ШЫН МЕН СЫН

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 2749
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қысталаң жылдарда қылтасын қақпанға қиғызған қасқырдың тағылық тарпаңдығынан айырылмағанындай, қайсар қазақ та тектіліктен танбаған. Көне ғасыр таңбалары мен тауанды тарихтың ақзер жазуларынан, кешегі кер заманда туындаған шығармалардан Алаш жұртының руханиятты басты құндылық деп танығанын білеміз. Ол үшін ел перзенттері, тау тұлғалары әдебиет пен мәдениет деп өлшеусіз тер төкті. Сондықтан, өткенді өнеге етіп, тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерімізді айшықтап, кемшіліктерді сынға алу мақсатында «Ардың ісі» айдарын ашып отырмыз. Үш сауалдан ғана тұратын сұхбаттан көкейімізге түйер көп болсын. 

ШЫН МЕН СЫН

Ұлттық ұстын-болмысымызды сақтар қасиетті құндылықтарымыздың негізгілері санатына әдебиетті жатқызамыз. Ол – ұлттың жаны.  Тақырып қып тарқатсақ, толғауы тоқсан қызыл тілдің илеуіне салып қозғар әңгіме жетерлік. Осыған орай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,     республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы, М. Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын, публицист Аманхан Әлімұлымен рухани әңгіме өрбіткен едік. 

Әдебит – ардың ісі. Ұғынған адамға нардың белін қайыстырар жүкті жүктейтін өте күрделі һәм қызықты әлем. Кешегі кітап кемірген заманда қалам сілтеген ақын-жазушылар «алтын ғасырды» қалады. Жазудың машаһатын білсе де, Алла берген адал жолынан айнымай өміршең мұралар мен балталаса да бұтарланбайтын соқтал дүниелерді қазыналы қамбамызға тоғытты. Сол арқылы әдебиет руханияттың негізгі бөлшегіне айналды. Ал қазіргі қазақ әдебиеті сол үддеден шығып отыр ма? 
– Абайдан бастау алған жазба әдебиетімізді Кеңес кезіңінде тамаша жалғастырдық және руханиятымызда дәстүр қалыптасты. Абай жаңа қазақ әдебиетін, поэзиясын, қара сөзін еуропалық әдебиеттің жетістіктері арқылы толықтырып, Алаш топырағына сіңіріп, жазу, сөйлеу стилистикасын қалыптастырды. Мұны жаңалықтан гөрі, дәстүр жалғастығы деген дұрыс.  
Үлкен жетістік – Кеңестік кезеңдегі қаламгерлердің әдебиетті биік шыңға шығаруы. Дегенмен, Абай ойын еркін жеткізсе, солқылдақ кезеңдегі қаламгерлер социалистік реализмнің торына шырмалып, оған бағынбаймын дегендер шынайы күресіп, жігерсіздер шыңырауға құлады. Заңғар Әуезов эпопея арқылы Абай ұлылығын,  «Қилы заман» арқылы қазақ тағдырын жеткізуді мақсат еткендіктен әдеби емес, адами құйтырқылықтарға барды. Соның өзінде «Қилы заманды» шығартпай тастады. Кенесарыны жазғаны үшін Бекмаханов абақтыға қамалды. Белді тұлғаны ұстап бара жатқанын көрген тарихшыларымыз үрейленіп, тығырыққа тірелді. Міне, осы тұста әдебиетшілер жақсы қулыққа басты. Ол не еді? Тарихи романдар жазып, оны көркем шығармаға айналдырып, Кеңестік цензураның алдын орауға тырысты. Мысалы,  Есенберлинге «Кенесарыны жаздың» десе, ол: – «Бұл көркем шығарма, типтенген кейіпкер», деп жауап қатар еді. Сөйтіп, жазушыларымыз социалистік реализмнің шеңберінен шығуға күш салды. Қадыр Мырза Әлінің «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», – деп жырлауының өзі шындықты жеткізудің жаңа формасы. Мұны цензура байқамады. Әдебиетке, ұлтқа жаны ашыған қаламгерлеріміз ол тұста екі фронтта жұмыс жасады. Бірі ұлттық, екіншісі биліктің идеологиялық майданы. Екі тізгінді қатар ұстағандықтан мұны ерлік демей, не дейміз?! 
«Қазақ әдебиеті Кеңестік кезеңде өзінің миссиясын толық атқармады», деген қаңқу сөз бар. Ол сандырақ! Мысалы, пружинаны қаншалықты басқан сайын соншалықты серпін береді емес пе?! Біздің жазушылар да басылғанның үстіне басылып, кезі жеткенде атылды. Ойын ашық айтып, ақиқаттан таспа тіліп, жетер жеріне жеткізді. Асқар Сүлейменовтің «Бесіні» мен «Бесатары», Бердібек Соқпақбаевтің «Менің атым Қожасы», «Өлгендер қайтып келмейдісі» дәл сондай шығарма. Олар цензура тырнағына ілінбеді. Өйткені әдебиет үшін шынайы жұмыс жасағандардың туындысы сөзсіз халық аренасына көтеріліп, тарихта қалады. Бұл жағынан келгенде тағы да Қадыр ақынға жүгінеміз. Ол: «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған», – дейді. Жазушылар ақиқатты жеткізу үшін аздаған өтірікке орын беріп, ғылымда айтылатын «двойной стандартта» ерен еңбек етті, ерлік көрсетті. Мұқағалидың өзі «Ильич» пен «Маврды» жазғанымен, кезі келгенде «Мұсылмандарға хат» деп үн тастаған. Кеңестік кезеңде ақын-жазушыларымыз өзінің міндетін толықтай өтеді. Бұған партияның қолшоқпарды айналып, оны шынайы беріле жырлағанарды айтқым келмейді. Ондайлардың көптігі сонша, сабан болатын. Қаламақы үшін де қасиетінен айырылып қалғандар қаншама. Олар тарих жадында сақталмасы, ел құрметіне бөленбесі анық...
Хас таланттардың еңбегі арқылы кешегі әдебиет кемеліне келіп, кемерінен асты. «Қалыптасқан әдебиеттің қалыбы, пошым-порымы қандай, қай бағытта дамып жатыр, ілгерілеу бар ма», – деген заңды сұраққа, Аллаға шүкір, дарынды ақын-жазушыларды танып өскен таланттардың беталысы жаман емес дер едім. Олардан бірден жақсы шығарма күту қисынға келмейді. Тәуелсіздіктің қадірін түсіну үшін де уақыт керек. Оны толықтай ұғынып, көркемдік синтезінен өткізіп, алмасқан жүйенің әсерінен арылып, шынайы шабытты сөйлететін күн әлі алда. Дегенмен, азаттықтың алғашқы романын, поэмасын жазып қалуға тырысып, тарихқа енгісі келгендер де жоқ емес. Олардың шығармасы шикі. Сезіммен жазылмаған туынды тарихта қалатын шығармалар қатары да қораш күйінде бой көрсетіп, уақыт өте мүшкілдіктен мерт болған жанның кебін киеді. Егемен елдің еркін әдебиетін жасап жатқан хас таланттар кім деудің өзі асығыстық. Өйткені, әдебиет     25 жылдан кейін жеміс беретін жаңғақ секілді. Жүйе алмасқан тұста, тізгініміз енді қолға тиген кезде қаламгерлерден бірден ұлы дүние күту заңдылыққа сыймайды. Бір сөзбен айтқанда, кешегілердей ел үддесінен шығар күннің шапағы енді атып келеді. Асығып, аптығудың реті жоқ.
Жыраулық поэзия мен халық ауыз әдебиеті текті жұрттың рухы, қайсарлық пен батырлығы, адамгершілік пен ақиқаты үшін жұмыс жасап, сонымен қатар, діннің жүгін  де арқалағаны белгілі. Мәселен, Ахмет Яссауи хикматтарынан, одан бергіге үңілсек, Қаблиса жырау толғауларынан хақ сарынын байқаймыз. Абай мен Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім болып жалғаса берер тұлғалардың туындылары оған дәлел. Дегенмен, кешегі кер заманда дін жібі үзіліп қалғандай көрінеді. Бүгінгі таңда оны жалғай алмай жүргендей көрінеміз, сіз қалай олайсыз? 
– Дін мәселесіне келгенде өткен ғасырларға барлау жасап, әңгімені әріден тарқатқан жөн. 1871 жылдың 18-ші наурызында болған Париж коммунасынан кейін мемлекет пен діннің арасына сына қағылды. Ол уақытқа дейін қастерлі ұғым құстың қос қанатындай еді. Париж коммунасы алғашқы декретінің бірінші тармағында «Мемлекет пен шіркеуді бөліп тастау» деген бөлім бар. Дәл осыны Ленин Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде (1918 жылдың қаңтар айында) қайталап, атеистік көзқарасты насихаттап, халықтан дінді ажыратты да, құдайсыздар заманын қолдан жасады. «Дінді – апиын» деді. Осы екі аралыққа дейін наным-сенім мен мемлекет біртұтас болатын, екіқұлақтанып өспеген, бөліске түспеген. Ал бөліс халықты дін жолынан тайдырып, атеистікке ден қойдырды. «Братья Карамазовы» шығармасында Ф. Достоевский «Социализм болатын болса, құдай жоқ. Ал құдай бар болса, социализм өтірік» деген сөзді Карамазовтың аузына салады. Астарына үңілсек, Достоевскийдің тәмсілі ақиқатқа айналды. Кеңес үкіметімен бірге социализм құрдымға кетіп, құдайдың бар, бір екеніне көз жеткіздік.
Алланың хақтығын білген кезде Мұқағалидың «Мұсылмандарға хат» дегеніндей жасырын үн тастаудан арылып, ойымызды еркін айтуға көше бастадық. Тәңірді ауызға алып, Исламды насихаттауды жолға қойдық. Жалпы, дін сарыны проза мен поэзиямызда бар болғанымен, кемшілігі жоқ емес. Мұның қатерлісі сопылық пен зайырлы поэзияны ажырата білмеуімізде жатыр. Өлеңге «Алла» атауын қосқанның бәрін сопылыққа жатқызып, оны Исламның көрінісі деп есептейміз. Шығарманың сыртқы формасына қызыққандықтан, ішкі мазмұнына үңіле бермейміз. Абулхасан Рудаки, Омар Һайям, Низами поэзияларында құдай атауы өте көп кездеседі. Бұл парсылардан өрілген сопылық жырдың үлгісі. Шығармалары адамды туралыққа бастап, Аллаға апарар жолды нұсқайды. 
Біздің кемшіліктің түп-төркіні Құранды толық меңгермей, өлеңнің сыртқы формасына қызығу. Қасиетті жазбада ақындарға түскен «Шұғыра» сүресі бар. Сол сүре аяттарын оқыған соқыр сенімдегілер ақындарды діннен бөліп тастағысы келетіні де баршылық. Ал неге Рудаки, Омар Һайям, Назамиларды классик дейміз? Алланы шын танып, Құранның мән-мағынасын бойына сіңіргендіктен тарихта есімдері бедерленіп, өлмес мұралар қалдырған олардың деңгейіне жету үшін жыр-дастанның пошым-порымы мен астарын қатар өрнектей білуіміз керек.
Дін – алмас қылыш секілді. Дұрыс сермемесең ұлтқа зиянын тиігізеді, өзіңді арандатады. Егер елге дұрыс жол нұсқар тұлға болып қалыптасқың келсе, ең алдымен Алланың сырына, Құран мен хадиске, Пайғамбардың (с.ғ.с) елшілігіне үңіліп, дінді толықтай меңгергенде ғана әлемдік әдебиетте қалыптасқан сопылық поэзия қазақ әдебиетінде орнайды. Әзірше бізде мұхиттың жағасындағы құдықтың суындай ғана дүниелер бар.
«Уақыт, білім, кеңістік» деген арада өрбуді қажет ететін бұл сауал жауабының оң болмауына бүгінгі қаламгерлерді кінәлай алмаймыз. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады», – дейді көреген елдің көсемдері. Жетпіс жылдан бері бойға сіңіп, мінезге дарыған атеистік кезеңнің салқынынан арылу үшін уақыт,  сопылық сарынды қалыптастыру үшін білім, Алла ақиқатын жеткізуге кеңістік керек. Осы үшеуінен гормония тапсақ халыққа тағылымды шығарма ұсынамыз. Мысалы, Майлықожаның Әзіретәлі туралы дастаны, Шәді төренің «Шәрі Шәріпі», Жүсіпбек Қожа Шайхысламұлының жиған-тергенінің барлығы да діни шығармалар. Науан хазіретінің кезінде, Ақан серінің жазған өлеңдерінен де Исламның иісі шығады. Бұдан діни әдебиеттің бізде барын білуімізге болады. Алайда, өзегі кешегі кезеңде үзіліп қалды да, сол күйінде жалғанбай тұрғаны жасырын емес. Бар шығармаларымыз әлі де шикілеу, бір қайнауы ішінде екені де даусыз.
– Баспасөз бетінде «Нобель сыйлығын қашан аламыз» деген мәселе жиі көтерілуде. Оған жетудің шиыр-шиыр жолы мен талапшыл оқырмандар біле бермейтін сыры бар. Нобельге жетелер баспалдақ – аударма саласы. Әбіш Кекілбаев әлем әдебиетінде алғашқы болып «Мәңгүрт» тақырыбын қозғағанын осы орайда айта кетуді жөн санап отырмын. Өкініштісі сол, шығарма дер кезінде тәржімаланбағандықтан өзге ел оқырмандарындарына жетпеді. Ал одан кейін жазған Айтматовтың мәңгүрті жаһан жұртшылығын таңдандырды. Аталған қос жазушы шығармасының дүниежүзілік оқырманға танылып, танылмай қалуының  сыры сол баяғы тіл, яғни, аударма мәселесіне келіп тіреледі емес пе?
    – Бұл ақиқат! Дегенмен, қазақ сахарасында өте кеш қалыптасқан аударманың қиын процесс екенін ескеру керек. Негізін Абай қалады да, Ахмет Байтұрсынұлы кезеңінде біраз шығарма тәржімаланды. Негізінен, аударманы  жолма-жол, мазмұнын сөйлету, оқиғаның негізін алып, басқаша жырлау (аудармадан алыстап, оқиғаға жақындау) деп үш негізде қарастырған жөн. Соңғы түрін Абай «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасымен классикалық деңгейге көтерді. Мәскеуде оқып жүргенде кітапханалардан Ыбырай Алтынсарин тұсында орыс тіліне аударылған қазақ ертегілерін оқығаным бар. «Тургайская ведомства», «Астраханская ведомства» атты газет-журналдарында жарық көрген сол шығармалар жоғары деңгейде аударылған. Бірақ мазмұнын дәл беруге тырысқанымен, жолма-жолға жатады және тартымды, жеңіл. 
Сырттан қосылған атау сөздердің қолданысқа енуінен уақыт өткен сайын тіл де күрделене түседі. Кез келген қоғамдағы адами қарым-қатынастарды қалыптастыратын болғандықтан, таза тілдік қолданыс жоқ. Араб, парсы, ағылшын мен француздар да, қазақ пен орыстарда да солай. Бір жақсысы сол сөздерді біз сіңіріп жатырмыз. Мұның зияны жоқ. Алайда, «круглый столды» «дөңгелек үстел» деп, «золотой осеньді» «алтын күз» деп тікелей аударуымыз ақылға сыймайды. Әркім өз ұлтының сөздік қорында бар сөйлемге жақындастырып пайдаланған дұрыс-ақ. Орыстар жерінің орманды келуіне қарай, табиғат ерекшелігіне байланысты күзге «золотой осень» деген бейнелі сөз береді. Ал біздің дарқан даламызға күз күрең, қоңыр болып жетпей ме?! Сонымен қатар, бабаларымыз бір төбенің басында, хан сарайында келелі кеңес өткізгенін білсек те, өзімізден өзіміз жерігендей «келелі кеңестен» қашып, «дөңгелек үстел» деген жолма-жол дүниені жарқыратып жазып жүрміз. Мұны калька, яғни конспектілеу дер едім. Проза мен поэзиямызды сорлатып жүрген осы калька аудармасы. 
Бақытымызға орай өзге халықтар Абайды аудара алмай жүр. Мәскеуде оқып жүргенде грузин азаматына «Сендер бақыттысыңдар, ұлттық шығармаларыңды Ахматова, Пастернактар аударды», – деген едім. Ол: «Аманхан қайта сендер бақыттысыңдар!  Олар Абайды аудара алмайды ғой. Сен айтқан Пастернактар бізді құртты. Аудармаларын оқысаң орыс бар да, грузин жоқ. Өздерінің қанын құйған шығармадан біздің болмыс сезілмейді», – деп налыған болатын. Бұл ақиқат!  Мәселен Абайдың «Бір ұртың қан, бір ұртың май» атты жырын Дудин жолма-жол «В одном шике жир, другом щике кров», – деп аударғанда орыстар күлген. Өйткені олар данышпан жырындағы астарлы мағынаны түсіне алмайды. Ал Дудин түсінікті жеткізу үшін жазбадан алыстап, мазмұнға жақындау керек еді. Жаныма батқандықтан да 50 жыл бұрын «Алтынды жасытпайық» деген тақырыпта Дудинды қатты сынап, сойып тастағанымды мақтанышпен айта аламын. Абай Гетені қазақша сөйлеткенімен, аудармасынан немістің пайым-парасаты, болмысы аңғарылып тұрады. Осындай дәрежеде жұмыс жасай білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Біз жолма-жол аударуды машық етіп жүріп Нобельден дәметеміз-ау. Оны алу үшін тәржіманы адамзаттық түсінікте, шығарманы оқығанда қазақ халқы мен өз елінің болмысын көретіндей сөйлете білу керек емес пе?! 
Нобель сыйлығына қызыққан қаламгерлерді түсінбеймін. Ақшасы көп, аңыз болып қаламын демесең, оған қол жеткізу үшін кешегі беларусь әйелі Светлана Алексиевич пен түрік жазушысы Орхан Памук секілді өз ұлтыңды аяққа таптап беруің керек. Яғни, аңыз-атақты алуда саясат ойнайды. Ел кемшілігін ашып жеткен атақ кімге керек. Қаламгердің қадір-қасиеті ұлтын сүйе білуінде. Сондақтан да өз ішкен құдығыңа түкіріп жеткен атақтан, жұртыңның «жақсы жазушы» деген бір ауыз сөзі артық.
Элиот, Кафка, Сендбергті мақтайтын, соларға табынып жүрген жас жазушыларға таң қалатынымды да жасыра алмаймын. Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондондарды оқыса, алдыңғыларды мақтаудың далбаса екенін сезер еді. Біздің азаматтар космополиттік, нигилистік бағыттағы шығармаларды оқиды. Сонымен қатар, табиғаты мүлдем бөлек Мұқағали мен Жұмекеннің Уйтменді қазақша сөйлеткеніне әлі күнге дейін таңданамын. Өз болмысына жақын шайырларды ғана аудару керек деп есептеймін. Мен Есенин, Николой Рубцов, Николай Тряпкинді аударып, ақындық табиғатыма кереғар Маяковский мен Вознесенскийді өлсем де қазақша сөйлетпес едім. Осы жағынан келгенде аударманың жақсы болуы қос ақынның рухани сабақтастығы мен шығармалардың үндестігінде жатыр деуге болады. 
Айта берсек, бізде кемшілік көп. Соның бірі аударманы қадағалап, жұмыс жүргізетін комиссияның жоқтығы. Кім көрінген қаржысын беріп шығармаларын аударып жатыр. Мысалы, Дидар Амантай «Мені қырыққа жуық мемлекет аударды», – деп мақтанып жүр. Егер олар қазақша оқыса диолог пен монологтың не екенін білмейтін, тілі, суреткерлік қабілеті жоқ Дидарды аудармас еді. Ол орысша ойланып, қазақша жазады. Мәселен, шығармасында «Автобустан төрт адам төгілді» дейді, түсті деген сөздің маңына жоламай. Бұл – калька, шығарманың сұрқын қашыратын, әдебиеттің нарқын төмендететін жеңіл жол. Сондықтан да әрбір жазушы қиын болса да Абай ұстанған үшінші нұсқаны бойына сіңіріп, аудармаға отырғанда «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін», – деген Ахмет сөзін ұранына айналдырса, арнайы комиссия құрылып, таңдаулы туындылар тәржімаланса, Нобель іргеңнен шықпайтын болады.

Жазуды машық еткендердің барлығы бірдей талғамшыл емес. Әркім өз пайымына, өресіне қарай тәмсілдеп, ой қорытпақ. Қал-қадірінше руханиятқа үлесін қоспақ. Дегенмен, әдебиет ұлттың жаны екенін естен шығармаған, текті жұртқа жақсы шығармаларды ұсынсам деген мақсатқа жұмыс жасаған жөн-ақ. Атақ пен абыройды ойлап, қаламгерлік қасиетін екінші орынға қоюға болмайды. Ең әуелі халықтың қасиетті сөз өнері толғандыру керек-ақ. Қарымды қаламгер Аманхан Әлімұлының басты ұстанымы осы. Оны әңгіме барысында айтылған өткір ойлары, ащы сындарынан аңғаруға болады. Әлем әдебиетін бір қаламгердей түгесе оқыған ол қазіргі қазақ руханиятының ұлы шығармаларының алдағы жылдарда туатындығына, тәуелсіздіктің жеміс берер шағына аз қалғанымызға сенімді. Тек, шын мен сынды жоғалтып алмауымыз керек-ті.

Асыл Сұлтанғазы