АДАМ ӨЛТІРІП, ІЗІН СУЫТҚАН ӨЗБЕКСТАНДЫҚ АЗАМАТ ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Уақыты: 18.03.2021
Оқылды: 1075
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының полицейлері адам өлтірді деген күдікке ілінген азаматты Шымкент қаласынан іздеп тапты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Талғар ауданында орын алған адам өліміне қатысты жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер 50 жастағы күдіктіні Шымкент қаласынан ұстап, Талғар қаласына жеткізді. Қылмысты ашу үшін кең ауқымды жұмыстар жүргізген тәртіп сақшылары күдіктілердің бой тасалауына жол бермеді.

- Күдікті ретінде 1970 жылы туған Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталды. Ол ішімдік ішіп отырғанда туған жанжал барысында танысына пышақ жарақатын салғанын және соның салдарынан қайтыс болғанын мойындады. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды, - деді Талғар АПБ бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

Тергеу барысында күдікті аса ауыр қылмыс жасағанын түсінген сәтте жазадан жалтару мақсатында оқиға орнынан із суытқан. Дегенмен, кәсіби шеберлігі жоғары жедел уәкілдер оны Шымкент қаласынан ұстады. «Сонымен қатар, оқиғаның куәгері болған үшінші адам да қамаққа алынды. Қазіргі уақытта оған қылмысты жасыру дерегі бойынша айып тағылды. Күдікті деп танылған өзге мемлекет азаматының елімізге келуінің заңдылығы және немен айналысқаны толыққанды тексерілетін болады», - деп толықтырды полиция полковнигі Жанболат Зиадин.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан