"АДАЛДЫҚТЫҢ АЛАТАУЫ": БҮГІН - ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 12.01.2021
Оқылды: 2895
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Кең-байтақ Қазақстан жұртшылығы, соның ішінде Жетісу жерінің барша азаматтары бүгін көтеріңкі көңіл-күйге бөленуі керек еді. Өйткені, ХХ ғасырдың дәл осы күні, нақтылап айтқанда, 1912 жылғы 12 қаңтарда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың қасиетті перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыз өмірге келген еді.

Елу жыл ел ағасы болған Дінмұхамед Қонаев жайлы  айтылар ілтипатты лебіздер мен естеліктер ұшан-теңіз. Бұл кісі ақиқатында еліміздің еңсесін көтеріп, болашағын айқындап, Қазақ- станды Кеңес Одағындағы қуатты мемлекетке айналдырды. Соның бір дәлеліндей, 1955 жылы еліміз 15 республика арасында даму көрсеткіші бойынша 13-орында тұрса, ХХ ғасырдың 80-ші жылында Қонаевтың арқасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға көтерілді.

Экономикасы қарқынды дамыған Қазақстан екі дүркін Ленин орденімен, Халықтар достығы, Қазан революциясы ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ, Д.Қонаев басшылық еткен жылдарда Алматы облысы Ленин орденімен екі рет, Талдықорған облысы бір рет марапатталғаны мәлім.

Ширек ғасыр бойы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, 21 жыл үздіксіз СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болып сайланған Димаш Ахметұлы Қонаевты әлем көрнекті тарихи тұлға ретінде таныды. Ел-жұртты ерлік еңбекке  жұмылдырған Д. А. Қонаев үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайықты деп танылса, сегіз рет Ленин орденімен марапатталғанын бәріміз білеміз. Димаш атамыз 1937-1939 жылдарда Қоңырат кенішінде бұрғылау цехының бастығы қызметін атқарғанда құрметке бөленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған екен. Бұл тұңғыш марапат еді.

Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстанның ғылым-білімін, мәдениеті мен өнерін, т.б. жетекші салаларын дамытуға сіңірген еңбегін том-том кітап жазумен жеткізу аздау болар еді. Оның кісілік келбеті, адами қасиеттері, туған елі мен жеріне деген махаббаты уақыт керуені ілгерілеген сайын мейлінше айқын көрінуде. Мұны 1936 жылы институтты бітіріп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде тау-кен инженері қызметінен басталған алғашқы қадамы мен 1986 жылдың 16 желтоқсанына дейінгі еңбек жолынан айқын сезінуге болады. Димаш Ахметұлының «Өтті дәурен осылай» кітабындағы:

– Жастайымнан атқа міндім. Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кештік. Жақсылыққа мастанбасқа, жамандыққа жасымасқа бел буып өстік. Кем-кетіксізбін деуден аулақпын. Барды емес, жоқты іздедік. Жоқ іздеген кісі бұрынғы жоғын табатын кезі болады. Меніңше, оны ойға тоқып қана қоймай, бойға сіңіре білуден асқан байлық бар деп білмеймін. Жоғыңа жолыққан сайын көп нәрсеге қолың жете береді. Алысың жақын, жатың дос-жаранға айналады, – деген тұжырымы оның даналығының жарқын дәлелі болса керек.

Дінмұхамед Ахметұлының Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының аға шопаны, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевпен достық байланыста болғаны есімізде. Жөні келген сәтінде Жазекең егіз ұлы Қойшыбай мен Тойшыбайды ертіп, Алматыға арнайы келеді. Димаш Ахметұлынан қартайғанда көрген екі ұлына бата сұрайды. Сөйтіп, тілегі орындалады. Тіпті олардың тұрмысқа жайлы пәтер алуына да көмегі тиеді.

Д.Қонаев туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 1994 жылғы 25 тамыздағы санына мақала жазып, ризашылығын білдірген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бертран Фессар де Фуко Димекеңді:

– Сыртқы пішіні маған бір көргеннен-ақ қатты әсер етті. Оның мейірімді жүзінен қажыр-қайраты да, ақыл-парасаты да, жоғары мәдениеті де, қайырымды қамқорлығы да айқын аңғарылады. Кәдімгі шаруаның бәрін де жіті аңғаратын қысыңқы, ойлы да батыл көздері кісіге тура қарайды. Салалы саусақтары мен қайратты қолдары, меніңше, оның іс үстіндегі айырықша ақыл-парасатынан хабар беріп  тұрғандай, – деп сипаттайды.

Өз кезегінде Дінмұхамед Қонаев елшіге елінің байлығын ерекше тебіреніспен суреттеп:

– Қазақстан – өте бай ел. Мұнда қара және түсті металдардың, көмірдің, мұнайдың, қымбат бағалы және сирек кездесетін металдардың, сондай-ақ, атом өнеркәсібі үшін қажетті шикізаттың сарқылмастай мол қоры бар. Егер бұған орасан зор көлемдегі ауылшаруашылық өндірісін қосатын болсаңыз, онда бұл елдің кез келген проблеманы шеше алатын және алға қойған мақсаттарына жете білетініне көз жеткізе аласыз, – деп сөз сабақтаған екен.

Дінмұхамед Ахметұлы аса жауапты, абыройлы қызмет атқара жүріп өзінің қарапайым, кішіпейіл, адалдығымен ерекшеленген тұлға ретінде танылды. Мұны үзеңгілестері жиі айтар еді. Үлкен кісі әрқашан Асанбай Асқаров, Бәйкен Әшімов, Саттар Имашев, Сұлтан Жиенбаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Дүйсетай Бекежанов сынды азаматтар мен жақын достары Атымтай Қисанов, Олжас Сүлейменовпен мерекелі күндерді бірге қарсы алады екен.

Дінмұхамед Қонаев қызмет бабымен Талдықорған өңіріне келгенде еңбегімен елеулі, абыройлы қарияларға қалай сәлем беріп, қол алысқанын көрсеңіз. Осы аймаққа танымал егінші-механизаторлармен, мал өсірушілермен және қант қызылшасын күтіп-баптаушылармен ескерткіш үшін фотосуретке түсуді әдетке айналдырғандай көрінетін еді.

Өнер өлкесіндегі таланттарға Д.Қонаев ерекше қамқорлық жасап, көңіл бөлді. Нәтижесінде еліміздің көптеген өнерпаздары әлемдік сахналардан танылды. Олар бірінен соң бірі халықаралық конкурстарда жеңіске қол жеткізді. Бұл, негізінен, ХХ ғасырдың 70-80 жылдарының жетістігі еді. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Роза Рымбаева, Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Алтынбек Қоразбаев тәрізді өнерпаздарды үлкен кісі ерекше ұнатады екен.

Жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев, спорт майталманы Жақсылық Үшкемпіров, әйгілі Қажымұқан және басқа азаматтардың есімдерін жиі атап отырған деседі. Осындай адамдарды құрметтеген Димаш Ахметұлы аңшылықты жаны сүйетін, мергендігіне ешкім күмән келтірмеген абзал, сайыпқыран азамат екен.

АҚШ-тың бұрынғы Президенті Дуайт Эйзенхауэрдің: «Бүгін мен керемет бір адаммен таныстым. Ол – Кеңестер одағындағы терең білімді саясаткер, өз халқының даналығын терең меңгерген, сирек кездесетін тұлға», – деп Димаш Ахметұлына жоғары баға бергені әлемге әйгілі болды.

Данышпан Абайдың: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дегені бар. Ал, біздің кең-байтақ еліміздің көкірегі ояу, көзі ашық әр адамының Д.Қонаевтың тұла бойынан Абай айтқан жақсы қасиеттердің бәрін табары ақиқат. Бұл орайдағы әңгімені Дінмұхамед Қонаевтың тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде халыққа арналған, БАҚ арқылы жарияланған ақ тілегімен түйіндесек:

– Біріншіден, үрейден аулақ болайық. Сенім жоғалмасын. Қиыншылық деген қиюы келмейтін іс емес. Жұмыла көтерейік. Екіншіден, тату үйге тақсірет жуымайды. Бірлігіңе ие бол. Үшіншіден, өзіңе жақсылық тілесең, өзгеге жамандық қылма!

Қазақстан халқының мәңгілік мақтанышы, әлемге терең білімді саясаткер ретінде танылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев  турасында қысқартып айтарымыз осындай. Ол әрқашан өз халқының жүрегінде.

Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,

Алматы облыстық «Дінмұхамед Қонаев қоғамдық қоры» төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы,

Ақсу ауданының Құрметті азаматы

Алматы облысы