ТҮЛКІ ТЫМАҚТЫҢ КИЕСІ НЕМЕСЕ НЕСІП ЖҮНІСБАЙҰЛЫ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 09.12.2020
Оқылды: 1775
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Күннің көзі қылтиып көтерілген бетте үйге түскен үт терезенің әйнегіне шыңылтыр аяздың салып кеткен өрнегін одан ары сұлулата түскендей. Көзге шағылысып, түрлі ою-өрнек қылқалам шеберінің қолынан туғандай адамның көңілін еріксіз аударады. Дәл сол сұлулық көзіме бірінші ілікті. Жып-жылы көрпеден тұра салып, терезеге үңілдім. Қандай тамаша, Аяз атаның салып кеткен суреті түрлі шыршаның арасына сені де қолыңнан жетектеп әкететіндей күй кешесің. Осындай әсермен терезенің арғы бетіндегі ойынға көзім түсіп кетті.

Хоккей

Көшенің қара сирақтары ертемен тұрып, қолдарына имек ағашын алып, хоккей ойнауға кірісіп кетіпті. Ойынның қызығына түскендері сонша жан-жағына назар аударар емес. Біздің үйдің арты теп-тегіс, нағыз хоккей стадионы секілді. Өз әлімізше су төгіп, мұз айдынын жасаған едік. Енді, міне, сол айдынның үстінде көшенің бар баласы шайбаның орнына сиырдың қатқан қиын қуалап жүр екен. Анау көрші бала шықпапты. Саусақбаев Төлеген атайдың немересінде әкесі қаладан әкеп берген нағыз хоккейдің қап-қара шайбасы бар. Бірақ ол өзі ойынға шыққанда ғана алып шығады. Ол ойынға қораның жұмысын аяқтап барып араласады. Осылай ойлап біткенше ол да сырығын сүйретіп ойынға келіп қосылды. Тезектің орнын шайба алмастырды. Терезеден тамашалап тұрып, менің де ойынға араласқым келіп кетті. Қалың киімді кие салып, мұз алаңға жетіп бардым. Қолымда жас талдан иілген таяғым бар. Бірақ ойынға үлкендер қоспады, басыңдағы малақайың жұқа, шайба тисе оңдырмайды деп шеттетіп тастады. Ақыры үйге зымырадым, келе сала шешемнен қалың тымақ сұрадым.

Шешем де мына тымағың шақшадай басыңа тар ма, оны қайтесің деді. Бар болған жағдайды түсіндірдім. Ә, онда мен саған қазір тамаша тымақ беремін, оған шайба түгілі тас тиседе маңдайың былқ етпейді деді.

Бетімді аяз қарып, танауымнан жылтыңдаған суды қалың күбәйкемнің жеңімен бір тартып, шешемді тосып тұрдым. Анам да жадырап, мейрімінен шуақ шашып, төбесі қызыл пүліш матамен сырылып тігілген жүні үлпілдеген қып-қызыл түлкі тымақты басыма кигізді.

Қандай тамаша, мамық жүні үлпілдеп, көздің жауын алатындай. Шешем: "Мынау тымақты күтіп ки, үлкен атаңның саған берген түлкі тымағы", – деді. Мен де тақылдап қоймаймын: "Үлкен ата деген кім?"

– Ұлым, ол атаңның есімі Жүнісбай. Көзін көрмесең де бас киімін күтіп ки. Атаңның Несіп деген ұлы бар. Ол да атасы секілді үлкен адам. Тек сонау Алматыда тұрады. Үлкен жазушы, атаңның шарапаты тиіп, сен де Несіп ағаң секілді үлкен азамат боласың, – деді.

Басыма түлкі тымақты киіп, ойынға араластым, қолымдағы имек ағашпен мұздың үстінде таласа-тармаса хоккей ойнап, ойынның қызығына баттық.

Міне, менің Несіп ағаны тануым, атамның тымағын киюден басталды. Өсе келе Несіп ағаны жете білдік. Сол арқылы ауылдың бар баласының аңсары спортқа ауды. Біз де Несіп аға секілді спортшы боламыз деп шештік.

Біздің ауыл сонау қарт Балқаштың жағасында. Бұйраланған құмның ортасы болғанымен талай тарланның томағасын сыпырып, үлкен дуға қосқан киелі мекен. Дәл сол Көпбірлік ауылынан ұшқан әрбір азамат өмір керуенінің жалына жармасып, елдің тұғырлы діңгегіне айнала білді. Сондай азаматтың бірі – Несіп Жүнісбайұлы!

Ағаны күту

Көпбірлікте негізгі шаруашылық балық аулау. Таңның атысы мен күннің батысына дейін көл бетінде жүріп, көкше теңізден маржан сүзеді. Асау толқынмен арпалысқан балықшылардың жылына бір келетін мерекесі бар. Ол – шілденің екінші жексенбісінде болатын балықшылар тойы.

Балықшылар той болады дегеннен ақ ауылдың бар баласы жол торимыз. Ауылдың шетіне шығып, алыстан көрінген көліктің жолын тосамыз. Қаладан келетін әке-шешемізді емес, Несіп ағаны тосамыз. Ол кісінің арнайы бекітілген жоспары бар. Балықшылар тойына ауылға келу, еңбек демалысының бір аптасын туған жерде өткізу. Міне, біз де соны әдетке айналдырып, келетін уақытын тағатсыздана күтеміз.

– Келе жатыр, келе жатыр, – деп Төлеуғасым ағаның ұлы Дулат бізге қарай жүгірді. Біз де шаңы аспанға ұшып, зулап келе жатқан мәшинеге көз салдық. Біреуі ол емес, ол кісінің мәшинесі қызыл, мынау ақ мәшине деді. Таңнан кешке дейін қасыңда жүрсе аузына бір тыным жоқ Асылханның Сабыржаны: "Сол, сол кісінің көлігі, шаңмен ақ болып көрініп тұр", – деп саңқ ете қалды. Ол уақытта ауылға ондай жеңіл көліктің келуі сирек болатын. Бірді-екілі қаладан қармақ салуға келген орыстар болмаса, ауылдың азаматтары көлік міне қойған жоқ. Осы тұста көзін сығырайтып Бекежанның Жандосы: "Ол кісіні мен жақсы білем, әкемнің құрдасы, мына келе жатқан Несіп ағаның мәшинесі, әкем шопыр ғой, ол кісі де осылай қатты жүргізеді", – деді. Ал айтқаның рас болса ауылдың сыртына қарай шығып, алдына жүгірейік дедім.

Сөйткенше ауыл шетінен көрінген шаң дәл қасымызға жақын келді. Айтқандай-ақ, Несіп ағамыздың қызыл "Жигулиі". Зулап келіп ауылға кірді. Біз де артынан ілесе жүгірдік. Үлкен қара шаңырақ Жапарбек ағасының үйіне келіп тоқтады. Барлығымыз құданы қарсы алғандай жапа-тармағай амандасып жатырмыз. Үстіне тамаша спорттық жидесі бар, мұрты қияқтай сұлу, самайының екі жағын әдемілеп өсірген, қою толқын шашын қайыра тараған Несіп аға да бізге амандасып, басымыздан сипап, құрақ ұшып жатты.

Ағайынмен қауышып, үйге кірді. Ал біз мәшинені қызықтап, айналшақтап жүрміз. Көлігінің артқы терезесінде үнемі ала доп жүретін. Сол қалпы, орында тұр. Жапарбек ағамыздың үйі шағыл құмның үстіне орналасқан. Айналасы ағаш шарбақпен қоршалып, мұнтаздай таза. Көліктің соңынан үйге дейін қуып келген бір топ қара сирақ енді сол шарбақтың үстіне қонақтаған тауықтай жайғасып, Несіп ағаның үйден шығуын тосады. Жай отырмайды, қазіргі басталатын сайысты әңгіме етеміз. Біреуі жарыстың бас жүлдесін анаған, мынаған алдын ала беріп қояды. Сәуегейлік танытып, өзі де бір жүлдені қанжығама басамын деп, алақанын ысқылап отырғандар бар. Көп уақыт созылмайды, ағамыз бір шыны шайын іше ме, ішпей ме, сыртқа шығады.

«Жүнісбайдың көлтаны»

Мен бас киімін киген ақсақал ауылдың сыйлысы. Еңбегімен де, ағайынға бауырмалдығымен де құрметі артқан. Мен көзін көрмедім, ауыл ақсақалдарының аузынан шыққан осындай жақсы сөздің куәсі болған кезім көп. Олай болса біз сол кісінің ескі жұртына бет алып келеміз. Алдымызда Несіп аға! Үстінде көкшіл спорттық жейдесі бар. Дәл жота тұсында үлкен ақ жіппен тоқылып тігілген СССР деген жазуы бар. Жүрек тұсында жан-жағын бидай көмкерген, ортасында орақ пен балғасы, жарқыраған бес жұлдызы бар Кеңестің елтаңбасы тұр. Осының барлығы біз үшін қызық әрі таңсық. Қызығасың, алға қарай ағамдай болам деп талпынасың, әйтеуір жақсы істерге қол созып, қолыңнан жетектейтіндей көрінеді. Алшаң басып, қолындағы ала добы мен бір қорап, сый-сияпаты бар Несіп ағамызбен «Жүнісбай көлтанына» келдік.

Бұл жердің атауы да Несіп ағаммен байланысты. Қараталдан бөлініп аққан су Көпбірлік ауылын айнала ағып, көкше теңізге қайта құяды. Дәл сол өзек шеті ауылға жақындағанда түбек болып, ары қарай түзеліп кетеді. Міне, сол түбек «Жүнісбайдың көлтаны» деп аталады. Оның аталуында да себеп бар. Жүнісбай ата түбекті қалың шеңгелмен қоршап, үлкен қора жасаған. Іші толған көк майса шөп, жаздың басынан қара күзге дейін қолдағы азын-аулақ малын осы қоршаудың ішіне жібере салады екен. Бір жаны ит тұмсығы симайтын шеңгелден жасалған қоршау болса, екінші жағы терең өзек. Көк майсаға кірген мал қос бүйіріп бұлтиып, еркін жайылады. Ол кісі мыңғыртып мал жиған адам емес екен. Негізгі шаруашылығы балық болып, азғантай ұсақ мал мен тайынша, торпақ ұстаған қарапайым адам. Бар табысын төрт ұлының біліміне жұмсаған, көреген кісі екен.

Міне, сол тұс бүгінгі күнге дейін Жүнісбайдың көлтаны аталады. Біз осы жерге келіп тоқтадық. Кешегі Жүнісбай ақсақал қоршаған орын тегіс келген нағыз футбол алаңы. Несіп аға бізді осы жерге бастап келді. Бағанағы шуылдаған балалар сиырдың тезегінен футбол қақпасын белгілеп, бір екеуі жүгіретін қашықтыққа жалау тігіп, жарыстың қамын жасадық.

Сонымен, үлкен дода басталды. Бірінші болып, жүз метрлік қашықтыққа жүгіру жарысы өтті. Балақты түріп, он шақты желаяқ старт сызығына келіп дайын тұр. Балақтарын түріп алып, үш саусағын сызылған сызыққа дәл қойып, бір табанын сызыққа, екіншісін артқа қойып белгіні күтіп тұр. Жүгірудің ережесін жақсы біледі. Оны да Несіп аға көрсеткен. Сонымен белгі берілді, бірін- бірі басып озып, айдарынан жел ескен бір топ бала зулап келеді. Бірінші болып, сирағы ұзын Дулат келді. Екінші Октябрь ағаның ұлы Самат болды. Ал қола жүлдені Жұмағалиев Айдос еншіледі. Осылай біздің жарыс қызып жатты. Жүгіру, секіру, артынан үлкен футол ойнадық. Жеңіске жеткеннің барлығына медалі, кітап, қалам секілді сыйлық табысталды. Ертең балықшылар тойы, ол өзінше бір мереке. Тойдағы жарыс мүлде бөлек. Тіпті, футол мен волейболдан өткен жарыс құдды бір әлем чемпионаты секілді. Көрші ауылдардың командасы мен ауылдың бірнеше командасы сынға түсіп, жарысып жатады. Осының қақ ортасында Несіп аға жүреді.

Жарыстың қожайыны – Несіп Жүнісбайұлы. Бұл жолғы балықшылар тойы осындай қызықпен аяқталды. Келер жылы Несіп ағамыз қандай сый дайындайды деген ой жүрегміздің түбінде қалады. Қиыннан қиыстырып, адам ойына келмейтін қызықты ойлап табатын Несіп ағам тағы бір дүниені ойлап табады. Айтқандай-ақ, солай болады. Басқа жұрт еңбек демалысында курорт таңдап, Қара теңіз жағаласа, біздің Несіп аға Көкше теңізге келеді. Ол бұзылмайтын заңдылық, еңбек демалысы Көпбірлік ауылында. Сонымен келесі жылғы демалысында «Жүнісбайдың әулеті» деген жарыс өтті.

Бұл жолы ауылдың бар жастары Жүнісбай атаның отбасынан құралған командамен сынға түсті. Несіп ағам мен Сәуле тәтем, балалары Толқын, Дархан, Айдыннан құралған командаға қарсы волейболдан ойын өткізді. Кескілескен ойында «Жүнісбай әулеті» командасы жеңіске жетті.

Міне, осылай  жарыс жыл сайын жалғасын таба берді.

Мына қызық тіптен керемет: ауылдан шыққан екі азамат, адамның қиялына келмейтін тамаша байқау өткізді. Несіп Жүнісбайұлы мен «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін 2000 жылы «Қарадомалақ – 2000»деген ауылға байқау жариялады. ХХІ ғасырдың алғашқысы болып дүние есігін ашқан нәрестеге сыйлығымыз бар деген хабарландыруы Көпбірлік ауылын қуанышқа бөледі. Қаңтардың бірі күні дүниеге келген нәрестеге сыйлық тағайындап, ауылдағы Бөлегеновтар отбасы түрлі-түсті теледидардың иесі атанды. Жалғыз ғана отбасы емес, қаңтар айында дүниеге келген бес отбасын сыйлықпен сүйіншілеп, ауылға шағын концерт ұйымдастырды. Дәл осындай тосыннан жол таппаса, Несіп, Несіп болар ма?!

«Намысқа» іріктеу

Мектеп қабырғасында бар бала «Ұлан» мен «Спорт» газетіне жазыламыз. Ішіндегі бар жаңалықты оқып, Несіп ағаның жазғанын жата-жастана оқимыз. Тіпті, кейбір оқиғаларын шығармаға пайдаланып, түрлі байқауларда іске жаратамыз. Осылай аптасына бір келетін газетті шолып жүріп, мына бір хабарландыруды оқып қалдық: Кілең қазақ баласынан құралатын «Намыс» деген футол командасы жасақталады. Оған ауыл, ауылдан футболға икемі бар бала таңдалады деп жазыпты. Мұны оқып алған барлығымыз күнде шаңды бұрқыратып доп тебеміз. Біз білетін Несіп аға ауылға міндетті түрде келеді, келмеуі мүмкін емес деп ой топшылаймыз. Барлығымыздың да үмітіміз басым, әйтсе де таңдаулы деген балаларды ойша белгілеп қоямыз. Анау биылғы жылдың сұрмергені, сол таңдалады деген жасырын ойымыз да бар. Бәрінен Самат Смағұлов озық тұр. Ол футолды мықты ойнайды, мүмкін Оспан атаның Асқарын алатын шығар. Ол бүкіл футболшылардың есімін жатқа біледі деген ой барлығымызды күндіз-түні мазалады. Осылай дайындалып жүргенде Несіп ағамыз ауылға келді. Қасында үш адамы бар. Арасында бір орысы бар, қалған екеуі қазақ.

Барлығымыз сапқа тұрдық, әрқайсымыздың басымыздан сипап, ерекше желпінтіп жатыр. Артынан сынақ басталды. Айтқан, көрсеткен тапсырмаларын орындап шықтық. Өкінішке қарай, ауылдың бірде-бір баласы бұл сыннан толықтай өте алмады. Бірақ біз өкінбедік, біздің мүмкіндігіміз аз екенін білдік. Әлі де жаттығу керек деп шештік.

Мұндағы менің айтпағым, Несіп ағаның шыншылдығы. Тазалық пен нағыз әділдікті қалайтынын сездік. Егер оның орнында басқа болса, бұты қисық болса да, ауылымның баласы жүрсін деген іс болары анық еді. Жоқ, ағамыз олай істемеді, нағыз таланттарды жинады. Оны барлық қазақ білді, көрді және мақсаты орындалды. Бүгінде қазақ футболының жарық жұлдызына айналған Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күмісбеков, Әлібек Бөлешов сол «Намыстың» таңдаулылары. Осындай әділдік әу бастан жолға қойылған болса, «Намыс» командасымен қатар қазақ футболының, футболшыларының аты мұхит асар еді.

Беласу

Ауылдан шыққан қара бала әлемге жол тартты. Дүниенің төрт бұрышынан қазақ даласына хабар таратты. Қалам деген құдыреттің арқасында көп қазақтың табаны тимеген жерді басып, елі мен жерін, мәдениеті мен салт-дәстүрі жайлы тарихқа құнды дүниені таспалады. Он Олимпиада мен футолдан бес әлем чемпионатының куәсі болып, том-том кітап жазды. Ұлы ұстазы Сейдахмет Бердіқұловтың шекпенінен шыққан Несіп Жүнісбайұлының жазған кітаптары қолдан-қолға өтіп, жата-жастана оқитын оқулыққа айналды. «Олимпиский маршрут», «Үшінші раунд», «Ережесіз белдесу», «Мексикадағы футбол тойы», «Футболмен тыныстанған Испания» кітаптары ел-жұрт тұшына оқитын таңдаулы шығармалар. Әр үйдің сөресінде тұрған Несіп Жүнісбайұлының кітабына құда түсушілердің қатары сиреген жоқ. Он Олимпиадаға қатысқан спорт журналисіне Халықаралық Олимпиада комитетінің беретін марапатына тұңғыш болып Несіп Жүнісбайұлы қол жеткізді. Қазақтың да, шет елдің де мықтыларын таныстырған Несіп Жүнісбайұлы. Сонау сексенінші жылдардың басында спорттық ақпараттың там-тұм кезінде Пеле, Марадона, Платини, Р.Досаев, Черчесов, тағы басқа марғасқаларды қазақ даласына еркін енгізді. Бар қазақтың баласына кумир болған мықтылардың есімін Несіп Жүнісбайұлының жазбалары арқылы танығанымыз анық.

Бұл спорт тарихына өлшеусіз құйылған алтын жауһар дер едім. Соңғы кезде де Г.Головкиннің соңынан еріп, екі мәрте мұхит асты. Мен білетін Несіп аға болса, бұл жұлдызымыз туралы да қалың кітапты дайындап жатқан болар. Ал біз Несіп ағаны спорт тақырыбын ғана қозғайды десек қатты қателесеміз. Ол кісінің екі қанаты бар. Оң қанаты спорт болса, сол қанаты мәдениет. Халықтың асыл қазынасы, ұлы өнері күй мен әнді жете зерттеп, әнші біткеннің өнеріне терең бойлай біледі.

Бұдан бөлек, Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған уақытта Алматыда қазақ мектебін ашып, әр үйден қол жинағанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Ал төл өнеріміз тоғызқұмалақты төрге шығарып, бүгінгі деңгейге дейін жеткізген, алғаш болып ұлттық өнерімізге федерация құрғаны ұлтын шексіз сүйгендігі екені айтпаса да түсінікті. Осындай қырларын тізе берсе, газеттің бір нөмірі көтере алмайтын жүк екені анық.

10 - үздіктер саны

Мына тылсым дүниеге таңым бар. Әлемдегі спорт жұлдыздарының барлығы 10 деген санмен танылып келеді. Өмір бойы өзі таныстырған спорттың сайыпқырандары Марадона, Пеле, Месси секілді жұлдыздардың арқасында №10 деген сан жазулы тұр. Бұлардың барлығы чемпиондар. Ал мен сөз етіп отырған Несіп Жүнісбайұлы 10 желтоқсанда дүниеге келген. Бұл жай ғана сәйкестік пе?! Қалай болғанда да, тегін емес. Бар ғұмырында 1289 гол соқан №10-шы Пеле футболдың королі атаймыз. Ал сол мықтыларды тарихқа алтын әріппен жазған Несіп Жүнісбайұлын қалай бағалаймыз?!

Финал: Бала күнгі шешем басыма кигізген Жүнісбай ақсақалдың түлкі тымағын ер жеткенше кидім. Тымақ тозып, екеуміздің арамыз ажырады. Тымақтан қол үзіп қалғаныммен сол тымақтың иесінің баласы, бүгінде жетпіске шалма салған Несіп Жүнісбайұлынан қол үзген емеспін. Түлкі тымақтың шарапаты тиген болар, алдымдағы жол көрсетер ақ кеме секілді сеңді жарып ол келеді, арқанына байланған қайық секілді мен келемін. Сары есікте кіндігі кесіліп, әлемде томағасы сыпырылған НЕСІП аға, 70 жасыңыз құтты болсын!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы