ҚАЙЫН АПАСЫН ӨЛТІРГЕН: ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДАҒЫ ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ҚЫЛМЫС

Уақыты: 08.07.2021
Оқылды: 2713
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жиырма тоғыз жастағы әйел қайын апасын өлтірді деген күдікпен ұсталды.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында болған. Түнгі сағат 3:00 шамасында Жамбыл аудандық полиция басқармасына жер үйдің бірі өртеніп, ішінен 37 жастағы әйел адамның денесі табылғаны жөнінде хабар түсті. 27 жастағы көрші түн ішінде оянып, өртеніп жатқан үйге көмекке жүгірген. Ер адам жанып жатқан үйден кәмелет жасына толмаған 3 баланы және әйел адамды алып шыққан.

«Тергеу кезінде өрттен құтқарылған 29 жастағы әйел адам өлтірді деген күдікке ілінді. Ол өзінің қайын әпкесін өлтіріп, үйді өртегенін мойындады. Сөзінше, ол жасаған қылмысынан соң үйге бензин құйып, өзін де, балаларды да өртеп жібермек болған», - деп мәлімдеді аталған ведомствоның баспасөз қызметінен. Қазір осы қанды қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті 29 жастағы әйел қамауға алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"