"ДӘРІСІЗ ӨМІР СҮРЕМ": ЖҮЗ ЖАСТАҒЫ КҮЛМАН ӘЖЕ ҰЗАҚ ЖАСАУДЫҢ СЫРЫН АЙТТЫ

Уақыты: 29.09.2020
Оқылды: 1753
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Адам  қашанда бақытты болып, ұзақ өмір сүруді аңсаған. Бірақ бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Ол Құдайдың құзырындағы билік деп ойлайды халық. Өмір жолындағы оқиғаларды сынақ деп бағалайды. Тағдырдың жазуы маңдайға жазылған деп біледі. Тіпті, алақандағы сызықтарды да соның нышаны деп тұжырымдайды. Бақытты сезінудің алғышарттарын да өмір тәжірибесі анықтаған. Ол не?  Ол – таңдаған мамандығың, еңбегің, махаббатың, өмірлік серігің – жан-жарың. Жанашыр, сыйлас-сырлас дос-туыстарың деген тәмсілге денсаулықты қосар едім.

Әрине, адам өз дәуірін таңдай алмайды. Туу да Жаратқанның құзырында екені даусыз. Бірақ бізге ақыл мен сана, түрлі қабілет жаратылыстан бұйырған ғой. Онда  адам  өзінің өмір сүру кезеңіндегі  түрлі оқиғалардан қателеспей, сынақтан сүрінбей өтсін деген міндет бар шығар. Ол адам қашанда адам болып қалуы керек деген қасиетті парызбен ұштасатын болар. Алланың ақ жолымен жүріп, табиғатынан дарыған адами болмысын таза сақтай алса, оның сыйлығы қандай деген сауалға мен Алланың сыйлығы – ұзақ ғұмыр мен денсаулық шығар деп ойлаймын. Бұған 100  жастағы Күлман Сыдықованың өмірі дәлел.

Қазақ халқы денсаулықты – зор байлық деп бағалаған. Оның маңызы ХХІ ғасырдағы біздің дәуірде  тіпті артты. Қазір күллі әлем дүрлігіп, бір жұмбақ вируспен күресіп жатыр. Адамзат ғалымдары оны сөзсіз жеңеді. Әттең-ай, сол жеңіске жеткенше індеттің кесірінен қаншама замандастар мезгілсіз өмірден өтті. Оларды ажалдан мансап та, байлық та құтқара алмады. Ал қарапайым халықтың қатарында 100 жасқа жеткендер бар екен. Бұл адамның бір ғасыр жасай алатынын дәлелдеп тұрған айғақ. Өкінішке қарай, қазақ еліндегі өмір сүрудің орташа жасы 70-ке жетер-жетпес болса, Жапонияда 80-82 жас екен. Табиғаты тамаша, байлығы ұшан-теңіз біздің елде адамға не жетпейді осы?!

– Ұлы Даламызда бәрі бар-ау. Қазағым ұзақ жасауды ұлы мақсат деп таныған емес. Таныса денсаулыққа зиян деген әрекеттерге бармас еді. Шылым шегіп, арақ-шарап ішпес еді. Табиғатпен үндесіп өмір сүрер еді. Денсаулығын күтіп, баптар еді. Бәрінен де сұмдығы – жас балаларға дене тазалығын жас кезінен сақтай білуді отбасында ешкім үйретпейді де. Мен ойлаймын, қазақ үшін 100 жыл өмір өлшемі болу керек, – дейді Қарасай ауданындағы Жандосов ауылының тұрғыны Күлман Сұлтанқұлқызы.

Ол – бір ғасырдың шегінен асқан  ғасыр-ана. Сондықтан да барша қазақ халқына осындай ұлағат айтуына толық құқығы бар. Биыл 10 қыркүйекте Күлман әже 100 жасқа толды. Ең бастысы – аман-сау, өз аяғымен жүреді, әлі газет-журнал оқиды. Қарапайым ғана еңбек адамы. Қазір тұңғышы Гүлсара Тұтқабайқызының күтімінде. Негізгі тұрағы – Жандосов ауылындағы қара шаңырақ иесі, кенжесі Марат Тұтқабайұлының үйі.

– 1920 жылы күзде Райымбек ауылдық округіндегі Абай ауылында дүниеге келіппін. 1928 жылы кәмпеске басталып, ұжымдасу жүзеге асырыла бастады. Байлардың мал-мүлкі тәркіленді. Ол 1932-1933 жылдардағы алапат аштыққа ұласты. Тарихтан білесіздер, кәмпескеден тоналған байлар да, орта дәулеттілер де малынан айырылған соң Қытайға, көрші елдерге қоныс аудара бастады. Отанын қимаған менің ата-анам аштық жылдарында-ақ қайтыс болып кетті. Туыстардың бәрі ішерге тамақ, киерге киім таппай басы ауған жаққа босыды. Шолақ белсенділер «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен әрекет етті. Ұжымдасу зорлық-зомбылықпен жүргізілді. Таңертең әр үйдің ауласында ісініп кеткен өліктер жататын. Оларды арбамен тасып, сай-салаға көме салатын. Бала болсам да соны мен көрдім. Қаскелең ауданындағы нағашыларым Нүке ата мен Тоққұл, Назипа әжем жетім қалған мені алып кетіп, бауырына басты. Өздері Шөладыр деген жерде ағаш дайындайды екен. Азын-аулақ малымен, бау-бақшасымен күн көреді. Әрине, мұнда да ұжымдастыру жүргізілді. Бірақ біз аман қалдық. Кейін олар Ворошилов атындағы ұжымшарға ауысты. Бүгін ол Жандосов ауылы деп аталады, – дейді ғасыр жасаған ардақты ана.

Соғыс жылдарында ұжымшардың бар ауыр жұмысын әйелдер мен жасөспірімдер атқарғанын білеміз. Соның бірі – 20 жасар Күлман Сыдықова. Ол қолмен атқарылатын қара жұмыстың нағыз майталманы еді. Мал бақты, егін суғарды, ағаш та дайындасты. Күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей, еңбектен қол үзбеді. Әсіресе, жеміс-жидек ағаштарын күтіп-баптауға ерекше құлшыныс танытыпты. Бастауыш мектепті ересектермен бірге оқып, сауатын ашады. Енді радио ғана тыңдамай, кітап та оқи бастайды. Күні бүгінге шейін кітап, газет, журнал оқуды әдетке айналдырған. 100 жасар Күлман Сұлтанқұлқызының негізгі мамандығы бағбан екен. Соңғы жылдарда жеміс ағаштарын күтіп-баптап, сол жұмысынан қол үзбей зейнетке шыққан.

– Табиғатқа жаны жақын. Қоршаған ортадағы түрлі өсімдіктің атын біледі. Дәрілік қасиеттерін таниды. Шай орнына қайнатып ішіп те жүреді. Ең ғажабы – жеміс ағаштарын да тірі санайды. Кейбірімен адамша сөйлеседі де. Қурап қалғаны болмаса, көгеріп тұрған бір бұтақты қимайды. Қазақ әйелдерінде бағбан кәсібін таңдаған бір жан жоқ. Ал менің анам болса, кәсібін табиғаттан тапты. Дәрі-дәрмекке әуес емес. Дәруменді де өсімдіктерден алады, – деп күледі қызы Гүлсара ханым.

– Ата-бабам далада туып, далада өсті. Желмен жарысып атқа мінді. Бір қарыс жерін жауға бермей, жан беріп, жан алысқан сарбаз ұлттың қызы емеспін бе? Олар қуатты табиғаттан, құс қанаты талатын жазира жерінен алған. Табиғат заңдылығына бейімделіп, өмір сүрген. Қоршаған ортада адамға керектің бәрі бар ғой. Мен табиғатты сүйдім, табиғат та мені сүйді. Жасыл желектен күш-қуат алдым. Денсаулыққа қажеттің бәрін таптым. Табиғаттың өзі шипагер болып емдеді. Бірақ қиыншылықтардан құтқара алмады, – дейді Күлман  әже.

Иә, бастауыш білімі бар Күлман әже елмен бірге есейді, елмен бірге ауыр еңбекте шыңдалды. 1941 жылы соғыс басталғанда небәрі 20 жаста еді. Жесірлермен бірге күллі ұжымшардың ауыр жұмысын атқарысты. Техника жоқ. Мал күтімі, егіндік алқабы, сиыр сауу, жеміс-жидек бағы мен бау-бақшаны күтуді әйелдер қол күшімен атқарды. Отан азаттығын қорғауға кеткен азаматтардың орнын басты. Күлман Сыдықованың жас ғұмыры жалғыздықта өтіпті. Ол соғыс жылдарындағы «Бәрі де Отан үшін, Жеңіс үшін, Сталин үшін!» деген ұранды әлі ұмытпапты. 1945 жылдың 9 мамырындағы Жеңіс тойы да есінде. Содан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге өз үлесін қосады.

– Халықтың тұрмысы ауыр еді. Түнде білте шам жағамыз. Үйді тезекпен жылытамыз. Бір-бірімізден шоқ сұрап аламыз. Сіріңке жоқ қой. Бірақ рухымыз асқақ еді. Коммунизм заманы келеді деп үмітпен өмір сүрдік қой. Әйтеуір, бейбітшілік болса деп еңсемізді түсірмедік. Іштей болса да Құдайға сендік. Дінге Кеңес өкіметі қатаң тыйым салған ғой. Қоғам құдайсыз болса да адам құдайсыз емес қой. Абай атамыз айтқандай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Мен Алланы күні бүгінге шейін жүрегімде сақтаймын. Сізден басқа тірегім жоқ деп Тәңірге күніне мың қайтара жалынамын. Шынында да менің бағымды ашқан Алла Тағала болды, –  деп ағынан жарылды ана.

«Құдай деген құр қалмас» деген рас екен. 1950 жылы Күлман Тұтқабай атты азаматпен отау құрады. Отағасы өзінен 25 жас үлкен еді. Қайтыс болған әйелінен 4 қыз қалған екен. Оларға туған анасындай болу да оңай емес еді. Күлман Сұлтанқұлқызы олардың бәрін жан жылуымен аялайды. Арада екі жыл өткенде өзі де сәби сүйе бастапты. Құтты шаңырақта дүниеге 8 бала әкеледі. Міне, бақыт!

Ол Құдайдың бергенін туа берген, туа берген. Екі жыл сайын аяғы ауырлапты. 1952 жылы – Гүлсара, одан кейін Ұлтуар, Нұртай, Нұрлан, Абзал, Дина, Қанат, Марат кенжесін 1975 жылы туады. Бүгінде олар бір-бір шаңырақ иелері, білімді де білікті мамандар. Бір баласы Норвегияда тұрады екен. Күлман апаның жұбайы – Тұтқабай ата 1994 жылы 98 жасында қайтыс болды. Өмірден бақытты әке болып, ризалықпен аттанады.

Ал 12 бала тәрбиелеп, аман-есен өсірген Күлман Ана «АЛТЫН АЛҚА»  иегері атанады. Ол ол ма, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығында тылда жұмыс істегені үшін «Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 75 жыл» медалімен марапатталады. Қазір балаларынан 21 немере, 25 шөбере, 1 туажат сүйген. Бір үй бір қауым ел болыпты. Міне, шүйкедей ғана сары апаның кереметі!

– Тәңірге өкпем жоқ. Өмірдің ыстығында күймедім, суығында тоңбадым. Қуанышта тасымадым, қиындықта жасымадым. Дәрісіз өмір сүрем. Денсаулықтың арқасында еңбектен қол үзбей, балаларымды өсіріп, біліммен қанаттандырдым. Енді бәрі де – балалы-шағалы. Әрқилы салаларда еңбек етеді. Солардың амандығы мен өсіп-өнгені қуат маған. Сондықтан мен әр күннің атар таңын – Алланың сыйы деп қабылдаймын. Әлі де солай. Бойымды да, ойымды да таза ұстап, балаларымды да жаманатқа жолатпадым. Адам деген атыма шаң жұқтырмадым. Құдайдың алдында арым таза болғандықтан да маған 100 жыл ғұмыр берілген шығар. Әлі де «Балаларыма да баянды бақыт пен ұзақ ғұмыр бер» деп Тәңірге ақ тілек жолдап отырамын. Заманы тыныш, қауіпсіз  болса екен, – деп бетін сыйпады ҚАЗАҚТЫҢ АНАСЫ  АТАНҒАН КҮЛМАН ӘЖЕ!

ИӘ, 100 ЖЫЛДЫҚ ҒҰМЫР ДА, ШАҢЫРАҒЫН ШАТТЫҚҚА БӨЛЕГЕН 12 БАЛА ДА, НЕМЕРЕЛЕР, ШӨБЕРЕЛЕР, ТУАЖАТ ТА, ТЕМІРДЕЙ ТӨЗІМДІ ДЕНСАУЛЫҚ ТА – АДАЛДЫҚТЫҢ ӨТЕУІ ҒАНА ЕМЕС, БАҚЫТТЫҢ БАҚЫТЫ ЕДІ! МІНЕ, ҒАСЫР АНАНЫҢ ҒАЖАЙЫБЫ!

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі