"ТІЛІҢ ШЫҒЫП ҚАЛЫПТЫ ҒОЙ СЕНІҢ, ЕЙ?" АҚСУ АУДАНЫНДАҒЫ ҰЯТТЫ ЖАЙТ

Уақыты: 04.05.2021
Оқылды: 2108
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Әлеуметтік желіде Ақсу ауданының полициясына қатысты бейнежазба тарады. Онда Ақсу аудандық полиция бөлімінің басшысы өз кеңсесінде былапыт сөздермен айқайлап, бағынышты қызметкеріне шүйлігеді. Ұятты жағдайға қатысты Алматы облысының полиция департаменті түсініктеме берді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бейнежазба белгісіз полицейдің қызметтік камерасы арқылы түсірілген. Кеңсесінде "аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып отырған" аудандық полиция басшысы ұжымындағы қызметкерге: "Тілің шығып қалыпты ғой сенің, ей!" - деп, екеуара диалогтың соңы ұрыс-керіске ұласады. Бас-аяғы жинақталып, монтаждалған бейнежазбаның келесі бөлігінде Ақсудың бас тәртіп сақшысы түнделетіп, Жансүгіров ауылының көшелерін аралап келе жатады. Сөзінен, жүрісінен алкогольдік ішімдік ішкені байқалады. Кенет алдыларынан қыз-келіншектер шығады. Оларға полиция өкілі: "Тоқта", - деп айқайлайды. Кейіннен олармен мектептің алдында жолығады. Қыз-келіншектер полиция басшысын танып, жаман пиғылдағы адамдар екен деп қашқандарын айтады. Бейнежазбада әр кадрға қатысты мәтін түрінде түсініктеме берілген.

Бүгінде желіде тараған бейнежазбаға қатысты қызметтік тексеріс басталды. "Алматы облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қызметтік тергеу тағайындалғанын хабарлайды. Тексеру барысында полиция департаменті басшылығы лауазымды тұлғаның іс-әрекеттеріне қағидаттық баға беретін болады. Қызметтік тергеу нәтижелері туралы қосымша хабарланады", - делінген полиция департаментінің ресми хабарламасында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"