БҮЛІНГЕННЕН БҮЛДІРГІ АЛМА НЕМЕСЕ "АПОРТ" САУДА ҮЙІН ТОНАҒАН КІМДЕР?

Уақыты: 18.01.2022
Оқылды: 1553
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Дүниені дүрліктіріп, тыныш жатқан елдің берекесін кетірген қаңтардағы оқиға Алматының іргесіндегі Қарасай ауданын да айналып өтпегені белгілі. Мұнда біраз сауда орындары талан-таражға түсіп, кәсіпкерлерге қомақты шығын келтірілген. Солардың қатарында қала мен осы маңдағы аудан жұртшылығының сүйікті демалыс орнына айналған «Aport» сауда, ойын-сауық кешені де бар.

Аталған сауда орталығы иелерінің бірі, Қазақстанның сауда саласындағы жылжымайтын мүлік иелері одағының төрағасы, «Eurasian RED» компаниясы директорының инвестиция және даму жөніндегі орынбасары Дмитрий Ревиннің айтуынша, бүлікшілердің қолынан, әсіресе, «Magnum», «Sulpak», «TECHNODOM» сияқты ірі сауда кешендері көп зардап шеккен.

Тонаушылар азық-түлік тауарларын алумен шектелмей, ұялы телефондарды, тұрмыстық техникаларды жаппай қолды қылған. Сонымен бірге көптеген шағын дүкендер де бұзақылардың қылмыстық әрекетінен үлкен зардап шеккенін айта кету керек. Бүлінген дүниелерді қалпына келтіру үшін аса ірі мөлшерде қаржы қажет екені түсінікті.

Кешеннің иелері зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетіп, қолдау мақсатында төтенше жағдай кезінде жалгерлерден алым жинамау жайлы шешім қабылдаған. Сонымен бірге, «Eurasian RED» компаниясының мамандары бүлінген сауда орындарының иелеріне келтірілген залалдың құнын қайтаруға байланысты сақтандыру компанияларына, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына, «Атамекен» ұлттық палатасына қажетті құжаттарды толтыруға қолғабыс жасауда. Бүгіндері тиісті мемлекеттік органдардың келтірілген шығын мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлер өз күштерімен бүлінген дүниені қалпына келтіруге кіріскен.

– Біз барынша аз уақытта қалыпты жұмысқа кірісуге бар күшімізді салып жатырмыз, – дейді Дмитрий Ревин бізге берген сұхбатында. – Бір қуанарлығы, бүлік кезінде орасан шығынға ұшырағанына қарамастан біздің кешенде сауда орындарын жалға алғандардың қатары кемімей отыр. Тіпті, сауда алаңының аумағын кеңітуге сұраныстар түсіп жатыр. Осы орайда, көктемде «Dekathlon» француздық сауда брендінің спорттық тауарлары сатылатын жаңа гипермаркет ашылады деп күтілуде. Сол сияқты біз әлемнің өзге де тауар өндірушілерімен, сауда желілерімен келісім жүргізу үстіндеміз. Демек, алдағы уақытта «Aport» сауда, ойын-сауық кешенінде сатылатын тауарлардың саны да, сапасы да арта түседі деп сеніммен айта аламыз. Ал келесі жылы Құлжа трассасының бойынан қаланың шығыс жағында тұратын адамдарға қызмет көрсететін жаңа ғимарат ашылмақшы.

«Қасіретті қаңтар» дүрбелеңінде орын алған оспадарлыққа өкінішін білдірген «Eurasian RED» компаниясының директоры Ерлан Мұқашев: «Жасыратын несі бар, Алматыдағы сойқан кезінде көптеген сауда орындары, сандаған кәсіпкерлер зардап шекті. Солардың қатарында бізге тиесілі сауда, ойын-сауық кешендері де бар еді. Алайда ел билігінің шұғыл әрекеттерінің арқасында бәрі де қалпына келтіріліп жатыр. Қазақта: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» – деген аталы сөз болушы еді. Өкінішке қарай, бейбіт шеруге шыққан жастардың адал талаптарын қара ниетті қорқаулар өз мақсаттарына пайдаланып кетті. Алдағы уақытта осындай әрекеттер қайталанбаса екен дейміз. Қалғанының бәрін қалпына келтіруге болады. Ел болып осы істі қолға алып жатырмыз», – дейді.

Айтса айтқандай, бүгіндері «Aport» сауда, ойын-сауық кешені қауырт жөнделуде. Күні ертең-ақ кешен өз келушілеріне толыққанды қызмет көрсете бастайды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы