ЖЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ДАУ-ДАМАЙ НЕДЕН ТУЫНДАЙДЫ? ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 1342
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «Ауылшаруашылығы жерлеріне түгендеу жүргізілген кезде 16,5 млн. гектар жердің игерілмей жатқаны анықталып отыр. Жер – өндірістің басты факторы. Осы мәселеде тиімділік көрмей, ауылды дамыта алмаймыз. Жер кодексі нормаларына жарияланған мораторийдің 2021 жылы аяқталуына байланысты біз осы мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдауға тиіспіз. Ал, жеріміздің шетелдіктерге сатылмайтыны – басы ашық жай», – деген болатын. Бұл Президенттің игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару турасындағы алғашқы мәлімдемесі емес екені де жұрт жадында.

Иә, тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдары экономикада, медицина мен білім беру және өзге де салаларда жасалған көптеген тәжірибелер жерді де айналып өтпегені белгілі. «Нарықтық экономикаға көшеміз» деген желеумен шаруашылықтарды тарату кезінде кеңшар-ұжымшарлардан қалған малды, техниканы, жерді әркімнің үлесіне шағып, бөліп берген болатын. Соның ішінде шаруашылық басшыларына ерекше артықшылықтар беріліп, қомақты үлес солардың еншісіне бұйырғаны да жасырын емес.

Әділін айтсақ, аяқ астынан белгілі бір игіліктің иесі болып шыға келген ауыл жұртының көпшілігі шаруаларын игере алмай қалған. Оның үстіне, 90-шы жылдары орын алған экономикалық құлдырау кезеңінде мал мен техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатты. Мыңғырған мал «жабайы бартер» дегеннің өңешіне жұтылса, трактор-комбайндар теміртерсек ретінде Қытайға жөнелтілді. Тек өзге жаққа алып кетуге, артып жіберуге келмегендіктен жеріміз ғана өз орнында қалған. Онда да ат төбеліндей қалталылар мен биліктегі ағайындар жер алпауыты болып шыға келді.

Бүгіндері елімізде жерге қатысты туындап отырған дау-дамайларға сараптама жүргізер болсаңыз, көпшілігі ауыл маңындағы жайылымдық жерлер мен ауылшаруашылығына жарамды алқаптардың барлығы жекеге сатылып кеткендігінен бастау алып жатады. Жақында Қызылағашта болған дүрбелең осы пікірімізді растай түседі. Бүлінген су қоймасы қайта қалпына келтіріліп, енді суармалы жерді игеруге келгенде таяудағы алқаптардың барлығының иесі бар болып шыққан. Кез келген заңның кері күші болмайды деген қағидаға сәйкес ол жерлерді тартып алып, жұртшылыққа үлестіріп беруге мемлекеттің заңдық құқығы жоқ.

Ұшы-қиырына көз жібермек болып қарасаңыз, жанарыңызда сағымдай бұлдырайтын даламыздағы жердің жағдайы осындай болғанда, ірі мегаполистердің жанындағы жердің мәселесі тіпті қиын. Оқырманға түсінікті болу үшін бір ғана Қарасай ауданынан мысал келтіріп көрейік. Бар-жоғы 2 мың гектар аумақты алып жатқан аудан аумағының әр сүйемі алтынға тең десек, қателесе қоймаймыз. Ертегідегідей жыл санап емес, күн санап өсіп келе жатқан Алматы қаласының халқы да, өнеркәсібі де енді айналасындағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарына қарай қанат жаюда. Ал, жердің бәрі жекеменшіктің үлесінде.

Өзгені былай қойғанда, ірі ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін де алдымен жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі туындайды. Мысалы, Алматы – Бішкек автокөлік жолының «Алтын Орда» базары тұсындағы аз ғана бөлшегін кеңейту үшін 53 жер телімін қайтаруға тура келген. Оның 5-і мемлекет меншігінде болса, қалған 48 жер телімі жекенің үлесінде. Бұл тұста 7 азамат құрылыс мүддесі үшін өз үлестерінен бас тартса, 41 учаске сіз бен біздің салығымыздың есебінен аса ірі қаржыға сатып алынды. Меншік иелерінің өз жерлерін мейлінше қымбат бағаға сатқысы келген әрекетінен сот процестері сағызша созылып, бір-екі жылда аяқталуға тиісті жоба «сақалды құрылысқа» айналып отыр.

«Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасы туралы да осыны айтуға болады. Бұл алып құрылыстың Қарасай ауданы аумағынан өтетін жерінде ғана 339 жекеменшік жер телімі бар екен. Жеке басының пайдасын емес, елдік мұраттарды жоғары қоятын саналы азаматтардың қолдауымен 79 жер учаскесі мемлекет меншігіне тегін қайтарылса, 230 меншік иесіне қомақты қаржы төленіп, тағы 30 адамға тең бағалы жер телімдері ұсынылған. Аудан территориясынан осы жол құрылысына 233,7854 гектар жер өткізіліп бергенін айта кету керек.

Қарасай ауданында 2005–2020 жылдар аралығында жекеменшік тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алуға азаматтардан 12627 арыз келіп түскен. Олардың тек 2902-сі ғана қанағаттандырылған. Себебі, ауданда тұрғындарға беретін бос жер қалмаған. Мұндағы 10 ауылдық округ пен Қаскелең қаласында бүгіндері ресми түрде 280 мыңнан астам адам тіркелген. Ішкі миграция мен халықтың табиғи өсімін қоса есептер болсаңыз, қазірдің өзінде жер тапшылығы туындап отырғанын анық байқар едіңіз.

Айта кетерлігі, тұрғындар саны артқан сайын мектеп, балабақша, мәдениет және спорт кешендері, жол мен ауызсу мәселесі туындайтыны түсінікті. Жылма-жыл қаншама ғимарат салынса да үш ауысымды мектептердің азаймай келе жатқаны да сондықтан. Білім ошақтарын салуға мемлекет тарапынан қаржы бөлу қолдау тапқанымен, мектептерді салатын жерді анықтау қиындық тудыруда. Мұндай маңызды құрылысқа өздеріне тиесілі жер телімдерін тегін беретін азаматтар да кездеседі.

Оларға мың алғыс, әрине! Алайда кезінде атабабаларымыздың қаны мен жанының арқасында ұрпағына мұра болған қасиетті жеріміздің бір бөлшегін тегін иемденген қайсыбір адамдар жерлерін нарықтағы бағадан асыра бағалап, байып қалуды ойлайтындары өкіндіреді. Мысалы, бүгіндері Іргелі, Долан, Жармұхамбет, Қаскелең, Қошмамбет елді мекендерінде мектеп құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Оларға қажетті жер телімдері сатылып алынған. Сонымен бірге, демалыс саябақтарын, спорт кешендерін, балабақша салуға қажетті алқапты табу – түйінді мәселелердің бірі болып қалуда.

Ал, ауылшаруашылығы алқаптарына келер болсақ, 2018-2019 жылдар аралығында прокуратура органдары және жергілікті атқарушы биліктің бірлескен жұмысы нәтижесінде 12 281 гектар жердің игерілмей жатқаны анықталған. Шаруа қожалықтарымен жүргізілген ісшаралардан кейін аталған алқаптардың барлығы қайта пайдалануға берілген дейді ресми дерек.

– Біздің ауданда жер мәселесі аса күрделі деуге болады, – дейді Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Азамат Сұлтанов. – Тұрғындар саны күннен-күнге артуына байланысты баспана салғысы келетіндерге көмектесе алмай отырмыз. Ауылшаруашылық жерлері де тапшы. Ауданда 10-15 сотық жерге шаруа қожалығын ашып отырған заңды тұлғалар да кездеседі. Ал ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің бәрі кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Қайтару үшін қомақты қаржы керек екені түсінікті. Топырағымыз құнарлы, суы мол болғандықтан Алматы қаласын көкөніспен қамтуға бағыт алғандар баршылық. Сондықтан, бізде игерілмей жатқан жер мәселесі туындамайды. «Жер шетел азаматтарына сатылмайды!» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Өз азаматтарымызға да жерді сатпай, ұзақ мерзімге жалға беру керек! Сонда ғана мемлекет мүддесі туындағанда аса ірі қаржы шығарып, қайта сатып алу қажеттігі туындамайды», – дейді қоғам өкілдері. «Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, халықтың игілігіне жарату қажет!» – деген Президент талабын да жұртшылық құп алып отыр. Ондай болса, атқарушы билік пен азаматтарымыздың саналы әрекеті ғана қалғандай. Іске сәт, ендеше!

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды