УНИВЕРСИТЕТ ПЕН КОЛЛЕДЖДЕ ЖЕМҚОРЛАР КӨП ПЕ? ЖАСЫРЫН САУАЛНАМА

Уақыты: 30.09.2021
Оқылды: 1300
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сыбайлас жемқорлықты анықтау мақсатында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында анонимді сауалнама әдісімен зерттеулер жүргізілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Әлеуметтік сауалнамаға Алматы облысынан барлығы 4290 студент қатысты. Сауалнама нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық деген не және оның себептері деген сұраққа 99,3 пайыз студенттер дұрыс жауап берді.

Сауалнамаға қатысқан студенттердің 35,1 пайызы қаржылық бақылау сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді әдісі деп санайтынын атап өткен. Студенттердің 21,3 пайызы білім алып жатқан оқу орындарында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының бар екендігін белгіледі. Студенттердің 46,2 пайызы жемқорлықтың түрлері мемлекеттік емтихан кезінде көп кездесетінін айтқан. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауға дайынсыз ба деген сұраққа респонденттердің 30,6 пайызы  иә деп келіскен, сондай-ақ, студенттердің 25,3 пайызы тек жасырын түрде хабарлауға дайын екендігін білдірген.

Жалпы алғанда, Алматы облысының білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыс оң үрдістерге ие екендігі көрсетілген. Бірақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру бағдарламаларын одан әрі жетілдіру және оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып қала береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"