ТЕКЕЛІДЕ КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ТӨБЕСІ ОПЫРЫЛЫП, ОРТАСЫНА ТҮСТІ

Уақыты: 28.05.2021
Оқылды: 1320
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Текеліде көпқабатты үйдің төбесі опырылып ортасына түсіп, бүтін бір отбасы ажалдан аман қалды. Екі қабатты бұл үй үш жыл бұрын апатты деп танылған. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі мәлімдеді.

«Сағат 11:30 шамасында үйдің төбесі құлады. Балам ішінде ұйықтап жатқан. Құлаған дауысынан оянып, мен жүгіріп үйге кіріп, екі кішкентай баламды алып шықтым. Қазір бір өлімнен қалдық. Бір үйде жеті жанбыз», - дейді Текелі қаласының тұрғыны Жігерхан Адайханұлы.

Қаңыраған екі қабатты үйді пана еткен жалғыз отбасы қазір үйіндінің ортасында үреймен өмір сүріп отыр. 12 пәтерлі бұл үйде Адайханұлының отбасы ғана тұрып жатыр. Себебі, бұлардың басқа барар жері жоқ. Ал төбесі, іргесі шіріп, құлағалы тұрған апатты үйден жалғыз шаңырақты әкімдіктегілер басқа жерге көшіруге көмек көрсетпеген. Бюджетте ақша жоқ деп жылы шығарып салып отырған. Жалпы, Текелі қаласында осындай апатты 19 екіқабатты үй бар. Сұрқының өзі адамды шошытады. Мұржасын терезеден шығарған тұрғындар осында амалдап өмір сүріп жатыр.

«Осы үйге 2020 жылы бюджетке ұсыныс енгізілген. Алайда әлі ақша қаражат бөлінбеген. Қазір осы жартыжылдықта қайтадан ақшаға сұраныс жібереміз», - дейді Текелі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Рысбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"