ВАГОН ДӨҢГЕЛЕКТЕРІН ТЕКСЕРЕТІН МАМАН: "ТЕМІРЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ"

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 1221
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дана халқымызда: "Ердің атын еңбек шығарады" деген тәмсіл бар. Әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Сондықтан болар, Тұңғыш Президентіміз бен Мемлекет басшысы да еңбекқор ұлт болу керектігін жиі айтады. Ол үшін билік тұтқасын білегіңе іліп, төрелік ететін мамандықтың төрінде отыру міндетті емес. Қарапайым шаруа иесі болып-ақ мехнатты жұмыспен мерейлі болып жатқандар жетерлік. Әрине, әр мамандықтың өзіндік қиындығы болады. Ал теміржолда зымыраған отарбаны жөндейтін вагон қараушысының жұмысы көпке беймәлім. Қаншама адамның тағдырына жауапты мамандық үлкен ерлікті талап етеді. Осы орайда болат жолдың үстінде тынбай қызмет ететін Үштөбе стансысындағы вагон қараушысы – Серікжан Төлеубаев жайлы жазуды жөн көрдік.

Түгін тарқатсаң майы шығатын, қазық қақсаң қарағай өсетін қасиетті Жетісу өңірі, Қаратас стансысында дүниеге келген Серікжан Бөкейханұлы бала күнінен теміржолшы болуды армандайды. Өйткені, оның әкесі «теміржол – менің өмірім» деп саналы ғұмырын қиындығы мен қызығы мол жұмысқа арнап, абыройлы мамандықтың мерейін тасытқан жан. Қаншама жыл тоғыз жолдың торабындағы зымыраған отарбаның жолын жөндеп, табан аудармай жұмыс істеп, зейнетке шыққан.

Серікжан теміржолшы киімін киіп жұмыстан келген әкесіне қызыға қарап, үлкейгенде осындай форма киген теміржолшы болам деп армандайтын. «Әке көрген оқ жонар» деп, есейе келе Серікжан асқар тауының салған сара жолын жалғауды мақсат тұтады. 1966 жылы Матай стансысындағы интернатқа барып, 1975 жылы Ақтоғай стансысынан білім алады. Мектепті тамамдаған соң арман қуып Талдықорған қаласындағы құрылыс техникумынан техник-құрылысшы мамандығына оқуға түседі. Оқуын аяқтаған соң мектепте, колледжде бірге оқыған Людмила Мыльниковамен отау құрады. Ең кереметі, екеуі де бір салада қызмет етіп, ұл-қыздарын еңбекке баулып өсіреді. Кейін Людмила Анатолийқызы бала тәрбиесін, үй шаруасын қолға алады. Ал отағасы бүлдіршіндерін асырау үшін таңды-таңға ұрып тынбай жұмыс істейді.

Серікжан Бөкейханұлы Ақтоғай стансысында жылжымалы құрамды жөндеуші, кейін вагон қараушы қызметіне орналасады. Қарағайға қарсы, еменге иір біткен бұтадай нағыз нарқасқа жігіт алғашқы күннен-ақ жұмысқа белсене араласып, елдің алғысын арқалайды. Тас үгіп, тау асар табандылығының арқасында техниканы жетік меңгерген жанның вагоны үнемі бабында, жұмысқа сақадай-сай тұратын.

Оның бойында үлгі тұтарлық қасиеттер көп. Сондықтан болар, әу бастан кәсібіне адалдық танытып, үлкен жауапкершілікпен қараған жанның жұмысқа деген құлшынысына жұртшылық тамсанатын. Ол өз білімі мен білігін жетілдіріп жүруден талмайтын ізденімпаз қасиетімен баршаға үлгі. Жас теміржолшыларға өмірде көргені мен білгенін айтып, жол көрсетіп отырудан жалыққан емес. Ұжымы оны өз ісіне тиянақтылығы, ширақтығы үшін қатты құрметтейді. Ал кейіпкеріміз әке жолын жалғап, теміржолда жұмыс істейтінін мақтан тұтады.

– Адам ылғи да биік асуларды армандайды. Еңбектеніп, биікке ұмтылсаң асыл арман мұратқа жеткізеді. Өмірдің заңы осындай. Сондықтан, қандай жұмысқа орналасатыныңды да армандауың керек. «Тіршілікте адам екі нәрседен жаңылыспауы тиіс. Біріншісі, жар таңдау болса, екіншісі мамандақ таңдау», – дейді үлкендер. Мен екеуінен де қателеспедім. Сүйікті жарым мен жұмысым бар. Теміржолда вагон тексеріп, сүйікті жұмысымды шын ниетіммен істеймін. Біздің сала атақ-абырой үшін істейтін қызмет емес. Жүк және жолаушы құрамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзі үлкен жетістік. Жақсы атың шығып жүріп, бір қателікке бой алдырсаң, бүкіл жинаған абыройыңнан әп-сәтте айырылып қалуың мүмкін. Сондықтан, қашанда екі шоқып, бір қарауға мәжбүрміз. Стансыға келіп тоқтаған пойыздарды түгел қараймын. Олар қозғалыстың қауіпсіздігін, жүктің сақталуын бақылап, тежегіштерін және басқа да құрылғыларын тексереді. Жауапкершілігі көп мамандық болған соң, ұжымың да жақсы болу керек. Мен бір-біріне көмегін аямайтын, тонның ішкі бауындай етене араласып кеткен тату-тәтті ұжымда істегеніме қуанамын, – дейді білікті маман.

Өз ісінің шебері 1984 жылы Қаратас стансысындағы депода, ал 1995 жылдан бастап Үштөбе қаласының стансысында вагон  қараушы болып тынбай жұмыс істеп келеді.

Үштөбе – тоғыз жолдың торабы. Мұнда әрлі-берлі ағылып жатқан жүк және жолаушы пойызы бір толас таппайды. Вагон қараушының әрбір он бес-жиырма минут сайын кезекті құрамды қабылдап, тексеріп, жөнелтіп жатқандарын жиі көреміз. Жолаушылар пойызы белгілі бір кестемен жүрсе, жүк пойызында жүретін уақыт белгісіз. Вагон қараушы жұмысқа қай кезде де дайын болуы тиіс екен.

Расында, перронға таң ата барса да, түннің жарымында барсаң да, арнайы киім киіп, қолдарына саймандарын алып теміржол бойында тынбай жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды көреміз. Олар жайлы «Жай доңғалақ ұрып жүр ме?» деген жаңсақ пікір айтылатынын да жасырмаймыз.

Сөйтсек, теміржолдағы ең қиын жұмысты атқарады екен. Өнер сахна артындағы тынымсыз жұмыстан тұратыны секілді, вагон жөндеушілердің де еңбегін көп ешкім біле бермейді. Қаншама қиындықтарға қарамай, шебер маманның вагон доңғалақтарынан шыққан дыбысты жазбай танып, жөндейтіні – кәсібилік. Ал машақаты көп жұмыста 36 жыл табан аудармай жұмыс істеген шебер маман нағыз еңбек адамы. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кейіпкеріміз қажырлы еңбегінің арқасында білікті маман иесі атанып жүр. Кейіпкерімізден жұмысының қиындығы жайлы сұрағанымызда ол бірден бұл саланың аса жауапкершілік пен біліктілікті талап ететіндігін айтып, ағынан жарылды.

– Жасыратыны жоқ, жұмыс қиын. Вагон жөндеу – көлік тексеру емес. Әлдеқайда қиын. Бір вагонда 60 орын бар. Пойызға 10-15 вагон тіркеледі. Кем дегенде 700 адамның тағдыры қолыңда тұрғандықтан вагон тексеру үлкен жауапкершілікті талап етеді, бізге жүктелетін міндет те зор. Сондықтан, қиындығы көп жұмыста шыдамдылық танытуың керек. Әр пойыздың міндеті әртүрлі болғандықтан жан-жақты болу да маңызды. Қыста жауын жауса, тіптен қиын. Рельс бетіне түскен су күннің суығымен лезде бозамықтанып, мұзға айналады. Бұл жұмыс қателікті кешірмейді. Бір жерден жіберген қателіктің түзетуге келмейтін зардабы болуы әбден мүмкін. Сондықтан бірнеше адамнан құрылған бригада күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс жүргізеді. Мұндағы жұмыс ауа райы қаншалықты қолайсыз болса да, ешқашан тоқтамайды. Боранда да, сіркіреп жауын, борап қар жауса да, жұмыс істей береміз. Пойыз қозғалысы ешқашан тоқтамайды. Біз де жұмыссыз қол қуысырып отырмаймыз. Жастайыңнан бір мамандықта жүргеннен кейін алпыстан ассақ та, ширақ қимылмен бәріне үлгеріп жүрмін, – дейді Серікжан Бөкейханұлы.

Жан-тәнімен беріліп қызмет еткен азаматтың адалдығы, еңбекқорлығы, еліне деген сүйіспеншілігі - ғажайып ғибраттың қайнары. Жаны жақсылыққа толы жанның өмірі мен еңбек жолы бәріне үлгі. Саналы ғұмырының 36 жылын вагон дөңгелектерін балғамен ұрып, техникалық тексерістен өткізіп жүрген тәжірибелі маман еңбегінің жемісін көрер күн де алыс емес. Биыл асқаралы алпыстан асқан жан енді екі жылда зейнетке шықпақ. Қиындыққа мойымаған жанның шаңырағынан береке кеткен жоқ. Еңбегі еленіп, білікті маманға айналды.

Ол бүгінде асқар тау әке, сүйікті ата, отбасының қадірлі отағасы. Тілеужан, Нұржан атты ұлдары, Айжан, Маржан есімді қыздары бар. Барлығы жоғары білімді мамандар, таңдаған кәсіптерінің иелері. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар бүгінде 11 немере сүйіп отыр. Шебер маман табысын билік пен мансапқа емес, отбасының игілігіне пайдаланды. Содан шығар, оның көл-көсір байлығы – балалары. Бүгінде ұрпағының тәтті қылықтарын қызықтап отыр. Немерелерінің атасы сияқты теміржолда жұмыс істеп, білікті маман болғанын қалайтынын жасырмайды.

Жер шарында адамды адам етіп, жұмырбасты пенденің абыройын асқақтататын жалғыз құдірет – еңбек. Еңбек адамы қай қоғамда да сыйлы. Ал ел мен елді, қала мен қаланы байланыстырып жүрген отарбаны жөндеп, қаншама адам өміріне жауапты болып, адал қызмет қылған маманның істеген ісі көпке үлгі. Ерекше мамандықтың ерен майталманы болған жанның жұмысына табыс тілеп, бейнеттің зейнетін көрсін деген тілек білдіреміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы