ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА КҮЛӘШ БАЙСЕЙІТОВА АТЫНДАҒЫ КӨШЕ ШҰРЫҚ-ТЕСІК

Уақыты: 26.03.2021
Оқылды: 1137
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ескелді ауданында Күләш Байсейітова атындағы көше шұрық-тесік болып жатыр. Ең қызығы, жол былтыр ғана 50 млн.теңгеге жуық қомақты қаржыға жөнделген. Аталған мәселеге "Қазақпарат" агенттігі назар аударды.

Жергілікті әкімдіктің айтуынша, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Матай Байысов ауылындағы Күләш Байсейітова атындағы көшеге былтыр күрделі жөндеу жүргізілген. Бастапқы келісімшарт бойынша 42 млн.179 мың теңге, қосымша келісім шартпен тағы 7 млн.256 млн.теңге бөлінген.

Осылайша екі шақырымға жетер-жетпес жолға 49 млн.436 мыңнан аса қаражат жұмсалған. Қазір әкімдік жөндеу жүргізген мердігер жолдың сапасына екі жылға дейін жауапты екенін айтып, барлығы қалыпқа келтірілетінін жеткізді.

«Келесі аптада жолды қайта қалпына келтіру басталады. Өйткені, күн енді жылынып келеді. Көшенің жолын жасаған мердігер компаниямен келісімшарт болғандықтан, олар жолдың сапасына 2 жылға дейін жауапты», - деп мәлімдеді Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері.

Айта кетейік, Күләш Байсейітова көшесіндегі 1820 метрлік жолды «Жетісу Жол Құрылыс» ЖШС жүргізген. Ал тапсырысты «Ескелді ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» берген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"