"ҚАРАҢЫЗШЫ, АЛАТАУ ҚАНДАЙ КӨРКЕМ?!" ЖОЛАН ОМАРОВ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК

Уақыты: 14.08.2020
Оқылды: 1657
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Талғар ауданының әкімі Жолан Ыбрайақынұлының дүниеден озғанын естігенде, сенгіміз келмеді.

Жұмыс барысымен қабылдауында болғандағы әңгімесі еріксіз есіме түсіп отыр.

- Қоғам үшін басты мәселе адами ресурстар, оны біз бағалай білуіміз керек. Орынбасарлар, бөлім басшылары жақсы жұмыс істесе, әкімнің дұрыс талап қойғаны. Сондықтан, мен біраз кадрлық өзгерістер жасадым. Ауданға әкім болып тағайындалғаннан кейін білікті, жігерлі, жұмыс талабын түсінетін кадрларды шақырдым, – деген еді сол кездесуде.

Сәл үнсіздіктен кейін орнынан тұрып, терезе алдына барып: «Қараңызшы, біздің Алатау қандай көркем?! Осы Алатаудың етегіндегі ежелгі Талхиз қаласын біреу білсе, біреу білмейді. Арманым, осы Талхиз қаласының орнын бүкіл ел білетін аспан астындағы ашық музейге айналдыру. Ол біздің тарихымыз, байлығымыз, –  деп қосып қойды. – Экологиялық мәселелер мазамды алады, біздің алма бақтарымыз қайда, Алматының атақты апорты қайда? Тұрып жатқан жеріміз күл-қоқысқа айналды. Талғар қаласы маңынан күл-қоқыс өңдейтін зауыт салып, экологияны түзесек, болашақ ұрпақ бізге көп рахметін айтар еді».

Естен кетпес сол кездесуде Жолан Ыбрайақынұлы Д.Қонаев атамызға арнап саябақ ашсақ, көпбалалы аналарға, ұстаздар мен дәрігерлерге қолдау көрсетіп, әлеуметтік мәселелерді шешсек деген жоспарларымен бөлісіп еді.

Мен осы бір жігерлі де қайратты, көзінде от жанып тұрған жігітке қарап тұрып: «Тілегің орындалсын, Жаратқан тіл-көзден сақтасын», - дедім ішімнен. Бұл тілегіме қарамай ажал Жолан Ыбрайақынұлын арамыздан алып кетті. Істегенінен істері көп, көкірегі асыл арманға толы азаматымыз бақилық болды. Жатқан жері жарық, жаны жаннатта болсын деп марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Бақтығали АЙЖІГІТОВ,

зейнеткер

Талғар ауданы

Алматы облысы