ҰЗЫНАҒАШТА НӨМІРСІЗ КӨЛІКПЕН САЙРАН ҚҰРҒАН ТҮЛЕКТЕР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 26.05.2021
Оқылды: 1468
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұзынағаш ауылы маңында көліктердің мемлекеттік нөмірін алып тастап, сайран құрған түлектер ұсталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Тайраңдаған түлектердің серуені әлеуметтік желіде тарады. Қазір полиция оларға қатысты шара қолдануда. 4 көлік айып тұрағына қойылды. «Оқиға Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылында болған. Олар - колледж түлектері. Автомашинадағы адамдар да, көліктер де анықталды. Қазір полицейлер осы оқиғаға қатысты тиісті шара қолданып жатыр», - деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Көліктің терезесінен шығып, өмірлеріне қауіп төндіріп, көңіл көтергендердің барлығы 17-22 жас аралығындағы Жамбыл ауданының тұрғындары. Полицияның ақпаратына сәйкес, 25 мамыр күні әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу кезінде 4 автокөліктің Алматы-Бішкек тас жолында жол ережесін өрескел бұзғаны анықталған. "Полиция оларды анықтап, ұстады. Төрт көлік айып тұрағына қойылды. Оның екі жүргізушісі кәмелеттік жасқа толмаған. Оларға бірден әкімшілік хаттама толтырылды. Жалпы осы іс бойынша 15 хаттама толтырылды. Оның ішінде көлікті мемлекеттік нөмірсіз жүргізу де бар», - делінген ведомство таратқан хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"