"ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ - ҰЛЫ ІС": ДИНА АПАНЫҢ ДАНАЛЫҒЫ

Уақыты: 16.02.2020
Оқылды: 1060
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақтың тарихында хатқа түспеген бір асыл заңдылық бар. Ол – анаға құрмет. Арыға бармасақ та тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиын күндерде бар ауыртпалықты көтеріп, елдің еркіндігін алға жетелеген аналарымыз бүгінде қоғамның әр саласында ерінбей еңбектеніп, көшіміздің көлікті болуына ықпал етіп келеді. Сондай аналардың бірі – бүгінде сексен жылдық өмірін өнер, елдік мұратпен өткізген Дина Нұрғалиева. Әрине, сексен жасқа келу әркімнің маңдайына бұйыра бермес. Бірақ сол ұзақ сапарда бағытынан адаспай, бойындағы барын халқына арнап еңбек ететіндер санаулы. Дина апамыз өнердің ауыр жолын Абай қағидасымен ұштастырып, өмірлік ұстанымына айналдырған асыл адам.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, адам баласына кіндік қаны тамып, кіндік бауы кесілген жердің ыстық болатыны анық. Дина апамыз 1940 жылы қазіргі Көксу ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келді. Балалық, жастық шағы бүгіндері Зылиха Тамшыбаева ауылы атанып кеткен Амангелді ауылында өтті. Әкесі Нұрғали Әлішев осында көп жылдар бас есепші болып жұмыс істеп, Отан қорғауға ауылдың азаматтарымен бірге аттанып, от пен оқтың арасынан аман-есен ауылға оралса да, соғыс салған жарақаттың салдарынан 1946 жылы дүние салады.

Енді ғана 6 жасқа шыққан қыз бала шешесінің тәрбиесінде өседі. Апамыздың айтуынша, Әлішевтер отбасы да тағдырдың сан тарау қиындығынан өткен әулет. Несін жасырайық, сонау отызыншы жылдары жеті баласын желкілдетіп өсіріп отырған отбасыдан 1932-33 жылдардағы ашаршылықта әкесі мен кіші әкесі Қожахмет Әлішев қана тірі қалады. Дина апаның балалық күні осы Қожахмет атамыздың алдында өтті. Десе де, қатал тағдырдың сыны өмірге қайсарлана ұмтылуға жетеледі. Кездескен қиындыққа мойымай, алған бетімнен қайтпайтын мінез Дина апамызға сол күндері қалыптасты.

Өмірдің қатал сынынан өтіп, болашағына үмітпен қараған анасының арманын арқалаған жас қыз орта мектепті бітірген жылы өзі армандаған оқуға түсе алмай қалады. Бірақ бұл жағдай оның басқа жолдардан, әсіресе, өнер жолынан бағын сынап көруге жетеледі. Бағына орай, бұл арманын жүзеге асыруға Халық әртісі, қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Қанабек Байсейітовтің көмегі көп болды. Ағасының ақылымен 1956 жылы Абай атындағы опера және балет театрының жанынан ашылған хор-вокалдық студиясына қабылданады. Сол студияны 1958 жылы бітіріп, бірден Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына жұмысқа тұрады. Сол жылы театрдағы хордың әншісі ретінде Мәскеуге барып, жоғары баға алып қайтады. Бұл енді ғана 18-ге келген жас қызға оңай болған жоқ. Осыдан кейін театр ұжымы жауапты қызметтерді жүктеп, комсомол хатшысы, кәсіподақ ұйымының мүшесі болып сайланды. Театрдағы білікті мамандар мен басшылардың жол көрсетуінде жұмыс тәжірибесі шыңдала түсті.

Иә, өмірдің кейде адамды екіұдай ойға салатын кезі болады. Мұндайда батыл қадам жасаудың келешегіңе кең жол ашатын тұстары да аз болмайды. 1965 жылы Қажымұқан Үсеновтің қызметінің ауысуына байланысты Дина апамыз Алматыдағы алтын шаңырағы – театрдағы жұмысынан қол үзіп, сол кездегі Талдықорған облысы, Гвардия (қазіргі Кербұлақ ауданы) ауданына ауысып келіп, аудандық Мәдениет үйіне жұмысқа тұрады. Расында, басқалар сол тұста ауылдан Алматыға баруды армандап, қолдары жетпей жүргенде, Алматыдан ауылға ойланбастан тартып кету екінің бірінің ғана қолынан келетін батылдық. Бұл отбасына, отағасына деген терең сүйіспеншілік қой.

Бұл да бүгінгі жастарға үлгі болар іс деп ойлаймын. Кейіннен Көксу ауданына ауысып, тағы да мәдениет саласында тер төгеді. Сол жылдары күнделікті жұмысын атқара жүріп, музыка мектебін құруға құлшына кірісіп, жаңа оқу орнының директоры болып тағайындалды. Енді сахнадағы актриса ұстаз болып, жастарды өнерге баули бастайды. 1974 жылы Талдықорған облыстық көркемөнерпаздар үйінің директоры болып ауысады. Араға бір жыл салып облыстық І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының директоры қызметіне кіріседі. Мәдениет сарайының директоры болып тұрған тұста «Алтын дән», «Ачимноуль», «Ардагерлер хоры», «Қуыршақ» театрлары халықтық атақ алды. Бұл да Дина апаның үлкен еңбегінің бірі еді.

Осыдан кейін Талдықорған қалалық атқару комитетінің мәдениет бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Басшылықтың үмітін жауапкершілікпен қабылдап алған Дина бас-аяғы төрт жылда қаланың мәдениет саласында қордаланып қалған мәселелерді шешіп, жұрт сенімінен шығады. Осы қызметті арқалай жүріп, 1979-1983 жылдары екі мәрте қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Ал 1981 жылы облыстық Б.Римова атындағы  драма театрына директор болады. Әрине, өнер адамдарымен жұмыс жасаудың қиындығын әркім де біледі. Арада бір мезгіл «Қазаккумулятор» зауытына қарасты қазақ балабақшасының меңгерушісі болып, балдырғандар тәрбиесіне де барын салғаны тағы бар. Қысқасы, 1995 жылы зейнеткерлікке шыққанша облыстың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, мәдениетімізді мәйектетуге қосқан үлесі орасан мол болды.

Бір адамның өмір жолы сан тарау. Сол жолдардан жол тауып, тұлға болып қалыптасу барысы да сан түрлі үлгіден тұрады. Бүгінде Дина апамыз елдің құрметіне бөленген, талай биіктерге жеткен, бойында бар асыл қасиетін өскелең ұрпаққа үйретуден жалықпай жүрген еңбекқор адам. Апамыздың сексен жылдық өмірін саралап көргенде, осындай биік мәртебеге жетуін былай жинақтауға болады:

Халқымызда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөз бар. Осы тұрғыдан көргенде, Дина апамыздың студенттік, жастық шағы қазақтың маңдайына біткен, халқымыздың өнері мен өркениетінің биігінен орын тепкен халық әртістері Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Ғазиз Дұғашов, Күләш Байсейітова, Әсет Бейсеуов, Әнуарбек Үмбетбаев, Кәукен Кенжетаев, Роза Жаманова, Ермек Серкебаев, Байғали Досымжанов, Әлкен Мұсабекова, Байғали Досымжанов, Шәбәл Бейсекова, тағы да басқа алыптардың алдында өтті. Олардан өнерге деген құштарлық, білім мен біліктілікті үйренді. Туған ауылынан шыққан Төлеген Ақшанов, Жанат Көшкінбаев, Жекен Жетпісбаев сияқты құрдастарының да жақсы қасиеттері жанына жалау болғаны анық. Кейін Алматыда Дина апамен бірге білім алған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Зейнеп Қойшыбаева, композитор Базарбай Жұманиязов, Мыңжасар Мәмбетаевтар да апамыздың тұлға болып қалыптасуына үлкен ықпал еткені анық.

Әрине, бұл туралы талай қызық әңгімелерді өруге болар еді, бірақ, апамыз айтқандай, өмірдегі ең үлкен табысы – атамыз Қажымұқан Үсеновпен танысып, шаңырақ көтергені. Атамыз орысша оқыған, тік мінезді болғанымен, жүрегі жұмсақ, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына жетік адам  болыпты. Әскери салада ұшқыш болып жүріп, 1958 жылы әскерден босап Қ.Сәтпаев атындағы политехникалық институтына «ПГС» мамандығы бойынша білімін жалғастырады. Өнер жолына түскен адамға отбасындағы отағасының түсіністікпен қарағаны маңызды. Өйткені, айлап алыс сапарға кету, тіпті, үй шаруасына, бала тәрбиесіне қарайтын уақыт жетпей қалатын кездері болады. Мұндайда «сен саларда, мен салар болып жатса», үйдің берекесі, жұмыстың берекеті болмайтыны анық. Дина апамыздың да бүгінгі биікке жетуіне атамыздың байсалды байыптылығы үлкен көмек болғаны шындық. Ол кісінің азаматтық тұлғасы жөнінде жолдас-жораларының аузынан жиі естиміз. Сондай-ақ, қызметтегі ақылшысы, халқының қалаулы ақсақалы Егеубек Далбағаев пен Бәтима Сақауова жол көрсетіп, нұсқау беріп отырғандығы тәжірибесін шыңдап, алға басуына сеп болды. 

Зейнеткерлікке шыққан соң да Дина апа еңбегіміз сіңді, енді жайланып бір демалайық деген жоқ. Тағы да жастарға ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттап, олардың рухани байлығын кемелдендіруге белсене кірісті. Ермек Келемсейіт басқаратын облыстық ардагерлер ұйымының президиум мүшесі, облыстық ардагер әжелер кеңесінің төрайымы ретінде қоғамдық істерге белсене араласып, күрмеуі қиын талай істің шешімін табуына ықпал етуде. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты тәрбиелік шараны қолға алып, облыстық әжелер, әкелер, аталар, келіндер, көршілер форумы мен «Қыздың көркі – бұрым» атты байқау, «Ақ кимешек» атты акция ұйымдастырып, көптің көңілін тапты.

Осы арқылы ежелден келе жатқан сыйластық, ынтымақ, береке, татулық сияқты қазақы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, әр буын бірлікте алға басуына ықпал етті. Бүгінгі нарық қоғамындағы әке рөлін жоғарылату, қыздардың тәрбиесін күшейту, келіндердің отбасындағы орнын айқындау сияқты үлкен мақсаттарға да жол ашты. Сондай-ақ, облыстағы елді мекендерді аралап, «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Бұзық бала қайдан шығады?», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», деген сынды тақырыптар бойынша кездесу, ашық сабақ, тақырыптық көрмелер ұйымдастырды. Аталған бағдарлама облыстың аудан, қалаларындағы ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әжелер комитетінің жетекшілігімен жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, осы бағдарламаны жүзеге асыруда облыстық ардагер әжелер комитетінің мүшелері Гүлжамаш Есенбаева, Қаншайым Сыдықова, Жамал Дәркембаева ауқымды еңбек етіп жүр.

– Басында осы шараны қолға алғанда: «Осы үлкендерге не жоқ, зейнетақысын алып, үйінде немересін бағып отырмай ма?» – деген ұстаздар да кездесті. Бірақ біздің бастамамыз жастардың жақсы жақтан қалыптасуына ықпал ете бастағанын сезінген соң қазір өздері шақыратын болды, – дейді апамыз.

Кейіпкеріміз «Ардагер әжелер» ансамблін құруға бір кісідей атсалысты. Әрине, аталған ансамбльге басында Алтын Бүркеева апамыз жетекшілік етті. Қазір сол ұжымның тізгінін Дина апамыз жалғастырып келеді.

– Алтын Бүркееваның тұсында ансамбльдің репертуарында 60-қа жуық туынды болатын. Оның ішінде қазақ фольклорлары, классикалық туындылардан Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» Мұқан Төлебаевтің «Біржан – Сара» операларының біраз бөлігін айтушы едік. Сонымен қатар, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов қатарлы композиторлардың әндері де орындалатын. Бұрын тек әжелер ансамблі еді, бүгінде қатарымызға ерлер қосылып, аралас хорға айналды. Алдымызға академиялық хор құрамыз деген мақсат қойдық. Мен жеке дауыста орындаушыларға жауаптымын, Азат Құрсабаев хорды міндетіне алған. Ардагерлер кеңесінің 30 жылдығына орай есепті концерт беріп, облыстың аудан, қалаларын аралап, өнерімізді жұртқа көрсетіп жүрміз. Қазір «Біржан – Сара» операсының толық нұсқасын дайындаудамыз. Мерекелерге қарай тақырыптық туындыларды да орындайтын деңгейге жеттік, – дейді Дина Нұрғалиқызы.

Иә, өсер елдің өсиетін айтып, ұрпақты береке мен бірлікке ұйытатын осындай аталар мен апалары бар бүгінгі ұрпақ бақытты. Сондықтан, олар қандай да биік мәртебе мен атаққа лайықты деп санаймыз. Дина Нұрғалиқызы да атақ пен құрметтің талайын алды. Оның бәрі еңбектің, талпыныстың, жан аямай жүгірудің нәтижесінде келген марапат. Оның бәрін тізіп шығудың жөні жоқ шығар. Солардың ішіндегі Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атанғанын, Қазақстан Республикасының 20, 25 жылдық мерекелік медалін, Республикалық ардагерлер кеңесінің 30 жылдық мерекелік медалін кеудесіне жарқырата таққанын, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталғанын айтсақ та жетеді. Сондай-ақ, Көксу ауданының, Талдықорған қаласының, Алматы облысының Құрметті азаматы. Бұл халықтың берген ең жоғары бағасы.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, Дина апамыз қоғамдық істермен қатар отбасының да берекесі мен бірлігін берік сақтаған асыл ана. Қажымұқан атамызбен ынтамағы жарасқан отбасын құрып, екі ұлы мен қызын тәрбиелеп өсірді. Бәрі еліміздегі және шетелдегі жоғары оқу орындарын бітіріп, ел үшін еселі еңбек етуде. Бес немере, төрт шөбересі де апасының жолын қуып, елдің мақтанышына айналарына сеніміміз кәміл.

Халқымызда «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген нақыл сөз бар. Дина апамыз Алматыдағы опера театрында жұмыста жүргенде бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көңіл көкжиегін кеңейтсе, Б.Римова атындағы драма театрын басқарып тұрған тұсында шетелдің біраз жерін аралап, таным аясын кеңітті.

Міне, бүгін балалары мен келіндерінің әлпештеуінде әлемнің жақұтына айналған, мәдениеті мен өнері, ғылымы мен білімі өркендеген Еуропа, Шығыс Азия елдерін сапарлап, санасын сергітіп жүр. Демек, замандастарын ерекше болмысымен тәнті еткен Дина апамызға ел мен жер, келешек ұрпақтың бақыты мен болашағы үшін атқарған еңбегіңіз жемісін берсін деп тілейміз.

Қажет АНДАС

Алматы облысы