Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ҚАЙДА ҚАРАҒАН? НЕ ДЕГЕН КӨРСОҚЫРЛЫҚ? - БАС РЕДАКТОР

Уақыты: 12.01.2022
Оқылды: 914
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Мың өліп, мың тірілген халқымыздың басынан бұған дейін де небір нәубеттер өткен еді. Еліміздегі мына дүрбелеңнің тұрпаты жан түршігерлік. Өз Отанымызды өзіміз ойрандап, бір-бірімізді өлтіріп, тонаушылықтың асқан  айуандық түріне жол беруіміз – елдігімізге басылған қара таңба болды. Шыны керек, Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шұғыл да тиімді, асқан қайсарлықпен орынды қабылдаған шараларының және сенімді еселеген Үндеу-мәлімдемелерінің арқасында есімізді бірден жидық. Әсіресе, ел бойынша тез арада төтенше жағдай жарияланып, барлық құқық қорғау, күштік құрылымдарының жұмылдырылуы нәтижесінде адам айтқысыз апаттан халқымыздың аман қалғандығын айрықша атап айтамыз. Қаншама әскерилер мен полицейлер, арнайы қызметтегі қыршын жастар біздің бейбіт тіршілігіміз жолында террористер мен қарақшылардың қолынан қаза тапты. Отбастарына қабырғамыз қайыса көңіл айтамыз.

Осындай қиын-қыстау шақта ҰҚШҰ тілектес елдері бірлескен бітімгершілік күшінің келуін де жұртшылық қуана құптап отыр. Бұл, біріншіден, жедел көмек, екіншіден, Отанын сатқан опасыздарға үлкен сес! Міндеттерін орындаған соң кері қайтады. Алдын-ала мың алғыс оларға да!

Президентіміз айтпақшы, осындай қанды ойранға қалайша жол бердік, оның тұтануын аңдамай қалайша ұйықтап қалғанбыз десеңізші?! Ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдары қайда қараған? Не деген кәсіби көрсоқырлық? Бүкіл халық соларға тағдырын да, мемлекеттігінің қауіпсіздігін де сеніп тапсырды емес пе?!

Шетелдік баскесерлер елімізде тайраңдап жүріп қана қоймай, қанды лаңкестікті үдете түскен. Сонда оларды шегарадан кім кіргізген? Шет жағасын енді сезіп отырмыз. Жоғарыдан жебеушілер табылыпты.  Кім болса ол болсын, қатаң жазалау шарт. Ел мен Жердің амандығы, мемлекетіміздің тәуелсіздігінен биік, қастерлі де қымбат ешнәрсе жоқ қашанда!

Құдіретті уақыт – бәріне емші. Қираған, өртенген дүние қалпына келер-ау. Қиыны – санаға сәуле жүгірту, жасын жайнаған асқақ рухты ояту. Ел бірлігін бекіту. Бұл бір мезгілдің шаруасы емес. Тіпті бір ұрпақ ғұмырының да келте шығарына көзіміз мына қанды трагедияда жетіп отыр. Жаратқаннан бала берсең сана бер деп сұраған жұртпыз ежелден. Жүректі ауыртары – лаңкестерге ергендердің бәрі дерлік отыздан аспаған, азат жылдарымыздың өскіндері. Алдымен жұрт бола жұмыла осыны індете саралап, алтын қазыққа байлана алсақ, ұлт ұстынын сақтап қала алғандығымыз. Басқа жолды басымызға бермегей.

Тағдыршешті бұлғақты тұста Мемлекетіміздің тізгіні Қ.Тоқаев сынды әлем мойындаған арлы да адал, батыл да парасатты, жан-жүрегімен халқым деген азаматтың қолында болғандығы, расы керек, халқымыздың  бақыты! Әйтпегенде, Күлтегін бабамыз өсиетіндегідей, ұлымыз құл, қызымыз күң  болып кетер ме еді, қайтер еді? Тәубе, көңілдегі кірбің кетті енді.

Қысқасы, Отан үшін отқа түсуге қай-қайсымыз да дайынбыз. Күн сөнбейінше көк байрағымыздың желбірей береріне бек сенеміз. Құдай жаққан шырақты шайтан үрлеп өшіре алмайды!

Әміре ӘРІН,

"Жетісу" газетінің бас редакторы,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Алматы облысының Құрметті азаматы