ТАЛДЫҚОРҒАН ӘКІМДІГІ ҚАЗАҚТЫҢ ҚОС АҚЫНЫН АЖЫРАТА АЛМАЙ МА?

Уақыты: 14.03.2021
Оқылды: 1507
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қаласының әкімдігі Жұматай Жақыпбаев пен Ғали Ормановты ажырата алмай ма? Облыс орталығының әкімдігі желідегі ресми парақшасында "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған мақалаға жауап беремін деп ұятқа қалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ақпан айының 5-нші жұлдызында "Egemen Qazaqstan" газетіне Мұхтар Күмісбектің «Ақынды елі елемесе, сол қайғы» деген мақаласы жарияланған болатын. Аталған мақалада Жетісу жерінің көрнекті ақыны Жұматай Жақыпбаевқа Талдықорған қаласынан көше, кітапхана атын беру жайлы мәселе қозғалған еді.

Қазір көп дүние әлеуметтік желі арқылы таратылады. Оның ішінде, осындай ұсыныстарға да ресми мекемелер желі арқылы жауап беретіні белгілі. Мұндайда желі арқылы жауап жазатын мекемеге тиянақтылық өте-мөте қажет. Талдықорған қаласы әкімдігінің "Инстаграм" парақшасында жарияланған жарымжан жауап өңірдегі зиялылардың ашуын келтірді. Осы ретте «taldykorganakimat» деген атаумен ашылған "Инстаграм" парақшасында жарияланған мәтінді толық беруді жөн көрдік:

«Талдықорған қаласының әкімдігі «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Ақынды елі елемесе, сол қайғы...» атты басылымға жауап ретінде келесіні хабарлайды. Талдықорған қаласының әкімдігі бүгінгі күнге дейін «Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепке белгілі ақын Ғали Ормановтың есімін беру туралы» ресми ұсыныс хаты түспегенін және ұсыныс түскен жағдайда қолданыстағы заңнама талаптарына сай тиісті ономастика комиссиясының қарауына жолданатындығын хабарлайды».

Бұл жерде күлеміз бе, жылаймыз ба?! Хатқа жауап қайтарып отырған әкімдік Ғали Орманов пен Жұматай Жақыпбаевты танымай ма? Сонымен қатар, әкімдік «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаламен мүлде таныспаған және газет оқымайды деген сөз. Егер мақаланы басынан-аяқ оқып шықса, мәселе Ғали Орманов емес, Жұматай Жақыпбаев жайлы екенін аңғарар еді.

Сонда Талдықорған әкімдігі ақындарға немқұрайды қарай ма?! Қаламгерлерге, ақындарға деген көзқарас осындай болса, біз қашан оңамыз? Мынадай жауап жазып отырған әкімдіктен ақынға көше сұраған біз жазықты боламыз ба деп қорқамын. Ілияс ақын «Өз елі, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?» - деп жырлап еді. Талдықорған қаласының әкімдігі ескермек түгілі ерлерін танымайды да. Талай қателікті көріп едік, мына сорақылық тіптен ұят. Бұған көз жұма қарасақ, қос ақынымызды қорлау болып шықпай ма? Күллі Алаш сыйлаған Жұматай Жақыпбаев пен Ғали Ормановтың рухының алдында, қалың ел алдында Талдықорған әкімдігі кешірім сұрауы тиіс шығар.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Талдықорған қаласы

Алматы облысы