ОБЛЫСТА ҰСТАЛҒАН КҮДІКТІЛЕРДІҢ ІШІНДЕ ЖАТ ДІНИ АҒЫМ ӨКІЛДЕРІ ДЕ БАР

Уақыты: 17.01.2022
Оқылды: 1363
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаменті жаңа ақпарат жариялады.

Комитет өкілдері 5-6 қаңтар күндері Үшбұлақ ауылының (Жамбыл ауданы) маңынан заңсыз акцияларға қатысы бар деген күдікпен деструктивті діни бағытты ұстануы мүмкін екі азаматты қолға түсірген. Олардан діни әдебиеттер табылып, қазіргі уақытта ұсталғандардың экстремистік діни ұйымдарға қатыстылығы тексерілуде. Сондай-ақ, Үлкен Алматы көлінің маңында жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқ «Тойота» маркалы автокөлігін мінген 5 азамат ұсталды. Автокөлікті тексеру барысында 7 оғы бар 12 калибрлі винчестер, 1 оғы бар травматикалық тапанша, қан жұққан пышақ және 600 000 теңге ақшалай қаражат табылды. Олардың Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерге және қару-жарақ дүкенін тонауға қатыстары барлығы анықталды.

Ұйғыр ауданының Кіші Диқан елді мекенінде Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктерге қатысқан 19 адам анықталды. Жедел топ ұсталғандармен сұрау жұмыстарын жүргізуде. 7 қаңтарда Алматы және Талдықорған қалаларындағы қоғамға қарсы акцияларға қатысы болуы мүмкін 184, сондай-ақ, мемлекеттік шекараны қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзушы 41 адам ұсталды. Олардан 13 бірлік атыс қаруы, 185 бірлік оқ-дәрі, 8 ұялы телефон, 900 мың теңгеге жуық ақша қаражаты және 100 мың АҚШ доллары тәркіленді. Ұрланған 1 автокөлік табылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"