Әдебиет - мәңгілік аламан

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1626
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Руханиятымыздың негізгі бөлшегі саналған қазақ әдебиетінің қамбасына бұтарланбайтын туындылар тоғытылды. Олар өткен ғасырдың еншісіндегі дүние емес. Текті жұрттың қалам ұстар зиялылары барда, ондай шығармалар ғасырлар бойы үздіксіз өмірге келіп, әдеби шөліркеген жандардың сусынын басары хақ. Солардың қатарында Төлегеннің «Сағынышы», Жұматайдың «Ләйләсі» секілді «Ташкентпен қоштасу» атты саф туынды бар. Бұл жырды өткен жылы ақынның өз аузынан естіп, тебіренген едік. Бүгін түйсіктіні тебірентер толғаудың иесімен әдебиет, оның тазалығы мен ширек ғасырдағы күйі жөнінде әңгімелесудің сәті түсті. Әрине, ол ойлы да отты жырдың иесі, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, республикалық «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов.

– Қасымхан аға, бабаларымыз аңсап, арман еткен Тәуелсіздіктің шуағында еркін тыныстайтын күнге жеттік. Ел көшін жаһандану даңғылына салып, өркениетті елдердің сапынан табылдық. Бұл жүрегі елім деп соғар әр перзентті қуантар жайт. Сондықтан руханиятымыз да күн санап өрістесе мұны заңдылық деп білеміз. Ал осы қастерлі тәуелсіздік жылдарында әдебиетіміздің жеткен жетістігі қандай және қай авторды бүгінгі күннің жемісі деп айта аласыз?
– Тауанды тарихқа барлау жасайтын болсақ барлық елдердің азаттық үшін күрескенін, оны сақтау жолында күн кешкенін көреміз. Тәуелсіздікке қол жеткізу аса қиын болса, оны уысымыздан шығармау одан да ауыр екенін аңғарамыз. Бұл жолдан барша халық жүріп өткен. Ал азаттығымыздың арайлы таңымен бірге нарық, капиталистік қоғам, жаңа формация келді. Сол тұста кешегі кезеңнің тыныштығына бойы үйреніп қалған халық: «Экономикамыз қалай болады, жас мемлекет аяққа тұрып кете ала ма, күніміз қандай болмақ?» – деген алаңдаушылыққа салынды, абдырап қалды. Бұл сезім руханият тұтқасын ұстаған жандардың бойынан да табылды. Алайда еліміз еңсесін тіктеп, шекарамызды тас қылып бекіттік, шегендедік. Солай болғанымен халық көңілінде ел мен жерге, салт-дәстүр, дін мен тілге, әдебиетке деген алаңдаушылық жоқ деп айта алмаймыз. Бұл шындық! Қасірет пен қуанышты қатар татқан елдің бұл мәселесі де уақыт деген төрешінің құзырымен ақырындап шешіле жатар.
Нақты әдебиетке келетін болсақ, тәуелсіздік қазақ прозасы мен поэзиясына жаңа есімдер алып келді. Азаттық жылдарында туған ақын-жазушылардың ойлау проекциясы мүлдем бөлек. Өзгеше ойлайды. Түрлі экспериментке барады. Неге олай пайымдайсың? – деп оларға кінә арта алмаймыз және жасаған эксперименттерінің бәрі қабылданбайды. «Олай емес былай жаз, осылай пайымда» деген қағида жоқ. Дегенмен қаламынан туған шығарма өлең мен прозаға тән қасиеттен ада болмауы шарт. Оның үлгілері көп. Мысалы, біз әлі күнге дейін Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезовтердің шеберлігіне, олардың шыңына жете алмай келеміз. Әрине, М. Мағауин, Ә. Кекілбаев сынды ауыз толтырып айтатын жазушылар бар. Мәселен, өткен жылдың үлкен олжасы ретінде қазақтың көрнекті жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» атты романына Мемлекеттік сыйлықтың берілуі мені үлкен қуанышқа бөледі. Біріншіден, ол қазақ әдебиетінде өз тұғырын сайлаған көрнекті қаламгер, екіншіден, аудандық комсомол партиясын басқарған уақытында одан бас тартып, мансаптың барлығын ада қылып, қаршадайынан үлкен ерлікпен жазушылыққа бет бұрған жан. Ондай батыл қадамға екінің бірі бара бермейді. Бексұлтан Нұржекеұлының әрбір шығармасын, жазған мақалаларының өзі адамды бейжай қалдырмайды. Ол кісі мемлекетшіл адам. Мен жалпы ақын-жазушыларды ауылдық, өңірлік, рушыл, мемлекетшіл, адамзаттың қаламгері деп жіктеймін. Жаныма жақыны «мемлекетшілі». Зиялы қауымның басым көпшілігі рушылдық індетінен арылып, Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай және басқа ұлт намысы, елі мен жері үшін, оның руханияты жолында күрескен тұлғалардай бола білсе, қазақ халқы шынайы бақытқа бөленеді деп білемін.
Қазіргі таңда жазушылықпен айналысамын деп талаптанып жүрген жастарға жоғарыда атап өткен Жүсіпбек  Аймауытов пен Бейімбет Майлиндер салған соқпақпен жүруге жол нұсқар едім. Ал енді қазақ поэзиясында қалыптасқан мектеп жетерлік. Мәселен, Жұматай Жақыпбаев, Қадыр Мырза Әлі сынды ағалардың қасында көп жүрдім. Олардың салып кеткен жыр мектебі бүгінгі жас буынға ерекше әсерін тигізуде. Дегенмен де, жас ақындардың барлығы ғажайып өлең тудырып жатыр деп айта алмайсың. Әркімге бір еліктеп, үлкен иірімнен шыға алмай жүргендер де бар. Жастар бір нәрсені естен шығармауы керек. Ол – әдебиет бір-екі тіпті, он айналымнан ғана тұратын дода емес, мәңгілік аламан. Өмірлік дерт. Әдебиетке бір келген адам одан оңайшылықпен бас тарта алмайды, басында ғашықтықпен өлең тудыруың мүмкін, ал соңына келгенде шегінетін жер таппайсың. Сондықтан, қазақ поэзиясына бір шоғыр болып келген жастардың қарасы көп болғанымен, уақыт өте дараланып, шын таланттар көш басынан көрінбек. Ол уақыт пен өз еңбегінің жемісімен келетін жетістік. Сондықтан да, олардың атын атап, түсін түстеп, мынау жақсы, өрелі ақын деп тап басып айтудан, алдын ала болжау жасағаннан сақтануымыз керек. Дегенмен, аламандағы тұлпардың шабысына қарап сын айтар Күреңбайлар секілді бірқатарын атап өтсек, Қанат Тілеуханның жазған прозасы, Ерлан Жүніс, Батырхан Сәрсенхан сынды ақындардың поэзиясы, сонымен қатар, Жетісу жеріндегі қаламгерлерден Жұматай Оспанұлының жазған жырлары, Сағыныш Намазшамова, Гүлбақыт Қасеннің өлеңге деген ұмтылысы, жауапкершілігі көңілден шығады. 
Әдебиетке келген адамның ең басты қасиеті – жанының тазалығы. Қаламгер әртүрлі жағымсыз қасиеттен бойын аулақ ұстамайынша, таңғы шықтай мөлдіреген, халықтың сусынын басып, өзіне құмартып тұратын шығарма тудыра алмайды. Сондықтан жас буын өзін-өзі жетілдіріп, шыңдап, жанының тазалығы үшін күрескені жөн. Бұл жағынан Қадыр аға сынды ақындарды мысалға келтіруге болады. Сондықтан оларды халық сүйеді, іздеп, сағынып, жырларына сәт сайын бас қойып, бал тұмбасынан татады. Және бір айтарым, «алтын кездік қын түбінде жатпайды», дегендей шын талант жарыққа шықпай қоймайды. Ол үшін жастар таныламын деп емес, қазақ әдебиетіне, халық руханиятына қандай үлес қосамын деп еңбек етуі қажет. Шынайы ізденіспен, ауыр еңбекпен шығарма тудырса, ол оның есімін өзі-ақ даралап береді. Бүгінгі таңда жарыққа шығып жатқан сапасыз кітаптардың қатарында қолтаңбасы орын алмайтындай тер төгуі қажет. Ал осы орайда, тәуелсіздік бізге не берді деген сауалға келетін болсақ, Аллаға шүкір дейік. Азаттықтың бізге сыйлаған жақсылығы жетерлік. Мәселен, келесі жылдан бастап ақын-жазушыларға қаламақы төленетін болды, кітаптың тиражы 5 мың данамен шығады деп көзделуде. Бұл түсінген адамға бабалар аңсап, күресіп, біз жеткен тәуелсіздіктің берген жақсылығы. 
– Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «сын шын, шын сын болуы керек», – дегеніндей, әділ сын қаламгерді өсірудің бірден бір жолы. Қазіргі таңда әдеби сын қандай күйде? Жазушыларға жазылған сын, рецензия шығармасы мен жеке басындағы дүниелерді айшықтап, мақтап-мадақтаудан аспай жатқан секілді. 
– Бізде ашылмай, танылмай кеткен қаламгерлер жетерлік. Бұл әдебиеттің үлкен қасіреті. Мәселен, Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отаралиев, Дүйсенхан Ақымов, Қаныбек Сарыбаев, Сағат Әбуғалиев сынды қазақтың керемет ақыны болған. Бұлар Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Жұматай Жақыпбаев сынды ғажайып ақындармен бірге аты аталар, дәріптелер, әр қазақтың жүрегін тебірентіп, жадында жатталар жыр иелері еді. Солармен бірге қазақ әдебиетінің сөресінде тұратын шынайы дарын иелері болатын. Бұлардың шығармасы түгілі, олардың атын естімегендердің қарасы қалың. Шығармалары қалың елге, көзі қарақты оқырман қауымға жетпей жатқаны жанымды ауыртады. Өз басым Төлеген Айбергенов айтпақшы, әлемнің бүкіл қасіретін бойыңа жинап алуың керек. Сондықтан осындай ауыр жолда жүріп қазақтың қара өлеңінің өрісін кеңейткен тұлғаларды біздің қоғам түгел танып, оқымағаны, білмегені өте өкінішті. Әсіресе тәуелсіздік жылдарында олардың жыр жинақтары шығарылмай, оқырманға жетпей жатқаны жанымды ауыртады.  
Әдеби сын жоқтың қасы. Біреуді мақтау керек болса мерейтой тұстарында мадақтайды. Даттау керек болатын болса да солай. Белгілі бір заңдылық аясына сыйдырып жібергендейміз. Ақ пен қараны ажыратып, жазушының жеке басынан, өмірінен бөлек, тек шығармаларын талдап, кемшіліктерін көрсетіп, ұтымды тұстарын айшықтап берер сын жоқ. Бізде топ-топ болып жүріп біреудің шығармасына сын айтпай, керісінше жеке басына шүйлігіп, төбесінен құс ұшырып, артынан ит қосып жататындар бар. Ондай жағымсыз әдеттен әдебиетті тазарту керек. Рушылдық сипаттан аулақта жүріп, мемлекетшіл болғанда ғана дұрыс сын айтылып, мін түзеуге жағдай туындайды. Мәселен, жыр қағаны атанған Жұматай сұмдық мемлекетшіл тұлға еді. Рухани бауыр болып жанында көп жүргеніме қуанамын. Қазақ елінің қиыр-қиырынан жиналған қаламгерлер бір-біріне бауыр ретінде қарап, рухани туыс екендігін сезініп, ақиқатты ашып айтып, сын айтар кезде тартынбай, әділетті сөзін ақтарған кезі болған. Ал бүгінгі қоғамда ақынға дұрыс көзқараспен қарауды қалыптастыру мезгіл мәселесінің бірі. Талдықорғанға кіреберістен Жұматайдың ескерткіші бой көтерсе қандай жарасымды болар еді. Мысалға, Астанада бюсті орнаса бас қаланың ажарына нұқсан келе ме? Біздің қоғам қаламгерлерге түбегейлі қолдау танытпағандықтан, көзқарастың дұрыс болмағандығынан осындай мәселелер туындап, жоғарыда атаған ақындар оқырман қауыммен қауышпай жатыр.
Бір қунарлығы жас толқынның арасында сын айтамыз деп талпынып жүргендер баршылық. Олар астаналық «Әдебиет порталында» ойын дүркін-дүркін білдіріп қалып жатқан Бағлан Оразалы, Заңғар Керімхан, Алтынбек Құмырзақұлы сынды азаматтар. Олардың әділ сын айтамыз, шындыққа тура қараймыз деген талпынысы, Амангелі Кеңшілікұлы сындылардың жазғанын дамытпақшы болған әрекеттері әдебиетті сүйетін біздердің мерейімізді өсіруде. 
Елбасымыздан бастап бірқатар тұлғаларымыз айтып жатқандай, халық болып салт-санамызға, дәстүрімізге терең бойламай қоғамдық қасіреттен арыла алмаймыз. Ол үшін дәстүрлі өмірімізді суреттеген шығармаларды, этнографиялық туындыларды басты орынға шығару керек. Осы жолда еңбек етіп жатқан қаламгерлерге қолдау көрсетілуі тиіс. Мәселен, өмірге жаңа келген нәрестесін көліктен лақтырып жатқан, сүйгенімен ренжісіп қалғаны үшін айтқысыз әрекеттерге барған жастарға қарап қынжыласың. Өмірдегі болмашы қиындықтарды, қоғамдағы әртүрлі жайттарды көтере алмайтындай жас буын әлсіреп қалғандай көрінеді кейде. Ол үшін шынтуайтында бабалар өмірінен өнеге алатын, салт-дәстүрін салмақтайтын, жалған дүниедегі кез келген мәселенің болмашы екенін парықтайтын, осылай ойлауға түрткі болатын ғұмырлық шығармалар мен этнографиялық туындыларды жоғары сатыға көтеру керек. Бұл жайлы Мұхтар Әуезовтың «ел боламын десең  бесігіңді түзе», – деген тамаша сөзі бар. Сондықтан да руханияттың негізгі бөлшегі саналатын әдебиеттің адам өмірінде, қара сөздің қасиетін білетін қазақ халқы үшін орны ерекше. Ал әдебиетіміздің тазалығы үшін әлбетте сынды қолға алу керек. Ал біз сынды біреудің қара басын қаралау деп қабылдаймыз. Бұл қате түсінік. Жоғарыда айтқандай төбесінен құс ұшырып, артынан ит қосуды қойып, тек әдебиеттің тазалығы, мөлдірлігі үшін, кемшіліктің орнын толтырып, қателікті түзеу үшін сын айтып, жаза білсек игі еді. Алайда, сынның жоқ екені ащы да болса ақиқат.
– Сіздің қазіргі таңда айналысып жатқан жұмысыңыз –«Дәстүр» журналы. Бұл баспагерлік кәсіп пе, әлде, ұлтқа деген жанашырлығыңыздан туындаған дүние ме? Және бір тоқтала кететін мәселе, қазақ халқын өзге ұлттан даралап тұрған, оның тектілігін сақтап, қанының тазалығын, тұрмыс-салтының ғажайып қырлары мен сырлары әдебиеттің «алтын ғасырында» өмір сүрген қаламгерлердің шығарамасында көрініс тапқан еді. Бүгінгі таңдағы ақын-жазушылардың туындысынан басты құндылығымызды оқып, сезініп, көре аласыз ба? 
– Ең әуелі журналды шығармастан бұрын көп ізденіске түстім. Кеңістікте қай сала бос, ақсап жатқан тұсымыз қайсы деген сауалға жауап іздеп көрдім. Кез келген республикалық басылымдарға назар аударатын болсақ, салт-дәстүрімізге орын берілмейді, берілген күннің өзінде көлемді емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жағда Бабалықпен «Этнографпен әңгіме» деген сұхбатым жайлы кітабым шықты. Ал осы уақытқа дейін ешбір қаламгер этнограф жайлы көлемді дүние тудырған емес. Бұл ұлтым деген әрбір азаматты ойландыратын, қынжылтатын мәселе емес пе? Сондықтан да «Дәстүр» журналын шығара бастадым.
Ата-бабалардың өмірлік ұстанымы, діні мен дәстүрін ұстанбайынша ұлт кемелденбейді. Адымдап алға баспайды. Мәселен, батысымызда болған оқиға, жастардың Сирияға топ-топ болып кетіп қалуы, бір отбасындағы жандардың құлшылығы әр түрлі болуының барлығы да дәстүрлі өмір салтымызды толықтай түсіне алмағандығымыздан, бабалар өмірін, жүрген жолын бағамдай алмауымыздан туындап жатқан мәселелер. Бізде әлі күнге дейін дұрыс идеология қалыптасқан жоқ. Ал ұлттық идеология дара даңғылға шықпайынша халық басынан осындай мәселелер арылмайды. Ол үшін өткен мен бүгінді сабақтастыратын, кешегілер жеткен кемелдікке, тазалық, адамгершілік қасиеттің бойымызда қалыптасуына алтын көпір болатын тек дәстүріміз екенін ұмытпаған жөн. Елбасының өзі салт-дәстүрге көңіл бөлу керек деп жатыр емес пе?! Менің «Дәстүр» журналын үзбей шығарып келе жатқаныма 8 жылға аяқ басты. Мұны кәсіп ретінде, баю немесе бас пайдам үшін жасап жатқан жоқпын. Басты мақсатым ұлтыма септігім тисе, руханиятымыздың түп қазығының бірі болып саналар дәстүріміз дәріптеусіз қалмаса деген шынайы перзенттік пейіл, ақындық түйсік арқылы, жүрегім ауырғандықтан қабылдаған шешімім еді. 
Биыл Жағда Бабалықтың 100 жылдығына орай «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» деген республикалық экспедиция ұйымдастырып, атақты этнограф Уахит Шалекенов, танымал психолог Құбағұл Жарықбаев, «ұрпақты құрсақтан тәрбиелеу керек», – деп жүрген Совет-Хан Ғаббасов сынды бірқатар азаматтармен сұхбаттасып, этнографтармен кездесіп, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты бірнеше томдық кітап шығаруды жоспарлап отырмын. Осының бәрі ұлттың көкейіндегі маздап тұрған сұрақтарға жауап табу, ұлтқа көмектесу жолында жасалып жатқан жұмыстардың бір көрінісі деп есептеуіңізге болады.
«Елу жылда ел жаңа», – демекші, көз алдымызда жүйе алмасып, формация өзгеріп, қазақ халқы жаһандануға бет алып бара жатқан шақта салт-дәстүрімізді сақтап, мынау ұлан-ғайыр далаға еге болып, ел көшін бастар жастарды ұлттық тәрбиемен өсіруді қолға алуымыз керек. Ол үшін бесік пен бейіт арасындағы қысқа ғана ғұмырда босқа өткізіп алмауды ел азаматтарына түсіндіруіміз, руханият үшін ұлт болып күресуіміз керек. Сонда ғана асыл мұратымыз орындалмақ.
Ал енді әдебиетіміздегі салт-дәстүр көрінісі, ол жайлы деректер, нақтылы оқиғамен өрбіген эпизодтарға, таным-түсінігіміз жайлы үзік-үзік оймен берілген әңгіме, повесть, өлең-жырларға келетін болсақ, бұл кешегі Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов немесе Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды бірқатар қазақ жазушыларының шығармасында бар. Оны көзі қарақты, зерделі оқырмандар жақсы біледі. Бүгінгі таңда салт-санамыз бен дәстүрлі өмірімізді арқалаған шығармалар көп емес. «Жоқ», деп кесіп айтуға болмайды. Жастарымыздың арасында «айдалаға шапқан арамтер» болып жүргендер, аспанауи әлемнен түскендей болып жыр құрап, болмайтын тақырыптарды айшықтап көрсеткісі келетіндер жоқ емес. Жалпы, әдебиетіміздегі дәстүр тақырыбын тарқату үшін көп уақыт керек. Бұл бір-екі ауыз сөзбен, төрт-бес мысалмен біте қоятын дүние емес. Алайда, өміршең де өлмес тақырып екені белгілі. Айталық, басқа шығармаларды қайдам, тарихи, этнографиялық туындылар, ұлттың дүние танымына байланысты жазылған шығармалардың ғұмыры мәңгілік деп есептеймін. Сондықтан да, жастарымыз осы салаға назар аударып, тер төксе игі еді...

Естеріңізде болса, жылдың басында ашылған «Ардың ісі»  айдары үш сауалдан ғана тұратынын ескерткенбіз. Сол сүрлеуден жаңылмадық. «Сын мен шын» тақырыбында өрбіген алғашқы сұхбатта әдебиетіміздегі біршама кемшіліктерді жіпке тізіп өткенбіз. Ал, қаламгерлердің тартар мехнатының көп екенін, әдебиетке ден қойған жанға рухани тазалық керектігін, рушылдықтан ада, мемлекетшіл азамат болғанда, салт-дәстүрімізді ұрпақ санасына сіңіруге күш салып, этнографиялық шығармаларға көңіл аударғанда ғана ұлт мұратына жететінін ақ жүрегінен ақтарған Қасымхан Бегманов, өзіне тән жайдарлы мінезімен ширек ғасырдағы әдебиетімізге, жас буынға оң көзбен қарайтынын, жақсы шығармалардың алдағы уақытта туатынын жеткізді. Бұдан біз әр нәрсеге сабырлы күймен, қанағатшылдықпен қараудың жақсы қасиет екенін ұғына түстік. Дәл осындай көзқарас руханиятымызға керек-ақ.

Асыл Сұлтанғазы