ЕСІК ҚАЛАСЫНДА ГИПНОЗБЕН ҰРЛЫҚ ЖАСАЙТЫН БІР ТОП ӘЙЕЛ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Уақыты: 20.10.2021
Оқылды: 1347
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Еңбекшіқазақ ауданында адамдарды гипнозбен арбап, тонайтын алаяқтар қолға түсті. Кілең әйелдерден құралған топ алтын бұйымдар мен ірі ақшаны иеленіп отырған. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Биылғы жылдың 17-18 қазан аралығында Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөлімшесіне Есік қаласының екі тұрғыны мен Көктөбе ауылының бір тұрғыны алаяқтық туралы арыз түсірді.

Арызданушылардың айтуынша, гипноз арқылы алдау жолымен төрт әйел өздерінің сеніміне кіріп, доллардай, теңгедей ірі ақшасын, алтын бұйымдарын және қымбат ұялы телефонын тонаған. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-баптың 1-бөлігімен, 190-баптың 2-бөлігі, 1-тармағымен, яғни, "Адамдар тобымен жасалған алаяқтық" бойынша тіркелді.

Жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде  полиция қызметкерлері 25 пен 42 жас аралығындағы Өзбекстанның төрт азаматын ұстады. Олардан сақина, сырға және алқа сынды ұрланған алтын бұйымдардың бір бөлігі тәркіленді. Әйелдер жәбірленушілердің ақшасы мен материалдық құндылықтарын өздеріне ерікті түрде ақысыз негізде бергенін түсіндіріп, ішінара кінәсін мойындады.

Күдіктілер Қазақстан аумағында тіркеусіз жүрген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"