АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНЕ 500 АДАМ ШАБУЫЛДАМАҚ БОЛҒАН

Уақыты: 15.01.2022
Оқылды: 1245
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

2022 жылғы 5 қаңтарда шоқпар, дыбыстық граната және арматурамен қаруланған 500-ге жуық адам Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің ғимаратын басып алмақ болған. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметі хабарлады.

Бейнекамераларды істен шығарған шабуылшылар ғимарат ішіндегі қаруға қол жеткізуді көздеген. Департамент нысандарын қорғауға қалған шекарашылар жеке құрамның күшімен шабуылшыларды ығыстыра алды. Күндізгі сағат 14-00 шамасында шабуылшылар көрші орналасқан Алматы қаласы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының ғимаратын басып алып, оны өртеп жіберді. Өрт сөндіру машиналары жеткенше шекарашылар өртті өз күштерімен сөндіруге кірісіп кетті және прокуратураның 57 қызметкерін, ҚР Қорғаныс министрлігінің 2 курсантын Шекара қызметі департаментінің аумағына эвакуациялады. Дәл осылайша шекарашылар қылмыскерлердің 7 өрт сөндірушіні тұтқынға алу әрекетіне жол бермей, оларды ШҚ департаментінің аумағына жасырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"