БҰРЫНҒЫ ҚЫЗЫНЫҢ ЖАЛАҢАШ СУРЕТІН ЖАРИЯЛАҒАН ЖІГІТКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 22.07.2021
Оқылды: 1780
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Талдықорған қаласының тұрғыны бұрынғы сүйіктісінің бетін бері қарата алмай, ызаға булығып, оның ұятты суреттерін әлеуметтік желіде жариялаған. Қызды осындай әдіспен өзіне қаратпақшы болған жігітке қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 23 жастағы бойжеткен бұл туралы полицияға 19 шілдеде шағымданған. "Жәбірленуші ер азаматпен 2020 жылы байланысын үзген. Алайда бұған көнбеген күдікті қыздың қыр соңынан қалмай қойған. Ең соңында ол бойжеткенді интим суреттеріңді желіге жариялаймын деп қорқытқан", - деді Талдықорған қаласы полиция бөлімінің басшысы Асқар Нұрсапа zakon.kz сайтына шыққан сұхбатында.

34 жастағы ер адам бұрынғы сүйіктісінің аккаунтын бірнеше рет бұзған. Ол оның атынан әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, жалаңаш суреттерін жүктеген.

Талдықорған қаласының тұрғыны полицияға жеткізілді. Полиция бөліміне жеткізілген ол бар кінәсін мойындады. Полиция Қылмыстық кодекстің 147-бабының 4-бөлігі "Жеке баcқа қол сұқпаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ер адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"