Ғылым - мемлекетті алға сүйрейтін күш

Уақыты: 22.05.2017
Оқылды: 1690
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ғылым тәжірибеге түскенде ғана халық игілігіне қызмет ете бастайды. Басы артық, томаға-тұйық тұрған ғылыми бағыттарға қыруар қаржы бөлудің қажеті жоқ. Әр саланың басын шалғаннан шикілік шығады. Сондықтан, мемлекеттің өркендеуіне түрткі болатын, өндірістің өрге басуына ықпал ететін ғылымды ғана дамытуға күш салу керек. Қарсы алдымда қабағын тарс түйіп, шешіле сөйлеп отырған ақ шашты, алып денелі адам – ғылымға бар ғұмырын арнаған сойы бөлек ұрпақтың бірі. Қабағын түйгені – арзан атаққа еріп кететін академиктердің қатары көбейгенін айтып қынжылғаны. Сан тарау әңгімесін түріп тастап, жиі-жиі терең күрсінетіні – қазақ жастарының ғылымға ықылас танытпайтынын сөз еткені. Аракідік ақтарылған қадау-қадау ойын іркіп, терезе сыртындағы құстардың құйқылжыған үніне құлақ түргені – тылсым табиғатпен тілдесіп, өз әлеміне, өзін-өзі тануға ұмтылғаны. Әдетте, ғалымдар қол ұстап, көз көретін дерекке ғана ден қойып, дәлелсіз дүниеге сенім артпай, материалистік көзқараста күн кешеді емес пе? Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұрат ЖҰРЫНОВ олай етпейді. Гуманизм мен жаратылыстануды, философия мен химияны, тарих пен технологияны, теория мен тәжірибені шебер тоғыстыра білген тұлға әңгіме барысында жиендік жасап, әлдеқашан дәлелденген тұжырымдармен диссертация қорғайтын атаққұмар ғалымдарды сын тезіне салды. Қайраткер мұндайларды мемлекеттің кежегесін кері тартатын, ғылымның киесін түсінбейтін таяз ойлы парықсыздарға теңейді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанып, Еуропа төсінде миллионнан астам қазақстандық қан кешті. Мұрат балалық шақтың бақытын соғыстан кейінгі ауыртпалыққа айырбастады. Өзінің туған әкесі мен ақ сүт беріп өсірген анасын көруге құштар болып жүретіні әлі жадында. Таң сібірлеп атқанда тәтті сәбиді жылы төсекте қалдырып, алқаптағы ауыр жұмысқа аттанатын ата-ана іңір қараңғысында шаршап-шалдығып, қара шаңыраққа қайта оралатын. Бұл аралықта бүлдіршін күнұзаққа асыр салып ойнап, анасының ыстық құшағын күтпей-ақ кешқұрым мұрттай ұшатын. Қайран әкей мен мейірімді шешей шиеттей жеті баласынан айырылса да, сабырды серік етіпті. Ата дінімізде Дәуіт пайғамбардың отыз ұлын бір түнде алған Алла болашақ ғалымның бауырларына қызылша дертін себеп қылыпты. Бір әулеттен жалғыз ұл Мұрат пен екі қыз ғана аман қалады.
– Үйде сексен жасты алқымдаған әжем екеуміз жүреміз. Қариялар, мен секілді балалар кеңшардың жұмысынан босатылған. Әжем марқұм қайратты кісі еді. Бір өзі қорадағы малды жайғап тастайтын. Әжемнің қасынан бір елі қалмайтынмын. Халық қасіретті жылдарды әлі ұмыта қоймаған, – деп бастады ғалым көз ұшындағы бақытсыз балалығын еске түсіріп. Оның бос жүрісі ұзаққа жалғасқан жоқ. Әкесімен бірге шөп шабуға шықты. Кеңшардың ауыр жұмыстарына жегілді. Ешкім бала деп есіркеген жоқ. Жұмыс күші жетіспейді. Бала қиялы ұшқыр еді. Арыс қаласын қақ жаратын көне теміржолдың екі шетін жағалай қонған тұрғындарды салыстыратын. Қазақтар мен орыстардың арасын теміржол бөліп тұрады. Алайда екі ұлттың тұрмыс деңгейі екі бөлек. Орыстар мекендейтін бөлігінде тақтайдай тегіс көшелер бар. Әрбір үйге су құбыры тартылған. Бала санасы жер мен көктей бұл айырмашылықтың сырын түсінбейтін. Мұндай шетқақпайлар кейін мемлекет ісіне араласқан кезде де кезігетінін дәл сол уақытта бала Мұрат білген жоқ. «Әжемнің қасындағы бақытты балалық қысқа уақытта аяқталып қалды. Жыл он екі ай жұмыс істедік. Көктем шыға бидай егеміз. Жаз бойы орамыз. Келер жылға астық дайындаймыз. Шөп ору маусымы басталады. Жер жыртамыз. Күннің астында соқа ілген атты жетектейміз. Бір қызығы, бұл жұмыстар оқудан бұрын бірінші кезекте атқарылатын», – дейді ғалым әңгімесін ары қарай жалғап.
Теміржолдың арғы бетіндегі орыс балалардың тұрмысы мүлде басқаша болыпты. Олар мұндай дала жұмыстарын емес, оқуды бірінші кезекке қойған. Әрқайсының үйінде теледидар тұрыпты. Таңсық заттан жүріп жатқан бейнелерді көрген балалар соғыстан әкелері тірі оралғандай қуанатын еді. Мұрат Жұрынов та көп шуылдақтармен бірге су кезегіне тұратын тәтті шағын жиі еске алады. Әсіресе, ауыл тұрғындарының Рамазан айын қалай өткеретіні күні бүгінгідей есінде сақталыпты.
– Ораза кезінде барлық балалар жарапазан айтамыз. Ауылда ауыз бекітпейтін тек онға толмаған қара сирақтар еді. Қазір ойласам, еріксіз таңданамын, – дейді Мұрат Жұрынұлы сол кездегі риясыз діни сенімді еске алып. – Кеңес империясының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс заман ғой. Дінге түбегейлі тыйым салынған. Бірақ қазақтың тектілігі сол, 1950 жылдардың бел ортасында да ауыл-ауылдар тегіс ораза ұстайтын. Біз жарапазан айтып өстік. Бірлігіміз бекем болды. Үлкендерге қол ұшын созуда, оларға амандасуда алдымызға жан салмайтынбыз. Ауыл балаларында туған жерге деген махаббат алаулап тұратын.
Ғалымның айтуынша, ұялы телефонмен ғана жұбанатын, қуаласпақ ойнап, көше кезбейтін қазіргі ұрпақ тәрбиелік мәні зор дүниелерге, отбасындағы шаруаларға селқос қарайды. Қайраткер өзінің балалық шағы мен бүгінгі қоғамның бүлдіршіндерін салыстырады. Мұраттың кезінде топ-топ болып жұмыс істеп жүрген балалар үлкен адам көрсе, танысын-танымасын амандасуға таласатын. Қолындағы ауыр затын көтерісіп, алғыс алуға ұмтылыпты. Өйткені, әрбір қара сирақтың үйінде тағылымды әке, өнегелі әже, мейірімді ана, ақыл айтатын аға болыпты. Ең бастысы, бір ауыл бір үй секілді еді. Қазіргі таңда қазақтар индивидтік өмірге аяқ басқандай. Ғалым қаз-қатар тізілген тіркемелері бар, көз ұшында жүйткіп бара жатқан пойыздарды көрсе, соғыстан кейінгі қайғылы да әсерлі көріністерді еске түсіреді.
Ауылда кемтар еркек кіндіктілер көп еді. Бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ. Снаряд жұлып кеткен, оқ жанап өткен, жарылыстан жүйкесіне зақым келген қайсар жандар ғалымның таным көкжиегін кеңейте түсті. Бір топ шуылдақтар арқырап ұзын-шұбақ пойыз таяп қалғанда бекетке қарай жүгіретін. Вокзал басында күнде қауышу, күнде жылап-сықтау, күнде соғыстан қара қағаз келіп қойса да, соғыстан қайтқан сарбаздарға сағынышпен, үмітпен көз салып отырған ақ жаулықты аналар. Мұрат мұны ешқашан ұмытпайды. Ол бар арманын, қиялын пойызбен ұштастырды. Пойыз орнынан жылжығанша қозғалмай қарап тұрушы еді.
–    Біздің жастық шағымызда психологиямыз басқаша болды. Алматыға оқуға аттану, аман-есен бітірген соң міндетті түрде ауылға оралып, әке-шешемізге қарайласу – біз тек осындай мақсатпен мектеп бітірдік. Қандай биікке көтерілсек те, Алматыдағы, Мәскеудегі оқу орындары алып қалып, абыройлы қызмет ұсынса да ауылға бүйрегіміз бұрып тұрды. Менің ойымша, дәл осы қасиет тек туған жерін шексіз сүйетін қазақ халқына тән, – дейді ғылым докторы өмірлік тәжірибесінен сыр суыртпақтап.
Мұрат Жұрынов Мәскеудегі Д. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің аспирантурасында білімін жетілдірді. Студенттік жылдарында әр мемлекеттен келген курстастарымен әңгіме-дүкен құратын. Сонда қазақтың ұлттық ұстынын, мінез-құлқын, жанын түсінбеген достары білместікпен Мұраттың арманын да өздерінің мақсатымен байланыстыра салатын. Тіпті, ғалымның перзенті Мәскеуде дүние есігін ашқанда бір беларусь досы: «Мұрат, сен өте бақыттысың!» деп қайталап айта беріпті. Бұл таңданыспен себебін сұраса, бақыттың сыры тым арыда жатыр. Ол уақытта Мәскеуде кіндігі кесілген адамға кәмелеттік жасқа жеткенде тіркеуге тұруға рұқсат беріледі екен. Сосын, сол арқылы ата-анасына, туған-туыстарына Мәскеуге көшіп келуге жол ашылады. Досы осы жайтты меңзесе керек. Сонда қазақ жігіті еш саспастан: «Қайдағы Мәскеу? Мен мұнда байлап қойса тұрғым жоқ. Елге қайтамын, туған жеріме қызмет етемін. Мұнда оқу үшін, білімімді шыңдау үшін келдім емес пе?» – депті жора-жолдастарын таңдандырып. Расында да, сол кезде Мәскеуде өмір сүру мақтаныш саналыпты. Сонда ғана Мұрат өмірінде тұңғыш рет қазақ ұлтының көрегендігіне, ата-анасының берген тәрбиесіне сан мәрте іштей алғыс айтады.
Ғалым небәрі 39 жасында ғылымдардың ішінде ең қиыны – электрохимиядан докторлық диссертация қорғайды. Ресей топырағындағы таңдаулы Д. Менделеев атындағы химия институтында, қалың орыстың ортасында жалғыз қазақ ғылыми жаңалықтарын тізбелеп шығады. Дарынына бас иген ғылыми кеңес бір жыл өтер-өтпесте профессор деген атақ береді. «Ғылым қазір жазылғанмен, ел ішіне айналымға енуі үшін жылдар керек. Тіпті, кейбір ғылыми жаңалықтар мүлде мойындалмауы мүмкін. Тарихта мұндай оқиғаларға мысал жеткілікті. Этнес Резерфорд деген әйгілі ғалым болған. Ол өз уақытында электронды әлемді ашты. Дәл сол дәуірде замандастары оның бұл жаңалығын көзге де ілген жоқ. Қазір ше? Қазір сол электрониканың дәурені жүріп тұр емес пе? Ғылымсыз ешқандай мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Көпшілік ғылым мен білімнің айырмасын ажырата алмайды. Тереңдей көз салсақ, екеуінің өзгешеліктері шамалы. Ғылым – білімнің ең жоғары сатысы. Қазақтар мұның бәрін қосып ілім деп атаған. Ғылымға келуіме ықпалды болған жан – Равиль Вахидов. Ол кісінің бұл жақсылығын ұмытпай, бақилық болғанша қолымнан келгенінше қолдау білдіріп отырдым. Сол кісінің арқасында Қазақстандағы жаратылыстану саласындағы ең жас ғылым докторы болдым», – дейді ғалым.
Дарынды жасқа Қазақстан мен Мәскеудегі жоғары оқу орындарын тәмамдаған соң түрлі ұсыныстар түсті. Бір ерекшелігі, ғалым қайдан қандай қызмет ұсынылса да қазақ ұлтына қаншалықты пайдасы тиетіндігін көбірек ойлапты. Мәскеуден, Ташкенттен шақырту алған жас елге қызмет етуді ғана мақсат тұтады. Бірде Қазақстанның министрі Қарағандыға қызметке шақырады. Қандас министр Мұратты жақын тартып: «Қазақстанның жері өте үлкен. Бірақ қай жерде де жетекші мекемелерді өзіміздің қазақ басқаруы тиіс. Сен Қарағандыға бар», – деп сыбырлапты. Кеңес кезіндегі орыстандыру саясатына астыртын қарсы шыққан жандар ұлт үшін осылай тер төкті.
Алматының алаңы қанға боялып, Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете қалғанда Мәскеу билігі Мұрат Жұрыновтың соңына шам алып түседі. Мұрат қана емес, Қазақстандағы барлық қазақ мамандарын тергеу басталды. Басшы айтса бас шұлғитын Кеңес одағының қаһарына қарсы тұрған қазақтарды қаралайтындар қатары көбейді. Қарағандыдағы мемлекеттік университеттің проректоры болып жүрген Мұрат Жұрынұлы өңірді қазақыландыруға бар қайратын жұмсап бақты. Оның бұл әрекеті кейбір жағымпаздардың көзіне ілігеді. Олар дереу жоғары жаққа жеткізеді. «Осы кезде ойламаған жерден Желтоқсан көтерілісі болып, жағдай күрт өзгерді. Мен Қарағандыдағы Органикалық синтез және көмір химиясы институтына директор болып ауысқанмын. Ұлтшылдық бойынша қудалауға түстік. Қарағандыда қазақтар көп жиналған екі ұжым бар екен. Бірі – университет, екіншісі – мен басқарған химия институты. Сондағысы екеуінде де қазақтардың үлес салмағы 63-64 пайыз ғана», – дейді Мұрат Жұрынов.
Желтоқсан көтерілісі жылдар бойы жүргізілген орыстандыру саясатының күл-талқанын шығарды. Мұрат Жұрыновты осы кезде орталық комитеттің сектор басшысы Мищенко шақыртады. Республикадағы ұлты қазақ мамандарды жаппай жұмыстан қуып отырған сұрқия басшының бірі осы еді. Бірден қазақ ғалымына сұрақты жаңбырша жаудырады. «Қарағанды облысында 16 пайыз қазақ бар. Ал Қарағанды қаласында 9 пайыз қазақ тұрады. Сен басқаратын химия институтына 64 пайыз қазақ қайдан жиналды?» – дейді Мәскеуден келген тергеуші. Қанында ұлттық намыс ойнаған Мұрат бүкіл тексеруші комиссиялардың көзінше: «Қазақтардың пайызы осынша болсын деп қай заңда жазылып еді?» – деп дүрсе қоя береді. Қазақ директордың мына жауабы отырғандардың қытығына тиеді. «Сіздер маған ұжымға 64 пайыз қазақ жинап алдың деп айыптап тұрсыздар. Ал анау көмір институтының басшысын неге тергемейсіздер? Онда 100 пайыз орыс жұмыс істейді. Интернационалдық тәрбие деген теңдік, түсіністік емес пе?» – дейді тағы да ашынып. Мәскеуде оқыған қазақтан мұндай жауапты күтпеді отырғандар. Бұл қабырғалы қазақ ұлтының отаршыл билікке қарсы бұлқынған кезекті әрекеті еді.
Балалық шағында орыстармен тартысып өскен қара сирақтың ғылыми қызметтегі өмірі де күреске толы болды. Желтоқсан көтерілісінен кейін жетпіс жыл міз бақпаған одақтың іргесі сөгіле бастады. Биліктен береке қашты. Мұрат Жұрынов Қарағандыдағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып тағайындалды. «Мен химикпін. Төраға етіп филологтардың бірін сайлағандарыңыз жөн», – деп басында қарсылық танытқан. Бірақ халық Мұрат Жұрыновтың қазақ халқына деген қамқорлығын ұмытпапты. Әсіресе, Кремль тарапынан ұжымдағы қазақтардың санын азайтуға байланысты көп қысым көрсетілетін. Мұрат оларға маман тапшылығын, олардың біліктілігін айтып ешкімді жұмыстан шығармай қояды. Бұл ұлтшылдық емес, керісінше, орыс шовинистерімен күрес жүргізудің ең оңтайлы тәсілі еді. Қарағандыдай алып облыста шынында да орыстардың үлес салмағы басым болды. Ауылдан ат арылтып келген, жұмысқа орналасуда қиындықтар көрген қазақ ағайындар міндетті түрде Мұрат Жұрыновты жағалайтын. Түрі сұсты, орыс тілді мамандардан бойын аулақ салған ауылдағы қазақтар Мұраттың кең пейіл мінезін көріп, ақтарыла әңгіме айтатын. Мамандығы бойынша қызметіне де орналасып жататын.
 Химик тарих пен тілден де терең әңгіме қозғады. Әмбебап ғалымның қай салада да айтары көп. Бізбен емен-жарқын сұхбаттасқан қайраткер әңгіме барысында тағы бір тарихи тың дерек келтірді. «Дүниеде өзінің тегін ұмытып кеткен, қайдан шыққанын білмейтін, тілін де, сөзін де, дінін де жоғалтқан ұлттар бар. Құдайға шүкір, қазақ олардың қатарында емес. Қазақ тарихында қазақ ұялатын дәнеңе жоқ. Бірақ біздің ұлтты жер бетінен жойып жіберудің сан алуан жоспары жасалғаны белгілі. Оның ішінде соғыс та бар. Солардың ең бастысы – екеу. Бірі – Ақтабан шұбырындыда. Бірі – 1932 жылғы зұлматта. Екеуінде де қазақтың үштен екісі жусап қалды. Бұл ғылымда ұлттың жойылуына әкелетін өте қорқынышты көрсеткіш. Мәселен, бүгінгі болгарларды көпшілігі славян тектес деп ойлайды. Жоқ, біздің түріктер. Қазіргі Меркінің бер жағындағы Аспара деген ауылдан шыққан. Болгардың бірінші ханы – Аспарух қазақ топырағында дүниеге келген. Дәл сондай ауыл, өзен бар онда. Олар бар болғаны бейбітшілік іздеп көше берген. Балқан тауына келіп тоқтаған. Бүгінде олар жан-жағымен етене араласып, ана тілдерін де, діндерін де ұмытты», – деді ғалым тарих төңірегінде бастаған әңгімесін ары қарай жалғап. Ғалымның пікірінше, қазақ тарихында зерттеуді талап ететін ақтаңдақтар өте көп. Ең бастысы, тарихтың ақиқаты аршылған сайын қазақтың ұлы халық екендігі дәлелдене түседі. Академик Шыңғысханды әңгіме өзегіне айналдырды.
–    Шыңғысхан шындап келгенде қазіргі монғол жеріне аяқ басқан адам емес, – дейді ол. – Шыңғысханның жүрген жері – өзіміздің Балқаш көлі, Алакөл, Зайсан аралығы. Оңтүстігі – Алатау. Дәл осы өңірлерде оның балалық шағы өтті. Былайша айтқанда, қазіргі Қазақстанның бел ортасында өмір сүрген. Зерттеушілер «Монғолдардың құпия шежіресін» ақтарып, ондағы жер-су атауларының бәрі қазіргі Қазақстан жерінде бар екенін дәлелдеп отыр. Шыңғысханның тілмаштары түгел түрік тілінде сөйлеген. Мәселен, сол шежіреде Шыңғысхан әскерінің Іледен шығып, атпен жортқан жолдары жазылған. Салыстырсақ, тура бүгінгі қазақ жерімен бірдей. Бағындырған шақырымдары, жүріп өткен жолдары да ұқсас. Тағы бір деректе Шыңғысханның әкесінің інісі жалайырдан тарайды деп айтылады. Ал енді осы уақытқа дейін айтылған Шыңғысхан монғол деген сөзде шындық қалды ма? Әрине, жоқ. Бізде Шыңғысхан мәселесіне қаражат бөлінбейді. Өйтпегенде, жан-жақты дәлелдеп шығуға негіздер бар.
Ғалым тарихи деректердің кейбірі халықаралық деңгейде мойындалмай отырғанын алға тартты. Қазақ тарихында Кенесары соңғы хан ретінде жазылса, Ресей кітаптарында ол жай ғана сұлтан болған деген пікір айтылады. Мұның астарында да астам көзқарастың жатқаны айтпаса да түсінікті. «Мен сізге айтайын, қазақтар орыс отаршылдарымен 100 жылға тарта соғысты. Осыншама қанды қырғыннан кейін қазақты Ресей патшалығына өз еркімен қосылды дей аламыз ба? Әрине, жоқ. Егер қазақ халқы іргеміздегі өзбек ағайындар секілді отырықшы ұлт болса, екі жылда-ақ бағындырар еді. Қазақтарда тұрмыс-салт мүлде басқа. Бір түнде шайқасады да, ертесі ізін суытып кетеді. Олардың артынан қууға орыстардың дәті бармайды. Өйткені, орыс әскерлері Ұлы даланың қай тұсында су бар, қай аймағы қауіпті екенін білмейді», – дейді академик тарихтан сөз қозғап. Тарих пен техниканы, химия мен қоғамды ұштастырған ғалымның сөзі тыңдаушының жүрегіне еш кедергісіз құйылады екен. Көмейден төгілген жуан дауыс кең иығына қондыра салған кемел басындағы ойды айна-қатесіз жеткізеді. Академик бізге өзінің ғылыми жетістіктерін тізбелеп, химиядағы бағындырған асуларын айтып масайраған жоқ. Керісінше, ұлт рухын оятатын, өмірден алған сабақтарын әсерлі әңгімесінен сыр шертті. 
–    Өзіңіз ойлап қараңызшы, Қазақстан 1931-1933 жылдар аралығында Мәскеуге, Ленинградқа жылына 45 мың тонна ет жөнелтетін. Бірақ әр қаланың іргесінде, әр төбешіктің етегінде миллиондаған қазақ аштықтан бұратылып, жан тапсырып жатты. Қойманың бәрінде бидай толы. Басшылық оны халыққа үлестірген жоқ. Неткен әділетсіздік бұл?! Украина Ғылым академиясының президенті Борис Патон өз елінің ерлігі туралы былай айтады. Ресей түгін тартса майы шығатын жасыл желекті Украин жерінде ұйымдастырылған аштықты ресми түрде мойындапты. Бізге де мойындататын кез жетті, – дейді қайраткер ашынып.
Мұрат Жұрынов Қазақстанды Левон Мирзоян басқарған жылдарды еске түсірді. Шын мәнінде, әрбір қазақ аштықтан кейін келген басшы туралы жылы сөз айтып жүрді. Бірақ 1937 жылдардағы атып-асу тікелей осы басшының қолымен жүзеге асырылды. Ғалым халық жауы ретінде атылған тізімдерді қарап шығыпты. Тізімде 20 өзбектің, 50 қырғыздың, 20 мың қазақтың аты-жөні тұр. Бұл қалай сонда деп толғанады академик. Қысқасы, отаршыл жүйеде қазақ халқына басшылық жасаған кез келген саясаткердің түпкі ойы ұлттың болашағына балта шабу болыпты. Ғалым 70 жыл ішінде орыс билігі жылқылардың көзін құрту, тың игеру сияқты бастамаларымен қазаққа қастандық ұйымтастырып отырғанын тілге тиек етті. «Біз Жұмабек Тәшеновтің ел басқарудағы ерлігін әлі бағалай алмай келеміз, – дейді ғалым қасіретті жылдардан ой өрбітіп. – Жалғыз өзі отаршыл жүйеге қарсы тұрған қайсар жан ғой. Өкініштісі, оның ескерткіші тек Шымкентте ғана бар. Меніңше, оған Алматыдан, Астанадан арнайы көше, ескерткіш ашуымыз тиіс».
Академик егемендік алғаннан кейін білім мен ғылым ісіне белсене араласты. ХХ ғасырдың соңында Өзбекстан бүкіл түркі әлемінің орталығы Ташкент деген ақпарат тарата бастады. Елбасы бұл жайттың алдын алу үшін Түркістаннан 300 гектар аумақты белгілеп, А. Иасауи атындағы Қазақ-Түрік университетін құрды. Ұзамай-ақ халықаралық университеттің Жарғысы да жасалды. Бәрі оңайға соққан жоқ. Талай түн көз шырымын алмай жұмыс істеуге тура келді. Мұрат Жұрынұлы – бүгінде әлемге танылған оқу ордасының алғашқы басшысы. Ғалым бұл жолдағы еңбегін ел жақсы біледі. Университеттің ғылыми әлеуетін кеңейтіп, студенттердің білім сапасын арттыруда қайраткер телегей тер төкті. Біз ғылым мен білімнің басы-қасында жүрген ұлт перзентінен шетелдегі академиялардың тынысын сұрадық.
–    Қайда болса да қайталап айтып жүремін, ғылымның дамуы қаржымен байланысты. Еуропа елдерінде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің кемінде 3 пайызын құрайды. Ал бізде бұл көрсеткіш 0,15 – 0,20 пайыздан аспайды. Бірде мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт АҚШ мемлекетіне жолым түсті. Сонда маған штаттың оқу министрі: «Сіздерде халықтың қанша пайызы хат таниды?» – деген сауал тастады. Мен ойланбастан: «100 пайыз!» – дедім. Министр таңданысын жасыра алмады. Оларда жай ғана әріп танудың өзі өзекті мәселе екен. Сондықтан, АҚШ-ты дамыған ең мықты ел деп өзеуреуді тоқтатқан абзал. Сөйтсек, оларда әлі халқының 8 пайызы хат танымайтын көрінеді.
Мұрат Жұрынұлының сөзіне сүйенсек, ғылым – инерциялық дүние. Ол өз сөзінде бізге кәдімгі шұбатылған пойызды мысалға келтірді. Пойызды жүйткіп келе жатқан жерінен тоқтатуға талпынсақ, ол бірден тежелмейді. Ал тоқтаған соң орнынан қозғаудың өзі қиын. Қазақ ғылымы қазір осындай күй кешіп отыр. Кеңестік кезеңде қыруар қаржы бөлінген салаға бүгінде там-тұмдап қана ақша түседі. Мойындау керек, 1991 – 2000 жылдар аралығында Қазақстанда ғылымға көңіл бөлінген жоқ. Бұл тек Қазақстанға тән емес. Ресейдің, Украинаның басынан өткен ауыртпалық. Ал 2000 жылдардан бастап бүгінге дейін ғылымға бөлінетін қаражат он есеге өсті. Елбасы осы орайда 2050 жылы ғылымды қаржыландыруды 3 пайызға жеткізуді көздеп отыр. «Ғылым – мемлекетті алға сүйретін алып күш. Бірақ бізде мектеп бітіргеннің бәрі жоғары білім алып, ауылда қара жұмысты істейтін ешкім қалмады деген алып-қашпа әңгіме айтылып жүр. Шындығында, олай емес. Жоғары білім алушылардың қатарын тағы көбейткен жөн. Жапонияда халықтың 70 пайызына дейін жоғары білімді. Ресейде бұл 50 пайызды көрсетеді. Ал бізде әлі 30 пайыздың төңірегінде тұр. Біздегі университеттер әлеммен салыстырғанда өте кіші. Алдыңғы қатарлы деген Қазақ ұлттық университетінде 20 мың студент оқиды. Мен Париждегі Сорбонна университетіне барғанымда олардағы түлектер саны 120 мың екеніне көз жеткізіп еріксіз таңдандым. Стамбул университетінде 300 мың студент бар. Көрдіңіз бе, сол себепті жас ғалымдарды дайындау үшін бірінші университеттегі студенттердің санын арттырған дұрыс», – дейді академик.
Ғалым жастардың ғылымға қызығушылық танытпайтынын қатер деп есептейді. Академия президенті көпжылдық тәжірибесіне сүйеніп, мұндай мәселенің түйінін еңбекақыны жоғарылатумен шешу керектігін айтты. Сонау сұрапыл соғыс белең алып тұрған сындарлы кезеңде, дәлірек айтсақ, 1943 жылы Иосиф Сталин ғалымдардың басын қосып, өндірісті, оқ-дәріні, қару-жарақты дамытудың жолдарын сұрауға ниеттенеді. Сонда ғалымдардың басы құралмай қойыпты. Біреуі нан кезегінде тұрып қайтыс болған. Біреуі қарызға ақша сұрап, таныстарын жағалап кеткен. Біреуі отбасымен аштықта бұратылып жатады. Сталин ғылымды өркендету үшін олардың қазіргі айлығын неше есе көтеру керектігін кеңеседі. Сөйтсе, ғалымдар тек ғылыммен шұғылдану үшін айлығын алты есе өсіру қажет болып шығады. Ойланбастан одақ басшысы алты деген санды жүзге түзепті. Жүз есеге айлығы өскен ғалымдардың тынымсыз жұмысының нәтижесінде Гагарин ғарышқа самғады, өндіріс өркендеді, жаппай трактор, автокөліктер шығарылды, дәрі-дәрмек, медицина қанат жайды, ұшақтар көк аспанда қалықтады, айшылық жолдар қысқарды.
Ғылым қайраткерінің пікірінше, біздің қоғамда кадрлар дұрыс таңдалмайды. Нәтижесінде, ғылым мен білім кенжелеп, мемлекеттің дамуына кедергі келтіруде. Ол аз десеңіз, етектен тамыр-таныстық, құда-жегжаттық, жеңнен бармақ басты, көз қысты жемқорлық тартқыштайды. Сондықтан, кез келген ұйым, кез келген мекеме, басқарма, институт, мектеп басшысын тағайындау емес, сайлау арқылы қызметке отырғызу керек. Қатарынан озып тұрған білімді, идеясы көп, ұйымдастыру қабілеті жоғары адам сонда алдыға суырылып шығады. Мұрат Жұрынов мұндай кемшіліктер ең басты құндылығымыз тәуелсіздігімізге кінәрат түсірмесе екен деп тілейді.
–    Францияның ғалымдарымен қоян-қолтық араласамыз. Тәжірибе алмасып тұрамыз. Олар біздің ұстанып отырған саясатымызға қатты қызығады. Бірде Францияның мемлекет қайраткерлерінің бірі үйіне шақырды. Шай үстінде екеуміз шынайы әңгімелестік. Үйде зайыбы екеуі ғана. Бір ғана баласы бар. Ол қайда деп едік, үш жыл бұрын Африкада жүргенін, кейін Азияда бір қызметке ауысатынын айтыпты. Біз қазақтар, әрине, жағамызды ұстадық. Туған перзентімен соңғы рет үш жыл бұрын сөйлескен қарияны аяп кеттім. Қазақтың қайран тәрбиесіне сол кезде тағы бір мәрте бас идім. Париждің құрметті адамы біздің туған баласы тұрмақ, нағашы, жегжат, дос-жаран, жиен, құда – бәрінің қайда жұмыс істеп, не бітіріп жүргендерін жатқа білетінімізге таңдай қақты. Оның бәрімен сөйлесу уақытты алады ғой деді. Міне, ұлттық болмыстың бөлектігі, халық танымының әртүрлілігі, – дейді Мұрат Жұрынов. Тағы бірде ғалым Германияға сапарға шығады. Сонда асханада әкесі өзіне, баласы өзіне ақша төлеп тұрғанын көзімен көреді. 

 

Әңгіме соңында академик қазақ халқының тәрбиесіне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне, танымы мен түсінігіне тәнті екенін жеткізді. Ғалымды туған жердің қасиеті тартады да тұрады. Бүгінгі қазақтың ең асыл міндеті тәуелсіздігімізден айырылып қалмау керектігін жас ұрпаққа жиі айтады. Оның жүзінен, жүрегінен шексіз мейірімнің лебі еседі. Кейде кіндігі кесілген киелі үйін қиын кезеңдерде сатпай, аман сақтап қалғанына шүкіршілік етеді. Академик әкесінің иісі сіңген көнетоз үйдің ауласынан ауылдастарына арнап зәулім мешіт салып берген. Әрбір қазақ қара шаңырақты осылай құрметтесе ғой.

Қуаныш ТҰНҒАТАР