АЛМАТЫ МАҢЫНДА УНИВЕРСИТЕТКЕ ТИЕСІЛІ ЖЕР ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСКЕН

Уақыты: 14.10.2021
Оқылды: 1125
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай ауданында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жер учаскесін иемденіп, сатып жіберді деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлға ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкерін, «Алматы облысы бойынша азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің, Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын 2018 жылы Кемертоғанда орналасқан ауданы 9,0 га жер учаскесі түріндегі университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұстады», - делінген ресми хабарламада.

Белгілі болғанындай, аталған университеттің жер учаскесі заңсыз бөлінген және ұсталған тұлғаларға жалған құжаттар арқылы үлестес болып рәсімделген. Ал кейіннен адал ниетті сатып алушыларға сатылған.

«Осы тұлғалар 2021 жылдың қаңтарында қылмыс іздерін жасыру және жер учаскесін университет балансына жалған қайтару мақсатында мемлекеттің жер қорынан құқық белгілейтін құжаттарсыз санитарлық аймақтағы және жеке меншікке беруге жатпайтын Көлдіде орналасқан жер учаскесін заңсыз бөлген. Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», - делінген хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"