Ұлылардың сарқыты

Уақыты: 04.06.2016
Оқылды: 2455
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Мен ол кісіні ең алғаш ұлтымыздың ұлы тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің қасынан көрдім. Әскерден келіп, оқуға ат­та-нардың алдында Бөрлітөбе аудан­дық газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Редакторымыз Бо-лат­­хан Ахметов шақырып алып: «Ауданға Нұр­-ғисаның «Отырар сазы» оркестрі келді. Компози­тормен сұхбат жасап кел!» – деп тап­сыр­ма берген. Тәжіри­­бемнің аздығынан ба, жасқана-жасқана Лепсідегі жалғыз қонақүйге де жеттім. Нұрағаңа жақын­дау мүм­кін болмады. Концерт алдын-дағы қарбаласпен жүр екен. Ме-­ні­мен тілдескен оркестрдің дирижері бойшаң, ашаң-жұқа жігіт ағасы: «Ертең түске қа­рай кел, өзім жолық­тыра-мын!», – деп шығарып салды. Айт­қандай-ақ, ертеңіне Нұраға­мен жолығып, естен кетпес әңгі­мелерін естігенмін. Осы жүзде­суіме жағдай жаса-ған азаматтың ауданымызға қарас­­ты Көктерек ауылында туып-өскенін соңы­нан барып біл­дім.

Осыдан кейін Жамағат Темірғалиев ағамызды жиі жолықтырып жүрдім. Өлкемізде өтіп жататын қандай да бір мерекелік шараның басы-қасында жүріп, үнемі  халыққа тамаша әуен сыйлайтын, небір күрделі шығармаларды нақышына келтіре орындайтын оркестрлерге жетекшілік ететін тұлғаны мақтаныш тұтатыным рас. Адамды құрметтеу үшін онымен жеке таныс болуың шарт емес. Бастысы, оның азаматтығын, даналығын, дарындылығын мойындасаң болғаны. Сонау бозбала шағымда қазақ музыка өнерінің саңлағы Нұрғиса Тілендиевпен бірге елге келіп, сиқырлы саз әлеміне шексіз ғашық етіп кеткен Жамағат Хафизұлы да менің жүрегімнен осылайша ерекше орын алған. Жанында жүрмесек те, аты аңызға айналған композитор Нұрағаның «еркеліктері» жайлы құлағдар болатынбыз. Жұмыс үстінде қатал әрі талапшыл болғанымен, жайшылықта жайма-шуақ осы бір жанмен бірге қызмет жасау­дың өзі бір ғанибет шығар деп ойлаушы едім. Бір жағынан «мінезі шатақ ұлы тұлғамен қалай түсінісіп жұмыс жасады екен?» – деген сауалдар да менмұндалайтын. Содан кейін елімізге белгілі өнер ұжымдарына жетекшілік жасап, өзі де тамаша шығармаларды дүниеге әкелген осы Жамағат Хафизұлының ішкі әлеміне бойлау, сиқырлы өнердің тылсымын ұғуға талпыныс жасау мақсатыма айналғандай. Енді, міне, сол шаруаның орайы келіп, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бір класында Жамағат Темірғалиев ағамызбен сұхбаттасып отырмын.

«Өнер атадан балаға қонады» деген түсінік ежелден бар. Осы жайлы ой қозғағанымызда Жамағат аға әкесі Хафиздың домбыра тартып, ән салатынын, анасы Қамар той-томалақтарда сыр­найлатып шырқайтынын айтқан. 1963 жылы орта мектепті өте жақсы тамамдаған Жамағат Қа­зақ педагогикалық институтының тарих фа­куль­тетіне құжаттарын өткізеді. Емтиханды да кілең беске тапсырып шыққан. Алайда Хрущевтің сол кездегі  жоғары оқу орнына екі жыл еңбек өті­лі­мен келу жөніндегі нұсқауына сәйкес, конкурстан өте алмай, ауылына қайтуға мәжбүр болады. Мұ­ны, бәлкім, жас жеткіншектің өнер саласына қа­дам басуына мүмкіндік деп те түсінген жөн шы­ғар. Себебі, егер сол жолы Жамағат қалаған фа­куль­те­тіне түсіп кеткенде тамаша бір тарихшы қа­лып­тасып, қазақ өнері дарынды музыканттан көз жа­зып қалар ма еді, қайтер еді?!.

Кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан өрен әкесі басқаратын ұжымшардың қара жұмысына барса да болатын еді. Алайда ол әлдебір тылсым күштің жетелеуімен Сарқан қаласындағы аудан­дық білім бөлімі бастығының алдынан бір-ақ шығады.

–    Қандай қабілетің бар? – дейді төраға.

–    Баян ойнаушы едім...

–    Нота білесің бе?

–    Қара танимын.

Басшы қағазға әлденелерді жазып, бір мекен­жайға жібереді. Онда Жамағатты аккордеон ойнап отырған,  көзәйнегі бар орыс азаматы қарсы алып, қолына баян ұстатады. Бірер әуенді ойнатқаннан кейін алдына нота қағазын қойып, ойнап беруін өтінген. Моцарттың шығармасы екен. Жамағат іркілмей, оны да құйқылжыта ойнай жөнеледі. Риза болған сынақ алушы қағаздың екінші жағына өз пікірін жазып, қайтадан білім бөлімінің басшысына жолдайды. Мектеп директоры  оған пионерлер ұйымының жетекшісі міндетін қосақ­тайды. Келесі оқу жылы басталарда әкесі Жама­ғатты еркіне қоймай, ауылына алып кетеді. Алайда, бұл да жас музыкант үшін үлкен тәжірибе мектебі болғаны анық. Сабақтан тыс ауылда өтіп жататын түрлі мерекелік шараларды ұйымдастыру, концерт­тік бағдарламалар дайындау, салтанатты мере­ке­лерде ауыл тұрғындарынан хор шығару музы­кант­тың еншісіндегі дүниелер. «Саған қатысы бар ма?» – деп ешкім сұрап жатпайды.

Осылайша дүбірге толы тағы бір жыл өте шығады. 1965 жылы Жамағат арманын алау етіп, қайтадан Алматыға аттанады. Бұл жолы жүрек қалауы оны консерваторияның табалдырығына жетелеп әкелген. Әділдік әйтеуір бір үстемдік құрады емес пе? Бір орынға 33 талапкерден таласқан бәсекеде мұның жолы оңғарылып, консерватория студенті атанады. Алайда, баян класында орын болмай, контрабас мамандығына қабылданады. «Талапты ерге нұр жауар» демеуші ме еді халқымыз. Ол мемлекеттік симфониялық оркестрде, Құрманғазы атындағы мемлекеттік ұлт аспаптар оркестрінде концертмейстер болып қызмет жасайды. Оқуын бітіргенде осы ұжымдар талантты жасты сөзге келместен өздеріне жұмысқа алғаны да сондықтан. КСРО Халық әртісі Шамғон Қажығалиевтің қол астында біраз қызмет жаса­ған­нан кейін жас жігіттің бойындағы талантты тани білген өнер саңлағы Жамағатты дирижер маман­дығы бойынша аспирантураға қабылдап, өз жетек­шілігімен ғылыми дәрежесін қорғатып шығады. Аспирантураны сәтті аяқтаған шәкіртіне ұстазы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге баруға кеңес береді. Себебі, ол кезде кілең орыстар қызмет ететін бұл оқу орнында ұлт­тық саз өнерінің иісі де шықпаушы еді. Учили­щеде қазақ өнерінің білгірлері Мәкәрім Қойшы­баев, Жиенбек Ырысалдин сынды азаматтар еңбек ететін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезде де олар «ұлтшыл» атанудан жас­қан­бай, қолдарынан келгенше қазағының намысы үшін күресіп өтті емес пе? Жамағат мұнда да ұстаз­дарының үдесінен шыға білді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде училищеде ұлт-аспаптар оркестрі дүниеге келіп, халық аспаптары бөлімі ашылды. Оның бірінші меңгерушісі де Жамағат Хафизұлы болатын. Осы жерде 5-6 жыл жемісті еңбек етіп, жұмысты жолға қойғаннан кейін Жамағат Темір­ғалиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына қайта оралып, ұстаздық қызме­тін жалғастырады.

90-шы жылдардың басы. Осы кезеңде Жамағат Хафизұлын өзі туып-өскен өлкесі – Талдықорған облысында ұлт-аспаптар оркестрін құруға шақы­рады. Сөйтіп өзі қызмет ететін консерваторияның оқытушыларымен, студенттерімен келісім жасап, бір жылы бітіретін 13 түлекті соңынан ертеді. Оған қоса барлығы 50 адамнан тұратын Мұқан Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрі осылайша дүниеге келген болатын. Бұл айтқанға ғана оңай. Оркестрді қажетті музыкалық аспаптармен қамтамасыз ету, тиісінше ұлттық костюмдер тіккізу, сахна төріне көрікті де көркем қыз-жігіттерді шығару мәселенің бір парасы ғана. Халық әндері мен жергілікті ком­позитор, сазгерлердің дүниелерін таңдау, олар­ды нотаға түсіру, оркестрге дайындау оңайға түс­песі бел­гілі. Осы жұмыстың басы-қасында об­лыс­­тық мә­дениет басқармасының бастығы Егеубек Дал­бағаев, әкімдіктің өкілі Гүлшә Тәңір­бергенова сын­ды азаматтар жүргенін айта кету керек. Кон­сер­ваториядан келген 13 түлектің барлығы пәтермен қам­тамасыз етілуіне олар аз еңбек сіңірген жоқ. 1991 жылдың қараша айында Алматыдағы Жам­был атындағы филармонияның концерт залында оркестрдің тұсаукесері өтті. Міне, өнердің шынайы өкілдері мен жанашырларының есепсіз еңбегінің арқасында дүниеге келген М. Төлебаев атындағы оркестр бүгінгі күнге дейін жұртшылықты жоғары сапалы музыкамен сусындатып келе жатыр. Алайда, бәрі біз ойлағандай жақсы бола берме­гені анық. 1997 жылы Талдықорған облысы қысқартылып, Алматы облысына бірік­тірілуі өз қиындығын ала келген.  Об­лыстың өзге де құрылымдары сияқты өнер ұжымдарына да қысқару қаупі төнеді. Осы тұста қосылған  облыс басшылары мен мәдениет сала­сын­дағы мамандардың Талды­қор­ған­дағы Бикен Римова атындағы дра­ма театры мен М. Төлебаев атын­дағы ұлт-аспаптар оркестрін  тарат­пау жөніндегі шешімі тамаша өнер ұжымымен қоса бірегей дарын ие­лерін сақтап қалуға да оңды ықпа­лын тигізгені баршаға мәлім.

Нұрғиса Тілендиевтің шақы­руы­мен қайтадан «Отырар сазына» бар­мақшы болып отырған Жәкеңді облыстың жаңа басшысы, өнердің шынайы жанашыры Серік Үмбетов шақырып алып, Сүйінбай Аронұлы атындағы облыстық филармонияға дирижер болуды ұсынады. Мұнда ал­дымен Ғабиден Тұяқаевпен бірге ең­бек етсе, кейіннен филармонияға өзінің курстас досы Алтынбек Қо­раз­баев басшы болып келіп, жұ­мыстарын жандандыра түскен. Филармонияда «Адырна», «Саз­ген», «Алтынай» би ансамблі сияқты көпке танымал топтардың дү­ниеге келгені де осы кез. Мұндай маңызды жобаларды жоғары жақтың қолдауынсыз жүзеге асыру қиын екені рас. Осы мәселеде Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақ өнерінің қуатты қолдау­шы­ларының шапағаты мол болатын. Кейіннен облыс басшысы Заманбек Нұр­қаділовтың ықпалымен жаңадан салынған үйден үш бөлмелі пәтерге ие болуы да осы өнердің арқасы деп қа­был­даған жөн.

Орайы келгенде: «Жамағат аға, Нұрғисаның «Отырар сазы» оркестріне қалай келіп, қалай жұмыс жасағаныңыз жөнінде үндемедіңіз ғой?» – деп қалдым. «Ол, айтып тауысуы мүмкін емес бөлек әңгіме ғой, – деді  ойлана тіл қатып. – Бұл 1986 жыл болатын. Бір күні Нұрағаң маған: «Тез жетсін!» – деген сәлемімен қоса қызмет көлігін жіберіпті. Еркіме қоймай отырғызып алып барды. «Маған дирижер болып келесің!» – деп мәселені төтесінен бірақ қой­ды. Мен істеп жүрген жұмысымнан кете ал­май­ты­нымды айтып, сылтау іздей бастап едім, Қа­зақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінде хат­шы бо­лып қызмет жасайтын Камал Смайыловқа тіке­лей қоңырау шалып, алды-артымды орап тас­тады.  Әлі есімде, Нұрағаң арызымның шетіне: «Принять на должность дирижера с испытатель­ным сроком» деп жазған болатын. Біз оған көпке дейін күліп жүрдік. «Отырар сазындағы» жемісті жылдар осы­лай басталды».

Жамағат Темірғалиев тамаша дирижер, шебер ұйымдастырушы ғана емес, дарынды композитор еке­нін мәдениет саласында жүргендер жақсы бі­леді. Оның жүріп өткен өнер жолы түптің-түбінде осы сазгерлікке әкелетіні даусыз еді. Әлемдік му­зыка өнерінің егжей-тегжейіне терең үңіліп, қа­зақ әндерін нотаға түсіріп, үлкен шығарма­лардың пар­титураларын жазып жүрген жан күндердің бір кү­нінде өзі де саз әлеміне із тастауы заңдылық.  Осы­лайша, Жәкеңнін «Күй – дастан», «Өмір толғауы», «Ауыл кеші», «Бабалар үні», «Сынтас» атты терең иі­рімді күйлері дүниеге келген. Ал «Алматы валь­сі», «Туған елім», «Көріктім», «Ақсуым» сияқты көп­теген әні ел аузында айтылуда.

Бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнерін өркен­де­туге арнап, 50 жыл бойы  қазақ музыкасының қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы консер­ва­то­рия­дан қол үзбеген Жамағат Темірғалиев жетпісті ал­қымдаса да ұстаздық қызметін жалғастыруда. Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ­станның мәдениет қайраткері, консерватория доценті атағы бар ол жас ұрпақты ұлттық өнер мен әлемдік музыканың қыр-сырына қанықтырып, шеберліктерін шыңдаудан жалыққан емес. Өзінің төрт баласы өнер жолын таңдамағанымен, екі ана­дан туған бауырлары өнердің әр саласында жемісті еңбек етуде.  Олар жайлы айтқанда Жәкең мақта­нышын жасырмайды. «Жолболсын және Жеңіс деген ағаларым мені өнерге баулыған еді. Өкінішке орай екеуі де дүниеден ерте озды. Олардан тараған Талғат, Ырысты, Өркендер музыка мамандары. Немереміз Айым Вена консерваториясында білім алуда. Қарындасым Күләш, оның жолдасы Рахым­бек Қағазбеков Шелектегі музыка мектебін басқар­ды. Балалары да өнер саласын таңдаған. Тек, менің ба­лаларым ғана өзге мамандық иелері атанған. Ен­ді бес жасқа келетін ұлымнан үміт күтіп отырмын. Әкелік әрі кәсіби көзбен қарасам, соның бойында музыкаға деген құштарлық байқалатындай...», – дейді ол ағынан жарылып.

Биыл 70 жылдық мерей­тойын атап өткелі отырған Жамағат ағамыз ширақ қи­мылмен бөлмеде тұрған пиани­ноға отырды да мен үшін беймәлім бір әуенді құйқылжыта ойнай жөнелді. Салалы саусақтары перне тақталарда  кідіріссіз ойнақ салады. Бойында бір түйір артық еті жоқ, өмірге құштар ағаның әлі талай асуларды  бағындыруға қабілеті де, күш-қуаты да жететініне ешқандай шүбәміз қалмаған еді осы кезде!

Қуат Қайранбаев

Алматы қаласы.