Бай-қуатты болайық

Уақыты: 20.02.2017
Оқылды: 3661
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Осы бір ауыз сөз күллі қазақ жұртшылығының жүрегінде сақтаулы десек, артық айтпағанымыз болар. Әрбір қара шаңырақтың төрінен естілген нар тұлғалы перзенттің қоңыр үні қазақылығымызды паш ететіндей. Қазақ теледидары қалыптасып, дамуында талай журналист еңбек етті, тер төкті. Бірақ жарты ғасырдан астам тарихы бар ұлттық теледидар әлемінде қадау-қадау ірі тұлғаларды халықтың өзі даралап шығарды, уақыттың өзі екшеп көрсетті. Соның бірі әрі бірегейі – жерлесіміз Нұртілеу Иманғалиұлы.

Он төрт құрсақты көтерген алтын жүректі анадан туып,  «Шалдың баласы» атанған бала Нұртілеу халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдай білді. Өзінің бір естелігінде: «Тәп-тәтті балалық шақ өзінше бір қызық болатын. Ерке, айтқанымнан қайтпайтын қайсар бала болдым. Әкем есепші болып қызмет істеді. Ауылға ақын-жазушыларды, сал-серілерді жиі ертіп әкелетін. Бірде ақын Мұқағали Мақатаев келді. Мәдениет үйінде «Көк орамал» деген өлең оқыды. Соғысқа аттанған жігітке қалыңдығы көк орамал сыйлайды. Жігіт әлгі орамалды тастамайды. Жарақат алып, жарасын таңады. Ақынның түр-тұлғасы, өлең оқуы, халықтың оған деген ықыласы маған қатты әсер етті. Үйге келіп, «Боз орамал» деген өлең жаздым», – дегенінен-ақ жас баланың болашақтың бағдарын анық бағдарлағаны білінеді.  
Нағыз қазақ перзентінің бойына тән қасиеттері арқылы ол көпшілікке ұнайды. Жас сәбидей тазалығын, қулық-сұмдығы жоқ адалдығын, достыққа кірбің түсірмейтіндігін, бейкүнә ақкөңілдігін көрген достары мен қызметтестері қайран қалысатындығын күні бүгінге дейін әңгіме қылып, айтып жүруден ешқайсысы да шаршамаған. 
Өз алдымызға тәуелсіз ел атанғалы бері «көк жәшіктің» арғы жағынан қазақы мінез-құлқымен көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленіп жүрген Нұртілеу Иманғалиұлының айы оңынан туып, бейнесі күн өткен сайын жарқырап көріне бастады. Ол тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен алғаш шетелге, Америка Құрама Штаттары мен Түркияға барып хабарлар әзірлеген тұңғыш қазақ журналисі екенін біреу білсе, біреу білмейді. 1994 жылы бүкіл Еуропаны аралап, Германия, Франция, Люксембург, Бельгия, Италия сияқты елдерден өзі оператор болып хабар дайындаған бірінші қазақ тележурналисі де Нұртілеу Иманғалиұлы болатын. Люксембургте Шыңғыс Айтматовпен жолығып, бейнекамераны автоматты жүйеге қосып қойып, әйгілі жазушы ағамен сұхбат жүргізгендігі де таспаға басылып, халық жүрегіне жол тартты. Бұл енді қазақ журналистикасының тарихында қалатын жаңалықтың бірегейі еді.
Кейін «Қазақстан» телеарнасынан «Хабарға» қызметке ауысты да, ақпараттық хабарларда күн сайын эфирге шығатын Нұртілеу Иманғалиұлы әр қазақтың асыға күтетін хабаршысына, жаршысына, тіпті, жақын сырласына айналды.
Иә, Нұртілеу Иманғалиұлы есімімен әр қазақ таныс. Таза жүрегінен ақтарылған, өзінің бойтұмарына айналған «Бай-қуатты болайық» деген бір ауыз қарапайым сөзіне ып-ыстық ақжарма тілегін сыйдырған, қазақ журналистикасында дара жолын қалыптастырған Жетісудың бел баласы бүгінгі таңда өзінің туған өңірінің телеарнасына оралды. Бұл жаңалық жетісулықтарды бір серпілтіп тастағаны ақиқат. Олай болса, елдің алғысын арқалаған азаматтың ісіне береке тілейміз. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА

Тарланбоз

      (Нұртілеу Иманғалиұлына)
Көсем сөз тартқызғанда көне көшін,
Көктейсің, көктем болып көгересің.
Жұртының жүрегіне жатталғандай –
Нұртілеу Иманғали деген есім.

Дүбірі, дүниенің дүрмектері,
Әкеңнің сен ұшырған жыр-кептері.
Кеңжыра, Қарасуда кіндік кесіп
Бесігі тербетілген Діңгектегі.

Жорғасың, қара сөзде қазанатсың,
Жаныңмен жалғандықты жазалапсың.
Тұлпардан тұлпар шыққан тарланбозым –
Асылдан асыл туған азаматсың.

Қасынан орын сайлап ірілердің,
Көзайым ұлы болдың бүгін елдің.
Қорықпай сөз бастасаң топ алдында –
Молықбай қобызы боп күңірендің.

Азамат аға болдың зор тұлғалы,
Ар, намыс тамырыңда солқылдады.
Арқардай ай мүйізді топ бастатты
Ағынды Ақсуыңның толқындары.

Елінің бір ырысы, ірі кісі,
Телегей телеөнердің құбылысы.
Мұрагер ағалардың рухына,
Құлагер Ілиястың бір інісі.

Жүйрікке өмір осы жарыс-алаң,
Ақсудың сені көрсем ағысы аман.
Бар болып, нар болып жүр алдымызда,
Ар болып сөйлейтұғын арыс ағам.

Бастайтын топ ішінде сөзің дара,
Төріңе малдас құрсын төзім ғана.
…Сен барда мына біз де «бай-қуатты»,
Біз барда «бай-қуатты» өзің де, аға!

            Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.