БІРЕУІ ҚАРАП ТҰРҒАН, БІРЕУІ ЗОРЛАП, ТОНАҒАН: ТАКСИДЕГІ АЗҒЫНДЫҚ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 2310
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Іле ауданында тұратын әйел полицияға белгісіз ер адам зорлады және тонады деп арыз түсірді. Күдіктінің қасында жерлесі болған. Ол арашаға түспеген. Тәртіп сақшылары көп уақыт өтпей екі адамды ұстады.

Ұсталғандардың бірі 17 жастағы жігіт. Әйелдің айтуынша, ол 9 қазан түнгі сағат 3 шамасында Алматы-1 теміржол вокзалында үйіне жету үшін такси ұстаған. Әйелді алған соң такси жүргізушісі қасындағы тағы бір жолаушының өтініші бойынша Түймебаев ауылының жанындағы жолдан бұрылып, қаңырап бос қалған жерге барған.

«Сол жерде әйелге шабуыл жасап, ұрып-соғып, зорлап, алтын алқасын тартып алған. Қылмыс такси жүргізушісінің қатысуымен жасалды. Ол зорлық жасаған адамға өзінің әрекетсіздігімен көмектесіп, оның серіктесі болып шықты», - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары күдікті ретінде Боралдай кентінің 17 жастағы тұрғынын ұстады. «Күдікті қылмысын мойындап, қамауға алынды. Сондай-ақ, 22 жастағы такси жүргізушісі де ұсталды. Ол екеуі жерлес болып шықты. Такси жүргізушінің әрекетіне тергеу кезінде тиісті құқықтық баға беріледі», - деп атап өтті полициядағылар. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 1-бөлігі (зорлау) және 191-бабының 2-бөлігі (тонау) бойынша іс қозғалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"