"ЛАГЕРЬ - МЕНІҢ УНИВЕРСИТЕТІМ": КАРЛАГҚА АЙДАЛҒАН ДАЛА АКАДЕМИГІ

Уақыты: 19.05.2020
Оқылды: 899
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тарих деген ұлы жазбаның әр бетіне бедерленер тұлғалар болады. Олардың бірі көмейінен сөз нілін тамызған көсем, бірі кәрі еменнің тамырындай шатысқан дүниені бірауыз лепеспен шешер шешен, енді бірі аттың жалын жастанып, қара жұрттың қамы деп қара адырларда шашақты найзасына сүйеніп қалғыған батыр болуы бек мүмкін. Ал солардың қатарында ерен еңбектің көрігін қыздырған атан жілікті, қара нардай қажырлы тұлғалардың есімі де қосарлана айтылып, қапталдаса таңбаланып жататыны бар! Неге? Өйткені, сан мехнатты жол жүріп өткен халықтың болашағының кемел болуы үшін қамау терін қара жерге шүмектете төккен еңбекторы азаматтардың да әр ісі жау жапырған батыр ерлігімен пара-пар! Міне, сондай тұлғамыздың бірі де бірегейі деп Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев атамызды айтамыз.

Биыл дала академигі атанған Нүсіпбек Әшімбаевтың туғанына - 110 жыл. Табиғаттың төл перзентін, қазақ халқының аяулы ұлын, бірегей тұлғасын кезінде көрнекті мемлекет қайраткері, Алматы облысында аттай 14 жыл бірінші басшы болып жұмыс атқарған Асанбай Асқаров «дала академигі» деп ерекше атап еді. А.Асқаров басқарған осынау уақытта облыстың дамуға бет алғанын, ірі жетістіктерге жетіп, бірнеше мәрте одақтың алдыңғы қатарынан табылып, Қызыл Туды жеңіп алып жүргенін, сол кезеңде аймағымыз үш мәрте Ленин орденін иеленгенін де өткен күн жазбаларынан жақсы танимыз.

Расында, құйқалы жер, құтты қоныстың гүлденіп, туған жер түтінінің түзу шығуына ерекше ықпал еткен Нүсіпбек Әшімбаевты замана заңғарларының бірі деп айтсақ, ұшқары байлам жасамағанымыз. Ол сол кездегі Нарынқол ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарын аттай 30 жыл басқарды. Сол кезеңдерде ұжымшар ірі шаруашылыққа айналды. Орталығы Сарыбастау қыстағының өзі кентке пара-пар үлкен ауылға ұласты. Шаруашылықтың экономикасы айтса нанғысыз өркендеуге жол ашып, ұжымшар миллионер атанғаны бар.

Табиғат дарытқан еңбексүйгіштік, жігерлілік қасиеттерінің арқасында өзінің екі тізгін, бір шылбырын салалы саусақтарынан сусытпай, ұлы істердің ұйытқысы болған, шаруашылық тасын өрге домалатқан Нүсіпбек Әшімбаев басқарған сол уақыттарда аталмыш ұжымшар өкіметтің жәрдемінсіз, өз күшімен екі мектеп, Мәдениет үйі мен монша, кірпіш пен әк шығаратын цех, жүз орынды стадион, аурухана сияқты ғимараттардың іргетасын қалап, оны ел игілігіне бергені де әмбеге аян.

Міне, осындай келелі істің басында елдің келешегі үшін маңдай терін еселеп төккен Нүсіпбек Әшімбаевтай нар тұлғаның жүргені де тарихтың бетінде хатталып қалды.

Халық тұрмысының түзеліп, шаруашылықтың табысын еселеуге жан жүрегін, қажыр-қайратын жұмсаған ел перзенті Нүсіпбек әкеміз сонау 1910 жылы Шартас ауылдық кеңесіне қарасты орта шаруа отбасында дүниеге келген. 12 жасында, бір мүшелді қайырған тұсында әкесінен айырылып, бір іні, бір әпкесімен бірге ғазиз жүректі анасының қолында қалады. Молданың алдынан өтіп, төрт жыл араб жазуын үйреніп, тіл сындырған. Кейіннен Кеңес өкіметі орнаған уақытта сол білімімен хат танымайтын «ликвидация безграмотностиға» қатысып, ауыл адамдарын, қара домалақ балаларын оқытқан көрінеді. Ірі байлар кәмпескеленіп, ел алатайдай бүлінген шақта жаны сергек Нүсекең ауылдық кеңеске хатшы болып қызмет еткен.

Иә, Нүсіпбек Әшімбаевтың ат жалын тартып мініп, елдің еңсесін түзеуге азаматтық күш-жігерімді сарп етермін деп қайраттанған шағы қазақ тарихындағы ауыр оқиғалармен тұспа-тұс келген. НЭП кезеңінде байлар кәмпескеленіп, оның арты орталық Ресей, Украинадағы аштыққа ұласып, 1931 жылы өкімет қаулысымен деп халықтың малын тәркілеу науқаны жүргені де көпке аян. Басында мал ауру десе, кейін түлікті жануарларды қажетсініп, ақыр-аяғында бәрін таразылап, қой мен ірі қараны түгел жинап алып кетті. Халықтың қолында азын-аулақ жылқы шұрқырап қалды. Зұлмат заман басталғанынан тіксінген елдің дені ертеңгі күнге сенбей шегарадан аттап, Қытайға бас сауғалады.

Сол кезде комотрядтар мен заставалар тыңшылар арқылы елдің қай күні арғы бетке өтетінін біліп, оларға тосқауыл қойды. Жаппай қырғынға ұшыратты. Сонда біреудің баласы, біреудің анасы қой үстіне бозторғай жұмыртқалар кезеңнің келмеске кеткенін андап, туған жерден үдере көшті емес пе? Қытай асамын деп қыршыннан кеткен көптің қынадай қырылуы былай тұрсын, жетімдер қорғансыз жылап, талай жайсаң бір-бірін мәңгіге таба алмай дүниеден өтті-ау. Міне, осы кезеңді басынан өткерген атам маған құба түздегі ағарып жатқан сүйектерді нұсқап тұрып: «Қарашы, ана бетке застава пулеметтерін қойып, қаншама бейбіт халықты қырғынға ұшыратты. Қолдарында қару тұрмақ қатты таяқ жоқ аңғал жұрт, бала-шаға ажал ұңғысынан тәсілім болды», – деп аза бойы қаза болып әңгіме айтушы еді.

Қазақтың сол жылдары басынан өткерген ауыр-ауыр оқиғалары тек Алаштың ғана емес, адамзат тарихының трагедиясы іспетті. Ол ең үлкен қателікке ұласқан саясаттың солақайлығынан орын алған оқиғалар еді. Соның бәрін көзімен көріп, көкірегіне мұң ұяласа да, елім мен жерім үшін ерен еңбек етуге дайынмын деп іштей серт еткен Нүсекеңнің тағдыры да шым-шытырық жайттарға ұласқаны бар.

Бір күні жарқын бейнелі асыл азамат ОГПУ «үштігінің» сырттай шығарылған қаулысымен үш жылға бас бостандығынан айырылып, Карлагқа айдалады. Кенеттен орын алған бұл жайттың түбі, әрине, шикі еді. Ауылдағы үш адам Нүсіпбек атамыздың үстінен «домалақ арыз» дөңгелетіпті. Сондағы уәжі: «Нүсіпбек туыстарын Қытайға көшіргелі жүр. Күндіз-түні ел аралайды. Жер шалады», – деген дәлелсіз қаңқу.

Қай заманда болмасын, жақсының артынан сөз еретіні рас. «Болат қайнауда, ер майданда шынығады» деген ділмар ой да бекер айтылмаса керек. Сонымен үшеудің дәлелсіз шешімі, «үштіктің» айғақсыз кесімімен жауапқа да тартылмастан үш жылға «за нарушение госграницы» деген айыппен Карлагқа айдалған Нүсекең сол бір қиын жылдардан да үлкен сабақ ала білген. Айдауға ауыр жазамен бармаған соң, ол жерде статьясына қарап, жеңілдік жасап арбакештің жұмысын тапсырыпты. Лагерь мен Қарағанды арасында арбамен, шанамен азық-түлік тасыған. Тағдыр тасы ауыр тартқан сайын ұлы жүрек иелері өмірге құштар болатыны рас. Біз сөз етіп отырған тұлға да айдаудағы ауыр кезеңде жүріп үлкен өмірден тәлімді, ұлы сабақ ала білген. Өзі де сол бір кезді еске алғанда: «Лагерь – менің университетім болды. Онда мен орысша тіл сындырып, кириллица жазуын таныдым. Елмен қалай сөйлесуді, азаматтармен қалай тіл табысуды үйрендім», – деп тебірене термелеп отыратын.

Нар тұлғалы Нүсіпбек қария сол бір кезеңді былай деп толғанғаны бар. «Жазамды өтеп келгеннен кейін жұмыс бермейді. «Екі қолға бір күрек» демекші, құры жатуды жаным қаламайтын болған соң Живсырье деген мекемеге барып, заготовщик болып орналастым. Астымда велосипед. Көбіне ат арбаға тиеп, тері, жүн жинаймын. Оны Нарынқолға апарып өткізем».

Еңбек майданында шыныққан тұлға тағы бір тағдырдың ұлы сынағын бастан өткерді. Ол – зұлмат дүбірдің дабылы қағылып, Ұлы Отан соғысының әлемді қара бұлтымен қармауы еді. Міне, сол тұста Нүсекеңді сотталған деп армияға алмайды. 1942 жылы сотталғандары бар, туыстары Қытай асқан дегендері бар, жалпы саны 300-ге жуық адамды Қарағандыға қара жұмысқа (трудовая армияға) жібереді. Содан шахтер болып жер үңгіп, стахановец атанып, еңбек майданында тағы да шыныға түскен. 1944 жылдың қаңтар айында демалыс алып Сарыбастауға келген. Келген бетте А.Наурызбаев деген ұжымшардың сол кездегі басшысы Нүсекеңе: «Адам жоқ. Мен оқуға кетіп бара жатыр едім. Орныма істей тұрсаң» – деп қолқа салып, жатта жабысады. Олай болмайды, ертең мән-жайдың ақ-қарасын ажыратып, іздеп, «дизертир» деп соттайды деген Нүсекеңе жүр-жүрлеп Алматыдағы обкомға апарып, броньмен қызметте қалдырады.

Міне, содан бастап еңбек майталманы ел үшін, қоғам үшін бейнетшіл пейілін, адал терін сарп етеді. Аттай он жыл қой ферма бастығы болып істейді. Сол кездегі қиыншылықты, тірлік ауыртпалығын еске алғанда Нүсіпбек ата: «Өгізбен қойшыларды көшіреміз. Қой соңында жүргендердің көбі – әйел мен шал-кемпір. Қолмен қой қырқамыз. Адам тапшы болған соң, жұмыс оңай өнбей-ді», – деп сол жылдарды санаға салып, сабақ ретінде айтып отыратын.

1954 жылы сол кездегі ауданның бірінші хатшысы Рақымжан Мақашевпен бір кездесіп қалғанында Нүсіпбек әкеден «бастық болғың келмей ма?» деп сұраған екен. Сұрақтың мәнісін білмекке ұмтылса, алтыайлық курсқа жібермекші екен. Содан келісім беріп, курсты бітірген сол жылы-ақ еңбек майталманы Ленин атындағы ұжымшарға бастық болып тағайындалады.

Нүсіпбек Әшімбаев ұжымшар тізгінін алған уақыттан кейін шаруашылықтың табысы еселенеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, миллионер ұжымшар үкіметтен бір тиын алмай бірқатар құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Мектеп, Мәдениет үйі мен моншадан бөлек, төрт мың метр биіктікке теледидар мұнарасы салынып, ұжымшардағылар көкжәшіктің көзайымына айналады. Оған қоса, үш мың қой бордақылайтын комплекс, инкубатор стансысы бой көтереді. Республиканың ғылыми институттарымен бірлесіп ұжымшар қойын асылдандырып, арқар-меринос тұқымы өсіріледі. Оның пайдасын бір ғана «Ленин» ұжымшары ғана емес, республиканың көптеген шаруашылығы көреді. Осынау ерен істердің нәтижесінде ұжымшар экономикасы көтеріліп, жұмысшылардың табысы артып, көптеген құрылыс тек шаруашылық есебінен салынады.

Осындай жағдай туғызған, жаңашылдық пен жанқиярлық жігерді ұштастырып, еңбек көрігін қыздырған Нүсіпбек әкейдің ұжымшар тізгінін ұстаған отыз жылдағы жетістіктері толайым еді. Солардың қатарына мақтанышпен ауданның өзге шаруашылықтарынан көп жыл алда жүргенімізді атап өтуге негіз бар. Мәселен, өзге ұжымшарлардан бұрын ауылға ауызсу тартып, су қоймасын салып, онымен егінді алқапты суаруға мүмкіндік алдық. Оған қоса, ұзындығы 18 шақырым болатын Шакрамбал су каналы Тұздыкөл бөлімшесіндегі 1650 гектар жерді суғаруға мүмкіндік туғызды. Міне, осының өзі бір тұлғаның ғұмырында атқарған ғажайып істері десек, ең алдымен, оның нағыз нар тұлға екенін көзге елестетіп, «дала академигі» деген атаққа лайықтығын жете түсінеміз.

Оған қоса сол кезеңде малшылар тұратын үйлер стандартты үш бөлмелі болып еңсе көтерген. Бәріне электр жарығы тартылып, көптің қолы жетпейтін «Волга» автокөлігі (өзге көліктерді айтпағанда) ауыл еңбеккерінің он шақтысының астында жүрген. Оған қоса, тірлік тауқыметін тартып, келешектен күдер үзіп Қытай асқан қандастардың 2 миллиондайы елге оралғанда, Сарыбастау ауылына соның мыңға жуығы қоныс тепкен болатын. Міне, сол тұста ел десе ерен күшпен іс қылатын тұлға бәрін тез арада үймен қамтамасыз етуді өзекті мәселе етіп күн тәртібіне қояды. Ағаш тілу, құрылыс бригадаларын ұйымдастырып, бір жазда 300-ге жуық үй тұрғызған. Осындай көптеген кемел істің жүзеге асуына мұрындық болған Нүсіпбек ата елім деп келген қандастардың да алғысына ие болды.

Елге ел қосылды. Жұмыс күші артты. Бала саны көбейді. Міне, сол тұста тағы да Нүсекең парасаттылықпен шешім қабылдап, 7 жылдық мектепке бала саны симайтын болған соң алты айдың ішінде екі қабатты онжылдық мектеп тұрғызуға мұрындық болады. Осы орайда Нүсіпбек әкенің жиі айтып жүретін мына бір естелігіне зер салсақ: «Мектеп тамыз айында бітетін болды. Мен Алматыдағы атақты партизан, оқу министрі Шәріповқа бардым. Министрдің өзіне кіріп штат сұрадым. «Ақсақал, мұндай жұмысты бір жыл бұрын жоспарлаймыз. Ал сіз жоспарсыз мектеп тұрғызасыз және штат сұрайсыз», – деп қиқарлық танытты. Бірақ артынан солтүстік жақтағы бір мектеп бітпей қалуына байланысты сол жаққа белгіленген штатты бізге беруге тура келді» дейді дала академигі. Осының өзінен сонау қиян-қыстау заманда мектеп салып, оған ұстаз бекіттірген тұлғаның асқақ болмысын, ел үшін жаралған жан екенін түсінуге негіз бар.

Даланың түйір дәнінің түзде қалмай халық қамбасына құйылуын қадағалайтын еңбекқор тұлға сол кездегі атқамінер азаматтардың қолдауымен жаладан арылды. Партияға өтті. Ерен еңбегі бағаланып, 1987 жылы Дінмұхамед Қонаевтың қолынан Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Абыз ақсақалға айналған шағында, нақтырақ айтсақ, 74 жасында зейнетке шықты. Кейіннен Алматыға қоныс аударып, облыс әкімдігінің қолдауымен 1988 жылы 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Түз тіршілігінің көрігін қыздырып қана қоймай, отбасында асқар таудай әке, абыз ата атанған Нүсіпбек Әшімбаев ұрпағына тағылымы мол тәрбие бере білді. Өзімен бірге қызметте болған А.Асқаров, К.Аухадиев, Қ.Байжанов, З.Батталханов, С.Тәнекеев, Қ.Ұлтарақов, Ә.Алыбаев, У.Нұрғазиев, С.Серкебаев, А.Алпысбаев сияқты атпал азаматтармен бірге тонның ішкі бауындай араласып жүрді.

Текті тұлғаның тіршілігіндегі сөздің түбін тауып айтатын әзілдері де елдің жадында еңбегімен қатар аталып жүр. Бірде, райкомның бюросында бірінші хатшы Б.Оспанов: «Сіздер жұмысты партияның барлық талаптарына сай істемейсіздер! Үкімет сіздерді 10 жыл мектепте, 5 жыл институтта оқытты. Ал бұл қалай?» деп көпшілікке қарата ренішпен сауал тастапты. Сонда Нүсіпбек әкей: «Бұл сөзге мен де жатамын ба? Менің бар оқығаным молданың 4 жылдық, курстың 6 айлық оқуы ғана. Партияның бар тапсырмасын артығымен орындап жатырмыз. Мен Үкіметке түскен тегін кадрмын ғой» десе керек. Сонда әзіл болса да аталы сөзге тоқтаған бірінші хатшы тегін кадрға қаратып айтылмаған сөз екенін мойындап, көпшілікті риза етіпті.

Міне, осындай көптеген тапқырлық, аталы сөз, астарлы әзіл айтып жүретін нар тұлға ел үшін бейнет қамытын мойнынан шешпей жүріп, егемен елдің еңсе тіктегенін көзімен көрді. Өзі басқарған өңірдің гүлдей жайнағанын аңдап, өзі қалаған тіршілік іргетасының берік болып, ел игілігіне жарағанына жүзі жылып, шүкіршілікпен ел ортасында қасқайып жүрді. 2010 жылы жүзге таяған шағында ел абыройын асқақтатқан абыз тұлға, аңыз адам бақиға бет түзеді. Жұрт үшін ұлы істер атқарған әкеміз Нүсіпбек Әшімбаевтың есімі Мәңгілік елмен бірге жасай беретіні де сөзсіз.

Сағатбек ОМАРОВ