Әлемге әуен қосқан әуелетіп

Уақыты: 23.01.2017
Оқылды: 1738
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Өмір ағысымен біраз істі өндіріп, бірталай жасты жасады. Бабадан бері жалғасып келе жатқан жалғыз жәдігері қауға болатын. Жайлау мен қыстау арасында өткен тірліктің ең шырайлы сәттерін ән тыңдау деп бағалайтын шопан-ата бақташысы радио құлағын бұрағыштап жататын. Дарқан даланың әуезін жүрегіне қондырып, көмейінен төккен әншіні  тіпті, иемденіп алғандай көрінетін. Оның даусы біраз уақыт радиодан естілмей қалса, құрылғы да керексіз. Ал әншісі  шырқай қалған сәттерде «пай-пайлап» тамсана түсетін. «Бұл қазақтың күміс көмей Нұрғалиы», – деп қадап-қадап ескертіп отыратын, құдды балалары білмейтін, не болмаса ұмытып қалатындай. Міне, бұл естелік балғын балалық шақтан еміс-еміс есте қалғандары ғана... Қауғаны өмір бойы серік еткен әке сөзінің  рас екеніне ес білген шақта көз жеткізгенбіз. Шынымен де Нұрғали Нүсіпжанов қазақ халқының күміскөмей әншісі. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан дара дарынның тұлғалық болмысы мен өмірі, өнері жайлы ой толғаудың өзі шопан-шалдың баласына бұйырғаны қуантады-ақ.

Рас, исі қазақтың жүрегінен орын алған әншіні қой соңында күн кешкен әке арқылы танып өстік. Кейін, көкжәшіктің көңілді бағдарламалары мен арагідік беріп тұратын концерттерінен бой көрсетсе қуанып қалатын болдық. Тұран даласындағы шалқыған көл, сыбызғы тартқандай күй төккен қоғалы-қамыс, жылыстап ақса да жанды әуез шығарар бұлақтың қадірін білер біздер «Саржайлау» әнін жастана тыңдадық-ау. Сөйтсек, алты Алаштың тамырын тулатқан ән мен әншінің бағы бес елі екен. Біріншіден, киелі сөз өнерін ұстанып, қазақтың қарапайым қара өлеңін «шекпен жауап өзіне қайтаруды» мақсат еткен Мұқағали жүрегінен жыр болып шығуы болса, екіншіден, сол қолы сермеліп, келесі қолдың саусақтары пернені дөп басқанда қаныңды қыздырар хас талант, қазақтың маңдайына біткен музыка майталманы Нұрғисаның ноталы туындысына айналуы еді. Ал, «үшіншіден» деп талдап жатудың өзі артық. Ол – Нұрғали сынды жезтаңдайдың жүрегінен миллиондаған тыңдарманға жол тартуы емес пе?!
Жалпы, Нұрғали Нүсіпжанов қазақ халқының музыка, оның ән өнері үшін жаратылған жан. Ол жер жаннаты атанған Жетісудың айшықты Күреңбел өлкесінің Доланалы ауылындағы қарапайым отбасында өмірге келген. Дарынды азаматтың дүние есігін ашқан шағы қазақ зиялыларының берен мылтықтан безере атылған қорғасын оғына ілігіп, қынадай қырылған уақытына тұспа-тұс келді. Бұл жайлы республикалық басылым беттеріне берген сұхбатында ерекше тебіреніспен жеткізіп, бала күнгі тұрмысынан да хабар беріп өтіпті. «Текті жұртым аумалы-төкпелі небір замандарды басынан өткерді емес пе?! Соның ішінде сүттің бетіне шыққан қаймақтай, маңдайалды арыстарымызды қынадай қырған 1937 жылғы нәубет Алаштың тауанды тарихындағы қаралы парақ ретінде таңбаланып қалды. Міне, сол тұста біз дүние есігін аштық. Талайлы тағдырдың тауқыметін бала кезден көріп, сезініп, шынайы ұғынып өстік. 4-5 жасқа келген шағымызда сұрапыл соғыстың дабылы қағылды. Дала біткен тітіркенді, адам біткен аңтарылды. Ер-азаматтарды майдан даласына шығарып салып жатқан сәттер, «тірегіміз аман-есен ортамызға орала ма, жоқ па, енді қайтып нұрлы дидарын көреміз бе, елес болып қала ма» деп көкірегі қарс айырылған аналарымыздың мұң-зарға толы жәудір жанары ескі киноның таспасындай әлі күнге көз алдыма келеді», – деп сұрапыл жылдардағы балғын шағынан еміс-еміс есте қалғанын жеткізген дарын иесі, халық тағдырын шынымен зерделі көкірекпен тұшына білген. Әрине, өмір сырын түйсіне алмайтын, түсінбейтін жанға өнер қонбайды. Қазақтың ән өнерін өзіндік биігінен түсірмеген, дарқан даланың әуезін кеудесіне сыйдырған біртуар азамат ел басына төнген қара бұлтты, қысталаң жылдарды осылай толғаса керек-ті. Дегенмен асыр салып, қамсыз ойнайтын мезгілінде елдің қабырғасын қайыстырған қасіретті сезініп, ерте кезден еңбекке жегілген Нұрғали Нүсіпжанов өмірден де, өнерден де өз орнын алған, халқының ықыласына бөленген бірегей жан. Көз ұшындағы сағым боп қалған гүлді алқаптай алқаусыз шақты тебіреніспен есіне алып отыратын сәттері жетерлік. Сондай кездердің бірінде: «Ол тұста адам қолы тапшы болғандықтан еңбекке ерте араластық. Қазіргідей трактор, комбайн жоқ. Егін оратын, шөп шабатын құрылғыға өгіз жегеді, өгізді аттың артына байлайды, ал аттың үстіне баланы отырғызады. Жұмыс та құлқын сәріде, тым ерте басталады. 5-6 жастағы кезіміз ғой. Күн рауандамай еңбек даласына аттанғандықтан, ұйқымыз қанбайтын. Сондықтан да, қалғып кетіп шалғыға түсіп қала жаздаған кезіміз болды», – деп толғайды бір шаңырақтың маңдайға басқан жалғыз перзенті, халқының аяулы әншісі. Рас, 30 жылдардағы аштық, одан кейінгі нәубеттер мен індеттен алдындағы аға-әпкелері қайтыс болған. Ата-анасының Жаратқанға жалбарынып сұрап алған жалғызы болғанымен, ол кездегі ауыр жұмысқа жегілген үлкендер бала Нұрғалиды еркелетіп өсіруге мұршасы болмаған. Бұл жайлы әнші: «Ата-анам күндіз түні еңбек етіп, өмір бойы мал соңында жүрді. Сондықтан да болар, жалғызым деп еркелетіп отыруға олардың мүмкіндігі жоқ еді. Есесіне еңбек даласында шынықтырды. Адал тамақ тауып жеуге баулыды», – дейді.  Осының өзінен-ақ өнер адамына берілген тәрбие негізі еңбексүйгіштік, адамгершілік сынды құндылықтар арқылы жүзеге асқанын пайымдауға болады. Дегенмен, алдыңғы естеліктеріне ой жүгіртсек, сүреңсіз жылдардағы ауыр тірлікті көз алдыңа алып келер көріністер жүрекке жүк түсіретіндей. Ұғынған жастарға бүгінгі күннің қадірін еселеп сезінуге боларлық детальдар емес пе?! Осындай кер заманның солқылдақ өткеліне шыдас берген қайран елдің азаттығы да оңайшылықпен келмеген-ау. Оның қадірін жас буыннан гөрі, алдыңғы толқын жақсы біледі. Сондықтан да әрқайсысы қазақ руханияты, тағдыры үшін аянбай тер төгіп, өнерін асқақтатуды өздеріне парыз деп санаған. Солардың қатарында,  «Балам, жалғызбын деп ойлама. Адам қадірін біліп өс. Өмірде көп болып жүруің де, аз болып жүруің де өзіңе байланысты», деген әке өсиетін өмірлік өнеге тұтып ағайынның ғана емес, алты Алаштың аяулы азаматына айналған Нұрғали Нүсіпжановтың бары даусыз.
Тәмсілдеп сөйлегенді, ұнататын бекзат халықтың «көмейіне бұлбұл ұя салған», – деген теңеуі бар. Бұл кешегі «Әнші жоқ Қарөткелде менен асқан», – деп шырқаған Мәди Бапиұлынан тартып, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды, одан бергіде де өмір сүрген дауылпаз әншілерге қаратып айтылған сөз. Бүгінгідей «құндылықтар құлдыраған» заманда ауызы бардың бәрі бұлбұлдай сайрап, әнші атанып, өнерді өрістету емес, өзін таныту мақсатында тер төгіп жатқан шақта, осы бір қадір-қасиеті терең сөз тіркесі кез-келгеннің есіміне тіркеліп жатады. Бұл ұлт құндылықтарын қастерлей білу мен үшін борыш деп сезінер жандарды қынжылтар құбылыс. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деп мақалдап отыратын, бөзді қадірлемесе де сөз киесін сезінген ел азаматтарының бүгінгі алқауы көңілге қона бермейтіні тағы рас. Асылын айшықтап, дарынына қарай даралайтын кешегілердің кенді кеудесінен ақтарылған лайықты баға, татымды қошаметтің арнасы өзге жаққа, мүдде мен пайдаға қарай бұрылып кеткендей көрінеді. Шындық осы. Ал ақиқаттың ауылына ат шалдырған кешегілердей өнерді бағалай білсек, Нұрғали Нүсіпжановтың шынайы талант, жезтаңдай әнші екенін тағы да мың мәрте мойындайтын едік. 
...Елге тұтқа болар азаматтар майдан даласына аттанып, қауқары бар ауыл тұрғындары ауыр жұмысқа жаппай жегілген уақытта балалық шағын еңбек даласында өткерген әнші Күреңбел өңіріндегі Қоғалыдағы орта мектепте оқып жүргенде әнге қатты құмартқан көрінеді. Балғын жүректі тулатқан өнерге деген махаббаты оны мектеп қабырғасында-ақ сахнаға алып шыққан. Үшінші сыныпта көркемөнер ұйымының құрамына алынып, сайлау алдындағы ата-аналарға арналған концерттің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін жетер жеріне жеткізе орындап, өз мәнерінде шырқап, соның арқасында мақтау қағазын алады. Сондағы тебіренісін әлі күнге ұмытпай, есіне алып отыратыны бар. Сірә, өнердің дәмін, ел ықыласының шұғыласын алғаш сезінген сәті жүрек түкпірінде ерекше таңбаланғаннан болар, бәлкім. Алайда, отбасы жағдайына байланысты мектеп тәмамдаған соң екі жылдай қой бағуға тура келеді. Жоңғар тауының Алтынемел жотасындағы жайлауға шопан-ата төлін өргізіп, тұмса табиғатта, ат бауырын сипар көкмайсалы жерде тыныстап, ән шырқай жүріп, бабадан қалған қауғамен қызмет етті. Өзінің айтуынша, 1950 жылдың соңына таман «Казахстанская правда» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, қаламгер Алексей Брагин Нұрғалиды өрісте кездестіріп қалады. Жүзінің нұры төгіліп тұратын, өнерге құмар жас жігітке қолқа салып, әнін тыңдайды. Дірілсіз қоңыр дауыс, мақамы бұзылмай жүрекке жеткен туындыдан әсерленгені сонша, қаламгер: «Осы жазда міндетті түрде консерваторияға оқуға баруың керек», – деп тілекші екенін көрсетіп, жол сілтейді. Бұл қазақтың бекзат өнеріне құштар болып жүрген жас өнерпаздың арманына қанат бітірген көрінеді. Сөйтіп, студенттер мен жастар арасында Мәскеуде өтетін фестивалге жолдама алу үшін ауылдық, облыстық байқауларға қатысып, Алматыда өтетін байқауға қатысу құқығына ие болады. Сол додада орындаушылық қабілетінің жоғары екенін көрген әділқазылар алқасындағы мүйізі қарағайдай музыка майталмандары консерваторияға келіп түсуіне ұсыныс жасаған көрінеді. Бұл да болса, аядай ауылда туып, жазиралы жайлаудың дарқандығындай кең, дара дауысымен алғаш рет өнер әлеміне деген жарқын қадам жасауы деп білген жөн-ақ. Бұл жайлы республикалық «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында дарынды әнші: «Мен оқуға жүрерде әкем бір малын сойып, үлкендерден бата сұрады. Қалтамда 23 сом ғана ақшам бар. Сөйтіп, мен ақшамен емес, оқуға батамен түскем. Бір көкемнің сондағы: «Жастардың оқығаны дұрыс қой. Бірақ мына ауылдағы шаруаларды кім атқарады, елді, жерді кімге қалдырамыз?» – деп қиналғаны әлі есімнен кетпейді. Ол кезде консерватория дегенді көп адам түсіне бермейтін ғой. Тағы бір қариялар: «консерві жасай ма, ол не, қандай оқу?» – деп те таңғалған», – деп еске алады. Осы бір естеліктің өзінен-ақ, жұмысы қайнап жататын ауылды, көктем мен күзгі науқанда, жаз жайлау, қыс қыстауда күнелткен қарапайым адамдардың жастарға деген, оның қаладағы тірлігі мен оқуының қандай болатыны, нендей мамандық алып, бізге қаншалықты пайдасы тиеді деген сынды сансыз сұрақтардан тұратын алаңдаушылығын аңғарамыз. Мұның өзі ол кездегі қазақтардың бірлі жарым болмаса, жаппай білім алуға дайын болмаған кезі екен-ау. Ал оқуға қабылданып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі атануы, онда Қазақстанның халық әртісі Надежда Самышинаның класында аттай жеті жыл білім алғаны бір пара әңгіме... Ол жайлы баяндаудың, студент шағындағы өнер әлеміне деген жарқын да нық қадамдарын санамалап беру келешектің еншісіндегі шаруа. Оған тоқталудың қажеті шамалы деп шештік.
Сөйтіп, өнер деген шалқыған мұхитта өршіл кеменің желкенін көтерген, сол жолда білім алып, талабын еселеп, талантын жетілдірген Нұрғали қазақ сахнасының сайыпқыранына айналды. Жай баяндай салу, шығарма не мақалаға арқау етіп, өткен өмірінен үзік-үзік сыр айту жеңіл көрінгенімен, ұлт перзентінің сол жолдағы табандылығын, қоңырқай тірлік кешкен қойлы ауылдан түлеп, текті жұрттың біртуар азаматтарының сапынан көрінуін жеткізе білу жүрекке салмақ салары хақ. Дегенмен, қазақылықтың, қайсарлық пен жайсаңдықтың алтын қазығы болған ауылда сан талант жүргені белгілі ғой. Олар өз бойындағы таланттың шынайы екенін, қуаты талай белесті бағындыруға жарайтынын білсе де, талаптанып жатпайды. «Бізді кім ескерер» не болмаса «Олардай болу қайда» деген жалаң оймен өнерін іште өлтіріп, қадам жасамай жатып жалт беріп, жылыстап кететінін сан мәрте көріп те, біліп жүрміз. Сондай талантты жастарға Нұрғали Нүсіпжановтың өмірі өнеге боларлықтай, ғибрат аларлықтай десек артық айтқандығымыз болмас,  сірә.
Иә, өнерін өрісті ету үшін білім алып, әншілік мектептің қыр-сырын жүрегіне тоқыған небір марқасқалардың дәрісін тыңдап, қасиетін бойына дарытқан әнші, сонымен қатар, талай қызмет істеп, қазақ ән өнерінің «Алтын қорда» сақталуына өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар саз саңлақтарының арнайы Нұрғали үшін жазған аманат әндерін бүгінгі таңға дейін шырқап келеді. Ол даланың сырлы сазындай, қоңыр әуендей мөлдір де тұнық даусымен миллиондаған жүректі тулатып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. «Фонограмма бәрінен бұрын хас таланттың тірсегіне тұсау болып түсер, өнерін өрістетпей, тарылтатын дүние. Соған арқа сүйеудің салдарынан көптеген жас әншілер әннің табиғатын, иірімін, қазақы болмысын, бұзып, тіпті, мәтінін ұмытып қалатынды шығарды. Бұл ұлттық музыка өнері үшін өте қатерлі. Талғамы терең тыңдарман қазақы әуеннің ерекшелігі иірімдерінде екенін біледі. Қазіргі жаһандану дәуірінде аудио-бейне техниканың дамуына байланысты сол ерекшеліктеріміз ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Жеңіл ырғаққа құрылған әндердің тағдыры қысқа, тыңдарман санасынан тез өшіп қалар дүние.  Жалпы, ән мен әншінің ғұмыры сабақтасып, ұзақ болуы талғамға, жандылыққа, талантқа байланысты. Біздің буын осы бір үш негізгі шарт бойынша өнер жолында көп тер төкті», – дейді Нұрғали Нүсіпжанов бүгін мен өткенді, қатарластары мен жастарды салыстырып. Бұл өнер әлемінде өзіндік орны бар, өмірден түйгені мол жанның салиқалы пікірі. 
Негізінен, дарыны дара азамат ілкіде келтіріп кеткен әкесінің «Балам, жалғызбын деп ойлама. Адам қадірін біліп өс. Өмірде көп болып жүрудің де, аз болып жүруің де өзіңе байланысты», – деген өнегелі сөзін өмірлік ұстанымына айналдырды. Соның арқасында қанаттас әріптестерімен, алдынғы толқын ағалар мен кейінгі толқынның құрметіне бөленді. Мәселен, өз естеліктеріне жүгініп, не болмаса қатарластарының пікірін тыңдасақ та, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақтың маңдайына біткен өр тұлғалармен  рухани сабақтастық орнатқанын, дос-бауыр ретінде жақсы қарым-қатынаста болғанын аңдаймыз. Мұның өзі қаламгерлер арасындағы «таланттар тоғысы» дегенге келетін жайт. Оған дәлел ретінде бір естелігін бұтарламай, толық нұсқасымен беруді жөн санап отырмын. «Нұрағаң өте таза, ірі мінезді адам еді. Мені «адалым» дейтін. Біраз уақыт көрмесе сағынып қалатын. Елге барғысы келсе кеттік ауылға деп менің туған топырағымды бетке алушы еді... Нұрғиса аға: «Мұқағали деген жігіт бар. Жөні түзу сияқты. Соны да шығармашылық бірлестігімізге мүше ғып алуымыз керек» деп жүретін. 1975 жылдың күзі болу керек, Алматы облысы комсомол үйінің үлкен концерті өтіп, банкеті басталған тұста, оған қатыспай «Алматы» қонақүйінің буфет-барына жол тарттым. Сол жерде Мұқаңмен, қазақтың Мұқағали аға Мақатаевтай дауылпаз ақынымен танысудың реті келді. Маған жанынан орын ұсынған ол: «Әнші інім, қал қалай?» деді. Қал-жайды біліскеннен кейін, Нұрғиса аға екеуміздің өзіне сырттай «құда түсіп» жүргенімізді айтып, Тілендиевтің телефон нөмірін беріп кеттім. Екеуі кейіннен бірлесіп, ғажайып әндер тудырды. Оны барша тыңдарман күн сайын естіп жүр. Ғасыр өтсе де нарқын түсірмейтін, адамды жалықтырмайтын ерекше туындылар ғой олар. Мені Нұрғиса аға түннің бір уағында «Әніңді қабылдап ал» деп шақыратын. Сол жаны жайсаң ағалармен талай жұлдызды сәттерім өтіпті-ау. Бірде гастрольдік сапармен кетіп, 1  айдан соң  келсем, сол аралықта қос талант күндіз-түні бірлесе жұмыс жасап, жиырмаға жуық ән жазыпты. Бұл дегеніңіз, он жылдың еңбегі ғой», – деп тамсанады. Рас, бұл әдебиет пен өнер саласында да аңыз болып айтылып жүрген әңгіме. Алайда, сазгер мен жалынды ақынның рухани бірлестігінің орнаған сәтіне куәгер болып, олардың халықтың жан сарайын ашар ғажайып дүние тудыруына себепкер болған Нұрғали Нүсіпжановтың бұл естелігінің жөні бөлектей көрінеді. Әрине, жалпы мазмұны бір яки, сарындас болса да. 
Қазақ танымында бозторғай деген құстың қадірі өзге жаратылыстардан бөлек екенін аңыз-әпсаналар мен ол жайлы айтылған нақыл сөздер арқылы топшылаймыз. Соның бірі тыныштықтың белгісі ретінде қолданған «қой үстіне бозторғай ұя салған заман» деген тіркес. Бұл сөздің астары да, айтары да ұғынықты. Осындай көптеген деректерді тізбелей берсек, сайрауы бөлек, бұлбұлдай әнші, тыныштыққа жаршы, нақтырақ айтсақ символ болған бозторғайдың қасиетін тереңірек ұғынамыз. Сонау балғын шағында, нақтырақ айтсақ 19 жасында арман қуып Алматыға аттанып, білім алып, содан бергі 60 жылдан астам уақыт аралығында қазақ сахнасында ән әуелетіп келе жатқан, елдің қошамет-құрметіне бөленіп жүрген Нұрғали Нүсіпжановты «бозторғай» десе болатындай. Бәлкім, ілік табуды машық еткендер бүлік шығарғысы келіп бұл теңеуді теріске шығарар. Алайда қазағына қара сөзін жазардағы хәкім Абайдың «керегі болса алар, әйтпесе өз сөзім өзіме» деген пікірін ұстаным еткендіктен, халық ауыз әдебиетіндегі бір тақырыпқа арқау болған киелі құстың қасиеті мен Нұрғали Нүсіпжановтың қадірін білгендіктен осылай топшылағанымыз деп түсінген жөн-ақ. 
Сонымен, ғасырдан астам уақыт сахнада сайраған бозторғай әншінің даусы әлі күнге тұнық һәм өзіндік қуатынан айырылмаған күйінде. Бұл әншінің ең басты қаруы ғой. Осы қоңыр дауысқа қызыққан кешегі музыка майталмандары туындыларының орындаушысы, насихаттаушысы Нұрғали Нүсіпжанов болғанын қалағаны екен. Мәселен ағасындай болған Нұрғиса Тілендиев «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды тамаша туындыларын әншінің дауысына лайықтап жазған. Осының өзінен-ақ орындаушы мен әншінің парқын ажырата алмай жатқан осынау уақытта  кімнің дарыны дара, жалыны басым «өнер үшін бола туған» екенін аңғару қиын емес-ау. Сонымен қатар ол қазақтың біртуары Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта», «Қара көз», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында» сынды бірқатар туындысын да бүгінгі күнге дейін әуелетіп келеді. Негізінен, аталған сазгерлермен қоса, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Садық Мұқамеджанов, Әсет Бейсеуов, Базарбай Жұманиязов, Мыңжасар Маңғытаев, Садық Кәрімбаев, Әбілахат Еспаев, Дүңгенбай Ботбаев сынды әндерін сүйіспеншілікпен орындайтынын біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл аталған сазгерлердің барлығы да қазақ музыка өнері үшін жаратылған жандар. Осындай шынайы таланттардың туындысын орындауға ықыласты болған әншінің талғамы терең демеске шара жоқ. Мәселен, Шамғон Қажығалиев: «Нұрғали репертуары өте бай, әрі жан-жақты әншілеріміздің бірі. Халық мұрасына ерекше ден қоюы оның өз халқының жанын терең түсінуіне көмектессе, замандас авторлардың шығармаларын орындауы арқылы уақытпен танысып, оған үн қосуда. Ол арлы әнші, азаматтық парасаттылықты биік ұстайтын өнер иесі, кішіпейіл жолдас», – деп замандасын жоғары бағалауының өзі ән мен халық мұрасының қайнар көзінен нәр алып өскендігі, соның арқасында есімін даралап, талғамы мен таланты арқылы қатарластарын мойындатқаны деп қабылдадық.
Әнші тек өнердің биігіне құлаш сермеп, сол жолға бар өмірін арнап қана қоймаған. Осы уақытқа дейін талай кітапты ақтарыпты. Тарихи мұраларды оқымаса тұра алмайды. Бұл рухани тұрғыдан өз-өзін жетілдіре түсуді жас кезінен машық еткендіктен деп түйдік. Жас демекші, қазіргі буынның сол жолда жүре алмауын, кітап бетін ашпайтындығына қынжылатынын бір басылымға берген сұхбатынан байқап қалдық. Тіпті, бүгінгі эстрада жұлдыздарының атаққұмар болып бара жатқандығын тарихпен сабақтастырып тұшымды ой айта біліпті. «Темірші ханға қаруластары «Төңіректің бәрін бағындырдық, осы да жететін шығар» дейді. Сонда Шыңғыс хан «Күш-қуатым барда өзім жаулайын, кейін жауларымды менің дақпыртым жаулайды», – деген екен. Бүгіні күні өнер саласында осы аңыз керісінше реңк алған. Жастар алдымен дақпыртын шығарып, одан кейін тыңдарман жүрегін жаулауға тырысады», – дейді әнші. Аңызбен өрілген ақиқат осы. Мұндай мысалдарды тізбелей берсек өнерпаздың білімі кемел екенін аңғарамыз. Аға толқынды бүгінгі буыннан ерекшелеп тұратын дара қасиеттің бірі десек қателеспеспіз.

Иә, өмірін өнерге арнаған арда азамат ел ықыласына бөленіп, халық перзентіне айналып, сексеннің сеңгіріне шықты. Оның төрттен үш бөлігін сахнаға арнады. Қазақтың киелі ән өнерін алыс-жақын шетелдерге таныстырып, өзге елдің тыңдармандарын тәнті етті, құдыретіне бас игізді. Кешегі сазгерлердің ғажайып туындыларына жоқтаушы, насихаттаушы болды. Талай қызмет атқарып, өнердің өрістеуі үшін күш-жігерін сарп етті. Соның арқасында Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және Өзбекстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанды.  Тізбелей берсек, саналы ғұмырын өнерді өрістетуге арнаған,  ерекше дауысымен елінің ықыласына бөленіп жүрген жезтаңдай әншіні Мәңгілік Елдің мәртебесін асырар, бірге жасар бірегей хас талант деп білеміз.  аңғарамыз. Аға толқынды бүгінгі буыннан ерекшелеп  тұратын дара қасиеттің бірі десек қателеспеспіз.

Асыл Сұлтанғазы