«АУЫЛ – ТІРШІЛІК ТЫНЫСЫ»: ЕЛБАСЫНЫҢ ЖАРКЕНТКЕ СӘЛЕМІ

Уақыты: 08.07.2020
Оқылды: 1072
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бұл мақаланың негізі мен тақырыбы осыдан он екі жыл бұрын менің жеке басыма ғана емес, қоғамға да елеулі маңызы бар оқиғаға байланысты туындаған еді. Нақтырақ айтсам, 2008 жылдың күзінде Мәжілістегі әріптестерім Наталья Геллерт, Мейрам Пішембаев, Нұртай Сабилянов төртеумізді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдады. Сол жылдары Мемлекет басшысының жұмыс тәртібіне сәйкес жылына бір-екі рет депутаттармен кездесу өткізіліп, заң шығару қызметі, ел арасындағы татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздеген әлеуметтік, экономикалық, шаруашылық жайттар және басқа да маңызды мәселелер төңірегінде салиқалы пікір алмасулар өтіп тұратын. Мұндай жауапты шаруаны Президенттің Парламенттегі өкілдігінің сол кездегі басшысы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бүгіндері еліміздің Беларусь мемлекетіндегі елшісі Асқар Бейсенбаев ұйымдастыратын.

Белгіленген уақытта Ақ Ордаға бардық. Елбасының жұмыс кестесінің тығыздығы соншалық, бізден басқа шетелдерден келген инвесторлар, бір-екі министр және құқық қорғау мекемелерінің басшылары кезек күтіп жүрді. Алайда, кездесуді ұйымдастыруға жауапты аппарат қызметкерлері Елбасының депутаттарға деген ерекше құрметін ескеріп, бізді кешіктірмей қабылдау бөлмесіне өткізді. Бір-бірлеп кіріп келсек, төр жақта Нұрсұлтан Әбішұлы, төменірек Президент Әкімшілігінің басшысы А. Мусин және А. Бейсенбаев күтіп тұр екен. Бірінші болып кірген Наталья Геллертті көрген Елбасы қарсы жүріп:
– Нәзік қолымен қуатты техниканы сынақтан өткізген батыр қыздың қолын алайық, – деп жылыұшырай амандасып, протокол бойынша белгіленген орындығына өзі жайғастырды. Бәрімізбен қол берісіп амандасып шығып, жайғасқан соң әңгімені отбасы амандығы, денсаулықты сұраудан бастап кетті.
Жасыратыны жоқ, төртеуміздің де әжептәуір қобалжып отырғанымызды байқап, Парламенттің жұмысына оң баға бере келе, әрқайсымыз жайында қысқаша тоқталып, ризашылығын білдіріп, еркін отырып, ашық әңгіме айтуға шақырып, көңілімізді орнына түсірді. Осы сәтті пайдаланған халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Н. Геллерт атқарылып жатқан жұмыстар, талқылауға түскен халықаралық келісімшарттар және сол уақыттағы маңызды мәселе 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы туралы әріптестері мен өзінің пікірін айтты. Сөзін бөлмей мұқият тыңдап болған Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Жаңарып, жақсарып өсу үшін бізге Еуропа елдерімен технологиялық ынтымақтастықты жандандырып, нанотехнология мен биотехнологияларды тартуымыз қажет. Ал энергетикалық, сауда, көліктік бағыттарды стратегиялық маңызы бар деп тануымыз қажет. Бұл оң сипаттағы тәжірибелердің біздің елде сауда-экономикалық, шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша ықпал ететіні сөзсіз, – деп түсіндірді.
Бұдан кейін сөз алған қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Н. Сабилянов республикалық бюджеттің жағдайы, оның орындалуы барысында орын алып жүрген кемшіліктер және оларды жақсарту бағытындағы ойларымен бөлісті. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі М. Пішембаев жалпы кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы жағдай жасау, отандық тауар өндіру мен қазақстандық машина жасау саласын өркендету туралы ойлары мен басқа да инновациялық жоспарларын баяндады. Екеуінің де сөзін бөлмей, бар назарымен тыңдап, арасында сұрақтарына жауап алып болған соң Нұрсұлтан Әбішұлы ел дәулетін жақсартуға арналған кешенді іс-шаралардың атқарылу қарқынына және алда тұрған маңызды жұмыстарға шолу жасап өтті. 
Өз кезегімде мен заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі ретінде Мәжілістің қоржынына түскен заң жобаларының сапасын жақсарту тұрғысында, сот және құқық қорғау органдарының қызметін жандандыруға бағытталған реформалардың барысы мен оларды қамтамасыз ететін заң жобаларын әзірлеу жағдайы туралы мәліметтер мен пікірлерімді жеткіздім. Сонымен қатар, «Нұр-Отан» партиясының Мәжілістегі фракция Президиумының мүшесі ретінде фракция жұмысы туралы да мәлімет бердім. Соңғы іссапарымда Алматы облысының Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр, Райымбек аудандарының елуге жуық елді мекенінде ауыл тұрғындарымен болған кездесулерге белгілі қоғам қайраткері, ауылшаруашылық саласының майталманы, Дала Академигі атанған Ы. Қожахметов, Социалистік Еңбек Ерлері Ә. Зайнаудинова мен К. Айтжанова, еңбек ардагерлері С. Оразаев, Х. Баядилов, М. Махсатов және тағы басқа да ел ағаларының қатысып, сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының ауылшаруашылық саласына ерекше көңіл аударып, барлық жағдайды жасауға бағыттаған ұсыныстары мен тапсырмаларына ризашылық танытып, қолдап отырғанын айтуды тапсырған аманаттарын жеткіздім. Нұрсұлтан Әбішұлы аталған кісілердің көпшілігін танып, еңбектерін атап, рахметін білдірді де:
– Әрине, ауыл – тіршілік тынысы. Үкімет тарапынан әлі де көп жұмыс істеледі. Қандай күрделі проблемалар көтерілді? – деп сұрады.
Ауыл кәсібіне арзандатылған несие және мал мен жеміс-жидек саласына субсидия беру, жеке меншіктегі мал басының көбеюіне байланысты жайылым мен жайлаудың жетіспеуі, диқандардың көктемгі науқаны мен күзгі егініне мемлекет тарапынан арзан бағамен бөлінетін тыңайтқыш пен жанармай ортаға киліккен делдалдардың кесірінен іске аспай жүргенін, дайын егінді, әсіресе жүгері дақылын дұрыс бағамен сату мүмкін болмай тұрғанын және ауылдағы мектептер мен денсаулық орындарының мүшкіл жағдайын және бұл проблемалардың барлығын облыс, аудан әкімдері мен партиялық бақылауға алынғанын айттым. 
Кездесудің соңын өзі қорытындылаған Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Біршама әңгіме айтылды. Eл-жұртпен осылай тығыз байланыста болыңыздар. Ықыласпен тыңдап, аманаттарын мұқият орындауға тырысыңыздар. Сіздер елдің сенімін арқалап жүргендеріңізді ұмытпағандарыңыз абзал. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деп байсалды даусымен ақыл-кеңес айтты. Көтеріңкі көңілімен бізді қатарына алып, естелікке суретке түстік. «Жақсы десе жан семірер» демекші, Мемлекет басшысымен жақсы деңгейде өткен кездесуге көңіліміз көтеріліп, ризашылығымызды білдіріп, қоштасып, шығар есікке жақындаған сәтімде:
– Рамазан! – деген Нұрсұлтан Әбіш-ұлының даусына жалт бұрылып, күтпеген жерден шақырғанына абыржып қалғаным сонша, не айтарымды білмей тұрған жерімде қатып қалыппын.
– Баяңдаған әңгімең орынды. Жаркенттің келешегі мол. Менен Жаркентке сәлем айт! – деді.
– Мақұл, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сәлеміңізді міндетті түрде жеткіземін, – деп жауап бердім. Сыртқа шыққан сәттен-ақ небары екі-үш минут күтіп қалған әріптестерім: «Не айтты? Не үшін шақырды?» – деген сұрақтың астына алды. Мен қалжыңға басып: «Сендердің сырттарыңнан қарап жүруді тапсырды», – дедім. Олар сене қоймаған соң: «Жұмысыңды осылай атқара бер, Әділет министрі боласың деді» – деп тағы қалжыңға бастым. Байқаймын, алғашқысындай емес, бұл сөзім әріптестеріме әсер еткендей болды. Бақылау бөлмесінен ұялы телефонды алған сәтте Панфилов ауданының әкімі Ермек Келемсейітке қоңырау шалып, әріптестеріме естірте отырып:
– Ереке, жаңа ғана бір топ депутат Елбасының қабылдауынан шықтық. Нұрсұлтан Әбішұлы Жаркенттің келешегі мол, сәлемімді жеткіз деп тапсырған еді, сізге осы қуанышты хабарлап отырмын! – дедім. Ерекең телефонның арғы жағында қуанып жатса, қасымда тұрған әріптестерім кешіккенімнің ақиқатын енді түсінді.
Мемлекет басшысымен дидарласып, ақыл-кеңесін тыңдап, сәлемін дер кезінде ел-жұрттың назарына жеткізу кімге болса да жауапты міндет екендігі белгілі. Мен де осыған бел буып Елбасының сәлемін туған елім Жаркентке бұқаралық ақпарат құралдар арқылы кеңінен жеткізуге ниеттеніп, жобасын әзірлеуге кіріскен едім. Оның үстіне «Дала аруы» – жүгері дақылын өндіруде атағы төрткүл дүниеге белгілі болған Жаркент өңірі 2008 жылдары дағдарысты ақырындап еңсеріп, шаруашылығын оңдап, 20 мың гектардан аса көлемдегі жүгері алқабын игеріп, мал басын еселеп, озық технологияны пайдалану арқылы жеміс-жидек өнімдерінің жаңа түрлерін өсіріп, сауданы дөңгелентіп, кіші кәсіпкерлікті қалыптастырып үлгерген кезі болатын. Осылай ой үстінде жүргенде Елбасының Жаркентке сәлемінің алғашқы феномені жарқ етіп, 2008 жылдың ақпанында Президенттің «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» Жолдауы жарияланды. ҚХР шекарасынан, яғни Жаркенттен бастау алып, барлық оңтүстік облыстар мен Алматы қаласын көктей өтіп, Қызылорда мен Ақтөбе арқылы Ресейге шығатын, өңірлердің экономикасын жандандыратын Қазақстандағы ең ірі көліктік жоба – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» трансқұрлықтық дәліздің құрылысына кірісу тапсырылды. Халық- аралық транзиттік автожол – ерте ғасырлық Жаркент қаласы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының қазіргі заманға лайықталған баламасы еді. Ғұлама ғалым, философ Махмуд Қашқариден: «Алып адам ел дүрліккенде көрінеді, данышпан адам жай тірлік күнде көрінеді», – деген дана сөз қалған екен. Нұрсұлтан Әбішұлының ел қамы үшін даналық, көрегендік пен табандылық танытуының арқасында Қазақстан аймағынан өтетін ұзындығы 3000 шақырымға жуық аталған көлік құрылысы небары 4-5 жылда аяқталып, ел игілігіне берілді. 
Көп ұзамай Елбасының Жаркентке тағы бір сәлемі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының ашылуымен жетті. Мыңжылдық межені болжаған Нұрсұлтан Әбішұлы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жобасының әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Қазақстан мен Қытай шекарасы маңында көлемі 528 гектар, оның ішінде 185 гектары өз жерімізде орналасқан халықаралық сауда-туристік орталығын ашқызды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген отандастарымыз, жергілікті тұрғындар және келген саудагерлер күні бойы сандалып жүрмейтін болды. Қытайға өтіп әуре болудың қажеті жоғалды. Заманауи көрмелік павильондар және дүкендерден кез келген бұйымдарды тиімді бағамен тез табу қолжетімді болды. Міне, «ұлы адамның мейірімі – бақыт кілті» деген осы. Елбасының шешімінің арқасында бұл орталық адамдардың игілігіне қызмет атқарып жатыр.
Елбасының Жаркентке келесі сәлемі Жетіген–Қорғас теміржолының ашылуымен жетті. Стратегиялық маңызы зор, ұзындығы 293 шақырым, 5 стансы, 9 разъезд, 28 көпір және 2 жол өтпесі салыну барысында Қазақстанның мыңдаған азаматы жұмыспен қамтылды. Қолындағы техникасын іске тартып, табыс тапты. 2011 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпір барысында Жетіген-Қорғас теміржолы ресми пайдалануға берілгеннен бастап алыс-жақынға миллиондаған тонна жүк тасылып, мыңдаған жолаушы сапарға аттанды. Бұдан бөлек Жаркент өңірінің тың жерінде бой көтерген, он бес мың тұрғыны бар Нұркент қаласында 390 пәтерден құралған үш қабатты 28 тұрғын үй және 40 екі пәтерлі тұрғын үй, 800 оқушыға арналған мектеп, 240 орынды балабақша, 100 адамды бір уақытта қабылдауға мүмкіндігі бар дәрігерлік амбулатория, тұрмыс комбинаты, асхана, монша, өрт депосы және басқа да әлеуметтік нысандар қызмет көрсетіп тұр. Теміржолдың бойына орналасқан Жетіген, Шелек, Тасқарасу және өзге де елді мекендерде 600-ге жуық тұрмысқа жайлы тұрғын үйлерде теміржолшылар мен мемлекеттік қызметкерлер қоныстойын тойлады. Бұндағы тұрғындардың өмір сүру деңгейі қалалардан артық болмаса, кем түспейді. Осылайша, Елбасының бақылауында болған Жетіген – Қорғас теміржол желісі тәуелсіздік жылдарында салынған ең ірі өндірістік нысан ғана болып қоймай, әлеуметтік маңызы зор ірі кешенге айналды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген дана сөзді осындайда айтқанымыз абзал.
Нұрсұлтан Әбішұлының аса маңызды мәселелерді қарау барысында табандылық танытып, халық алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып, сенімді түрде шешім қабылдауынан, оның тапсырмаларының да салмақты болатынына депутаттық қызметімде сан мәрте куә болдым. Осындай шешімнің бірін Президент Н. Назарбаев 2011 жылғы қарашадағы Жарлығымен Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Жаркент жерінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «құрғақ портын» ашу туралы жариялады. Ал арада үш-ақ жыл өте, яғни 2014 жылдың желтоқсанында бұл портты өзі іске қосты. Құрылыс жұмыстарына 650-ден астам түрлі техника, бір мыңға жуық жұмысшы тартылды. Төрт жарым мың гектар жерді алған арнайы экономикалық аймақ – құрғақ порт Қазақстандағы тұңғыш жерүсті порты және Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк саналады. Қазіргі уақытта 15 мың контейнер тұратын қоймасы бар, 6 теміржол тартылған портқа Қытайдың түрлі өңірінен келген жүкті қытай пойыздарынан қазақстандық пойызға ауыстырып тиеп, 5-6 тәулікте Орталық Азияға, 14-15 тәулікте Еуропаға, 20 шақты тәулікте Иран, Түркия және де басқа елдерге тасымалданады. Бүкіл әлемдегі ең жоғарғы санаттағы құрал-жабдықтар мен крандарда арнайы дайындалған қазақстандықтар жұмыс істейді және олардың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, «Қорғас – Шығыс қақпасында» соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған, құжаттардың санын азайтып, шекарадан өткен адамдардың уақытын үнемдеп, қазынаға миллиардтаған қаржы түсіретін жолаушы және жүк терминалы бар «Қорғас» халық-аралық кеден бекеті қызмет етеді. Ең абзалы, бұл аймақ бірнеше мың адамға жаңа жұмыс орнын ұсынып отыр.
Елбасының Жаркентке сәлемінің жалғасы деп осы өңірге жеткізілген табиғи газ құрылысын айтуға болады. Қала іргесінен өтіп жатқан «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырынан Жаркент қаласына, айналасындағы елді мекендерге және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын  жабдықтауға қуаты жететін автоматты газ тарату стансысы салынды. Бұйыртса, көп ұзамай тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйін көтеретін газбен қамтамасыз ету жұмыстары Жаркент өңірінен соң Еңбекшіқазақ, Шелек, Ұйғыр аудандарында жүргізілетінін облыс басшылары мен «ҚазТрансАймақ» кәсіпорны жариялап үлгерді.
Шағын мақалада тағдырыма Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындаушы, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғарғы лауазымды Тұлғамен кездесудің бұйыртқанын және сол дидарласуда Нұрсұлтан Әбішұлының маған сенім артып, Жаркент халқына сәлем жолдаған сәттермен бөлістім. Елбасының адал ниетімен жолдаған сәлемінің жақсылықтан жақсылыққа жалғасын тапқанын ерекше мақтанышпен баяндап өттім. Елбасының жан-жақты қызметін өсіп-өніп келе жатқан жастарға да үлгі болсын деген ойым болды. Сонымен қатар, мен бұл мақаламдағы көріністер арқылы байырғы қазақ жерінде тәуелсіз мемлекет құрып, небір қиын-қыстау сәттерден елі мен жерін аман-сау алып өтіп, байқуатты елдердің қатарына қосқан Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегіне құрмет көрсетіп, мерейтойы алдындағы өз жерлестерімнің атынан айтылған рахмет хаты ретінде бағаладым. 

Рамазан Сәрпеков,
қоғам қайраткері, профессор, 
Алматы және Қостанай облыстарының Құрметті азаматы