ТАЛДЫҚОРҒАН ӘКІМДІГІ: БІРІНЕН КЕЙІН БІРІ ЖАЛҒАСҚАН ҰЯТТЫ ЖАҒДАЙЛАР

Уақыты: 16.03.2021
Оқылды: 1474
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бірнеше күннен бері Талдықорған қаласы әкімдігіне қатысты ұятты жағдай бірінен кейін бірі жалғасты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Атап айтқанда, қазақтың белгілі ақындары Ғали Орманов пен Жұматай Жақыпбаевты ажырата алмай, бір масқара болса, екіншісі әкімдік қызметкерлерінің карантиндік шектеулерге қарамастан түн ішінде тойлатуы, оның арты жанжалға ұласып, бірнеше қызметкердің бейнекамераға түсіп қалуы, шенеуніктің көшеде әйелін ұруы "жығылған үстіне жұдырық" болды.

Атышулы оқиға Талдықорған қаласының жергілікті блогері Қайрат Әбдірахманның бейнежазбасынан кейін басталды. Ол таратқан бейнематериал желіде қызу талқыланумен шектеліп қалмай, құзырлы мекемелердің ықпалымен қызметтік тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде, ішімдік ішіп, қызметтік көлік жүргізген Талдықорған қаласы құрылыс бөлімінің басшысы жұмыстан қуылды. Сондай-ақ, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбекова «қатаң сөгіс» алды.

Естеріңізге сала кетейік, көптің жағасын ұстатқан оқиға былай болған: Талдықорған қалалық құрылыс бөлімінің басшысының көшенің қақ ортасында әйелін ұрып тұрғаны бейнежазбаға түсіп қалады. Ол аздай шенеунік ішімдік ішкен күйінде қызметтік көлікті жүргізіп, полицейлерге ұсталады. Артынан белгілі болғанындай, қалалық әкімдіктің бірнеше қызметкері бас қосып, қоғамдық орындардың бірінде отырған. Соңы дауға ұласқан.

Түнгі 24:00-01.00 шамасында түсірілген видео бойынша Талдықорған қаласы әкімдігінің өкілі Нұр Қанатұлы пікір білдірді.

- Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары С.Арзанбековаға өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. «Талдықорған қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысы М.Нұрғалиев жұмыстан босатылды. «Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы Н.Қалиахметовке өзіне жүктелген функционалдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін «қызметке толық сәйкес еместігі» түріндегі тәртіптік жаза, «Талдықорған қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» ММ басшысының орынбасары А.Пенге тәртіптік жаза қолданылды, - делінген Талдықорған қаласы әкімдігі таратқан хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"