Латын әліпбиіне көшкен жөн

Уақыты: 02.07.2016
Оқылды: 1954
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша атқарылған істер сараланды. Брифингте бағдарламаның ағымдағы жылдың алғашқы жартысында жүзеге асырылған жұмыстары таныстырылды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ахмет Кендірбекұлы мемлекеттік тілдің мәртебесіне, өңірдегі тіл саясатына тоқталды.

Тілдерді дамыту басқармасы ал­ғаш ашылған жылдары қазақ тіліндегі іс-қағаздар бар-жоғы 16 пайызды ғана құраған болатын. 2009 жылы сол көрсет­кіш 90 пайызға көтерілді. Бұл бас­қарма­ның жемісті жұмысын көрсе­теді. Басқар­маның ең басты мақсаты – төл тіліміздің мәртебесін асырып, мемлекеттік қызмет­шілердің қазақ тілінде жұмыс жүргізуі. Бүгінгі таңда тілдік жағдайды зерделеу үшін өңірлік атқарушы органдардағы кіріс-шығыс құжаттарына тоқсан сайын мониторинг жасалып тұрады. Өткен жылдарға қарағанда облыс бойынша мемлекеттік тілдің қолданылу көрсеткіші 99,3 пайызды құрады. Облыста 10 мемле­кет­тік, 2 жекеменшік мемлекеттік тілді оқыту орталығы жұмыс істейді. Ағым­дағы жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғында төл тілімізді оқыту үйірмесіне 626, ағылшын тіліне 62, орыс тіліне 44 тыңдаушы қабылданды. «Қазтест» жүйесі негізінде 11827 адам тесті­леуден өтті.

Спикердің айтуынша, қостілділік – күрделі мәселе. Бұл қазақтардың ішінде орыс тілді азаматтардың көптігі­нен болып отыр. Бұл мәселені шешудің жолы латын әліпбиі болмақ. Латын әліпбиіне көшкенде қос тіл мәселесі өздігінен жойылмақ. Сонымен қатар, басқармада атқарылған іс-шаралар қазақ тілін дамыта түспек. Осы­ған орай өткен жылы 20 шара белгі­лен­се, биыл тағы он іс-шараға көбейген. Жыл басы­нан «Сәрсенбінің сәтінде» әдеби кеші, тіл және өнер қайраткерлеріне ар­налған «Тағзым-2» шарасы, «Батагөй», «Алаш мұраты және Мұхамеджан Тыныш­паев» ат­ты ғылыми конференция, «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты «дөңгелек үстелі», «Мем­ле­кет­тік тіл жә­не бұқаралық ақпарат құралдары» бай­қауы, об­лыстық «Тіл» оқу-әдісте­ме­лік орта­лығының Қарасай аудандық фи­лиалының ашылу рәсімі ұйымдасты­рылды.

Ахмет Кендірбекұлының айтуынша, облыс аумағындағы көрнекі ақпараттар­дың жай-күйін қадағалау мақсатында ағым­дағы жылдың ақпан-қараша айла­рында «Мемлекеттік тіл және жарнама» акциясы жарияланды. Акция барысында 574 рейдтік зерделеу жүргізіліп, 1076 нысан қамтылды, 376 кемшілік анықта­лып, оның 312-сі түзетілген.

Облыс бойынша қазақ тілінде оқы­та­тын мектептердің саны артып, сапасы кө­терілген. Қазақ тілінде білім алуға құш­тар өзге этнос өкілдерінің де саны арт­қан. Мәселен бүгінгі таңда 8054 өзге этнос балалары қазақ тілінде білім алу­да. Бұл – өңіріміз үшін үлкен көрсеткіш. Брифинг қорытындысында Ахмет Кен­дір­бекұлы тілшілерге ерекше рух беріп, жігерлендіріп, азаттығымызды асқақта­туы­мыз керектігін айтты.

Құралбек Сәбитов