ЖУРНАЛИСКЕ ДӨРЕКІ ЖАУАП ҚАЙТАРҒАН ӘКІМ ҚАТАҢ СӨГІСПЕН ЖАЗАЛАНДЫ

Уақыты: 07.05.2021
Оқылды: 1528
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жаркент қаласының әкімі Болат Омаров 24.kz телеарнасының журналисіне берген сұхбаты мен жүргізушілермен кездесудегі дөрекі жауаптары үшін қатаң сөгіс алды.

Осы дауға байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеу жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау үшін Алматы облысы әкімінің аппаратына хат жолдаған еді. "Алматы облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілінің 2021 жылғы 5 мамырдағы жауабына сәйкес, Панфилов ауданы әкімінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі №70-ө өкімімен Б.Омаров құқықбұзушылықтар үшін қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапқа тартылғаны анықталды", - деп хабарлады Tengrinews.kz ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кейін Болат Омаровтың 24.kz журналисіне берген сұхбаты жарияланды. "Әкімдер" бағдарламасының тілшісі Асхат Ниязов шенеунікке сағаты жақсы екенін айтады. Оған әкім ашуланып: "Қайдан білесің жақсы екенін? Қарап көр", - деп шешіп береді. Тілші сағаттан "Giorgio Armani" деген жазуды оқиды. Б.Омаров тілшіден жұмысқа қатысты сұрақ қоюын сұрайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жаркент өңірінде жүк көлігі жүргізушілерімен болған диалог та көптің талқысына түсіп, әкімдер сынға іліккен еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"