармен бірге жұмыс атқарды.

Қызметте жүріп пендешіліктің де дәмін аз татпады. Қанша қиындық туындап, жолын кеспекшілер табылса да, еш мойыған емес. Бас редакторлық орнына құда түсетіндер, сыртынан қызығатындар көбейді. Біразы өзі білетін адамдар. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысымен айраны дұрыс ұйымады. Орнын өзінің танысына алып бергісі келіп жүрді. Нұрғали Нүсіпжанов іссапарға кеткенде редакция жұмысын тексертіп, «Тоғыздан алтыға дейін отырып жұмыс істеуің керек. Сен өз еркіңмен ән сала беруге хақың жоқ» дейтін әңгімеге дейін келіп қалды. Сонда ол кісіге айтқан уәжі: «Сіздікі қалай? Бұл творчестволық жұмыс, орындалатын дәйекті дүниесі болу керек. Мысалы, Мәскеуде Николай Озеров деген мықты комментатор бар, өте мықты. Жыл сайын бір кітабын шығарып тұрады. Мен секілді Николай Озеров та жұмысын істеп, жыл сайын кітап шығарады. Бұл қалай? Сіз маған ән айтпа дейсіз? Менің негізгі мамандығым сол».

Бір күні үлкен партия жиналысы болып, тағы да сөз қылып, елдің алдында: «Радио, телевидениені пайдаланады. Өзін әнші қылып көрсетеді, редакцияның жұмысы толып жатыр», – деген сияқты уәж айтты. Тәртіпті, этиканы жақсы ұстанатын адам ретінде шыдамай орнынан тұрып: «Сіздер кешіріңіздер! Бәріміздің басшымыз ескерту емес, кінә қылып айтып жатыр. Рұқсат етсеңіздер, жауабымды, сөзімді ол кісінің қол астында жүрген қызметкер емес, қатардағы коммунист ретінде айтқым келіп тұр», – деп Н. Нүсіпжанов біраз ішінде жүрген нәрселерін айтып салды. Сөз ішінде: «Бес жылдан асып бара жатыр, мен реті келіп сізбен сөйлескім келді, ал сіздің маған бес минут уақытыңыз болған жоқ. Мына жұмыс қалай болып жатыр, соны тыңдауға, сараптауға ыңғай танытпадыңыз. Қазір келіп көшедегі жай бір ешнәрсе ұқпайтын, түсінбейтін адамның сөзін айтып тұрсыз», – деп ақиқатты ашты.

Әңгіме ауанын реттеп, қайтадан өткен сәттерге, тәтті кезеңге, аядай ауылға қарай бұрдық. Ауыр күрсіністен кейін әнші Бердібек Соқпақбаевша «Балалық шаққа саяхат» жасады. Қалада жүріп, балалық шағын армандайды. Күреңбелдің тауларын аңсайды. Арысы Орбұлақтан бастап, Матай тауына дейін 7-8 жылдың ішінде жаяу аралап шығыпты. Алыстан көрініп тұрған шыңдардың қалай болатынын, ылғи жақыннан көруді армандап, «Төбесі қалай болады?», «Үстел секілді теп-тегіс пе екен?» дейтін сұрақтар маза бермейтін. Сөйтсе, таудың аты тау, ойлы-қырлы, қия-жартасы көп. Жаяу адам болмаса, ат жүре алмайтын жерлері жетеді. Көненің көзі іспетті әкесі шөптердің бәрінің қазақша аттарын жатқа айтатын.

Балалық қой. Соның бәрін жазып алуым керек еді сол кезде. Қазір енді кітаптан да оқып таба алмайсың. Торғайдан бастап, құстардың сан түрі қызықтырды. Солардың барлығының ұяларын көріп, жұмыртқаларын ұстап, балапандарын сипап жүргенім сол ғой. Оны әке-шешем жақсы білді, көп құстардың балапандарын асырап, күзде ұшырып жіберетінбіз. Тіпті, үкінің де балапанын асырадым. Көзі бадырайып отырады. Қызық қой, бір-біріне ұқсамайды. Тауда үлкен өзен болмаса да жылғалар ағатын. Ол суда форель (ханбалық) дейтін балық бар. Соны аулайтынбыз. Қармақпен ұсталмайды. Тас-тастың астында өзінің тұратын ұялары болады. Соны бақылап жүріп, қолмен ұстайтынбыз. Оңай нәрсе емес. Қызық қой соның бәрі. Бал аралары мені ұнатпайтын. Ұнатпайтыны, балын ұрлап жейтінмін. Олардың ұшуынан-ақ жұмысқа бара жатқанын, не келе жатқанын біле қоямын. Міне, осылай өткен бала кезімді аңсаймын, - деп жүзі ерекше тебіреністен мейірімге малынды.

Кім болмасын туған жерінің майысып тұрған шыбығын түзеп, артындағы ұрпағына ауылын аманаттайды. Осыны ескерген Нұрғали аға жиырма жылдай бұрын естелік етіп, ауылдың көркі болып тұрсын деп, 12 гектар жерге әкіммен келісіп, бақ егуді бастапты. Ағаштары өсіп тұр. Бірақ дер кезінде су берілмей, күн ыстықта таудың суы толық жетпей, азайып қалғаны көңіл құлазытады. Әкімдердің су әкелуге көмектесеміз деген уәделеріне сеніп, сырттан әкелінген ағаштың көп түрлері егіліпті. Соның біразын жаз ыстық болып, судың жөні болмай, қурап қалған. "Ауылдан жалғыз ғана арық ағатын, ағаштан басқа да ел-жұрттың малы, қаз-тауығы, бақшалары бар, бөгеп тастап ағаштарыма су жетпей қалыпты", – дейді әнші. Осының өзі оның ағайындарына деген шексіз махаббатының ныспысы. Өсіп тұрғанының негізгісі жергілікті табиғи ағаштар. Шыдамды, әсіресе, ешнәрсеге былқ етпей өсіп тұрған долана ағашы. Ауылдың аты да сол ағашқа байланысты қойылғаны бекер емес-ау. Жер бос тұрмай, кейінгі ұрпақққа үлгі болсын деп жасаған бастамасы осы болатын. Қазір де ойда көп нәрсесі бар, оған, әрине, мүмкіндік керек.

Менің жағдайымда барлығын ысырып тастап, күрегімді қолыма ұстап кетудің өзі оңай нәрсе емес. Мысалы ыңғайлы жерге тоспа жасап, форель (ханбалық) өсіргім келеді. Оған қаражат керек. Ауылдың жігіттері айналысып жүр. Жердің, табиғаттың мүмкіндігі көп. Омарта шаруашылығымен айналысуға болатын еді. Ол қысы-жазы сол жерде тұратын адамдарға ыңғайлы. Барып-келіп істейтін нәрсе емес. Табиғаттың мүмкіндігін ел игілігіне асыратын жолдар көп қой, – дейді.

Толқынды толқын қуатыны секілді әңгімеден әңгіме туып, қазіргі қазақ музыкасының деңгейі сөз болды. Сән қуғанды жек көретін ол музыка мәдениетінің жай-жапсарын былайша баяндады:

- Сән адамды адастырып, біреудің қаңсығына таңсық қылып барып тоқтайды. Біз одан ада емеспіз. Күйсеуінен жаңылып жүрген жағдайлар көп. Музыканы ұйымдастыратын, соған қатысы бар адамдардың ұлттық, танымдық, дәстүрлі дүниеге мән бермеуінің кесірі енді тиіп жатыр. Бірақ Димаш Құдайбергеннің шетелдегі концертін көріп отырып, тәубе деймін. Құдай берген таланттар бар. Шетелден үйренгенді аздап айтуға болады. Бірақ қазақ музыкасының деңгейін көрсететін дүние керек. Димаш баламды кінәламаймын. Бәрін түсініп, ұғынуға оған уақыт қажет. Ән жазатын композиторлар сол деңгейге өсуі тиіс. Амалдың жоғынан қолына түскен дүниенің бәрін айтып жатыр. Қазақтың ұлттық музыкасының өзінің құрамы бар. Оның деңгейі әншілік мәнерге салғанда байқалады. Қазақ әндерінің бәрінде кеңшілік бар, эмоцияңды, дауысыңның мықтылығын көрсететін әндер толып жатыр. Оны жастарымызға ешкім үйретіп жүрген жоқ. Әркім білгенінше айтып жүр. Димаш аман болсын. Ол кейін сондай әндерді тауып алады, оған сауаты жетеді, – деп ойын түйіндеді.

Аңыз адамның аузынан шыққан әрбір сөздің салмағы саналы жанның белін майыстырарлықтай. Десе де, ол өзін ең бақытты адам санайды. Оның заманына Нұрғиса, Шәмші, Әсет сынды мықтыларды берді. Қазақ әнінің тамырына қан жүгіріп, барлық тыңдарманның жүрегіне жетті. Әнші өзіне артылған жауапкершілік, аманат жүгін әлі де арқалаудан танған емес.

- Уақыт озған сайын халық алдында есеп беруіміз керек. Талант болып аспаннан түсе қалған жоқпыз. Даусымыз, талантымыз халықтікі. Әндер де халық үшін жазылған. Ол біздің мойнымызға аманат болып берілді. Аманатты еңбекпен ақтап, халыққа жеткізу керек, - деді кейіпкеріміз. Сөз арасында Мыңжасар Маңғытаев досы сексенге толып, республика көлемінде аталмағанын қынжылыспен жеткізді. Алдағы уақытта соған орай Түркістан облысында бірнеше концерт өткізу жоспарымен де бөлісті.

Иығына радио ілген бала таудың самалына елітіп, ән шырқап келеді. Алдындағы отар қой, жыбырлаған жәндік, құс біткеннің бәрі құлақ түріп тына қалған. Құдіретті әннің сәулесі барлық саңылауға шуақ шашып, шексіздікке сіңіп жатты. Күреңбелден естілген сол әуен күллі қазақ даласын әлдилеп, ән бесігінде тербете жөнелді. Нұрғиса, Шәмші, Әсет әндері әлем шарлап, ғасырдан-ғасырға көш түзеді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы