ПОЛИЦИЯМЕН ТӨБЕЛЕСІП, ДӘРІГЕРЛЕРДІ БАЛАҒАТТАҒАН: ЕСІКТЕГІ ОҚИҒА

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 1258
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының әйнегін сындырып, полициямен төбелескен ер адам оқиға орнынан қашып кетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасынан полицияға шағым түскен. Ол жерде ер адам медицина қызметкерлерін балағаттап, әйнекті сындырғандығы жөнінде арызданған.

Анықталғандай жанжалды Түрген ауылының 45 жастағы тұрғыны шығарған.

- Ол жерге барған учаскелік инспектор расымен ер азаматтың қоғамдық тәртіпті бұзып жатқанын анықтады. Тәртіп сақшысы ер адамды сабырға шақырған. Бірақ талапқа бағынбаған ол полицейдің бетінен ұрған. Ал далада сол әрекеттерін қайталап, тағы да соққы жасаған. Артынша қашып кеткен. Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктіні ұстау жұмыстары жүріп жатыр, - делінген полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция ақпаратына сәйкес, күдіктінің үстінен 293-бап яғни, бұзақылықпен қоса, 380-бап яғни, билік өкіліне қатысты күш қолдану бабы бойынша да қылмыстық іс қозғалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"