Ұлттың үні

Уақыты: 20.02.2017
Оқылды: 2124
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ радиосының қызметкері, белгілі журналист Бақыт Жағыпарұлының есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Осы салада жүріп мол тәжірибе жинақтады. Қазір өзі де айтары бар тәлімгерге айналды. Сонымен қатар, айтыскер ақын ретінде елді елең еткізген сәттері де аз емес. Кинотанушыдан журналиске айналған әріптесіміздің ой-толғамдары, пікірлері мен көзқарастары оқырманды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. «Жетісуға» берген сұхбатынан оны анық аңғарасыз.

– Өнер академиясын бітіргеніңізді білеміз. Бұл оқу орнын таңдауыңызға не себеп болды? Сол кездерді қандай сезіммен еске алар едіңіз? 
– Әр адам болашақта кім болғысы келетінін бала кезден армандайтыны рас. Мен де кішкентайымнан әдебиетке құмарттым. Оған бірге оқыған құрбы-құрдастарымның да ықпалы аз болған жоқ. Бәріміз мектеп қабырғасында жүріп-ақ жазушылық жолға қызығушы едік.
Сол арманның жетегімен мектеп бітіргеннен кейін киелі қара шаңырақ – ҚазМҰУ-ға жол тарттым. Бірақ, белгілі себептермен құжат қабылдауға үлгермей қалғаным. Енді не істеу керек?  Сөйтіп көңілім жабырқап жүргенде Т. Жүргенов атындағы театр және кино институтының жаңадан ашылған кино факультетіне талапкерлер қабылдаймыз деген  хабарландыруға көзім түсті. Оның ішінде кинотанушы, кино  режиссер және мультипликация мамандықтары бар екен. Кинотанушы дегеннің тұсына газет-журналдар мен телерадиода қызмет етуге болады деген түсініктеме жазылыпты. Іздегенім алдымнан шығып, аталған факультетке құжатымды өткіздім. Жолым болып оқуға түсіп кеттім. 
Бөгенбай көшесі мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы біздің оқу орнымыз ҚазМҰУ-дың бұрынғы бас ғимараты екен. 
М. Әуезов сынды ойшылдардың ізі қалған аудиторияларда дәріс алу бақытына ие болдым. Атақты Кәукен Кенжетаев, Асқар Тоқпановтарды бетпе-бет көріп, амандасудың өзі үлкен мәртебе еді. Сол кездегі институт ректоры Есмұхан Обаев аудиториядағы хал-ахуалды, жатақханадағы жағдайды өзі жиі-жиі қадағалап, арқырап-сарқырап әзіл әңгімесін айтып, әкеміздей дем беріп, жан жылуын сыйлап кететін. Ол кісінің драма актерларын дайындайтын өзінің курсы да  болды. Сондағы студенттерді  баласындай еркелететін. Бірақ,  жұмыста қатал, талапшыл еді. 
Ал, кино факультетінің алғашқы деканы, әйгілі режиссер Виктор Пұсырманов, одан кейінгі деканымыз аниматор-суретші Ерсайын Әбдірахманов өте көшелі, білімді, парасатты кісілер болды. Бізді  кинотанушы мамандығы бойынша тұңғыш қабылдаған  кураторымыз профессор Нөгербеков Бауыржан Рамазанұлының орны бір бөлек. Курсындағы 11 баланы алақанында аялады. Төрт жылдың ішінде ол кісінің бірде-бір рет ашуланғанын немесе ұрысқанын көрген жоқпыз. Ағамыз қазір Астанада тұрады.  
Кинодраматургия, Қазақ киносының тарихы, Қазақ театрының тарихы, анимациялық фильмдер туралы пәндерден есімі елге белгілі ерен азаматтар дәріс берді. Әмен Қайдаров, Әкім Тарази, Сатыбалды Нарымбетов, Камал Смайылов, Өтеген Күмісбаев сынды сүйегіне білім мен ғылым сіңген сойлардан тек қана кино емес, қазақтың арғы-бергі танымдық дүниесі туралы тағылымды сабақ алдық. Кеңестік саясатқа орай архивте жатып, көрерменімен қауыша алмаған қазақ киносының небір озық туындылары  бізге арнайы көрсетілетін. Сол туралы  рецензия жазып, талдап-талқылап, бір шаңды бір шаңға қосқан күндер  қалай ұмытылсын?! 
– Кинотанушы мамандығын алғаннан кейін киноға бармадыңыз. Жолыңыз бірден басқа арнаға бұрылды. Қазақ радиосының қызметкері болып шыға келдіңіз. Осы жұмыста сізге кімдер көмектесті, кімдер сенім артты? Журналистиканы меңгерудің қандай машақаттарын бастан кешірдіңіз? Алғашқы хабарларды эфирге қалай әзірледіңіз?  
Бұл сөздерің  рас, диплом алған соң  бірден Қазақ радиосына қызметке қабылдандым. Студент кезімде  кураторымыз Бауыржан Нөгербек кино сценарийлерді маған дауыстап оқытып, оны басқаларға тыңдатып, сен түбі радиоға барасың деп отыратын. Сәйкестік пе кім білсін, сөйтіп шығармашылық жолымыз радиоға қарай ойысты. 
4-курс оқып жүргенде Қазақ радиосының «Жастар» редакциясында Айжан Сыздықова деген журналистің біраз хабарларына қатысқам. Кейін сол қыз менің радиоға келуіме себепкер болды. Алғашында 5-6 ай ақы-пұлсыз сынақтан өтуіме тура келді. Бір күні «Жастар» редакциясының жетекшісі марқұм Бақыт Досымов «Әй, бала, қашанғы өстіп жүресің? Дәл қазір директорға кір, жағдайыңның бәрін түсіндіріп айт. Қажет десе мен сен туралы мінездеме жазып беремін», – деп қолтығымнан демеп жіберді.
 Ол уақытта радионың директоры  Төрехан Данияр еді. Ол кісі де эфирден шағын сұхбат, репортаждарымды тыңдаған екен. Екі сөзге келген жоқ бірден жұмысқа қабылдады. «Мына баланы адам жасаңыз», – деп ақпарат  бөлімінің жауапты редакторы Жолымбет Кейкеловке тапсырды. Неден қашсаң соған тап боласың дегендей киім киісі, әсіресе қалың қасы мен түксиген қабағы,  оған қосылған қою мұрты Жолымбет ағаны сыртынан сұсты ғып көрсететін. Алайда, Жөкеңнің жаны жомарт, өз ісінің нағыз білгірі екеніне кейіннен көз жеткіздім. Өмірінің соңына дейін әкелі-балалы жандардай сыйласып тұрдық.  
Радиодағы алғашқы кең көлемдегі хабарым «Замандас» деген атпен жастар  поэзиясы туралы жасалған еді. Сол хабардан кейін Жолымбет ағаның  шын тілекші ұстаз ретіндегі қуанып,  ақ батасын бергені өмір бақи есімнен кетпес.  Алғашқы сұхбат алуға режиссер  Болат Атабаевқа  барғанда радио репортердің микрофонын қосуды ұмытып кетіп,  жарты сағат құр босқа сөйлеткен кездер де өзінше бір қызықты оқиғалар. 
– Сонымен, Қазақ радиосының толыққанды бір мүшесіне айналдыңыз. Осында жүріп радио тарихына үңілген, көңіл қойған кездеріңіз болды ма? Бұл туралы нендей деректер мен дәйектерді айтар едіңіз. 
– Мен «НТК», «З1», «Алматы» телеарналарында  қызмет істедім. Бірақ солардың ішінде Қазақ радиосы өзімнің туған үйімдей, өскен ауылымдай ардақты, ең ыстық мекеме.  Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Шолпан Байғабылова сынды дикторлардың ақыл-кеңесін тыңдадым, Әбдіхалық Досмағамбетов, Тілеуберді Доспаев,  Фарихан  Атханова, Ақбол Үдербаева секілді режиссерлардың тәрбиесін көрдім, Ғұсман Игісінов, Дүйсенбек Қанатбаев, Мұқай Байсейітов, бүгінде арамызда қызмет ететін Ғалым Есенсариев, Қошан Мұстафаұлындай  мықтылармен әріптес болдым. Осының барлығы да мен үшін  үлкен мектеп. Осы кісілердің әрқайсысы радио тарихында алтын әріппен жазылып қалатын қайталанбас тұлғалар. 
Ал, радио тарихы туралы сөз бөлек. Осы күнге дейін Қазақ радиосының атасы Ахмет Байтұрсынұлы екенін қарапайым халық түгілі зиялы қауымның өзіне түсіндіріп айта алмай келеміз. Бұл туралы профессор Намазалы Омашев өзінің зерттеу еңбегінде егжей-тегжейлі тоқталып дәлелдеген болатын. 2001 жылы радионың 70 жылдығы аталып өтер тұста Намазалы ағаның зерттеу еңбегінің нәтижесінде Қазақ радиосының тарихы 10 жылға ілгерілеп  80 жылдығын атап өткенбіз. Яғни 1921 жылы Қазақ радиосының алғашқы граммофондық  хабары Орынбор қаласынан 1 қазанда шыққандығы толықтай айғақталды.  Сондықтан 1 қазанды алдағы уақытта Радио күні деп  бекітіп, А. Байтұрсынұлы атындағы радио журналистер байқауын өткізуді «Алматы студиясының» ұжымы болып «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның төрағасы Кемелбек Ойшыбаевқа ұсынғанбыз. Ол кісі жақсы қабылдадап еді. «Ұстараның жүзіндей аударылған дүние» ғой. Арада тағы да ауыс-күйіс болып, ұлттық арна тізгінін ұлтжанды азамат, саясат сахнасында өз орны бар, руханят әлемінде де айтар ойы айшықты Ерлан Қарин мырза келді. Бұл ұсынысымыз жаңа төраға тарапынан да қолдау табады деп сенеміз. Оның үстіне биыл Алашордаға 100 жыл. Біздің бастама осы айтулы оқиғамен үндесіп-ақ кететін еді. Сонымен бірге өткен жылдың соңында Қазақ радиосы жеке отау құрып, бөлініп шықты. Оған белгілі журналист, тәжірибелі басшы Досымбек Өтеғалиев директор болып сайланды. Заманымыз бір, мақсатымыз ортақ болғандықтан Досымбек Қонысбекұлымен де әуе толқынындағы қызметімізді қызу да қызықты өткіземіз деп ойлаймын. Жоғарыдағы ұсыныс та қолға алынып, оң нәтижесін береріне сенімім мол.
Тағы бір айтпағым,  телеарнадағы жолымды ашқан Марат Тоқашбаев пен Абдолла Алтый Сүлеймен еді. Сол кісілердің ықыласымен 2001 жылы Қазақстан ұлттық арнасында «Таңшолпан» бағдарламасын жүргіздім. Молдабек Сағымбеков, Жомарт Молдахмет, Серік Ахметов, Дәулетхан Жиенқұлов, курстас досым   Берік Уәли сынды телеарнаның дүлділдері бұл саланың да қыр-сырын меңгеруіме  көп көмек көрсетті. Берік Уәли екеуміз Кино факультеттегі кинотану бөлімінде  бірге оқып едік,  кейіннен 2003-2005 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің  магистратурасында тағы да бірге білім алдық.     
– Қазақ радиосында жерлесіңіз, ағаңыз Мұқағали Мақатаев та диктор болған. Осы ұжымда сол кісі жайлы талай әңгімелерді естіген шығарсыз. Әріптес аға-апаларыңыз не деуші еді? Мұқағали мен Әнуарбек Байжанбаевтың арақатынасын бейнелейтін естеліктер болса, оны да айта отырсаңыз. 
– Мұқағали ақынның дикторлығын паш ететін нақты дерек өз дауысымен оқылған өлеңдері. Ол Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Өкінішке орай Мұқаңның да, Әнуәрбек Байжанбаевтың да бейне жазбалары сақталмаған. Атақты ақын Еркін Ібітанов: 
Нұр құшқанда Алатау шоқылары,
Микрофон алдында отырады.
Тыңдаңыздар, далалық-қалалықтар,
Эфирде соңғы хабар оқылады, – деп Мұқағали ағасының дикторлық қызметін суреттейді. «Хантәңірі, қайдасың» дастанында Әнуарбек Байжанбаевтың М. Мақатаевты радиоға диктор қып орналастыруы да кеңінен айтылған. Әнекең Мұқаңды ерекше құрметтеп, туған інісіндей жақсы көріпті. Қолынан келген бар қамқорлығын жасаған көрінеді. Бұл жайлы Ә.Байжанбаевтың  ұлы, радиодағы тағы бір ұстазым Арыс Байжанбаевтың аузынан талай мәрте естідім. Тіпті, Мұқаңның дикторлық  өнерге баулыған ұстазына арнаған өлеңі де болған екен. Бірақ,  ол ешбір жинағына енбеген. Бәлкім,  баяғы жоғалған қолжазбаларымен бірге кетті ме екен деп ойлаймын. 
– Радио мен газет екеуі де бұқаралық ақпарат құралына жатады. Алайда, радионың өз ерекшелігі бар. Соның кейбір қыры мен сыры туралы айта кетсеңіз. 
– Радионың  негізгі өзгешелігі басқа әріптестерінен бұрын оқиға орнынан ақпарды жылдам жеткізеді. Өзіңіз айтқандай  оның көзге көрінбейтін сан түрлі машақаты да жетерлік. Тақырыпты, кейіпкерді өзің табасың. Сұхбатты өзің аласың. Оны өзің монтаждайсың. Сценарийін өзің жазасың, тіпті тақырыпқа орай әнін де, төсеніш музыкасын да өзің таңдайсың. Бұрынғы уақытта арнайы оператор, дыбыс режиссеры, редактор, диктор болатын болса, қазір соның бәрін бір-ақ адам атқарады. Бұл алдын ала таспамен жасалатын хабардың құпиялары. 
Ал, тікелей эфирдің  жауапкершілігі орасан.  Кейде шақырған кейіпкерің әлде бір себеппен келмей қалуы да мүмкін. Ондайда тығырықтан жол тауып,  бір сағаттық немесе жарты сағаттық эфирлік уақытты толтыру сырттайғы адам ойлағандай  оңай шаруа  емес. Бір досым айтып еді: «Екі сағаттық  хабарға екі күн дайындалады екенсің ғой» деп. Бұл бер жағы ғана. Сонымен қатар, қаншама кітап ақтарасың, архив қопарасың, өмірден өтіп кеткен танымал кісілердің «Алтын қордан» дауысын іздейсің. Сондықтан радио деген көшеден жүгіріп  келіп,  микрофонның алдына отыр қалып,  қызыл сөзді көпіртіп айта беретін мінбер емес! 
– Сіз – айтыс ақынысыз.  Осы өнерге қалай келдіңіз? Сол жайында әңгімелессеңіз.
– Мен айтысқа мектептегі оқушы кезімнен қатыстым. Атақты Оразалы Досбосынов, Жұматай Әміреев үшеуміз Нарынқолдан қатар шығып,  облыстық оқушылар айтысында аудан намысын қорғадық.  Бұл жолға түсуіме ең алғаш себепкер болған, өнерімнің көзін ашқан Нұрлан Құлмұхаммедов атты ұстазыма алғысым шексіз. Одан кейін ауылдар мен аудан арасында қолымнан жетелеп жүріп талай додаға қосып, тілеуімді тілеген Мәулен Өмекеевке де  зор рахмет. Оқушылардың аудандық айтысында назарға ілінген сәттерден бастап  Дариға Саламатова, Даубай Әбдісаев, Қасен Саматыровтар да құшағына қысып,  бағыт-бағдар берді. Тіпті, Нарынқолдың өзінде тұратын белгілі әдебиетші атамыз Тілеужан Сақаловтың да ықыласы ерекше болғанын айта кеткім келеді. 
Кейіннен 5-6 жыл айтыстан қол үзіп қалғаным бар.  2002 жылы «Шалқар» радиосы қайтадан ашылып, директордың орынбасары Ербол  Шаймерденов студиялық айтыс ұйымдастырып,  мені соған шығарды. Одан кейін Қызылжар өңіріндегі бір айтысқа арнайы өзі қостырды. Сөйтіп, сахнаға қайта оралдым. Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашевтан естіп  Жүрсін Ерман Төлеу Көбдіковтің құрметіне арналып  Аягөзде өткен  республикалық айтысқа қосты. Сол жолы академик Рымғали Нұрғалиев пен Жүрсін ағамыз  менің атыма небір жылы сөздерін арнап, маңдайымнан сипап, арқамнан қақты. Мұндай лебіздер мені одан әрі қанаттандырды. 
– Сіз жетекшілік еткен «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасы көпшілікке қатты ұнады. Жүргізу шеберлігіңізге тыңдаушылар риза болатын еді. Сол туралы және осы хабардың жасалуы жайлы айтып берсеңіз. 
– 2009 жылы радио директоры Жүрсін Ерман сенім артып  «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасына жетекші ғып бекітті. Ақпаратты, танымдық-музыкалы таңғы көңілашар бағдарламасын жасау, оны дайындап эфирге алып шығу оңай емес. Бас директор Ермановтан талай таяқ та жедік.  Сол талап, сенім мен үміт редакциямен бірге менің де шығармашылығымды шыңдады.  Жарқын Сәленұлы, Айжан Жұмабек,  Асхат Ізтілеуов, Баян Талдыбай,  Жандос Жұмабек, Гүлден Сайран, Бағдат Мұхтарұлы, Айнұр Шәмшейітова сынды әріптестерім таңғы бағдарламаның ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тоңды. 
Жүрсіндей басшының қолдауымен ұлттық мүдде туралы мәселелерді батыл сөз етуге қол жеткіздік. Тіпті, «шеңберден» шығып кеткен кездеріміз де болды. Сол арқылы  да тыңдаушыларымыз көбейді. Эфир таңғы 6.00-де басталып кешкі 21.00-де аяқталады. Аптаның        6 күнінде әр күн сайын 3 сағат хабар жүргізу жер қазып, тас көтергеннен  де ауыр еді.  Эфирге шығатын күні таңғы сағат 4-тен тұрып студияға барасыз. Содан түннің жарымында үйге қайтасыз. Тәуелсіздік күні, Наурыз тойы секілді айтулы мерекелерде   студияға қонай-түней дайындалған шақтар да болды. Қысқасы, сол кездерде «Қайырлы таң, Қазақ елі!» бағдарламасын радионың  өзіндік ерекшелектірінің біріне айналдыра алдық. 
– Жақында Райымбек ауданының Құрметті азаматы атандыңыз. Туған еліңіз берген бұл марапаттың мәнісін қалай бағалар едіңіз? Осы арқылы жерлестеріңіз сізге тағы қандай міндеттер жүктеді? 
– Бұл марапатты Райымбек ауданы әкімдігі мен мәслихаты Қазақ радиосының 95 жылдығына орайластырған екен. Ең бастысы, радионы елеп-ескергендеріне мың алғыс.  
Туған ел туралы қандай хабар жасап, қанша  насихаттасам да ол менің перзенттік борышым. Және ауданда аталып өткен қандай да бір шарадан қалыс қалған емеспін. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деп ойлаймын. Туған ауданымның әрбір жетісітігі біз үшін зор мақтаныш.
– Отбасыңыз, ата-анаңыз, бауырларыңыз, балаларыңыз туралы айта кетсеңіз. 
– 1975 жылдың 2 маусымында Шалкөдеде  қойшы отбасында дүниеге келдім. Әкем Жағыпар, анам Күлән  қарапайым еңбек адамдары болды. Сол кісілердің сүт кенжесі, 11-ші  перзентімін. Мен бірінші сынып оқып жүрген кезімде, 55 жасында  әкем өмірден өтіп кетті. Анамның және бауырларымның тәрбиесінде болдым. Қатарымнан қалдырған жоқ. Оқытты-тоқытты.  
Өз отбасыма келсем жұбайым  Айгүл де сөз өнерінің маманы. Айтыстағы, радиодағы әрбір дүниемді ең бірінші саралап, пікірін айтып,  ой қосып отырады. Үш қыз, бір ұлымыз  бар. Тұңғышымыз  Қарлығаш ҚазМУ-да журналистика факультетінде оқиды. Екінші қызымыз Ақнұр биыл 11-сыныпта. 4-сынып оқитын  ұлымыз  Ырысқұт  Қазақ раиосындағы «Балапан» бағдарламасын диктор Шолпан Байғабылова апасы екеуі бірігіп жүргізеді. Талшын есімді қызымыз 4-тен асты.  
– Қазақ радиосының бүгінгі беделін қалай салмақтайсыз? Ертеңіне қалай қарайсыз? Алдағы күндерге арналған журналистік жоспарыңыз қандай? Ақын ретінде не істеп жатырсыз?
– Анығын айтсам, Қазақ радиосы дәл қазіргі уақытта құлашын кеңге жая алмай келеді. Неге десеңіз, Қазақ радиосы елдің барлық аймағына еркін хабар таратып отырған жоқ. Мысалы, Алматының түбіндегі Талғардан радио үнінің естілмеуі біртүрлі. Мен бала күнімде жайлауда қой бағып жүріп, радионы тыңдап  есейдім.  Қазақ радиосы Мемлекеттік һәм  ұлттық идеологияның басты құралы. Бұған Үкімет тарапынан баса мән  берілуі керек деп ойлаймын.  Саясатты, тарихты, әдебиет пен өнерді, қысқасы бәрінің басын тоғыстырып, соның таза үнін жеткізетін құрал ол – радио. Сондықтан оның үні барша қазақ даласына емін-еркін тарап жатса қандай ғанибет?! Бұл іске әр облыстың басшылары да жанашырлық танытып,  қолдаулары керек деп білемін.  Сонда ғана радионың болашағы зор болады. Себебі, радио –  ұлттық тәрбиенің бағдаршамы.
Журналистік жоспарға келсек,  алдағы уақытта радиодан біраз жаңа хабарлар ашуды ойластырып, телеарнаға да  дайындаған жобамыз бар. Осыған дейін «Шалқар» арнасынан  өткен «Ағалардың алақаны» деп аталатын өзім ұйымдастырған сыр-сұхбат хабарларды басылымдардың бірімен келісім жасап, газеттік нұсқасын жарияламақпын. 1995 жылдан биылғы кезеңге дейінгі ең тәуір деген 30-ға жуық айтыстарымды  хатқа түсірдім. Құдай бұйыртса олар кітап болып шығады деген үміттемін. 
Ал оқырманға өлеңдер жинағын ұсыну күн тәртібінде тұрған мәселе. Бәрі уақыттың еншісінде.

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Болат МӘЖИТ.