САЯЖАЙДА ТҰРАТЫН АЗАМАТ "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМГЕ" ПЫШАҚ АЛА ЖҮГІРДІ

Уақыты: 16.03.2021
Оқылды: 1307
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Еңбекшіқазақ ауданында "Жедел жәрдем" қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Бұл ақпаратты Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы растады.

«Сағат 16:17-де 23-бригаданың 22-қосалқы станциясының фельдшері С.Елекенов Есік қаласына қарасты саяжайға шақырту бойынша шыққан. Ауа райының қолайсыздығына байланысты команда шақырылған жерге 16:32-де жеткен. "Жедел жәрдем" бригадасы жеткенше науқас қайтыс болып кеткен. Фельдшер Елекенов пен жүргізуші Молдахметовтің айтуынша, "Жедел жәрдем" келгенде оларды ер адам агрессивті жағдайда қарсы алған. Науқасты тексерген фельдшер науқастың биологиялық өлімі туралы мәлімдеген. Әкесінің қайтыс болғанын естіген ер адам пышақ алып, "Жедел жәрдем" қызметкерлеріне қарай жүгірген», - деп хабарлады басқарма.

Марқұмның туыстары мәйітті көлікке күштеп салған. Еңбекшіқазақ аудандық көпсалалы ауруханасына келген кезде марқұмның ұлы қызметкерлерді балағаттап, "Жедел жәрдем" көлігінің жүргізушісі Молдахметовтің бетінен ұрып жіберген. Ол жерге құлап, басы асфальтқа соғылған.

«Таяқ жеген жүргізушіге оқиға орнында медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды. Аталған жағдаймен полиция айналысып жатыр», - деп атап өтті Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ