"ӨЗ ІСІНІҢ БІЛГІРІ": ТАНЫМАЛ СӘУЛЕТШІГЕ ТАҒЫ БІР АТАҚ БЕРІЛДІ

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еңбек қашанда бағалануы тиіс. Осыны үнемі есінде ұстайтын Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Қазақстанның Құрметті сәулетшісі, Қазақстан Республикасы Көркем академиясының академигі Қаби Баулықовты қабылдады. Елдің әлеуметтік-мәдени дамуына сіңірген талай жылғы еңбегі ескеріліп, сәулетшіге «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Амандық Ғаббасұлы Қаби Байәділұлына ерекше ілтипатын білдіре отырып, сәулет саласындағы қызметтеріне қысқаша тоқталды.

– Бұл азамат өте дарынды маман және өз ісінің білгірі. Талдықорған қаласының өсіп, өркендеуіне, көріктеніп, гүлденуіне талай еңбек сіңірді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» демекші, кеңесе отырып көптеген жобаны бірлесе жүзеге асырдық, – деген Амандық Ғаббасұлы ойын одан әрі жалғап, аталған дарын иесінің атқарған жұмыстарына шолу жасады.

– Қаби Байәділұлы Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлердегі маңызды жобалардың авторы. Олардың арасында Моңғолияның Баян-Өлгей қаласындағы 250 орынды мешіт, Сирияның  Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени орталығы мен кесенесі, «Халықтар достығы» монументі, Конгресс-холл ғимараты, Нұр-Сұлтан қаласындағы 500 орынды мешіт, сондай-ақ, Ақтау қаласындағы көпфункциялды «Маяк» кешені, тағы басқалары бар. Талдықорған қаласындағы жаңа оңтүстік-батыс тұрғын ауданының құрылыс жоспарының, ипподром мен аквапарк және көптеген гүлзардың авторы. Сондай-ақ, біз Талдықорған қаласына кірер аумақты абаттандыру жоспарын бірлесе әзірледік. Бұл - Қазақтанда теңдесі жоқ бірегей жоба. Егер біз оны сәтті жүзеге асыратын болсақ, тұрғын үй құрылысын автомагистральдан бөліп тұратын халыққа жайлы орын, қауіпсіз жасыл аймақ болады, – деді облыс басшысы. Сондай-ақ, ол сәулет пен құрылыстың бір-бірімен тығыз байланысты сала екенін, десе де екеуі екі бөлек өнер саналатынын, яғни, сәулетшіліктің кең және терең ойлауды қажет ететін шығармашылық жұмыс болып табылатынын алға тартты. Бұған қоса, қазіргі кезде сәулетші мамандардың тапшы екенін назарға алып, осы ретте сәулет өнеріне бет бұрған жастар болса Қаби Байәділұлы сияқты тәжірибелі мамандардан үлгі-өнеге алулары тиіс екенін тілге тиек етті.

– Құрметті Амандық Ғаббасұлы, сізге деген алғысым шексіз. Өйткені, еңбегімді бағалап, көпшілік алдында құрмет көрсетіп отырсыз. Шынымды айтсам, менің жолым болды. Себебі, осыншама жыл құрылыс саласын түсінетін сіздей басшымен бірге жұмыс істегеніме қуанамын, сол үшін өзімді бақытты санаймын. Алдағы уақытта да орындалуы тиіс жоба-жоспар көп. Сондықтан, әлі де бірге жұмыс істейміз деген ойдамын, – деді облыс басшысы тарапынан көрсетілген ерекше ілтипатқа ризашылығын білдіріп, жылы лебізін айтқан Қаби Байәділұлы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт те жүрекжарды тілегін жеткізді. Ақ тілектер ағынына облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов те қосылып, үлгі тұтар осындай азаматтардың көп болуы тиіс екенін жеткізді. Бұдан соң сәулет өнерінің иесі Қаби Байәділұлына барынша сый-құрмет көрсетіліп, омырауына медаль тағылып, иығына шапан жабылды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы