РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ӨЗАРА ЖАНЖАЛДАСЫП, ОҚ АТТЫ

Уақыты: 29.04.2021
Оқылды: 1488
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Райымбек ауданында түн ортасында адам шошырлық оқиға болды. Полиция қызметкері өзінің әріптесін атқан. Бұл жайында Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев Facebook парақшасында жазды.

Генералдың айтуынша, тәртіп сақшылары арасындағы бір-біріне деген өшпенділік соңы үлкен шиеленіске ұласып, атыс қаруын қолдануға дейін жеткізген. Салдарынан жамбасына оқ тиген учаскелік инспектор Нарынқол ауылындағы ауруханаға жатқызылды. Оған қызметтік қарудың оғы тиген.

"Мән-жайға қанығу үшін жекелей оқиға орнына бардым. Сөйтіп, барлық мәселе анықталды. Осы фактіге сәйкес, қауіпсіздік қызметі ҚР Қылмыстық кодексінің, 24-бабы, 3-тармағы және 99-бап, 1-тармағы (кісі өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сонымен қатар, оперативтік-қызметтегі кемшіліктер мен жеке құрамды бақылауды әлсіретіп алғаны үшін аудандық ішкі істер бөлімінің сыртқы қызметтерге жауапты бірінші орынбасарын жұмыстан босаттым", - деп жазды Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев. Сондай-ақ, полицейлер арасындағы жанжал кезінде олардың жанында болған полиция қызметкерлері де белгілі себептермен жұмыстан шығарылды. Бірқатар шенеуніктер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

- Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Алматы облысының полиция департаментінің басшылығы өз қатарларында заңдылық пен тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды қабылдайды. Әрбір заңбұзушылыққа баға беріліп, ішкі істер органдарынан жұмыстан босатуға дейін шара қолданылады. Жұмыс бабында жеке бас мәселесін шешуге жол берілмейді, - деді Серік Күдебаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"